Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Қоғам 5402 2 пікір 23 Қараша, 2023 сағат 15:06

«Нұрлы-Арасанның» жері үшін мені он жыл сотқа сүйреді»

Райыс ӘРІПЖАНҰЛЫ, химия ғылымдарының кандидаты, кәсіпкер:

Райыс қажы Әріпжанұлы 1962 жылы 17 мамырда ҚХР Шынжаң ұйғыр автономиялы районы, Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Құлжа қаласы, Баяндай қалашығының Сулы-Алматы қыстағында дүниеге келген. 1981 жылы Шынжаң университетінің химия факультетіне оқуға түсіп, оның толық курсын 1986 жылы бітірген. Еңбек жолын Қытай ғылым Академиясының Шынжаң филиалының Химия институтынан бастаған. Бүкіл қытайлық жас ғалым сыйлығының иегері. 1991 жылы Қазақстан-Ғылым Академиясының Химия ғылымдар институтына аспирантураға түсіп, 1995 жылы химия ғылымдарының кандидаттығын қорғаған. 1996 жылы ҚР Ғылым Академиясы мен Ғылым министрлігінің «Жас ғалым сыйлығын» алған. 1999 жылы «Жанел» ЖШС-н құрып, жеке кәсіпкерліпен айналысып келеді. Еңбекшіқазақ ауданы, Алматы облысы деңгейінде оншақты рет марапатталған. 

– Райыс Әріпжанұлы, мен жаңылмасам, сіз химия ғылымдарының кандидатысыз ғой. Ғалымдықты тастап, кәсіпкерлікпен айналысып кетуіңізге не себеп болды?

– Өзіңіз білесіз, Қазақ елі тәуелсіздік алған алғашқы жылдары, яғни 1995-1996 жылдары Қазақстандағы әлеуметтік, экономикалық жағдай өте нашар болды. Неше айлап жалақы берілмей қалып жатты. Осындай төмен экеноимкалық жағдайда көптеген мекемелер қызметкерлерін қысқартуға мәжбүр болды.  Солардың қатарында біздің мекеме де штатын қысқартуға өткенде менде уақытша отставкаға іліктім. Үйде жататын емес, күн көріс, отбасын асырау керек болды. Содан кейін барып жеке тірлікке қарай бет бұруға тура келді.

– Сіздің сол кезде кәсіпкерлікті қаладан бастаудың орнына, ауылдан бастағаныңыз қызық болған екен.

– Иә, солай болды.

– Сіз кәсіпкерлікпен айналысқан кезде ауылдың жағдайы мәз емес-тұғын. Тіпті кейбір ауылдың халқы қалаға қарай көшіп жатқан кезең болатын. Осындай алмағайып заманда сіздің кәсіпкерлікті ауылдан бастауыңызға қандай күш итерміледі?

– 1997 жылы дінтанушы ғалым Халифа Алтай ағамыздың өтініші бойынша ол кісіні Нұрлы ауылына (Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты) алып бардым. Ол кісі Нұрлыдан бір үй сатып алды, ал мен екі үй сатып алдым. Үйдің құжаттарын жасап жүріп Іле өзені жағында Нұрлыдан 10 шақырым  жерде «Арасан суы» барын (жергілікті халық оны «ыстық су» деп атайды екен) байқадым. Мен сол кезде осы «ыстық суды» пайдаланып арасан ашуды жоспарладым. Алматыдан біраз бизнесмен достарымды шақырдым. Солардың ішінен Жеңіс Түркияұлы бауырым Нұрлы ауылында бұрын санатория, балабақша болып, кейін жабылып қалған мекеменің құрылыстарын сатып алды. Және оған қоса 400 га жуық егістік жерді жалға алды. Сол жерлерді Ж.Түркияұлы бүгінге дейін пайдаланып жемісін көріп келеді.

Қысқасы, аудан әкімдігі арасан суы тұрған аумақты маған бермекші болды. Мен кәсібімді осы жерден бастауға бекідім. Бірақ бұл жер бір кісінің пайдалануына беріліп қойған жер болып шықты. Екі жыл жол жүріп, 1999 жылы арасан тұрған аумақтағы 12 га жерімен қосып сатып алдым да, бірден жұмысқа кірісіп кеттім.

