Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Қоғам 4983 2 пікір 27 Қараша, 2023 сағат 12:09

Қоғам пікірі: Патриоттық сезім әр адамның бойында бар

Патриотизм деген ұғымды әр адам әрқалай түсінеді. Дегенмен де еліңе, Отаныңа, отбасыңа тіпті айналаңа деген ыстық ықыласты патриоттық сезіммен ұштастырып жатамыз. Патриотизмнің мәні мен мағынасын саралау мақсатында көпшілікке «сіз патриотсыз ба?» деген сұрақты қойып көрдік.

Патриоттық сезім бәрімізде бар

 

Махамет Қырғызақынұлы, зейнеткер:

- Қазақстанда мекен ететін әрбір адам өзін патриотпын деп санауы керек. Олай дейтін себебім, біз Тәуелсіз елдің тұрғынымыз. Ата-бабамыз аңсаған азаттыққа қол жеткіздік. Біздің арыстарымыз, тәуелсіз ел болуымыз үшін қаншама күресті. Қиын уақыттарда елі үшін жанын берді. Болашақ ұрпақ олардың еңбегін мәңгі ұмытпаса деймін. Олар елін сүйген азаматтар. Қазір біз Тәуелсіз елміз. Өз шекарамыз, туымыз бен елтаңбамыз бар. Бейбіт күннің астында тыныштықта  өмір сүріп жатырмыз. Осындай елдің азаматы екенімізді мақтан тұтып, неге патриоттық сезімді арттырмаймыз. Еліміз қаншама қиын кезеңді басынан өткерді. Зейнеткер ретінде айтарым, осы қиын кезеңдерден еліміз сүрінбей өтті. Болашаққа қарай ұмтылып келеміз. Мемлекет басшысының саясатымен біраз реформалар жасалып жатыр. Қазақстан әлемдік деңгейде танылып келеді.

Міне, осылардың барлығын біз келер ұрпаққа айтып отыруымыз керек. Патриот адам деген ешқашан мен патриотпын деп жарияға жар салмайды. Өйткені патриоттық сезім бәріміздің бойымызда бар. Тек осы ұғымды үнемі насихаттап, тәй-тәй басқан баладан, еңкейген қарияға дейін насихаттауымыз керек. Жоғарыда сіз патриотсыз ба деген сауалға, әрине мен өз елімнің патриотымын деп анық айта аламын. 40 жылдан астам орман шаруашылығы саласында қызмет еттім. Табиғатты қорғап, жанашырлық танытып, шамамыз келгенінше өз қызыметімізді адал атқардық. Мамандығыңа адалдықпен қызмет етудің өзі, өз еліңе деген париоттық сезімнің бір белгісі деп білер едім. Біз ең алдымен Қазақстан азаматымыз. Еліміз үшін қолымыздан келген титтей де болса үлесті қосу ол біздің борышымыз.

Патриоттық сезім көзге көрінбейтін, әр адамның өне бойында сайрап тұратын керемет құбылыс. Бұл сезім біздің жүрегімізде. Әр адам өз туған елін, жерін, Отанын өздігінше сүйеді. Байқағаным жырақ кетсек елімізді аңсап, топырағымызға аунағымыз кеп тұрады.  Осының барлығы көзге көрінбейтін, бірақ тұла бойымызбен сезінетін сезім. Менің ойымша патриот емес адам мүлдем жоқ. Өйткені біздің еліміз биік белестен көрінсе, әсіресе спортшыларымыз жеңіс тұғырында көк туымызды желбіреткенде, қуанамыз ба? Қуанамыз. Ән ұранымыз шырқалғанда, оң қолымызды кеудемемізге қойып рухтанамыз ба? Рухтанамыз. Елімізге қатер төніп тұр десе алаңдаймыз ба? Алаңдаймыз. Осылай кете береді. Міне, осы сезімнің барлығы біздің патриот екеніміздің белгісі. Сондықтан елім деп соғатын әрбір жүректің иесі өзін патриотпын деп еш күмәнсіз айта алады».

Патриотизм бесіктен басталады

Ұлбике Жақсыбаева, мұғалім:

- Ел боламын десең-бесігіңді түзе» деген ұлы жазушыларымыздың бірі Мұхтар Әуезов. Бұл қанатты сөзде қаншама мән мағына жатыр. Ұстаз болғаннан кейін біз жас ұрпақты патриот қылып тәрбиелеу жолында қызмет етуіміз керек деп санаймын. Қазір біз жаңа дәуірдің балаларына білім беріп жатырмыз. Ақпараттық технологияның заманы. Қазір ерекше, білімге құштар жан-жақты ұрпақ өсіп келеді. Олардың ойлау қабілеті мен сана сезімі ерекше дамыған. Бұл бір жағы қазіргі технологияның қарыштап дамуының себебінен дер едім. Біздің мақсат осы ерекше ұрпаққа патриоттық сезімді ұялатып, болашақта елі үшін қызмет ететін маман болып қалыптасуына үлес қосу. Біз тәрбиесі мен өнегесі мол, салты мен дәстүрі рухани құндылықтарға толы елдің ұрпағымыз. Ең басты мақсатымыз тәлім мен тәрбиені ұштастыра отырып білімді ұрпақтың жолын ашу.

