Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Мәдениет 1512 0 пікір 7 Желтоқсан, 2023 сағат 12:45

«Өмірімді қазақтың рухани мұрасын жинауға арнадым»

Қытай қазағына әйгілі «Туған жер» қатарлы әндер мен «Ертіс толғауы» қатарлы күйлердің авторы, көрінекті композитор Долда Кенешұлы Алтай аймақтық ән-би үйірмесінде, Іле қазақ автономиялы облысы, Алтай аймақтық Байырғы шығармалар жинау, реттеу кеңсесінде, Іле облыстық Мәдениет, көркемөнер зерттеу орнында ұзақ жылдар бойы ершімді еңбек еткен. Ол «Қазақ халық күйлерінің» екі томдығын, «Қазақ халық әндерінің» екі томдығын, «Қазақ сыбызғы күйлерінің» бір томдығын, «Мақал-мәтелдердің» бір томдығын, «Қазақ өлең-жырларының» бір томдығын және «Қазақтың тұрмыс-салт жырларының» бір томдығын жинап, оны баспадан шығарған танымал музыка қайраткері, этнограф, фольклорист.

Композитор Д.Кенешұлы 1947 жылы қазан айында ҚХР Алтай аймағы, Алтай ауданының Балбағай деген жерінде дүниеге келген. Қытай музыканттар ғоғамның, Шынжаң музыканттар қоғамының, Іле қазақ автономиялы облыстық әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің, Облыстық музыканттар қоғамның, Шыңжаң Алтай зерттеу қоғамының, Шынжаң «62 қоңыр» зерттеу қоғамның және Қазақстан Күйшілер одағының, Қазақстан авторлар қоғамының мүшесі. «Тәуелсіз Қазақстанның қаһарманы» төс белгісі мен ҚР «Мемлекеттік ІІ дәрежелі достық өрденінің иегері.

2006 жылы Д.Кенешұлы алғашқылардың бірі болып, атамекені Қазақ еліне қоныс аударған. Елге келгеннен кейін қол қусырып қарап отырмай, тарихи отанына деген ыстық ықыласпен қайта қызу жұмысқа кіріседі. Соның нәтижесінде «Қытай қазақтарының рухани  мәдениет үлгілері» атты өзі жинап, реттеген жеті томдық еңбегі «Атамұра» баспасынан жарық көреді. Абыз қарияға жолығып әңгімелесудің сәті түскен еді, сол екеуара сухбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Көргені мен көкейге түйгені көп, рухани әлемі бай абыз ағамыз әңгіменің тиегін қайжерден ағытар екен деп отырмын...

– Әкем Кенеш (Кенесары) мен шешем Гүлбағыш (Гүлбаһрам) 1926 жылдары қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Жайсаң ауданы, үлкен Қаратал деген жерінен салт атпен Қытай жеріне өтіпті. Қазіргі Алтай аймағы, Буыршын ауданының Қалутан деген жерінде тұратын Зинков деген бай орысты паналайды. Әкем Зинковтың жергілікті қазақтармен жүргізетін шикі зат саудасының жұмысына араласады. Шешем «сол кезде 16 жаста едім, Зинковтың адамгершілігі күшті болды. Маған жас қыз екен деп жаны ашып, қыз-келіндерінің ішіне қосып, солармен бірдей киіндіріп, бірдей тамақтандыратын» деп әңгімесін айтып отыратын. 1927-1928 жылдары Зинков Алтайдың орталығы «Сарсүмбе» қалашығына келіп орналасқанда әке-шешемді бірге ала кетеді. Қалаға келгеннен кейін  Зинковтің бүкіл Алтай бетіне әйгілі, атақты торы жорға атын күтіп, баптаумен болады. «Қазақ ішінде болатын аламан бәйге, үлкен жарыстарында Зинков жорғаға өзі мінетін де, мен торы жорғаның шылбырын тақымыма басып аттың шауып кетпеуін тежеп, жанамалай шауып отыратынмын» деп әкем марқұм әңгімесін айтып отыратын.

Бір жылдан соң сол кездегі қоғамдық, саяси әлеуметтік жағдайдың тиімсіз, құбылмалы болғандығына байланысты Зинков әкемді шақырып алып: «Менің басыма қара бұлт айнала бастады, сен өз қазағыңның ішіне барып күніңді көр, жаныңды бақ», – деп бір мініс ат, бір бызаулы сиыр, бір бие мен ақ сәлде боздан жасалған шатыр үй беріп жолға салады.

Әкем орыстың шикі зат саудасымен айналысып жүргенде Қазірет ата ауылында отыратын Халел деген ноғаймен бұрын таныстығы болғандығы себепті сол кісінің қасына көшіп барып, паналайды. Халелдің Нығметолла, Жәкібай деген балаларымен көтерме мәліш саудасымен айналысып (ине-жіп, бояу т.б.) жүріп Халелдің інісі іспетті болып кетеді.

–  Сіз осы Халел деген ноғайды көрдіңіз бе?

– Ол кісіні көрген жоқпын. Мен ес білген кезде Халелдің ұрпақтары біздің үйді «отау» деп атайтын. Күні бүгінге дейін олардың ұрпақтарымен туыс ретінде араласып тұрамыз. Мен ес білген кезде Халелдің балалары Қыран өзенінің солтүстік жағындағы бірнеше ауызды дөмбектен қип жасаған  ағаш үйде отыратын. Қай жылдары екенін білмеймін, Халелдің қыстауының дәл тұсында тұратын Қыран өзенінің оңтүстік жағалауынан шаппалық жер алып, Қазақстаннан босқын болып келген Оспатай, Құмарқан деген екі жетім жігітті бауырына басып, іні қылып алып, үшеуі бірігіп кірпіштен асты-үстін тақтайлап ауыз үй, төр үй етіп, байрақ қылып алты ауызды үй салып алды. Екеуін өз қолымен үйлендіріп, ағалы-інілі бауырдай болып кетеді. Біз кейінгі ұрпақтар күні бүгінге дейін бірге туысқан аға-інінің балаларындай байланыста өмір сүріп келеміз. Сол әке-ағаларымыз шетінен өнерлі, ұста, ағашшы, етікші, қоладарынан келмейтіні жоқ пысық адамдар болаған екен.

– Сіз қай жылы, қай өңірде, қай жерде өмірге келген екенсіз?

– Мен 1947 жылы қазан айында Шыңжаңның Алтай аймағы, Алтай ауданы, Балбағай елдімекеніндегі Қазірет ата ауылында дүниеге келген екенмін. Өзімнен үлкен 1933 жылы туылған ағам, 1940 жылы туылған әкпем, араларымыз алшақ-алшақ үш бала болып, ең кенжесі мен едім. 1954 жылы Қазірет ата ауылындағы №5 бастауыш мектептің табалдырығын алғаш аттадым. Ол кезде жартыншы сынып оқылатын, мен жартыншы сыныпты бір ай оқығаннан кейін мұғалімдер толық бірінші сыныпқа ауыстырып жіберді. Өйткені мен оқуға бармай тұрғанда аға-әкпемнен әліппені оқып хат танып алған болатынмын.

– Соған қарағанда әке-шешеңіз қара танитын сауатты адамдар болған ғой.

– Әкем тілге шешен, ауыл арасындағы тойларда айтысқа түсіп жүретін өлеңші әрі аздап домбыра тартатын, он саусағынан өнер тамған ісмер, өзі өте адал, түзу, әрқандай жағдайда дұрысын айтатын адам болғандықтан ауылдағы ұсақ-түйек дау-жаңжалдарды шешіп тастайтын. Ел арасында «Қара би» атанған беделді адам болыпты. Сол 1950 жылдардың басында мен мектепке бармай тұрғанда, қыс кезінде ат шанаға басқан Қазақстанда «Жаңа өмір» баспасынан төте жазумен басылып шыққан әртүрлі мазмұндағы кітаптарды ел ішіне әкеліп сататын. Әкеміз содан көп кітаптар сатып алатын. Қыс кезінде малды қоралап болып, кешкі астан кейін аға-әкпеме кітап оқытатын. Есімде қалуынша «Қобыланды батыр» жыры, Абайдың өлеңдер жинағы, Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» дастаны, Иса Байзақтың «Құралай сұлу», «Еркежан мен Балақаз», «Ақбөпе», «Қырмызы – Жанат» және «Алтай аясында» атты дастандар жинағы, тағы «Қазақ әндерінің жинағы» деген өлең кітап болып, оның ішінде «Бақтыбай мен Тезек төренің айтысы» қатарлы айтыстар мен Қасым Аманжолов қатарлы көптеген танымал ақындардың өлеңдері басылған кітаптар бар болатын. Сол дастандар мен өлеңдерден бірталайын күнде тыңдап отырып жаттап алатынмын. Мәселен, «Келден мен Құралай» дастаны былай басталатын:

«Ал десең аясына алады Алтай,
Көргенде көңілге күй салады Алтай.
Сұлудай торғын киген бұлт жамылып,
Арқаға әлде неше қарады Алтай.
Алтайдың ең үстінде ақ тау биік,
Бойына бұлт жете алмай тартқан күйік.
Аңдары бұғы-марал ойын салып,
Секірген қиясында өршіл киік.
Алтайдың алқабында аю-қабылан,
Оңтүстік даласында орғып құлан.
Елігі-ешкіммен есебі жоқ,
Жайылып сайын шөлде сайрандаған...» деген жолдары әлі ұмытылған жоқ.

– Демек, сіз қазақтың ғашықтық, батырлық дастандарын бала кезінен жаттап өскен болдыңыз ғой.