– Нұрлы ауылы Қазақ КСР кезінде Д.Қонаев арнайы салдырған ауыл деп естігенім бар. СССР ыдырап, коммунистік жүйе құрдымға кеткен кезде бұл ауылдың тірлігі тоқтап, тұрғындарының көбі қалаға көшіп жатқанда, керісінше сіздер қаладан ауылға барған екен сіздер ғой.

– Иә, бұл ауылды Дінмұхамед Қонаев ақсақал кезінде Жастар қалашығы ретінде салдырған екен. СССР-дің ШАЛ-1000 деген құпия жоспары болған. Сонда қызмет істейтін адамдарды азық-түлікпен, көкөніспен қамтамасыз ету үшін салынған делінеді. 1993 жылы Совхоз тараған, халық жұмыссыз қалған. Көбі қалаға көшіп кеткен. 1995 жылдан бастап ҚХР Гансу өлкесі, Ақсай қазақ автономиялы ауданынан біраз отбасы көшіп келе бастайды. Бұл ауылдың сақталып қалынуына осы Ақсайдан көшіп келген қандастар себеп болған десе де болғандай.

– Сіздің басқарып отырған «Нұрлы-Арасан сауықтыру орталығының» емделушілерге қызмет көрсету механизмі қандай?

– Төрт қонақ үйіміз бар. Қыста екеуі жұмыс істейді. Ашық аспандағы бассейіннен басқа бөлме ішіндегі шағын бассейіндер бар.

– Бұл қонақ үйлер Кеңес одағы кезінде салынған ба, әлде өзіңіз жаңадан салдыңыз ба?

– Иә, олар бұрынғы Кеңес одағы кезінде салына бастаған, толық бітпеген құрылыс екен. Құрылыстың тек қаңқасы ғана болған. Кейін оларды  толық күрделі жөндеуден өткіздік. Екі қонақ үйге табиғи ыстық судан кұбыр тартып, әр бөлмеге жылу жүйесін орнаттық. Жеке қаржыға 3.5 шақырым жерден жоғары кернеулі ток желісін тартқыздық. Он шақырым жолдың басым бөлігіне құм-шағыл төседік. Осылай өзіміздің шама-шарқымыз келегенше жыртығымызды жамап, олқылығымызды толықтап, ептеп жұмысымызды жүргізіп келеміз.

– Бұған көп қаржы кеткен болар. Үкімет тарапынан көмектер болды ма?

– Иә, бұған аз қаржы кеткен жоқ. Жергілікті билік тарапынан тек жылы сөздер, жақсы лебіздерімен қолдап келеді.  Жолға асфалит төсеу жөнінде өтініш жасаған едім. Әкімдік ол ұсынысты жоғары жолдаған. Жоғарғы жақтың нақтылы жауабын күтіп жүрміз.  Жол жасалса арасында емделуге, демалуға келетін халыққа да, маған да жақсы болар еді.

– Қазір арасанға келіп емделушілердің қатары көбейді ме?

– Иә, жыл өткен сайын көбейіп келеді.

– Емдеушілердің төлем ақысы онша қымбат емес болар. Қонақ үйге жатып емделу үшін әр адам қанша қаржы жұмсауы керек?

– Бір күндік жатын орын мен суға емделу үшін 4000 тг төлейді.

Ал дем алу үшін келген кісілер ашық аспандағы бассейінді пайдаланғаны үшін сағатына 500 теңге төлейді.

– Ас-суын өздері пісіріп жей ме, әлде асханаларыңыз бар ма?

–  Көктем, жаз, күз айларында асхана жұмыс істейді. Емделушілер қалауына қарай тамақтанады. Әр қонақ үйде бірден ас үй бар. Газ ошақ,  тоңазытқыш, ыдыс-аяқпен түгел жабдықталған. Кейбір кісілер азық-түлік, көкөністерін ала келіп өздері тамақ жасап жейді.

– Ыстық судан басқа қошымша айналысатын кәсібіңіз бар ма?

– Шаруа қожалығым бар, жылқы, қой бағумен айналысамыз. 5 га жерде алма бағым бар, 1 га жерге шылан еккем. Бәрі жеміс беріп тұр.  Малдың азығы үшін 5-10 га жерге жоңышқа (беде) еккенбіз.

