Сенбі, 27 Сәуір 2024
Аласапыран 2809 56 пікір 7 Желтоқсан, 2023 сағат 12:22

Екі ел егесі мен... еңсені езер есуастық

«Кім жеңеді – Украина ма, Ресей ме?» деген сауал бұл күндері баршамызды мазалап жүргені рас. Путиннің «бірнеше күнде блицкриг жасап, Киевке жетемін» ойы жүзеге аспай, соғыстың басталғанына екі жылдың жүзі боп қалды.

Міне, Еуропаның шығысындағы соғыстан құлаққа жағымсыз, жайсыз хабарлар жетуде..

Біріншіден, Украина қарулы күштерінің (УҚК) қарсы шабуылы нақты нәтиже бермей, толастаған сияқты. Алда қылышын сүйреп қабағы қатулы қыс келеді. Бонапарт Наполеон мен Адольф Гитлердің түбіне жеткен бұл аймақтың аязы жылу беру инфрақұрылымының күл-талқаны шыққан украиндықтарға оңай болмайын деп тұр. Мұның өзі соғыстан әбден титықтаған жергілікті халықтың көңіл-күйіне өз әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті.

Екіншіден, соғыс кезінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға тиіс украин билігінің өз ішінен ши шықты. Кешегі қандыкөйлек достар ендігі жерде саяси қарсыластарға айналып бара жатқандай. Ол үдерістің катализаторы келесі жылы өтуге тиіс кезекті президент сайлауы болса керек. Зеленскийдің соғыс кезінде өздеріне біршама бедел жинап алған кейбір серіктестері онымен араздасып, президенттік амбицияларын таныта бастағандай. УҚК бас қолбасшысы Залужныйдың қараша айындағы атышулы демаршы тек қана соғыс жүргізу тактикасы мен оған берілген бағаның алшақтығымен шектеле қоймайтын сықылды. Мұның өзі Зеленскийдің өз командасына ие бола алмаған көшбасшы ретінде танытып қойғаны да рас. Ол болса, оның халықаралық алаңда, әсіресе, Украинаға көмектесіп жатқан ықпалды елдер алдындағы абырой-беделіне нұқсан келтіруде. Оның өзі Батыс елдерінің көмек беру қарқынына теріс әсерін тигізетіні тағы бар.

Көмек демекші, үшіншіден, алғашында Украинаға сөзсіз қолдау көрсетіп, қол ұшын беруде ауызбіршілік танытқан «ұжымдық Батыстың» бүгінде ниеті басқаша секілді. Бірқатар елде сол көмектің қажеттігіне күмән келтірілуде. Ондай антиукраиндық дауыстар, әсіресе, оңшыл партиялардың ықпалы мол мемлекеттерде қатты шығуда. Билік басына келгендері ол ұрандарды өкіметтік шешімге айналдыруға тырысуда.

Мәселен, ең қуатты демеуші АҚШ-ты алайық. Соғыс басталғалы ол Украинаға 110 миллиард доллар көлемінде әскери және экономикалық көмек беріпті.

АҚШ-тағы партияаралық тартыс та бұл мәселеге өз әсерін тигізуде. Егер де Байден бастаған демократтар Украина жағында болса, «трампшыл» республикалықтар оған қарсы. Және де жай ғана қарсы болмай, Зеленскийдің өкіметіне қиын сұрақтар қоюда. Ол сауалдар Украина билігінің соғысқа қатысты нақты стратегиясының бар-жоқтығына, қақтығысты шешу жолдарына, көрсетіліп отырған көмектің өз мақсатында әрі тиімді жұмсалуына қатысты боп тұр. Қиналып жатқан украиндықтарға қолын созғысы жоқ республикашылдар біраздан бері Зеленский өкіметіндегі коррупция туралы да айта бастады.

АҚШ Конгресіндегі осынау талас-тартысты көріп, Зеленский осы аптада АҚШ Сенатында сөйлеуден бас тартты.

Байден болса, шыр-пыр болып, «Украинаға берер көмек тоқтатылса, ол нағыз есуастық болады!», - деп дабыл қағуда. АҚШ президентінің бұл сөзіне қосылмасқа лаж жоқ!

Салыстыра айтсақ, ішкі жалпы өнімі 200 миллиард доллар Украинаның 2023 жылғы бюджетінің 60 процентке жуығын шетелден келген қаржы құраған.

Енді осы жәрдем азайса не тіпті тоқтап қалса, не болмақ?!

«Жығылғанға жұдырық» жемекші, «ұжымдық Батыстың» Украинаға беретін көмегіне ендігі жерде Палестина (дәлірек айтсақ, ХАМАС) мен Израиль арасындағы соғыс өз кесірін тигізуде. Яғни, Украинаға келер қару-жарақ пен қаржы көлемі азая түспек.

Ресей жағы да оңып тұрған жоқ. Санкциялар мен тыйымдар ел экономикасын мүлдем құлдыратпаса да, біршама зиянын келтіруде. Қарапайым халықтың жағдайы қиындап, шетел қаржы институттарына кіріптар ресейлік олигархтар табысынан айрылуда. Оған қоса, қоғамдық пікір де «осы соғыстың бізге не керегі бар?» деген жаққа ойысып жатқандай. «Қырым біздікі»!» деген кезіндегі эйфориядан Ресейдің деревнялары айыққан сықылды. Мобилизацияланғандардың аналары мен жұбайлары тұтас бір қозғалысқа айналып барады. Ал әйел қауымына қарсы шыққан бір де ір жүйе оңған емес, оны тарих көрсетіп отыр.

Бір нәрсе анық: Украинаның жеңілгені – кешегі Совет Одағы империясының құрамында болған бір республиканың жеңілгені ғана емес.

Бұл соғыс – неоимпериялық саясат идеологиясының туын көтерген басқыншыл Ресей мен өркениетті қауымдастыққа қарай бет бұрған Украина арасындағы соғыс қана емес.

Жеме жемге келгенде бұл соғыс – Ресей мен халықаралық заңнамаға мойынсұнған, Біріккен Ұлттар ұйымының шешімдерін басшылыққа алған сол өркениетті қауымдастық арасындағы соғыс.

Ресей жеңсе, жалғыз Украинаны жеңіп қана қоймайды.

Ресей жеңсе, сол өркениетті қауымдастықты жеңеді.

Және де ол қауымдастыққа тек «ұжымдық Батыс» қана жатпайды.

Ол қауымдастыққа «өгізге туған күн бұзауға да туады» деген аталы сөзді естен шығармауы тиіс, кешегі Совет империясының құрамында болған, оның үстіне онымен шекаралас елдер де жатады. Біз де сол санатқа кіреміз.

«Бейбітшілікті қаласаң, соғысқа дайындал!» деген сөз жоғарыдағы мәтелдің заңды жалғасы болса керек.

Кез келген мысалдың ғибраты болатын секілді кез келген мақаланың түйіні болады. Бұл жазбаның түйіні сол: кім болсаң да, өз күшіңе сен!

Бұл ғибрат жеке адамға да, тұтас мемлекетке де тікелей қатысты!

Әміржан Қосан

Abai.kz

56 пікір