– Иә, мен дастанның жаттап алған кейбір жерлер жаттап алып, біреу келгенде кітаптың бетін ашып қойып жаттап алғанымды зуылдатып оқығанымда келген қонақтар «үй мынау қайтып хат танып алған» деп таңданатын. Әкемнің кенжесі болғандықтан ерке болып еркін өстім.

– Домбыраға бала кезіңізде әуес болдыңыз ба?

– «Қазірет ата» ауылында діни қисалар көп оқылатын, сол діни қисаларды әкем әкеліп аға-әпкеме оқытатын, әрі қағазға көшіріп алатын. Сонымен қоса алты-жеті жастан бастап домбыраға әуестендім. Үйімізде үйенкіден шабылған қалақша домбыра болатын да ол менің қолымнан түспейтін. «Қазірет ата» ауылының адамдары шетінен молда болғандықтан діни қисалар көп оқылатын да домбыра тартатындар жоқтың қасы еді.

– Сіз «Қазірет ата» деген ауылды ерекше ауызға алып қалдыңыз, «Қазірет ата» деген адамның атында қойылған ауылдың аты ма?

– Ол өз алдына бір үлкен тақырып. Алайда, қысқаша түсіндіре кетейін. Абақ керей Алтайға орнығып болғаннан кейін 1827 жылдары Орта Азияның Қоқан қаласынан заты өзбек Шаһимансұр атты діни оқымысты баласы Мұхаметмұһиминді (1807 жылы Қоқан қаласында туып, 1903 жылы Алтайда қайтыс болған) ертіп Алтайдағы Абақ керей еліне келіп екі жылдай тұрады. Ол баласы Мұхаметмұһиминді қалдырып, өзі Қоқанға қайтып кетеді. Баласы Мұхаметмұһимин сол кездегі Ажы гүңнен кейінгі төре тұқымының біліктісі әрі Алтай қазағына ықпал көрсетіп, билік жүргізіп тұрған Қожамжар (Өжеке төре деп те айтылады) төреге арқа сүйеп, Алтай қазағына ислам дінінің ықпалын кеңейтеді. Мөлшерімен 1835 жылдары күзде Алтай ауданының Қыран өзені бойында «Төре бейіті» (Өжеке төренің ағасы Жәрекенің бейіті қазіргі Балбағай өңірінде) деген жерде жер үй салып, медіресе ашып (шый төбешіктен екі метір мөлшерінде терең қазып, дөдегесін шыммен көтерген үй) бала оқытуды бастаған. Осы ауылдағы медіреседен оқыған алғашқы топтағы оқушылар: Боке қажы, Максәлима, Мәми Бейсі, Нұртаза (Мәксәлима, Мәми, Нұртазалар Жұртпайдың ұлдары). Ал Жұртбай Абақ керейді Жәнібек батырдың «Алтайға көшпеңдер!» дегеніне қарамай елді бастап көшірген жас батырлардың бірі, Қотырақ батырдың ұлы. Өміртай, Иманбай, Жәңгір, Сәбит, Қуанбай қажы қатарлы Абақ керейдің әйгілі адамдары оқыған екен. Сөйтіп, ол Абақ керей ішінде үлкен құрметке ие болады. Абақ керейдің жинап берген қаржысымен ол бірнеше рет қажыға барып келеді. 1867 жылдары тұңғыш рет кіші Балбағай жеріндегі Қыран өзенінің оңтүстік жағасына ағаштан қиып мешіт, медіресе салдырады. Мешіттің түсіне қарай «Сарымешіт» атанады.

– Сіздің мына айтқан тарихи деректеріңізге қарағанда Абақ керей елінде діни ағартушылық тұңғыш рет Мұхаметмұһиминнің медірессе ашуы арқылы басталған сияқты ма? 

– Сол өңірдегі адамдар өздерін мұсылман санап келген ғой, алайда Мұхаметмұһиминің кезінде араб жазуын жазып, құран шариғатарын арабша алғаш естігені осы кезеңнен балталған секілді. 1898 жылы Қыран өзенінің солтүстік жағалауындағы қабақтың үстінен (Сары мешітке тұспа-тұс) кірпіштен «Ақмешіт» салдырады. Мен ес білген кезде «Сарымешіт» Қыран өзен бойына өрт жүріп өртеніп кетіпті де тек орны ғана үйінді топырақ болып жататын. 1950 жылдар ішінде осы «Ақмешітке» Мұхаметмұһиминнің немересі, яғни Мұхаметмұһиминнің кенже ұлы Мақсұм қажының кенже ұллы Әбілғазы имамдық ететін де, Әбілғазының үйі «Атамүйі» деп аталатын. Сол «Атамүйде» Моймұбарәк (бұл пайғамбардың мүриті деген мағананы береді екен) бар болатын. Ораза айт пен Құрбан айт кездері үлкен, орта, кіші сандыққа қалың орауыштарға орап сақтаған Моймұбарәкті ашатын. Сол ауылдың адамдары салауат айтып, еңкейіп барып кезекпен маңдайын тигізетін. Мені бала кезімнен әкем көтеріп барып талай рет маңдайымды тигізген болатын.

Осы Моймұбарәктің қашан, қалай келгендігі жайлы 2011 жылы Алтайға барған кезде Әбілғазы имамның ұлы Әди имамнан сұрағанымда, ол: «Мұхаметмұһимин соңғы рет қажылық сапарға барған жолы Түркия мемлекетінен Моймұбарәкті алатын болып келісіп келеді. 1897 жылдары Мұхаметмұһиминннің кенже ұлы Мақсұм қажы мен Қалиолла имам деген адам екеуі қажылыққа барған сапары жолында Моймұбарәкті Станбулдан алып келгенін айтты.

1964 жылы Мақсұм қажының үлкен ұлы Қытай мемлекеттік Ислам діні қоғамының орынбасар төрағасы, Алтай Ислам діні қоғамының төрағасы Ямылиқа қажы мен Алтай аудандық саяси кеңестің орынбасар төрағасы, Мәми Бейсінің немересі Ежен Бейсі екеуі келіп үкімет бұйрығымен алып кеткен екен. Содан бері оның қайда кеткенін білмеймін. Моймұбарәк салынған үлкен, орта, кіші, сандықтар үйімізде сақтаулы болатын. Мәденит төңкерісінің ұшқары белсенділері алып кеткен. Ортаншы сандықты алған біреу сандықты үйіне апарғанан кейін көп өтпей бойжеткен қызы құтырып ауырғандықтан, қорыққанынан қайтарып әкеліп берді дегенді айтты.

Мақсұм қажының үлкен ұлы Ямылиқа (діни мәнсабы мұфти) 1950 жылдан бұрын он екі Абақ керейдің қазысы болған (діни соты болған) адам. 1956 жлым үкімет тарапынан қажылыққа барып қажы атанған және Қытай мемлекеттік Ислам діні қоғамының орынбасар төрағасы болды.

Иә, мен туып өскен «Қазірет ата ауылының» қысқаша тарихы осылай. Бұл ауыл діни қағидаларды берік ұстанатын болғандықтан ол ауылда ұрлық-қарылық, өтірік-өсек, балағат сөздерді айту және ұрыс-жаңжал негізінен болмайтын. Бала кезімізде ауылдан жанай өтіп бара жатқан атты жолаушыны көрсек артынан қуалап отырып барып сәлем беретінбіз. Өтірік айтпайтынбыз. Бала кезімізде, тіпті бертінге дейін біреу руымызды сұраса «Атаң ауылынанмын» дейтінбіз. Қазір олардың ұрпақтарының кейбірі қазақпыз, кейбірі өзбекбіз десе, кейбірі қожамыз дейтін көрінеді...

Қазірет ата ауылында төрт жылдық бастауыш мектеп болды. Күзде қыркүйектен келер жыл сәуірге дейін оқитынбыз. Сәуірден бастап Қыран, Ертіс бойын қыстайтын  малшылар жылжи көшіп отырып, сонау жүз шақырымнан асасын Алтай жайлауына баратын. 1955 жылдан бастап мойын серік, одан копрацияласу болып ел жартылай егіншілікпен шұғылдана келіп, 1958 жылы күзде халық гүңшісі  (колхоз, савхоз) құрылып, Қыран мен Ертіс өзені ортасындағы «Жанымқанның Ақшиы» деген жерден там соғып, үй салып, Қыран, Ертіс бойын қыстайтын елді бір жерге жинап үш өндіріс әтіретін құрып түгел отырақтандырады. Тоғандар қазылып, тың жерлер ашылып, ауыр еңбекпен ашаршылық араласып кетті. Ел қатты күйзелді. Әкем1957 жылы күзде ауыру себебінен қайтыс болады. Ағам 1955 жылы Алтайда ашылған жарым жылдық бухгалтерлік курсын оқыған болатын. Алдында мойынсерік, корпорцияның бухгалтерлік есебін істеп жүріп, 1958 жылы үлкен әтіреттің бухгалтері болды. Әпкем Алтайдан 7 сыныпты бітіргеннен кейін Алтай 3-ші кенттің техник жұмысшыларын тәрбиелейтін мектебін оқып келіп, 1961 жылы 3-ші кенттің Буырылтоғай жайлауындағы Құсты кеніндегі жұсшылардың балаларын оқытатын бастауыш мектепке барып мұғалім болады. Ағам да, әпкем де бастанаяқ мектепте озат оқушы болып оқыған екен.

– Сіз жаңа Қазірет ата ауылындағы бесінші бастауыш мектептің табалдырығын аттадым дедіңіз, одан кейін қайда оқыдыңыз?