– Шаруа қожалығыңызда қанша адам жұмыс істейді?

– Бір отбасы жылқыға қарайды, енді бір отбасы қойды бағады. Мұнан басқа арасанға, бау-бақшаға, егінге қарайтын кісілер бар. Жалпы бізде 8 адам жұмыс істейді.

– Оларға жалақы төлейсіз ғой.

– Жұмысшылардың жалақасы атқарған жұмысына қарай 100-150 мың теңге шамасында төленеді.

– Бес гектар жерге алма, бір гектар жерде шылан бар дедіңіз. Оның өнімін қалай өткізіп жүрсіз?

– Кей жылдары алып-сатарларға бақтың жемісін бағалап түгел сатамыз, кей  жылдары өлшеп тонналап сатамыз. Әр жылы әр қалай болады. Ол алушылардың ыңғайына қарай болатын нәрсе ғой.

Биыл алма мен шыланның келеграммын қаншадан сата алдыңыз?

– Биыл алма көктемгі үсікке кетіп қалып, жеміс берген жоқ. Ал шыланның бір келеграмын 2500 теңгеден сатып жатырмыз.

– Бағасы жаман емес секілді, алушылар көп пе?

– Алушылардың көпті соншалық, биыл шылан көбіне жетпей қалады.

– Ондай болғанда шылан бақшасының көлемін ұлғайтуыңыз керек қой?

– Қазір шылан 70 сотық жер де бар. Бір гектар жерге шылан еккен едім, үш жыдан кейін біраз ағашы үсіп кетті. Біздің ауылдың қысы-жазы соғатын желі бар, өйткені Нұрлы ауылы Іле өзінің аңғарына орналасқан, шығыстан-батыстан соққан желдің өтінде тұрмыз.

– Үкіметтен арасанға субсидия алып тұрасыз ба?

–  Арасанға ешқандай субсидия берімейді.

– Айтпақшы, Реке! Ана жылы осы ыстық суға талас болып, соттасып жүр едіңіз соның соңы немен аяқтады?

– Менің бизнесімді тартып алу мақсатында Б.Нұрғазиев деген дөкеймен 10 жыл соттастым. Соттың соңы биыл жеңіспен аяқталды.

– «Қызай ана және Қызай тарихы туралы» кітабыңыздың парағын ақтарып мазмұнымен танысып отырмын. Құдай қаласы алдағы күндері арнайы уақыт шығарып оқып шығармын, құтты болсын!

– Рақмет! Мен 1998 жылдан бастап қызай тарихын зерттей бастадым. Осы жылы көктемде бұрын жазған мақалаларымды жинақтап «Қызай ана және қызай тарихы туралы зерттеулер»  деген атпен кириллица жазуымен кітап етіп шығарғам. Ал енді жақында  осы кітаптың төте жазу нұсқасы шықты. Өйткені Қытайдан келеген қазақтардың көбі кітаптың төте жазуын оқығанды жеңіл әрі жақсы көретіндіктен сол жағын да ескердім.

– Мамандығыңыз химия ғылымының кандидаты бола тұра тарихи тұлға Қызай ана туралы ізденіс жасап кітап жазу қызығушылықтан болды ма, әлде бүгінге дейін зерттеліп келген Қызай шежіресі мен тарихқына көңіліңіз толмады ма?

– Иә, негізінен қызығушылықтан болды. Жас кезімнен тарихқа,  қазақ тарихына қызығушылығым басым болатын.  Соның соңы мені осы кітапты жазуға алып келді.

– Бұл кітаптың жазылу барысына біраз тоқтала кетсеңіз. Қалай ізденіс, зерттеулер жасадыңыз?

– Жаңа айттым ғой 1998 жылдан бастап зерттеу жүргізе бастадым деп. Неше мәрте сапарға шықтым. Неше мәрте зерттеу мақалалар жазып Қазақстан мен Қытайдың газет-журналдарында жарияладым. Нәбижан Мұқаметханұлының айтуымен және қузау салуымен мақалаларымды жинақтап биыл кітап етіп жығардым.  Қазақстан мен Қытайдада жарық көрген қызай туралы шежіре деректері, орыс-қытай  тарихи жазба деректерін молынан пайдаландым.

