Сенбі, 27 Сәуір 2024
Билік 2515 11 пікір 8 Желтоқсан, 2023 сағат 13:53

Қазаққа апат болған Миттал кетті. АТМ-ның жаңа қожайыны кім?

Бүгін баспасөз мәслихаты өтті. Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев ҚР Үкіметі мен «ArcelorMittal» корпорациясы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ны Қазақстанға беру туралы келісім жасасқанын жеткізді.

Қанат Шарлапаев тамыз айында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да орын алған апаттар байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның өзінің инвестициялық және өзге де міндеттемелерін елеулі түрде бұзды деп айтқандығын алға тартып, Қазақстан Үкіметі «АрселорМиттал Теміртауға» нақты талаптар қойғандығын жеткізді.

Фото: gov.kz

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Әділет министрлігі өкілдерінен құралған топ пен «ArcelorMittal» корпорациясы арасындағы 11 кезеңдік дамылсыз келіссөздер нәтижесінде 2022 жылғы 9 желтоқсанда Қазақстан Үкіметі мен «ArcelorMittal» арасында «Standstill Agreement» келісіміне қол қойылды. Осы келісім ендігі жерде қазақстандық тарапқа кәсіпорынды бағалау мен аудит жүргізуге мүмкіндік жасады.

«Бұл келіссөздер процесінің ұзаққа созылуының негізгі себептерінің бірі болды. Біздің мақсатымыз қымбат және ұзаққа созылған халықаралық сот процестеріне жол бермей, комбинатты әділ бағамен сатып алу болды. Келіссөздердің жеделдігі мен шұғылдығы кәсіпорынның тоқтап қалуына жол бермеу қажеттілігінен туындады», - деді Қанат Шарлапаев.

Қанат Шарлапаев осы барысында «ArcelorMittal» компаниясы халықаралық консультанттардың есептеулеріне сәйкес келмейтін 3,5 миллиард доллар сұрағанын атап өтті.

Министр одан ары: «Қазақстан Үкіметі мен «ArcelorMittal» арасындағы келісімді мега-мәміле деп атауға болады, ол біздің еліміз үшін айрықша маңызға ие. Біз басқа елдердің үкіметтері тап болған көптеген тәуекелдерден аулақ болдық», - деді.

Ең маңыздысы үш қадам:

Біріншіден, мемлекет активтердің құнын $3,5 млрд -тан $286 млн-ға дейін төмендетті;

Екіншіден, мәмілені іске асыруға мемлекеттік бюджеттен бір де-бір теңге жұмсалған жоқ;

Үшіншіден, жаңа инвестор «ArcelorMittal» бас компаниясы алдында 4 жыл ішінде $250 млн қысқа мерзімді қарызды және $450 млн ұзақ мерзімді қарызды өтеу бойынша міндеттемелерді өз мойына алғандығы.

«286 миллион доллар – бұл толық жұмыс істейтін екі кәсіпорынның құны екенін ерекше атап өткім келеді. Сонымен қатар, «ArcelorMittal» Қазақстан Үкіметіне ешқандай талап қоймайды. Келісімге халықаралық заңнамаға толық сәйкес құқықтық өріс шеңберінде қол жеткізілді», - деп атап өтті Қанат Шарлапаев.

Сонымен қатар, қазақ жағы «ArcelorMittal» компаниясын «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорын қолдау үшін 16 млрд теңгеге жарна жасауға көндірді. АМТ-дан Қорға түсетін қаражат Қарағанды облысы тұрғындарының өзекті мәселелерін шешуге және әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға жұмсалатын болады. Аталған соманың 50%-ы Теміртау қаласының қажеттілігіне жұмсалады.

Қазақстан Үкіметі мен «ArcelorMittal» халықаралық компаниясы қазақстандық мемлекеттік тікелей инвестициялар қорының «ArcelorMittal Temirtau JSC» және «ArcelorMittal Tubular Products Aktau JSC» металлургиялық кәсіпорындарының барлық акцияларын «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ (QIC) сатып алуы туралы келіссөздерді сәтті аяқтады. Бұл мәміле осы кәсіпорындардың болашағы мен олардың тұрақты дамуы үшін өте маңызды.

Келісімшартқа сәйкес, QIC ребрендингке ие болатын және жаңа атау алатын осы кәсіпорындардың қызметі үшін толық басқару мен жауапкершілікті өз мойнына алды. 1995 жылдан бері осы активтерге иелік еткен «ArcelorMittal» Қазақстанда металлургия және тау-кен өндіру салаларының дамуына айтарлықтай ықпал етті.

Фото: Forbes.kz

Жаңа иесі бизнесмен Андрей Лаврентьев - осы кәсіпорындардың бизнес-процестерінің сақталуы мен тиімділігін жақсарту бойынша ғана емес, сонымен қатар олардың тұрақты жұмысы мен инновацияларды енгізуді барынша қамтамасыз етуге ұмтылуда.

Мәміле құны 286 миллион АҚШ долларын құрады, бұл «ArcelorMittal» меншікті капиталының 800 миллион долларға төмендеуіне әкелді. «ArcelorMittal» басшылығы қызметкерлерге соңғы 28 жылдағы үлестері мен жетістіктері үшін алғыс білдіріп, Қазақстанда өткізілген уақыттың маңыздылығын атап өтті.

Abai.kz

11 пікір