– Ал өзіме келсем, 1959 жылы күзде Алтай ауданының Шеміршек ауылы мекемесі құрған Көкшім орталау мектебінде 5 сыныптан бастап оқыдым. Көкшім біздің үй отырған әтіреттен 60-70 шақырым қашықтықта еді. Ауылдың ремонт зауытында істейтін ұста Сейілқан деген құдамыздың үйіне жатып оқуға тура келді. Астық нормамды 1-ші өндіріс әтіретінен алып тұратын болдым. 1-ші өндіріс әтіретінің қожалығын Мысыр деген қазақшаға судай моңғол азамат екен. Маған ай сайын 13 жың (6,5 килограм) жүгері талқанын беріп тұратын болды.

Сейілқан құдамыз отыздың ішіндегі адам еді, алды бірінші сынып оқитын үш баласы бар, әйелі ауырушаң адам еді. Сейілқан таңнан кешкедейін ремонт зауытында істейтін де тамақты зауыт асханасынан ішетін. Кешкі тамақтан кейін түн ортасына дейін «ашылып сайрау» дейтін жиын болады екен. Себебі, 1958 жылы Көктоғайдан Қалман, Жүкей дегендер бастаған бандылар шығыпты деп еститінбіз. Соларға тілектес, ниеттестерді тауып шығу мақсатындағы қозғалыс екен. Коллективтескенен бастап астықты нормалап беретін әрі еңбек істейтін ауыл мүшнелеріне толық норма, ал еңбекке жарамсыз ауыру, сырқау қарт адамдарға жартылай норма, балаларға одан да аз нормалап беретін. Оның үстіне кейде бітеу бидай, бітеу жүгері түрінде үлестіретін. Соғым сойу деген мүлде болмайтын.

Жатқан үйімдегі ауырушаң әйелмен кішкене балаларға берілетін норма астық өте аз болғандықтан қыс түсе ашыға бастадық. Сейілқан құданың №32 сентарал аң мылтығы бар болатын. Жеке уақытта өзі ұста, әрі мерген болып аң-құс атып жүретін адам екен. Ал біздің отбасымыздың және әкемнің асырап алған інілерінің шетінен өнерлі екендігін жоғарыда айтып едім ғой. Сол Оспатай деген ағамыздың қорғасын оқпен аузынан оқтайтын шиті мылтығы бар болатын. Ол мылтықты өздерімен бірге Кеңес одағынан қашып өткен рулас атақты ұста Сейітқамыза деген адам жасап берген екен. Ағамыз өте мерген адам еді. Сол шиті мылтықпен қыста қоян, жазда үйрек пен қаз ататын. Ол кісі аңға шыққанда менімен түйдей жасты Қайролла деген ұлы екеуімізді ертіп алатын да біз оның атқан қояндарын, үйрек-қаздарын көтеріп алып жүретінміз. Жеті-сегіз жасымыздан бастап оған ілесіп жүріп, аңды қалай ататындығын көріп өскендіктен он жастарға келгенде бізге атқызатын болды.

Долда Кенешұлы ел аралап халық ән-күйлерін жинап, үналғышқа тартып отырған шағы

– Өмірдің өзі үлкен мектеп деп бекер айтпаған ғой, сіз бала кезіңізде  аңшы, ұста ағаңыздың жанында жүріп бала аңшы атанған екенсіздер ғой.

– 1958 жылдары Қом-Қанас жақты мекендейтін бір моңғол №20 сентарал мылтығын ағамның шиті мылтығына айырбастап алып кетті. Себебі, шиті мылтық суыр атуға таптырмайтын құрал екен. Суырдың өлер жеріне оқ тимесе ініне оңай кіріп кетеді екен. Ал, шиті мылтық өте күшті болып, жақындап барып атса суыр орында қалады екен.

Сол сентарал мылтық келгеннен кейін біз он жасымыздан бастап сентаралдың оғын өзіміз жасап алып, өзіміз аңға шығып кетіп қыста қоян, жазда үйрек пен қазды атып әкелетін кәнігі аңшы болып алғанбыз.

Ел ашыға бастағаннан кейін Сейілқан құдаға жақын әтіреттердің қырмандарында кептер, шыл көп болатындықтан соларды атып әкелсем қайтеді деп талап қойдым. Ол кісі де менің мылтықтың жөнін жақсы білетінімнен хабары бар еді. Төрт-бес көне жезді алып шығып берді. Ол кезде дүкенде бытыра, дәрі, бестон еркін сатыла беретін. Дүкеннен соларды алып келіп, мылтықты бұзып, қапқа салып дайындап қойдым. Біз тұрған жердің бас жағында таудан ағып түсетін өзеншенің бойы қалың тал-терек, бүргенді жер болатын да онда қоян бар болатын. Ол кезде ешкімде оларды ауламайтын. Басқаларда мылтық та жоқ еді.

Сабақта түске дейін ғана оқитынбыз да түстен кейін бос болатынбыз. Дайындап қойған қабымды көтеріп өзеншенің бойына барсам, қоянның ізі айқасып жатыр екен. Көне із, жаңа із, күндіз қоян қандай жерде жатады оның маманы едім. Бардымда түстен кейін екі қоянды атып алып, қапқа мылтықпен қосып салып алып қараңғы түсе қайтып келдім. Сөйтіп, әр күні шығып, болмағанда бірнеше көптер не шыл атып әкеліп тұрдым. Ол кезде оларды неге аттың деп ешкім қузамайтын. Аш-арық адамдардың шамасы да жоқ еді. Сөйтіп тұрмысымыз жақсара бастады. Қыстық каникулда Өзендегі үйге бардым. Үйге барғаннан кейінде ағамның №20 сентарал мылтығымен күнде қоян атып әкеліп тұрдым. Біздің үй тұрған жер Қыран өзені мен Ертіс өзенінің ортасындағы төңкелі тал, терек, қараған, сексеуіл, жыңғыл, оның үстіне ши өсетін болғандықтан қоян өте көп болатын.

Оқудан тарап ауылға барғанда алдымыздан еңбек күтіп тұратын. Екі күннен соң әтірет бастықтары еңбекке бізді орналастыратын. Күпана салу, күпана тасу, шөп байлау, одан егін пысса бидай ору, бау байлау, қырманға бау тасу т.б. жұмыстардың кез келгенін істей береміз. Сол кездің өзінде еңбекке әбден пысып, жетіліп кеткенбіз.

– Ол кезде «мынау буыны әлі қатпаған бала ғой» дейтін адам болмаған ба?

– Олай айтатын бір адам болған жоқ. Өйткені ол заманның талабы солай болды. 1959-1960 жылдық оқуды жақсы оқып 5-сыныпты беспен бітірдім. Каникул аяқтап қыркүйек таяғанда Алақақ орталау мектебінен барып 6 сынып оқитын ұқтыру алдық. Бұрын орталау сыныпты аймақ орталығындағы Сарсүмбедегі Алтай аудандық орталау мектептен оқитын. 1960 жылы аудандық орталау мектепті екіге бөліп, бірін Алақақ ауылына, енді бірін Авитан ауылына көшіріп апарған. Біз Шеміршек ауылының оқушылары Алақақ орталау мектебінен оқитын болыпсыз. 1960 жылы 5-ші, 6-ші сынып оқушылары болып, біздің Ақшиден 10 оқушы көрпе-жастығымызды арқамызға көтеріп жаяу жолға шықтық. Алақақпен аралығымыз 40 шақырым шамасында еді. Біз араға бір қонып ертесінде мектепке жетіп тізімге алдырып жатаққа орналастық. 6 сынып екеу (70 ке тарта оқушы), 7 сынып (40 оқушы) болдық. Оқу басталды, тұрмыс нашар, еңбектер көп, маңайдағы өндіріс әтіреттеріне барып бидайдың масағын тердіреді. Шеміршектен келген оқушылар аштыққа, еңбеке шыдамай төртен, бестен бөлініп үйлеріне қаша бастады. Мектеп мұғалімдерінен  екі-үш мұғалім қашқан оқушыларды атпен қуып ұстай алғандарын алып келіп жатады. Ал, ұстатпай кеткендері де көп еді.

Біздің Ақшиден келген оқушылардың да көбі қашып ұстатпай кетті. 6 сыныпты бітіргенге дейін Жұртпай деген оқушы екеуіміз қалдық. Ал, 7 сыныпқа мен жалғыз барып түстім. Мақтанғаным емес сыныптағы озат үш-төрт оқушының бірі мен едім. Аштыққа да еңбекке де шыдауға тура келді. Мақсатым жоғарылап оқу болатын. 1962 жылы 7 сыныптың жылдық емтиханын беспен бітірдім. Іле-шала аудандық оқ бөлімінен адамдар келіп, Алтай орта мектебіне қабылдау үшін жоғарыдан арнаулы шығарылған сұрақтар арқылы мемлекеттік емтихан алды. Ол кездерде Алтай аймақтық орта мектепке 7 аудандағы орталау бітірген балалардан мемлекеттік емтиханнан өткендерді ғана қабылданатын.

– Осы емтиханға қатысып ең алдыңғы балл алған оқушылардың бірі сіз  болған шығарсыз?