– Бұл кітабыңыз несімен ерекшеленеді деп ойлайсыз?

– Өзіңіз жақсы білесіз, қазақ халқы рулардан құралалы ғой. Ал қазақ тарихы да рулардың тарихынан, олардан шыққан батырлар мен билерден  құралады.  Бұл кітапта Қызай ананың Ұлы жүздің атақты биі Бәйдібек бидің қызы екендігі дәлелденеді. Қызай ананың туылған-қайтыс болған жылдары,  жерленген жері тұрақтанады. Жалпы бұл кітапта бұрын баспа бетін көрмеген тың деректер өте көп.

– Қызай ана қай жыл туылып, қай жылы қайтыс болған екен. Марқұмның мәйіті қай жерге жерленген деп ойлайсыз?

– 1402 жылы туылып 70 жас жасап  1472 жылы қайтыс  болыпты. Қызай тауының (қазіргі Барлық тауы) мекендеп оның батысындағы Қаптағай тауының (қазіргі Тоқта тауы)  етегіне жерленіпті.

– Бұл кітабыңызда тек Қызай ана туралы жазылған тарихи зерттеулер ғана ма, әлде басқа да қазақ тарихына қатысты зертеулер бар ма?

– Мына шежіре деректеріне бір сәт үңілейік: Қызай шежірелері бойынша Аманбай Торғайұлы  Шағыр бабамыздың (Қызай анамыздың) 5-ұрпағы.  Жоғарыдағы орыс деректері Албанның ішінде Қызылбөрік болысына 300 түтін қарайды. Болысы Әжібай-Алтай деп көрсетеді. Әжібай батыр болған кісі, Алтай ол кісінің інісі. Екеуінің қатар жазылғанына қарағанда Әжібайдан соң, інісі Алтай болыс болғанға ұқсайды. Әжібай Жарықшақтың 6-ұрпағы.

450 ге тарта түтіні бар Алжан болысын Аламан басқарады делінген. Ал Аламан болса Жарықшақтың 5-ұрпағы.

Сегіз-Сары болысының старшины – Биеке би. Қармағында 600 түтін бар. Жылқылары және басқа да малдары көп. Жидесу өзені маңын жайлайды. Қыс кезінде жылқыларын Қытай шегарасына қарай айдап, сонда бағады.

Дулаттың Жаныс тармағына қарасты 100 түтінді Өтебай би басқарады делінеді. Өтебай Дулаттың 5-ұрпағы.

Бұдан басқа да руларға да қатысты деректер, Найман тарихына қатысты көптеген тың деректер беріледі.

– Бұл кітап оқырмандарға қашан жол тартады?

– Қарашаның 24 күні Алматыда тұсау кесерін өткіземіз, сол күннен бастап оқырмандарға жол тартатын болады.

– Алда қандай жоспарлар, атқаратын жұмыстарының бар?

– Осы кітапқа кірмей қалған біраз мазмұндар бар. Мәселен, қызайлардың төресі – Сама төренің тарихы.  Сол сияқты біраз мазмұнды қосу. Одан басқа Қызай ана жатқан жерге ескеркіш тұрғызу сияқты келелі жұмыстар бар.

– Соған қарағанда Қызай ананың ескерткіші жасалып дайын тұрған болды ғой.?

–  Дайын деуге болады. Қызай ананың мүсіні «Қызай ана»  саябағына орналастыралады.  Ол Өзтемір ауылы маңында.  Менің ендігі  жеке арманым Тоқта тауы етегінде жатқан Қызай анамыздың жатқан жеріндегі көне күмбезді жаңғыртып, осы заман талабына сай күмбез орнату.

– Қызай ананың мүсінін жасауды кім ұйымдастырған?

– Ұйымдастырушы:  «Қызай ана» қоғамдық қоры. Оның төрағасы ғалым, қытайтанушы,  тарих ғылымының докторы Нәбижан Мұхаметханұлы.

– Қызай ананың мүсінін жасаған автор кім?

