Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3911 0 пікір 25 Қыркүйек, 2013 сағат 06:11

Нұрболат Әлменов. Қазақшаң қалай, қазақ комментаторы?

Әлемде сан алуан ұлт пен ұлыс, тіл мен диалект бар. Сол ұлттардың ішінде қазақ ұлты, тілдердің арасында қазақ тілі де бар. Әрине, бұл жай бізді қуантпай қоймайды, бірақ, мәселе аталған екеуінің «жағдайы қалай» дегеннен туындайды ғой.

         Ащы да болса шындық – біз ана тіліміздегі кейбір сөздер мен сөз тіркестерін дұрыс ұғудан қалып бара жатқандығымыз. Бұл жерде қазақшаны мүлде білмейтіндер емес, біле тұра түсінбейтіндерді айтып отырмыз. Иә, қазір сондай күйге түстік, орыс тілін білмесек, қазақша «қақпайтын» болдық. Көшедегі жарымжан жарнамалардың қатесін қойшы, мағынасынан миыңа ештеңе бармай меңіреу боласың. Амалсыз орысшасын оқып барып тынышталамыз. Мысалы, «ТҚС». Не қылған мекеме екен деп басымыз қата бастайды, оң жағындағы жазуға көз салсақ – «СТО». О, бәрекелді, енді түсінікті! Айта берсең таусылмайды мұндай мысалдар.

Әлемде сан алуан ұлт пен ұлыс, тіл мен диалект бар. Сол ұлттардың ішінде қазақ ұлты, тілдердің арасында қазақ тілі де бар. Әрине, бұл жай бізді қуантпай қоймайды, бірақ, мәселе аталған екеуінің «жағдайы қалай» дегеннен туындайды ғой.

         Ащы да болса шындық – біз ана тіліміздегі кейбір сөздер мен сөз тіркестерін дұрыс ұғудан қалып бара жатқандығымыз. Бұл жерде қазақшаны мүлде білмейтіндер емес, біле тұра түсінбейтіндерді айтып отырмыз. Иә, қазір сондай күйге түстік, орыс тілін білмесек, қазақша «қақпайтын» болдық. Көшедегі жарымжан жарнамалардың қатесін қойшы, мағынасынан миыңа ештеңе бармай меңіреу боласың. Амалсыз орысшасын оқып барып тынышталамыз. Мысалы, «ТҚС». Не қылған мекеме екен деп басымыз қата бастайды, оң жағындағы жазуға көз салсақ – «СТО». О, бәрекелді, енді түсінікті! Айта берсең таусылмайды мұндай мысалдар.

Енді осы дерт қазақ спорт комментаторларына да жұқты. Жұққанына да біраз уақыт болды. Бейдауа сырқат-ау шамасы. Елімізде кәсіби спорт журналистерін даярлайтын оқу орны жоқ екені кейінгі кездері қатты білініп жүр. Осыдан барып тіліміз бүлініп барады. Жаттанды сөз, таныс трафарет, бір шаблон. Тыңдаушының құлағына түрпідей тиетін, орыс тілінен (қасындағы «напарнигінен») тікелей аударылған тіркестер. Қайсысын тыңдасаң да бір зауыттан шыққан өнімдей ұқсас. Тілдері жұтаң, спорттық бәсекені, алаңда болып жатқан оқиғаны баяндау жоқтың қасы. Жанама әңгіме, артық ауыз сөз көп. Жарыс бір жақта, комментатор басқа жақта. Өткен замандағы спорт жарыстарын, спортшыларды сөз етіп отырып алады. «Кешегі Кеңес дәуірінде қиратып едік, анау ағамыз алтын алған, сол командамыз күміске ие болып еді» деп, ескі әңгімемен есіңді алады.

Қазіргідей ақпарат заманында сол айтқандары ешкімге жаңалық емес екені оны «қызықтырмайды». Өз рахаты өзінде. Бәсекені бел ортасынан бастап көрген адам кіммен кім ойнап жатқанын біле алмай зығырданы қайнайды. «Қазақстан барысында» бір комментатор балуандарды «бокстастыра» жаздады. Хоккейде қақпаға доп соғатындар да бар. «Шайбаны доппен шатастырып алыппын, кешірім өтінем» деп құтылады. Ойын біткенше сан мәрте кешірім сұрап шығады. Шатасу мұнымен бітпейді. Шатасудың көкесі футболда. «Қақпаға бағытталған соққы....Роберт Левандовский! Жоқ, кешіріңіздер, бұл Ройс екен», «Міне қарсы шабуыл, соққы, голллл!....емес, доп қақпа торының сыртына соғылған екен», «Месси айып алаңында, қорғаушы қайтер екен? Қорғаушы оны шалып жықты, пенальти!... Солай ма деп едік, бірақ төреші басқаша шешім қабылдады» деп, төрешіден бұрын үкім шығарып сәуегейленеді. Мұндай мысалдарды да көптеп келтіруге болады.