– Иә, емтиханнан жоғары нәтижеиен өтіп, Алтай аймақтық №1 орта мектепке қабылдандық. Әр жылы мектептің 7 сынып бітірген оқушыларынан екі оқушы ерікті түрде қалып, каникул кезінде бастауыш мектептің мұғалімдерімен бірге мектептің өндірістік еңбектеріне қатынасатын. Біз алақақтық Мұратбек деген сабақтасымыз екеуімз ақылдасып мектепте қалып, еңбекке қатынасуды шештік. Ойымыз бәрібір үйге қайтсақ та алдымыздан еңбек күтіп тұратын. Онан да мектепте қалсақ жоғарылап оқуымызға септігі болама деп ойладық. Біз бастауыш мектеп мұғалімдерімен бірге Ертіс өзені бойынан шөп шабуға бардық. Мұғалімдер тартпамен (шалғымен) шөп шабады. Біз күпәна (шөмеле) саламыз. Сөйтіп тамыздың 28 күндері мөлшерінде Алтайдан оқушы қабылдайтын мұғалім келіпті. Орта мектепке қабылданатын оқушылар тізімдігінде екеуің де бар екенсіңдер дереу қайтыңдар деген хабар келді. Қуанышымызда шек жоқ, дереу мектепке қайтып келдік. Алтай орта мектебінен Масғұт деген жас мұғалім келген екен. Орта мектепке 7 оқушы қабылдаймыз, қыркүйектің бірінен бұрын Алтай орта мектебіне барып тізімге алыну қажет екендігін ұқтырды. Мен үйге қайтып барып, көрпе-жастық, киім-кешегімді реттеп алуға үлгіре алмай сол беті Алтайға төте тарттым.

Сонымен 1962 жылы қыркүйекте Алтай ортамектебіне қабылдандым. Алтайдың 7 ауданынан 8 сыныпқа қабылданаған оқушылыр екі сынып болдық. Мен 8А сыныбында болдым. Сынып жетекшіміз әйгілі ақын, ұстаз Сапиолла Баяндыұлы еді.

Долда Кенешұлы, әйгілі күйшілер Дәулет Халық ұлы мен Камал Мақайұлы (1982 жыл, Бейжің)

– Жаңа сіз «Үйімізде үйенкіден шапқан қалақша домбыра болатын да ол менің қолымнан түспейтін. «Қазірет ата» ауылының адамдары шетінен молда болғандықтан діни қисалар көп оқылатын да домбыра тартатындар жоқтың қасы еді» деп едіңіз, тұрмыс пен оқудың қиындығынан бұл өнеріңізбен қоштасқан жоқсыз ба?

– Жә, жоғарыда өнерлі отбасында туып, өскендігім жәйлі қысқаша айтқан едім. Сұрағыңа орай соны кеңірек баяндай кетейін. Біріншіден, үйімізде Қазақ Кеңестік Социалистік Респуликадан (ҚазКСР) кірген және ертеректе Қазан баспасынан шыққан діни қиса-дастандар мен қолжазба шежірелер бар болатын. Соларды мектеп табалдырығын аттамай тұрып тыңдап өстім. Жатталып қалған жерлері әлі есімде. Сол себептен де кітап құмар болып өстім...  Екіншіден, 6-7 жасымнан бастап домбыраға әуестендім. Өзіміз жасаған «Қазірет ата» ауылында домбыра тартатындар жоқтың қасы болса да қанаттас отырған Шақабай руы ауылдарында домбырашылар көп еді. Біз олармен құдандалы болғандықтан ары-бері жүргендер үйімізге көп келетін. Қонып, түстеніп аттанатындар да болатын. Солардың арасында домбырашылар көп еді. Менің жаңқа домбырамның пернесін түзеп, өздері білетін халық күйлерін тартатын. Мен олар кетер кеткенше екі көзім, екі құлағым солардың шерткен күйлерінде болып бірер буыны болса да есіме сақтап алып, олар кете салысымен солардың бейнесін келтіріп шерте беретінмін. Күні бойы қолымнан домбыра түспейтін. Тұяқтарым мұжылып, ойылып қалатында қатты ашып ауыратын. Соған қарамай шертетінмін. Домбыраға сондай құмар болдым.

Сол Шақабай ауылының адамы кейініректе Алтайдың төрт ақыны аталған ақындардың біреуі Боздақ Дүзбенбетұлы өзі сол өңірдегі аты әйгілі домбырашы болатын. Әрі бізбен жақын құда еді, екі әйелі бар адам болатын. Қайда барса үлкен әйелін ертіп жүретін де біздің үйге көп келетін. Келген сайын менің жаңқа домбырамның пернесін түзеп байлап, күй шертетін. Менің домбыраға әуестігімді көріп, біліп жүрген ол әкеме: «Кенеш құда, Құдай қаласа мына балаңыз домбырашы болады екен», –  деп айтып жүретін. Бір рет жазға салым үлкен әйелін ертіп келді. Қолында көктеректен артын құс төс қылып шауып жасаған әдемі ақ домбыраны «балаңызға әкелдім», – деп ұсынды. Мен бір үйдің кенжесі болғандықтан әке-шешем қатты еркелетіп, бетімнен қақпайтын. Бірақ орынсыз шолжаң емес едім. Әкем қатты разы болып ол кісілерді күтіп, кетерінде бір қойын өңгертіп жіберді. Сөйтсек Боздақ әрі ақын, әрі күйші, әрі асқан ісмер ағашшы адам екен. Пернесі дұрыс тағылған, үні әдемі домбыра тигенен кейін домбыраға тіпті де құлшына түстім. Өзіміз тұрған көлемде  домбырашы бала атандым.

1959-1960 оқу жылында ауыл мекемесі тұрған жер «Көкшым» мектебінен 5 сынып оқыдым дедім ғой. Сол ауылдың одақ ұйымы ма, үгіт қызме бөлімі ме білмеймін ауыл мүшелері ішінен әнші, күйші, бишілерді талдап, және мектеп оқушыларынан талдап мереке-мейрамдарға арынап концерт дайындайды. Ауыл мүшелері ішінде жақсы әншілер, күйшілер бар болатын. Әлі есімде Таған деген жігіттің әніне қатты табынатынмын. Ол кезде Абай әндерін және басқа да лирикалық әндерді керемет орындайтын. Мен басқа да домбырашыларға қосылып әнге сүйемел жасайтынмын. Одан сырт бишілердің билерінің әуенін орындайтынбыз.

1960-1962 жылдар аралығында Алақақ орталау мектебінің ойын-сауық кұржегінде Тайырдың күйі «Салкүрең», Әліпбек Мәлікұлының «Көктем шуағы», «Жәнібектің көк дөнені» қатарлы күйлерді орындайтынмын.

Алтай орта мектебіне келіп түскеннен кейін әйгілі музыкант Кәзім Мәнкейұлы, Митхат Разданұлы қатарлы ұстаздардың үйретіп, ұйымдастыруында мереке, мейрамдарда 20 да 30 домбырамен күй орындап шығатынбыз. Солардың ішінде ең мықтысы мен едім.

– Сіз шебер, өнерлі отбасында дүниеге келгендіктен  әр іске икемі бар, ісмер бала болып өскен болдыңыз ғой.

– Оның рас. Өнерлі отбасында өскендігім себепті болу керек, қолымнан келмейтіні жоқ еді. Ағашшылық, теміршілік, суретшілік дейсіз бе, мен не істесем де қолымнан келіп тұратын. Орталау оқып жүрген кезімде қазақи ақ бәкі соғатынмын. Ағамыз да ұсталық, ағашшылық, етікшілік саймандарының бәрі бар болатын. Мысалы: кергіш араның неше түрі, сүргінің неше түрі, қашаудың неше түрі, балта, шот, аталғы, ыңғу, әйнек кескіш, етік қалыптың неше түрі (ерлер етік қалыбы, әйелдер етік қабының әртүрлі размерлері), т.б. құрал-сайманның бәрі бар болатын. Өзім кейін етікті өзім тігіп киетін болдым.

Жазда жайлаудан қайың қабығын сындырып алып, кептіріп қаттап алып келетінбіз. Оны етіктің сыр өкшесіне және табанындағы ұлтанның ішкі жағына салса дым тартпауына пайдалы болады деп саналатын. Тіпті кілті жоғалғандар шойын қара құлыптың кілітін жасап алатынмын. Құлыптың қабырға жағындағы ауызын қорғасынмен бекіткен жеріндегі ішке жалғасатын әр тесіктегі екі маржанды итеріп тұратын пружинамен қосып алып шығып, маржандардың ұзын-қысқалығына қарай отырып кіліттің иректерін және кіліттің құлыпқа кіретін жерлерін егеп келтіріп, кіліт түскенде ішкі білектің бір сызық бойына келіп айналатындығын зерттеп отырып жасап шығатынмын.

Ағамызда мылтық болғандықтан, он жасымнан бастап аң-құс атқандықтан ерекше мерген болдым. Сентарал мылтықтың жезіне оқ-дәріні өлшеп салып артына бестон қондырып өзіміз жасап алатынбыз. 1963 жылы күзде Алтай аймақтық №1 орта мектептің 16 жасқа толған оқушыларынан құралды халық жасағын құрып, бір ай шамасында әскери жүріс, мылтықты нысанаға қалай көздеуді үйретті. Бір айдан соң қала сыртындағы тауды бетке алып нысана ату жарысы болды. Мен үш оқты да 10 ға тигізіп 30 нөмірге ие болып мектеп бойынша бірінші болдым.

Қазан айының орта шенінде Ши-ань қаласында мемлекет бойынша халық жасақтарының нысана ату жарысына қатынасуға дайындық үшін екенін білдік. Мектеп менің осы жарысқа баратынымды ұқтырды. Дәл соның алдында, яғни қыркүйек ішінде Алтай аймақтық ойын-сауық үйірмесінен кәсіби мамандар неше рет келіп әнге, музыкаға, биге бала талдап, соңында өздерінің шарттары бойынша емтихан алып кеткен болатын. Ол емтиханға домбыра тартып беріп менде қатынасқан едім. Дәл сол мезетте қатарласып ойын-сауық үйірмесіне қабылданатын оқушылардың тізімдігі келе қалды. Ішінде меніңде атым бар екен. «Осы себепті сен Ши-аньға бара алмайтын болдың» деп ұқтырды.