Патриотизм бесіктен басталуы керек деуімнің өзі, балаларымызды кішкентай кезінен патриот болуға тәрбиелеп, санасына сіңдіріп, зердесіне тоқыту. Ең алдымен патриот адам деген кім. Отанын сүйетін, елім десе ішкен асын жерге қоятын азамат па? Құрғақ сөзбен емес нақты ісімен көрсететін азамат па?. Осыларды ажыратып алуымыз керек. Кез келген адам өзін патриотпын деп айта алады. Ал түптеп келгенде патриотизмнің ол адамда исі де болмауы мүмкін. Сондықтан патриоттық сезімге толы ұрпақты тәрбиелеуді әрбір адам өз отбасынан бастауы керек. Әр бала кішкентайынан қай елдің азаматы, ұлттық тілі мен ділі қандай? Рәміздері қандай? Туы мен елтаңбасы нені білдіреді? Отаны мен туып өскен елі қандай? Осыларды білуі керек. Одан кейін жас буын өсе келе білім алады, жоғары оқуға түсіп маман атанады. Кейбір жастар әскери салаға барып, елін қорғауда өз жолын тауып жатады. Одан кейін маман иесі болады. Мейлі сен қандай маман иесі болсаңда ең алдымен өз отбасың мен Отаныңның игілігіне қызмет етуің керек. Әрі қарай патриотизм ұғымы тереңдей береді. Жас ұлғайған сайын сен өз еліңнің нағыз патриотына айналасың. Өйткені бұл сезім, бізбен бірге еселене береді.

Патриотизм мағынасы кең, мәні зор ұғым. Біз оны байқамағанымызбен, бұл сезім бізде бар. Бұл сезім бізбен бірге. Мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие беруде біз тұтастай әлеуметтік кеңістікті қарастырамыз. Ол кеңістіктің аясы кең. Тарқатып айтатын болсам, біз оқушыларға ең алдымен ұлттық патриотизм ұғымын түсіндіреміз. Әрі қарай шынайы патриотизм, нағыз патриот сынды ұғымдарды толықтырып, мағынасы мен мәнін жіліктеп береміз. Сондықтан жас ұрпақ ең бастысы ұлттық патриотизм ұғымын санасына сіңіріп өсуі керек. Әрі қарай жастың өмір жолында патриоттық сезім қалыптасып, жас ұлғайған сайын мәні де кеңейе береді. Бәрін айт та бірін айт біз ұрпағымыздың санасына ең алдымен Отанына деген сүйіспеншілік сезімін сіңіртіп, елі мен жеріне деген махаббатын арттыруға күш саламыз. Ұстаз ретінде әрбір шәкіртімнің өз елінің нағыз патриоты болуына бар күш жігерімді аянбай жұмсаймын.

Өз елімнің патриотымын

Камила Жұмабек, студент:

- Мен Қазақстан деп аталатын, әлем картасында өз орны бар елдің азаматы екенімді мақтан тұтамын. Бізге берілген білім мен тәрбие, үлгі мен өнеге тек алға қарай жетелейді. Мен әуезді де қоңыр үнді қазақ тілімді жақсы көремін. Жастайымнан шет тілдерін үйренуді қолға алдым. Заман талабына сай ағылшын тілін еркін меңгердім. Ресми орыс тілінде де сауаттымын. Біздей білім алғысы келген жастарға менің елімде барлық мүмкіндік бар. Қазір экономика саласында жоғары оқу орнында білім алып жатырмын. Болашақта еліміздің экономикасына үлес қосатын маман болғым келеді.  Шетелдің оқу орындарында оқып, тәжірибе жинақтап, сол білімімді елімнің игілігіне жұмсағым келеді. Менің ойымша қазір мен қатарлы жастардың көбісі өздерінің білімдері арқылы елінің дамуына үлес қосқысы келеді. Бұл да бір патриотизмнің белгісі дер едім.

Мен үшін патриот деген, ол қандай жағдай болмасын ел игілігіне қызмет ететін адам деп ойлаймын. Патриот адамдар ол қолына қару алып елін қорғайтын әскерилер емес, менің ойымша елін ойлайтын әрбір азамат ол өздігінше патриот. Сондықтан да мен де өзімді елімнің патриот ұрпағымын деп айта аламын. Қазір байқасаңыздар жас буын тек қазақ тілінде сөйлейді. Бізбен бірге оқитын өзге ұлттың да студенттері бізбен қазақ тілінде сөйлеседі. Өз ойын қазақ тілінде жеткізуге талпынатындары да бар. Тіпті біз достарымызбен шетелден келген қатарласымызға қазақ тілін үйретіп жүрміз. Күн сайын оған қазақ тілінен 3-4 сөз үйретіп жатырмыз. Жоғарыда мен өз тілімді құрметтейтінімді айттым.

Меніңше патриотизм осындай кішкентай нәрселерден басталады. Бірде бізге сабақ беретін апайымыз қазақ тобы болсақ та, негізгі материалдарын орыс тілінде түсіндірді. Ең бірінші болып апайымыздан келесі сабақты тек қазақ тілінде жүргізуін өтіндім. Сол сәтте ол кісі «сен патриотсың ба деген еді». Ойланбастан әрине деп жауап бердім. Ұстазымның патриотизмді өте тар түсінікпен бағалағанына қынжылған едім. Мен үшін патриотизм үлкен сезім. Мен Қазақстан елінің азаматымын, ең бастысы мен елімді әрқашанда мақтан тұтамын. Болашақта елі үшін қызмет ететіндердің қатарынан боламын. Сол үшін білім аламын. Ізденемін. Өзге елден білім алып тәжірибе жинақтағаннан соң, міндетті тұрде өз елімде қызмет етемін. Менің ойымша өзін патриотпын деп санайтын әрбір азамат, әрқашан өз елінің игілігі үшін қызмет ете білуі керек. Мен үшін париотизм еліңе өз үлесіңді қосу.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1287
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1167
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 906
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1032