Енді мағынасы майысқан сөйлемдерге келейік. Қазақтың бай тілін қолданбай, өзге тілден аударып әлек-шәлегі шығатындай комментатор мырзалардың басына не күн туғанын білмеймін. Сөз кедейлігі, ой жұтаңдығы кітап оқымағандықтан, әдебиеттен хабарсыз болғандықтан туындайды. Мына қызыққа қараңыз: «Шахтер» Шотландияға барар жолда, «БАТЭ» мен «Скендербеуді» айналып өтті» деп соқты бір сабаз. Айналып өткені қалай? Сонда олармен мүлде ойнамаған ба? «Шахтер» футболшылары Қарағандыдан көлікке мінген де, жолдағы Беларусь пен Албанияны айналып өтіп, Глазгоға басқа жолмен тура барған ба? Әлде «БАТЭ» мен «Скендербеудің» ауылына соқпай плей-оффқа жаяу жеткен бе? Сөйтсек, орыстың «обошел» деген сөзін біз түсінбей қалмасын деп аударған түрі екен. Бұлай басты қатырғанша «шаң қаптырды», «жерге қаратты», «сан соқтырды», «ұтты», тіпті қазақшалағысы келсе «тәубесіне келтірді», «көкесін танытты» демей ме?!

 Футболшылар алмастырылатын уақытта: «Бапкер пәленбайды алаңға шығаруға ниетті» деп тағы қойып қалады. Ниет – пенденің тек Жаратушыға ғана мәлім ішкі ойы, жүрек түбіндегі қалауы, тілегі емес пе? Ендеше біздің шешендеріміз бапкердің ішіне кіріп, жүрегіне үңіліп жүрген болды ғой? Орыстың «намерение» сөзін бұл жерде қолдану орынсыз. Жалпы «намерение» сөзі қазақтағы «ниет» сөзінің мағынасын толық бере алмайды. Ондай арзан аудармамен тіліміздің бағасын төмендету қателік. «Қарағандылықтардан ұтылу «БАТЭ-нің» жоспарына кірмеген». Тағы да сауатсыз аударма. «Қарағандылықтардан ұтылу «БАТЭ-нің» үш ұйықтаса түсіне кірмеген» десе әлдеқайда дұрыс емес пе?!

Тағы бір қынжылатын жағдай біздің ақпараттық тәуелділігіміз. Біз Ресейдің ақпаратымен күн көріп отырмыз, соларға мұқтажбыз. Соның салдарынан біз әлі күнге дейін орыстарша ойлап, кез келген жағдайға орыстың көзімен қараймыз. Өз ойымыз, пікіріміз қалыптаспаған. Сарылар жамандаған нәрсені жек көреміз, солар мақтаған нәрсені жақсы көреміз. Сонда ұлттық сана қайда қалады? Олардың ойы біздің тарихымызға, мәдениетімізге, қазақи намыс, мүддеге қайшы болса, онда неге біз ондай ақпаратты таратуымыз, пайдалануымыз керек? Неге біз орыс футболына тек Ресейдің мүддесін көздейтін сайттардың жазғандарымен баға береміз? Жеке пікіріміз қайда? Сұрақ көп, жауап жоқ.

Басқа елдің азаматтары шетел тілінен енген сөздерді өзінің ұлттық әліпбиіне ыңғайлап жазып, ана тілінің дыбыстық мүмкіндігінің аясында қолданады. Біз олай етуге «ерінеміз». Құдайға шүкір, Губерниев пен Уткин бар, солардың дайын «өнімін» ала саламыз. Еуропа, Америка спортшыларын былай қойғанда түбіміз бір түрік, өзағамыз өзбектердің аты-жөнін ана тілімізде айта алмаймыз. «Өзге ұлт өкілдері естісе ұят қой, қазақбайский, біртүрлі» дейміз де жалпыға «ортақ» тілде айта береміз. Шюкюр, Гюндаган, Туран, Мирджалол, Одиль, Озил, Гиокдениз Карадениз деп тілімізді шайнаймыз. Шүкір, Күндоған, Тұран, Міржәлел, Әділ, Өзіл, Көктеңіз Қаратеңіз деу «заподло». Алайда, біздің ата-тегімізді қазақша сол күйінде ешкім айтпайды. Оған үйренгенбіз, ренжімейміз, қожайын ұлттар көндірген осы құлдық сезімге. Қытайлар Қанат Сіләмді – Ганати Силаму, орыстар Оскарға тілі келсе де Ордабаевты – Ардабаев деуден танбай келеді.

Бәрі комментатордан басталды ғой баяғы. Бұрынғы комментаторларды анау-мынау деуші едік, керісінше солармен «ой, бауырымдап» көрісетін халге жеттік бүгінде. Кейде қазақи қалжыңы мен тапқыр теңеулері, өткір сын, ирониясы қатар жүретін Амангелді Сейітхановты сағынамыз. Сөзінен қала қазағының қатып қалған қағидасы емес, дала қазағының дархандығы, кеңдігі сезіліп тұратын. Ол кез келген шетелдік футболшыны дала қазағының тілінде сөйлететін. Шукер Шалқұйрықтай шабатын, Зидан «Зеке» атанатын. Испания  жарыстан шығып қалғанда: «Чемпион боламыз» деген испандар қазір Мадридте шай ішіп отыр» деген қалжыңымен оларды да қазақ етіп жіберген еді. Неге шай, неге кофе демеді? Себебі, қазаққа шай жақын. Міне, ұлттық сана, қазақша ойлау осылай қалыптасады. Әр сөздің астарында тыңдарман өзі ұғуға тиіс ой жату керек. Айтылған сөз –атылған оқ, кері қайтара алмайсың. Сондықтан сөйлерде абай болған абзал. Халықты тәрбиелейтін ақпарат құралдары мен қалам ұстаған қауым. Сол қауым ұлт тәрбиесіне жауапты қараса екен...

Abai.kz

0 пікір