– Сіздің Ши-ань қаласында өтетін халық жасақтарының нысана ату жарысына қатынаса алмауыңыз былай тұрсын, «жоғарылап оқимын» деген асыл арманыңыз селге кеткен жоқ па?

– Дұрыс айтып отырсың. Мен домбыраны жақсы тартатын болсам да, әртіс болып саханаға шығуды жек көретін едім. Оқуда озат болғандығым үшін жоғарылап оқимын деген мақсатым бар еді. Және менің сынып жетекшім Сапиолла мұғалім де: «Сен жоғарылап оқуға тиісті балалардың бірісің. Ойын-сауыққа бармай-ақ қой» деген пікірін айтты. Сөйтіп Сапиолла мұғалім мектеп бастығы Сәкен деген кісіге ертіп барып, «Мына оқушы жоғарылап оқитын балалардың бірі еді. Өзі де ойын-сауыққа барғысы келмейді екен», – деп еді. Сәкен: «Аймақтың үгіт буы бекітіп штатқа кіргізіп тастапты. Біз оны бұза алмаймыз, егер барғысы келмесе оқудан да шегініп кетсін!», – деп бір-ақ қайырды. Мен амалсыз баруға тиісті болдым.

– Мектеп директерінің мұндай қадамға баруына, жоғарыдан келген бұйрық себеп болған екен ғой.

– Біз кейін білдік. 1962 жылы Алтайға Лор Ишің генарал келген екен. Сол кездегі қонақ күту салты бойынша би ұйымдастырады және Алтай аймақтық Ойын-сауық үйрімесінің концертін көреді. Ол кезде Алтай аймақтық ойын-сауық үйірмеснің  штат саны 40 тай адам болып көбі ханзу әртістер екен де, қойылған бағдарлама сценарийі де түгелдей ханзуша болыпты. Оны көрген Лор Ишің: «Алтай қазақ ұлты көп қоныстанған малшаруашылық аймақ екен, ойын-сауық үйірмесінің негізгі қызмет обектісі қазақ егінші-малшылары болуға тиісті. Сендердің ханзуша бағдарламаларыңды олар қалай түсінеді? Сондықтан әртістердің басым көбі қазақ ұлтынан болып, концертік бағдарламада қазақ ұлтының ән-күйлері болуы керек?!» – деп қатты сындап кетіпті.

Алтай аймағының сол кездегі партияның бірінші хатшысы Хуаң Иішің өте қатал, принципшіл басшы еді. Осыдан кейін ол дереу «әр кәсіпке талантты, шымқай қазақ балаларынан 20 бала қабылдап көркем өнер сыныбы етіп құрып, айырым үш жыл оқытасыңдар» деп 20 штатты бір-ақ күнде бекіткен екен. Соның ең алғашқысы болып Алтай №1 орта мектебінен 6 оқушы қабылданыпты. Қыс түсіп кеткендіктен қалғанын жеті ауданнан келер жылы жаз шыға қабылдауға шешім шығарады. Бізді келе салысымен кәсіпке бөліп Іле қазақ автономиялы облыстық ән-би үйірмесіне барып үйрене берсін деп қараша айында екі мұғалім бастап Құлжаға апарды.

– Сол кезден бастап кәсіби домбырашы, музыкант бола бастаған екенсіз ғой.

– Алтайдағылар менің музыкалық жақтағы талантымды өздерінше бағалап кішкене скрипка үйренсін деп бекітіпті де, Тиян Минжұң деген скрипкашы мұғалімнің тәрбиелеуіне бөліпті, ал қалғанын тұтас бишілікке жіберіпті. Бізге келгеннен кейін екі күн өткен соң Тиян Минжұң деген мұғалім мені шақырып алып саусақтарымды көрген болатын. Менің екі қолымныңда ең кішкене саусағымның басы туа біткен домалақ қысқа екендігін оның ешқандай музыка үйренуге жарамайтындығын басшыларға жеткізіпті. Бірнеше адам комиция болып келіп көріп не ішекті музыка аспаптарын үйренуге, не үрлемелі музыка аспаптарын үйренуге жарамайтындығын айтады. Штат бекітіліп кеткен қайту керек? Олар бойымның сұңғақ әрі қол-аяғымның түзу екенін, түр-тұлғам да жаман емес екендігін байқап, қайтарып жіберудің орнына би тобына бөліп жіберіпті. Ал, қалған қыз балаларды онысызда түгел бишілікке талдап әкелген екен.

– Бұл комиция сіздің күй шертетініңізді білмей ме?

– Неге білмейді, біледі ғой. Менің сол домбыра шертетін күйші екенімді біліп алып келді ғой. Ал мамандар ақылдаса келіп мені бишілер тобына қосып жіберді. Өйткені аймақтық театрдың бишілер әтіретінде ерлерден қазақ бишілер әтретінде ерлерден қазақ биші жоқ екен де жалғыз ғана қазақ биші қыз бар екен. (Ол мемлекеттік І дәрежелі биші режисоры Қымбат Айдарқызы) қалғаны ұйғыр мен ханзу екен (Алтайдың ұйғылары қазақша оқып, қазақша сөйлейтін). Бұрын ханзу басшылардың түсінігінде қазақтан ер биші шықпайды деп қарайды екен.

– Содан би мамандығын алу үшін биші қыздармен бірге Құлжаға барған екенсіз ғой.

– Қарашаның басында бізді Құлжаға апарды. Мен би кәсібін үйренетінімді сондағана естідім, шалқамнан түсе жаздадым. Амал жоқ, бәріне көнуге тура келді. Бізді Ілеге жіберу себебі соның алдында Құлжа қаласында Үш аймақ (Іле, Тарбағатай, Алтай), Іле облыстық (Іле, Бұратала) бишілеріне жарым жылдық би машығы сабағы өтілетіні жөнінде жоғарыдан ұқтыру түскен екен. Бізді бастап келген Қымбат Айдарқызы мен Ушуемиің деген биші ханзу жігітпен бірге сол би машығына қатынасуға жіберген екен. Ал, ол би машығына қатнасатындар бірнеше жыл қызмет істеген кәсіби бишілердің біліктілігін жоғарылатуға арналған екен. ШҰАР-дан Бейжің балет мектебін бітірген Әмина деген аса білікті, өте әдемі қазақ қыз мұғалім классикалық би машығымен ұлттық биден сабақ өтеді екен. Біз олардың классикалық би машығы мен ұлттық би машығын көргенде аузымыз аңқиып таң қалдық.

Алтайдан келген алты оқушы мен облыстық театрға қабылданған төрт бишіге облыстық театрден екі мұғалім шығарды. Біз сияқты оқушыларға әліппеден бастап үйрету, аюға намаз үйреткенмен тең еді. Ең алдымен аяқ-қолымызды, белімізді жатқызып қойып тезге салғандай игенде жанымыз шығып кете жаздайтын. Біз сияқты 16-17 ге келіп, сіңірлеріміз жуандап, буындарымыз қатқан, жасымыздан еңбекпен шынығып бұлшық еттеріміз қатайып кеткендіктен икемге келтіру оңай емес еді. Машықтан шыққанда жүре алмай қалатынбыз. Бұл кәсіптін қыры мен сырын білмейтіндер әртіс болу оңай деп санайтын шығар. Біз қол-аяғымызды, белімізді икемге келтіруге, әдеттегі екі аяқпен шыр айналып тоңқалаң асуға екі де үш жыл кетті. Соның өзінде толық кәсіби деңгейде деуге келмейтін.

Бүгін дамыған кезде әнші, күші, биші, суретші т.б. өнер болсын 3-4 жастан бастайтындықтан, солардың ішінен талдап алып, олар арнаулы кәсіби орта мектеп бітірген соң тағы талдап алып жоғары кәсіби мектепті төрт не бес жыл оқытатынын білеміз.

Долда Кенешұлы мен жұбайы, әйгілі би режиссері Нағима Тайырқызы

– Сіздер Құлжада тек би үйренумен болдыңыздар ма?

– Бізге би машығынан тыс аптасына екі жарты күн қарапайым нота (цифрлы нота) сабағын облыстық театрдегі әнші, күйші, гармонист Пәтима Қызданай деген білікті қыз мұғалім сабақ өтті. Мақтанғаным емес сол он оқушының ішінде қарапайым нотаны тез меңгере бастадым. Біз Құлжа қаласындағы жарым жылдық машығымызды аяқтатып Алтайға қайтып келдік. Жеті ауданан қабылданған 14 оқушыны талдап алып келген екен. Бізді айырым көркемөнер сыныбы етіп құрып, сынып жетекшісі, кәсіби мұғалімдерін, тұрмысқа жауапты мұғалімдерін тағайындайды. Бірінғай (сары шапан, көк сым) тіктірді. Жерком уәли мекемесінің кадрлар асханасынан ішетін болдық. Тұрмыс мұғаліміз тізіп апарып, тізіп алып келеді. Ай сайын сабын, тіс пасты т.б. алу үшін қолымызға екі юань ғана береді. Соларды алу үшін рұқсатпен шығамыз, үш жылдық оқу біткенше үйге баруға болмайды. Махаббаттасуға болмайды, егер сезімге салынушылар болса, сезіле салумен айдалады деген сияқты тәртіптер орнатылады. Былайша айтқанда әскери тәртіпте болдық.

Оқушыларды әртүрлі кәсіпке баулып «бірге маман болу, көпке икемді болу» яғни бөлінген кәсіпті мықты игеру, биге де машықтану сияқты талаптар қойылды.