– Қызай ананың мүсінін жасату үшін «Қызай ана» қоғамдық қоры конкурс жариялаған болатын. Осы хабарды естігеннен кейін бірнеше мүсінші өз жобаларын ұсынды. Солардың ішінде Бауыржан Жуасбаев деген мүсінші ұсынған қолында ұршық ұстаған Қызай ана мүсінін комиссия қабылдады. Қазір Қызай ана мүсіні бітуге шақ қалды

– Сіз кәсіпкер ретінде тұрмысы төмен отбасыларына көмек көрсетіп жүрсіз бе?

– Шелек селолық округіне қарасты Май ауылында «Қызай ана» мешіті мен Нұрлы ауылында салынып жатқан «Нұрлы мешітіне» өз үлесімді қостым. Қызай ананың ескерткішін тұрғызуға шама-шарқымша қаржы қостым. Масақ селолық округіне қарасты Қазтай Ұлтарақов ауылында салынып жатқан спорт сарайына жарты миллион қаржы қостым

– Мына кітабыңыздың мазмұнына қарап отырсам, «Қызайдың байырғы атамекені және қызай тауы» деген тақырып бар екен. Қызай тауы қай өңірде екен?

– Шынжаңның Нылқы ауданында өмір сүрген, Қызай тарихын жақсы білетін Досбер Саурықұлының (1894-1994) «Есенгелді», кейде «Қызай тарихы» немесе «Қызай ауған» деп аталатын тарихи дастаны бар. Осы «Есенгелді» тарихи жырының бір вариянтын әдебиетші Сәрсенбі Дәуітұлы мен Мақсұт Шафиғи баспаға дайындаған нұсқасы 1993 жылы баспадан шықты. Осы тарихи жырда мынандай жолдар кездеседі:

«Ол дәуір ХV ғасыр екен,
Білмеймін ортасы ма, басы ма екен?
Өз аты ерден бұрын ерек шыққан
Басқадан шарапаты басым екен,
Мекені «Қызай тауы» атаныпты,
Ұрпағы сонда өсіп жатыр екен,
Алтайдан арғы Алатау, Бота, Мойнақ.
Сол жерге Қызай тауы жақын екен,
«Хәмседе» бұл жерді бір жазыпты,
Тәрізі бұл желілес асу ма екен».

Қызай ана туралы жазылған барлық шығармаларда кездесетін «Қызай тауы» жоғарда аталған дастаннан алынған, тарихи дерек-көз болып пайдаланылған болуы бек мүмкін. Дастанның атының «Есенгелді», «Қызай тарихы» немесе «Қызай ауған» деген түрліше атқа ие болғанына қарап, бұл дастанды ертеден жырланып келе жатқан дастан ба деген ойға қаласың. Досбер Саурықұлы Қызай ана тарихын ғана емес, Құрбанғали Хәлиднің «Тауарих хамсасын» толық білген білімпаз адам болған. Аталған тарихи дастанды ол өзі жазса немесе бар дастанды хатқа түсіріп, баспаға ұсыныушы болса да, тарихын зертеуге мол тарихи дерек қалдырған бірінші адам. Қалай екені белгісіз Сәрсенбі Дәуітұлы ұсынған нұсқада дастанның авторы көрсетілмеген.

Қазіргі таңда тарихшылардың басым көпшілігі Қызай анамызды 1402 жылы туып, 1472 жылы қайтыс болды деп қарайды. Осы ұстанымды «Есенгелді» дастанының жоғарыдағы шумақтары негізінде анықтағаны байқалады. Өйткені дастанда:

«Ол дәуір ХV ғаксыр екен,
Білмеймін ортасы ма, басы ма екен?» деген сөздерден Қызай ананың өмір сүрген тарихын ХV ғасырда деп тұрақтандыруға болады. Сондықтан Қызай ана ХV ғасырдың басында (1419 жылы) Матай еліне келін болып келген, ХV ғасырдың бел ортасынан ауа (1472 жылы) деп санау қисынға келеді. Енді бір шумағында:

«Мекені Қызай тауы атаныпты,
Ұрпағы сонда өсіп жатыр екен» деп, Қызай ана қайтыс болғаннан кейін де, Қызай ана ұрпақтарының сол өңірде тұрып жатқанын баяндайды. Дастанның келесі бір шумағында:

«Алтайдан арғы Алатау, Бота, Мойнақ,
Сол жерге Қызай тауы жақын екен.
«Хәмседе» бұл жерлерді бір жазыпты,
Тәрізді бір желілес асу ма екен?» деп, «Қызай тауының» Алтай тауы мен Алатаудың арасындағы таулар екенін, жанында «Бота, Мойнақ» деген таулар деп анық көрсетеді.