Өзім тұмысымнан, біртоға, тәрітіпті, адал, тырысшаң болғандығымнан музикаға, әсіресе домбыраға қатты қызығамын. Анда-мында концерт қойғанда топтық домбыраға қатынастырады. Бір жағанан биден ауытқып кетеді деп, домбырадан шектенкіреп ұстайтын.

1966 жылы үш жылдық оқушылық мерзімді аяқтап, ресіми әртіс ретінде мәміле жасалады. Музыканттар музыка әтіретіне, бишілер би әтіретіне қосылғанан кейін мені бишілердің орынбасар басшысы етіп тағайындады. Және басқа да қимылдарға араластыра бастады, Клоптың орынбасар меңгерушісі, мекеме де құрылған халық жасағының командирі қатарлы міндеттерді берді.

Бала жасымнан үйренген қолөнерімнің пайдасы да тие бастады. Сахана безендірушілерге комектесіп, спектакльде істетілетін жасанды үйлерді жасау, суретін салу, шырақ, т.б. жұмыстардың барын талаптағыдай орындап шығатынмын. Мекеменің қыста қар жауғанда істететін ағаш күрек, үлкен сыпырғыштың барлығын көшеден сатып алмай мен жасап шығатынмын. Тек құрал-сайман мен қажетті материал болса болғаны. Сөйтіп, театрде «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт атандым.

Ол кездері аймақ дәрежелі әр кәсіп, әр саланың озат уәкілдерін сыйлау, мадақтау жиындары ашылып тұратын. Сондай жиындарға театрден мені сайлап жіберетін. Сонымен қоса мен кітапты көп оқитынмын. Екі ел дос кезінде Кеңес одағынан кірген, кейін оқуға шектеу салынған қазақ жазушылары аударылған орыс жазушыларының кітаптарын тауып алып, тығып оқитынмын. Менің әкемнің інісі әйгілі халық ақыны Сымағұл Қалиұлы Алтай аудандық мәдениет үйінде қызмет істейтін. Мәдениет үйінің кітапханасына ертеде қойылған кейін шектеліп, складқа тығып қойған көптеген роман, поестер бар болатын. Сол кітаптардан ағам арқылы жасырын алып шығып оқитынмын. Мәсілен, М.Ю.Лерментовтың «Біздің заманның геройы», Александр Бектің «Арпалыс», Ғ.Мүсіреповтың «Қазақ солдаты», Әлжапар Әбішовтың «Терең тамырлар», Леф.Толстойдың «Арылыу», «Соғыс және бибітшілік», «Анна Каренина», М.Шолоховтың «Көтерілген тың», «Тынық Дон»,  т.б. көптеген кітаптар оқитынмын.

– Сол кітаптар Қытайда басаталған аты шулы «Мәдениет төңкерісі» кезінде аман қалмаған шығар.

– 1966 жылы аты шулы «Мәдениет төңкерісі» басталды. Одан бұрын да солшыл саяси қозғалыстан әбден мезі болған адамдарға ол аз болғандай, үлкен бір қатерлі боран-шапқынның келе жатқан лебі сезілді. Бүкіл қала айғай-шу күйге түсті. Мекемелерде қызмет, мектептерде оқу тоқтап, білектеріне «қызыл қорғаушы» деген жеңдік таққан оқушылар «төрт көнені жояиық», «Мау Зыдұң жасасын!» деген ұранмен «төрт көне» деп қаралған нәрселерді шағып, қиратып, кітапханалар мен мәдениет үйлердегі көне кітаптарды өртеп, музыка аспаптарын шағап жатты. Осыларды өз көзіммен көрдім. Міне мәдениет төңкерісінің бастапқы көрінісі осылай басталды. Қозғалыс тереңдей келе айтса адам сенбейтін уақиғалар болып жатты. Былайша айтқанда бүкіл ел халқы құтырық ауыруына шалдыққандай болды...

1973 жылы қара боран бәсеңсіп, ақырын-ақырын қалыпқа түсе бастады. Жабылып қалған газет-журналдар қайта жарыққа шыға бастады...

1974 жылы жоғарының нұсқауы келіп, Алтай аймақтық ақындар айтысын Алтай ауданның Әбитан ауылында өткізілді. Жиынды газетхананың бастығы, Үгіт буының орынбасары Шабдан деген ағамыз басқаратын болып, маған ол кісіге көмекші болу міндеттелді. Ақындар айтысы деген аты ғана болды. Бұрынғы ақындардың көбі қағылып, соғылып кеткен. Әрбір ауданнан бірер ән айтатындар аздап домбыра шертетіндер келіпті. Мәдениет төңкерісі басталғанда домбыра да шағылған. Осы мезгілде мекемеміздің жұмысы да қалпына келіп, әрбір бөлім қайта құрылып, қызмет басталды. Мен театрдың шығармашылық бөлімінің орынбасары болып тағайындалғанмын. Шығармашылық бөлімнің міндеті қойылатын концерт бағдарламасын ұйымдастыру болып, композиторларға, би жасайтындарға, сценарий жазатындарға, ән мәтінін жазатындарға сахана безендіру, шырақ, ким жобалау т.б. ұйымдастыру...

– Менің білуімше, Қытайдағы қазақстардың ақындар айтысын жандандыру, қазақ халық ән-күйлері мен ауыз әдебиетін жинау, оны реттеу осы кезеңнен бастау алған жоқ па?

– «Халықтан алып, халыққа беру» деген талаптарға сай халық ішіне барып, халықтық ән-күйлерді, халықтық билерді және шығармаға арқау боларлық үлгілі істерді жинау талап етілетін кез-тұғын. Аймақтық тұңғыш ақындар айтыс жиынына көмекші етіп мені жіберу себебі де сол еді.

Содан бастап әр реткі аудан-аймақ, облыс дәрежелі ақындар айтысы жиналысына аймақтық Мәдениет мекемесінен ұйымдастырылған қызметкерлер қатарында, үналғышымды көтеріп алып барып халық мұраларын жинауды бастадым, әрі жалғастырдым. Ақындар айтысынан басқа уақыттарда шығармашылық бөліміндегілер халық ішіне барып аралап материал жинау жұмыстарын алып баратынбыз.

1981 жылы орталықтың жарлығымен Қытайдағы 56 ұлттың халық әндер топтамасының Шынжаң томын шығару туралы Үрімжіде жиыны ашылды. Алтайдан Уаң фамилалы мәдениет басқармасының орынбасары екеуімз қатынастық. Біз солтүстік Шынжаң басшылық тобының құрамында – қазақ, татар, сібе, дағұр, т.б. қатарлы ұлттар болды. Соның ішінде қазақ тобынан Іле облыстық Мәдениет мекемесінің бастығы Сәбиғазы, Камал Мақайұлы және мен (Долда Кенешұлы) болып, нақтылы жұмыс істеуге, яғни қазақ халық әндерін жинап, нотаға түсіріп, мәтіндерін ханзушаға аударып, соның ішінен 200 халық әнін таңдап алып Шынжаң томына кіргізу міндеті маған жүктелді.

Жиын аяқтаған соң біз облысқа барып нақтылы міндеттер алдық. Алдымен әрбір аймақ және облыс айырым адам шығарып өз аймақтары ішінен халық ән-күйлерін жина, жиналған материалдарды Іле облыстық Мәдениет мекемесі арқылы нақтылы жұмыс істейтін менің қолыма беретін болып шешім шығарылды. Мерзімді уақыттан кейін жиналған дүниелердің бір нұсқасы менің қолыма тиді. Біз аймақтық Ойын-сауық үйірмесіндегі кәсіптестермен бірге сол міндетті орындап шықтық. Осы еңбегім үшін 1988 жылы Орталық Мәдениет министрлігі, Мемлекеттік Ұлттық істер комитеті, Мемлекеттік көркемөнер ғылымын жалпыластыру басшылық тобы жағынан мақтау қағазын алдым.

– Ойын-сауық үйірмесінің жасампаздық бөліміне сіздің басшы болып баруыңыз қазақтың мәдени мұраларының жиналуына, оның жарық көріне мұрындық болған екенсіз ғой.

– Ойын-сауық үйірмесінің жасампаздық бөлімінің басшылығына келу себебім. Мен 1965 жылдан бастап ән текстерін жазу, сол кездегі үгіт-насихат қимылдарына сәйкес әсіресе ханзу ұлтының саханалық қойылымдарына еліктеп саханалық шағын айтыс сияқтыларды жаза бастадым, Кейбір нөмірлерім ауыл-қыстақта  жақсы қарсы алынып, ұзақ уақыт сахнада қойылып жүрді.

Біз есбілгеннен бастап түрлі-түсті саяси қозғалыстан көз ашпадық. Көбін кейінірек түсіндім. Мәселен, «Үшке қарсы», «Беске қарсы», «Оңшылдарға қарсы, ұлтшылдарға қарсы», «Социалистік тәрбие, тап талдау», «Шиужыңжушиларға соққы беру» (түзетімпаздарға) т.б. қозғалыстан көз ашпаған да, адамдар әбден басылып, рухы сөніп, рухи жақтан жаншылып қалған кезінде біз қызметке қатынастық. Оның алдында бастауыш, орталау, орта мектепте әбден социалистік идеологияны сіңіріп болғанбыз. Ал, кері төңкерісшілер социализмге қарсылар қатты жанышталып болған еді.

Сол себепті мектептен жаңа келген біз сияқты жас қызметкерлерді сенімді деп қарайтын еді. Біз қатарлы жастарға сеніп міндет беретін болған кез болды.

– Сіз «қызыл қорғаушылардың» қатарында болдыңыз ба?

– Комсамул болдым, алайда біз тектестердің ішінде әсіре солшыл, қызыл белсенді болып, жалақорлық істейтіндер де болды. Ал өз басым кәсіби қызметте белсенді істесем де әсіре солшыл болмадым.

1970 жылы «Шығыс Түркістен төңкерістік ұйымын талқандау» мазмұндағы «Бірге соққы беріп, үшке қарсы тұру» қозғалысы жүрілді. Басты ұйымдастырушылары деп бір қанша адамды атты. Әдеттегі мүшелерін түгел қолға алып болғаннан кейін әрбір мекеме, мектеп. зауыт, кен орындары болып үлкен қозғалыс жүрілді.

Біраз шегініс жасап айтсам – Алтай аймақтық ойын-сауық үйірмесі 1950 жылы құрылған. Әртістері шымқай қазақ ұлтынан екен. 1958 жылға келгенде әртістерді түгел оңшыл-солшыл ретінде іс қозғап, ол үйірмені таратып, 1959 жылы қайта құрып, әртістерін Алтай аймақтық №1 қазақ орта мектебі мен аймақтық №2 ханзу орта мектеп оқушылары ішінен талдап алыпты. Ішкі өлкелерден музикант, биші, драматурк, сахана жобалушы қатарлы мамандардан ауыстырып әкелген екен. Солардың жетелуінде кәсіби деңгейі жаман емес еді. Әртістер ішінен белгілі композитор Уалиолла Садуақасұлы қатарлы кәсіби жақта жетістіктері бар бірнешеуін бір жыл бойы күреске алып, алдын қызметтен қуып, қалғанын жұмысшылыққа ауыстырып жіберді. Уалиолла Садуақасұлы оркестрде фрима ұстайтын, соның орнына фриманы (жоғары дауысты домбыра) мен ұстауға тиісті болдым. Көп қиналмай-ақ оркестрде қосылып кеттім. Кейін олардың барлығы қайтадан қалпына келтірілді. Уалиолла Алтай қалалық Ойын-сауық үйірмесіне кетіп қалды.

– Сіз домбырадан арнаулы кәсіби білімді кімнен алдыңыз?

– Иә, бізде арнаулы домбыра мамандығынан білім алу орайы болмағандығы түсінікті болған шығар. Алайда дәл сол мезетте домбыра тарту деңгейім сол ортада недәуір жақсы еді. 1968 жылы бұйрықша әйгілі күйші, композитор Тайыр Белгібайұлының өзіммен бірге көркемөнер сыныбында оқып, би кәсібінен жақсы нәтижеге жеткен қызы Нағимамен үйленген едім.

Тайыр Белгібайұлы 1962 жылы Іле қазақ автономиялы облыстық театрден жағылған жаламен қуылып, атамекені Алтайға келіп, қой бағып жүрген кезі еді. Қайын атам Тайырдың домбыра орындау өнері маған үлкен ықпал етті. Ол кісі 1950 жылы Алтай аймақтық Ойын-сауық үйірмесінде, 1955 жылдан 1962 жылға дейін Іле облыстық театрде бас домбырашы болып қызмет істеген мезгілде ҚазКСР-ден елімізге кірген пластинкаға (патефон табақтары) жазылған Құрманғазы, Тәттінбет, Дина қатарлы атақты күйшілердің күйлерін тәтпіштеп үйренген екен. Мәселен, «Сарыарқа», «Саржайлау», «Адай», «Төре мұрат», «Әсем қоңыр» және басқа күйлерді жоғары деңгейде орындайтын. 1956 жылы Шынжаң ән-би үйірмесінің құрамында Орта Азиядағы бес одақтас республикадағы концерттік сапарында Мұхтар Әуезов, Ахмет Жуанов қатарлы әйгілі адамдардың айырым қабылдауына ие болған. Тайырдың күй өнері ол кісілерді таңғалдырған екен...

Мен домбыраның құдыретін Тайырдың орындауынан біле бастадым. Әрі домбыра күйіне қатты ғашық болдым. Тәкең орындаған күйлерді барымды салып үйренуге көштім. Алайда, Тәкеңмен үнемі бірге болып үйрену орайы жоқ еді. Анда-санда үйге келіп қалғанда естігенімді алып қалуға тырыстым. Өзім жастайымнан  домбыраға әуестеген табиғи домбыра әуескері болғандығымнан тез жаттап алатынмын. Сөйтіп жүріп Тәкең орындайтын күйлердің көбін игеріп алдым. Тәкең жоғарыда аталған күйлерді пластинкадан үйренгендіктен өте дұрыс орындайтын.

Соның нәтижесінде 1978-1974 жылдардан бастап саханада жеке күй орындап жүрдім. Перне басатын кішкене саусағымның күрделі күйлерді орындауда қысқалық ететінін сонда сезіндім. Әрі театрде жеке күй орындайтын мен ғана болдым. Міне осылайша он жыл шұғылданған би кәсібінен қол үзіп музикант болып шыға келдім.

– Демкек, сіздің музыкант болып шығуыңызға атақты күйші, композитор Тайыр Белгібайұлының ықпалы зор болған екен ғой.

– Ол жағы да бар, алайда өзім шығармашылық бөлімнің басшысы болғандықтан музыкалық туынды жасаумен айналыса бастадым. 1985 жылы Алтайдың сол кедегі уәлиы Қадыс Жәнабілұлының бұйрығымен жаңа құрылған Алтай аймақтық Байырғы шығармаларды жинау, реттеу, қайта бастыру кеңсесінің басшысы міндетіне ауысқанға дейін ән-күй туындыларын жаздым. Олар радио, теледидарларда жарияланды, саханада қойылды. Мемлекеттік, автономиялы райондық, облыстық деңгейдегі жарыстарға қатнасып 1-ші, 2-ші, 3-ші дәрежелі көптеген сыйлықтарға ие болдым.

1985 жылы қыркүйекте Алтай аймақтық Байырғы шығармалар кеңсесіне ауысып келдім. 1983 жылы орталықтың ұқтыруымен орталық, өлке, облыс, аймақ дәрежелі орындарды құруды басшылық тобын және оның қол астында арынаулы кәсіби кеңес берді. Қаржы, қатынас құралдарын лайықты орналастыру талап етілген екен. Аймақта башылық тобының бастығы Қадыс уәлидің өзі болып, аймаққа төте қарасты мекемелердің бірінші қолдары топтың мүшелері болып тағайындалыпты. Біраз уақыт лайықты адам іздестіріп көріп, менің әр реткі ақындар айтысында үнтартқышымды көтеріп, халық мұраларын жинап жүретінімді уәлидің көзі шалса керек.

Мен 1982 жылы толық бір жыл уақытпен Бейжіңге барып композиторлық білім алып келген едім, тағы да оқуымды жалғастырмақшы едім. Сол себепті а дегенде бармайтынымды, астанаға жалғасты оқитындығымды білдірсем де ол кісі бұйрық шығарып тастады. Амалсыздан келуге тура келді. Орнымыз аймақтық Ұлттық істер мекемесінде болды.

– Ойын-сауық үрірмесінде жүрген кезіңізде бұл жұмысты алғаш қолға алып, арнайы істегеніңіз үшін қиын болмаған шығар.

– Маған бұл қызметті қалай бастау, қалай істеу алғашында оңай болған жоқ. Бұл мекеме Шынжаңда алғаш 1984 жылы құрылыпты. Мен Үрімжіге барып ШҰАР Байырғы шығармалар кеңсесінде істеп жатқан Қалиолла Нұртаза, Тұрсынқан Зәкен қатарлы кәсіптестерге жолығып, жұмыстың мән-жайын ұғысып, қатысты құжаттарды алып келіп жұмыс бастауға тура келді. Негізінен араб, парс, шағатай тілдеріндегі көне кітаптарды жинау мақсат етілгендігін білдім. Алтай өңірінде ондай көне басылым көрген кітаптар мен көне календрлердің өте аз кезігетіндігін бұрыннан байқайтынмын...

Аймақтық партком жергілікті шежіре кеңсесінің дәл сол мезетте Шығыс Түркістан уақыттық үкіметінің 1945 жылдан 1949 жылыға дейінгі архивтерін  ақтарып жатқанынан хабар тауып, Қадыс уәлиге айтып, сол архивтерге кіруге рұқсат беріне келісім алдым. Жарым жыл уақытпен  бір жағы соларға архив көшіруге көмектесіп, біржағы өзім қажетті деген материалдарды көшіріп алдым.

1986 жылы аймақтық Діни істер мекемесі алты аудан, бір қаладағы мешіттерді тексеру, архив тұрғызыу, имамдардан емтихан алу, мешіт имамдарын тағайындау жұмысы жүрілетіндігін естіп, тағы да Қадыс уәли арқылы біржағынан олардың қызметіне көмектесіп, енді бір жағынан молдалар арқылы өзіме қажетті материалдарды жинауға кірістім. Ол үшін бүкіл жинауға тиісті мұралардың мазмұнын тізімдік етіп, графа жасап, әр мешітке міндет ретінде тапсырма бердім. Әрбір мешіттегі имамдар жоғарының міндеті ретінде қабылдап, бір жағы өздерінің тұрақты имам болып тұруына септігі тиеме деп қарап, олар жұма намазына келген бұқараға қолдарында сақталған мұрағаттар болса мешітке әкеліп тапсырып беру жөнінде үгіт айту, тапсырма беру нәтижесінде  көптеген мұраларды жинап берді. Мәселен, көне басылым кітаптар, қиса-дастандар, аңыз-әңгімелер, көне айтыстар, шешендік толғаулар, тұрмыс-салт жырлары, мақал-мәтелдер, өлең-жырлар т.б. дүниедерді бір ауыз, екі ауыз болса да жинап табысталған. Соның нәтижесінде көп метриаларды жинап алдым. Бұнымен қоса мұрағаттар қолында бар деген адамдардың жіп ұшын іздей отырып арнаулы барып отырдым. Және аймақтың ауыл-қыстақ қызме тобына ілесіп, малшаруашылық өңірлерін аралап жүріп жинастырдым. Осы барыста үнтартқышымды ала жүріп халық ән-күйлерін қосып жинадым. Мекеменің шарт-жағдайы жақсы болғандықтан сентрлі жерлерді машинамен араладым.

Ақындар айтысы, басқа да мәдени бас қосулардан қалмай барып отырдым. Нәтижеде 1998 жыл облыстық Мәдениет-көркемөнер зерттеу ортасына ауысып барғанға дейін жиырманың үстіндегі көне басылым кітап, жүзге тарта қиса-дастан, жүздің үстіндегі көне айтыстар, жүзге тарта аңыз-әңгімелер неше он мың шумақтан асатын өлең-жырлар, қара өлеңдер, мыңға тарта халық күйі, мыңға тарта халық әні, үш жүзден астам сыбызғы күйлері жиналды. Халық ән-күйлері біздің жинау міндетіміз болғандықтан оларды, өзім сақтадым.

– Сіз күйші, композитор ретінде халыққа қай жылдары таныла бастадыңыз?

– 1970 жылдардың орталарынан бастап жазған ән-күйлерім радиода жариялана бастады. Яғни халық ортасына композитор ретінде таныла бастадым, Ән-күй жинауыма үлкен септігі болды. Әсіресе, әйгілі күйші Тайыр Белгібайұлының күйеу баласы, әйгілі халық ақыны Сымағұл Қалиұлының інісі болғандығымның да халықпен араласып кету септігі болды. Халық ішінде кейініректе қолындағы материалдарымен білетін ән-күйлерді оңай-оспақ бере салмайтын болған еді.

1995 жылы Іле қазақ автономиялы облыстық халық үкіметі Алтайда байырғы шығармалар қызмет жиналысын ашты. Үш аймақтың және облыстық Байырғы шығармалар қызметіне жауапты башылармен кәсіби қызметкерлері қатынасып, әрбір орын өздері істеген жұмыстармен жинаған материалдарын графалап көрсетті. ШҰАР-дан да арнайы келген жауапты адам қатынасқан, жиын қортындысында Алтай аймақтық Байырғы шығармалар кеңсесі озат орын, мен озат жеке болып мадақталып, сыйландым.

1994 жылы «Іле халық баспасынан» «Қазақтың тұрмыс-салт жырлары» атты жинақты баспадан шығардым. 1998 жылы Іле қазақ автономиялы облыстық мәдениет-көркемөнер зерттеу орнына ауысып келіп 2005 жылы демалысқа шыққанға дейін сол орында Ауыз әдебиеті мен Музыка бөліміне жауапты болып қызмет істеп, жалғасты жинау, зерттеу жұмысымен айналыстым. Қосымша «62 қоңырды» зерттеу мамандар тобы ішінде жұмыс жасадым.

– Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Қазақстанға қоныс аудардыңыз ба?

– 2006 жылы атамекенге ат басын бұрдым. Әрі жиған-тереген халық мұраларының бір нұсқасын алып отырған едім. Соларды атамекенге жеткіздім. 2007 жылы сол кездегі Алматы қаласының әкімі Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағанбетовтің қолдауымен «Атамұра» баспасынан екі томдық «Қазақ халық күйлері», екі томдық «Қазақ халық әндері», бір томдық «Өлең-жырлар», бір томдық «Сыбызғы күйлері», бір томдық «Мақал-мәтелдер» жинағы, бір томдық «Тұрмыс-салт жинағы» баспадан шықты. Бұл кітаптарды шығаруға сол кездегі «Жұлдыз» жураналының бас редекторы Ұлықбек Есдәулетов жетекшілік етіп, Құрманғазы атындағы Ұлттық концерваторияның музика мамандары Біләл Сқақов, Айтқали Жайымов, Еділ Құсайынов, Баян Игілікова, Гүлнар Қозыбақова, Ермек қатарлы мамандар жұмыс жасады.

Кітаптың тұсау кесері 2007 жылы шілде айында Астана қаласы Ұлттық кітапханада болды. Тұсау кесерге белгілі жазушы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев, Ақселеу Сейдімбетов, президент мәдениет орталығының төрағасы Мырзатай Жолдасбеков, Тұрсын Жұртбаев, Ұлықпек Есдәулетов, Біләл Ысқақов, Айтқали Жайымов т.б. лар қатынасты. Жиында Әбіш Кекілбаев сөз сөйлеп, «Мына қандасымыз бір жарым миллион Қытай қазағының ішінде жүріп, бір университет атқаратын жұмысты жалғыз өзі тындырған екен» деп баға берді. 2008 жылы 5-ші желтоқсанда Президенттің жарлығымен ІІ дәрежелі достық орденімен марапатталдым (ол кезде мен Қазақстан азаматтығын алып үлгірмегендіктен, Қытай азаматы ретінде марапаттады).

– Сіздің Қытайдан алған ғылыми дәрежеңіз, атағыңыз бар ма?

– Жоғары техникум мағлұматына иемін. 1994 жылы Үрімжі кәсіби университеттің Алтай аймақтық кадрлар мектебінен ашылған толық бір жылдық тез оқыту курсының әкімшілік басқару кәсібін үздік дәрежемен бітірдім. Ғылыми атағым – тете аға зерттеуші. Қытай музыканттар қоғамының, Шынжаң музыканттар қоғамының, Шынжаң әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің жән Іле қазақ автономиялы облыстық Музыканттар қоғамының, Шынжаң Алтай зерттеу қоғамының, Шынжаң «62 қоңыр» зерттеу қоғамының; Іле облыстық мәдениет-көркемөнершілер бірлестігінің мүшесімін және тұрақты жорасы болдым. Ал атамекенге келгеннен кейін Қазақстан Күйшілер одағының және Қазақстан авторлар қоғамының мүшесімін. «Тәуелсіз Қазақстанның қаһарманы» төс белгісінің иегері, Мемлекеттік ІІ дәрежелі достық орденінің иегері болдым.

– Қазақстанда «Ертіс толғауы» деген кітабыңыз шығыпты. Бұл кітапта қандай шығармаларыңыз кірген?

– Бұл кітапқа өзім әуенін жазған 20 ән, «Ертіс толғауы», «Мереке», «Атамекен» күйлері мен партитуралардың (күйлер) ноталары және жаңағы аты аталған күйлердің шығу тарихы туралы мақалалар кіргізілген. Ән-күйлерді халықарлық нотаға түсірген Баян Игілік. Бұл кітап 2023 жылы қаңтар айында баспадан басылып шықты.

– Әңгімеңіздің басында әкеңіз Кенеш 1930 жылдары анаңызды ерітіп Қытайға өйткенін айттыңыз. Әке-шешеңіздің Қазақстанда қалып қойған туыс-туғандары бар ма екен?

– Менің әкемнің әкесі Семізбайдың 6 ұл болған екен. Алты ұлдың үшеуі ертеректе қайтыс болып, үшеуі тірі қалыпты. Әкемнің үлкен ағасы Қали інісінің артынан кейін Қытайға барады. Ол кісі берітінде қайтыс болды, қазір балалары бар, Алтайда тұрады. Одан кейін Мәуіш деген кенже бауыры болған екен. Мәуіштің шын аты Наурызбай болыпты, ал менің әкемнің шын аты Кенесары екен, әке-шешелері Кенеш, Мәуіш деп еркелетіп айтып жүріп, осылай аталып кеткен секілді. Соған қарағанда атам мен әжем екі баласының аттын Кенесары хан мен Наурызбай батырдың құрметіне қойған болар деп ойлаймын. Кенже інісі Мәуіш осы жақта, Жайсаңда қалып қояды.

2006 жылы мен Қазақ еліне келгеннен кейін, әке-шешемнің өсиет етіп айтып кеткендері бойынша бұл жақта қалған туыстарымды іздеп тауып алдым. Әкемнің туған інісі Мәушітің (Наурызбай) балаларын таптым. Мәуіштің Мұқаметқали деген ұлы Талдықорғанның Қарабұлақ ауылынан табылды. Бұрын ол Жайсаңда тұрып, талдықорғандық Гүлбақыт деген қызбен үйленгеннен кейін, Талдықорғанға көшіп келіпті. Өзі 2022 жылы маусым айында 70 жасында қайтыс болды. Қазір үйленген бір ұл, екі қызы, әйелі бар. Және Мәуіштің қызы Айгүлден туған жиендер Жайсаң, Өскеменде тұрады. Бәрімен кездесіп таныстым.

Нағашы жұртымнан: шешемнің туған ағасы Ахметқалидың балалары Сайлаубек, Сабырбек, Аманбек, Мамырбек қатарлылар Алматы қаласы, Алматы облысы, Жайсаң, Өскемен қалаларынан табылды. Олардың көзі тірілерімен араласып тұрамын. Шешемнің немере ағаларының балаларынан: Ұлықбек Есдәулетов, Бағдат Есдәулелтов, Әйткен Есдәулетов, Сара Есдәулетова, Рүстем Есдәулетов, Риза Есдәулетова қатарлылар Алматы, Астана қалаларында тұрады. Араласып тұрамын. Аталас Кәртеңбаев Шаяхмет Жайсаңда тұрады (қайтыс болған), оның балалары Жайсаң мен Алматы қаласында тұрады.

Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 444
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 235
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 262
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 257