– Сонда сіздің ойыңізша «Қызай тауы» нақтылы қай жерде деп ойлайсыз?

– Жоғарыдағы жырда Бота мен Мойнақ екі тау болып көрсетіледі. Ал Құрбанғали Хәлидтің «Тауарих хамсесінің 132-ші және 175-беттерінде Ботамойнақ бір таудың аты ретінде айтылдады. Онда Бота және Мойнақ деген екі тау жоқ. Ботамойнақ тауының «Есенгелді» дастанында Бота және Мойнақ болып жазылуын, жырды көшіріп жазу немесе баспаға дайындау барысында кеткен техникалық қателік деп қарау керек. Орқашар тауы – Тарбағатай тауының шығысындағы бөлек тау. Шынжаңның Тарбағатай аймағы, Дөрбілжін ауданының шығысында үлкен тау болмағанымен, Ботамойнақ атты тау бүгінде бар. Қазіргі Ботамойнақ тауы Орқашар тауының оңтүстік батысына орналасқан. Ботамойнақ тауы мен «Қызай тауын» «тәрізі бір желілес асу ма екен?» деп, олардың желілес тау екенін «Есенгелді» дастаны көрсетіп береді. Ботамойнақ тауынан солтүстікке қарай қазіргі Сауыр тауы, одан ары қарай Сайқан таулары жалғасады. Ботамойнақ тауының оңтүстігінде жатаған Жайыр тауы, одан ары қарай Майлы тауы орналасқан. Майлы тауының шығысында Барлық тауы мен мұндалап тұр. Майлы мен Жайыр шағын таулар, яғни тау сілемі. Сонда Ботамойнақтың жанындағы үлкен тау екеу: бірі – Сауыр тауы да, енді бірі – Барлық тауы. Қазіргі Орқашар тауы Тарбағатай тау сілемінің бір тармағы, Ботамойнақ тауы Орқашар мен Барлық тауының арасындағы тау, ал Барлық өз алдына оңашаланған бөлек тау. Осы жолдардың авторы жоғарыда келтірген дәлелдерге негізделе отырып Ботамойнақ тауының оңтүстік батысындағы Барлық тауын «Қызай тауы» болуы мүмкін деген тұжырым жасады. Бұл тұжырымды ғылыми түрде дәлелдеу үшін Қызай тарихын шартты түрде екіге бөліп қарауға болады.

Алғашқы бөлімі: Қызай ананың ұзатылып келін болып келген кезінен, яғни 1419 жылдан 1723 жылығы «Ақтабан шұбынды, алқакөл сұлама» дейінгі кезең; екінші бөлімі: 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» бүгінге дейін. Мен Қызайлардың бірінші кезең тарихына тоқталдым. 1419-1723 жылдары Қызайлар қай өңірлерде мекендеді? Егер біз бұл сұраққа жауап табатын болсақ, онда Қызай тауы сол өңірде болып шығады.

– Сіз бұл сұраққа жауап таптыңыз ба?

– Тарбағатай тауы мен Алтай тауларын Наймандардың, оның ішінде Матайлардың ежелгі ата қонысы деп қарайды. Орыс, қазақ тарихшыларының жазба мағлұматын, Найманнан шыққан атақты тұлғалардың туған жері мен олар жөнінде жазылған тарихи жыр-дастандардың деректерін келтіре отырып дәлелдедім.

– Мына кітабыңыздың мазмұнын шолып отырып «Қызай елінің көш жолы» деген тақырыпты көзім шалып отыр. Осы туралы айта кетсеңіз?

– Жоғарыда айтылып кеткен тарихи жыр-дастандарды Қызай ана мекен еткен Қызай тауы атаныпты дейтін дерек бар, оны жаңа айтып өттік. Көп жылғы зерттеуім бойынша қазіргі Барлық тауының ертеде Қызай тауы, Тоқта тауының Қаптағай атанғанын дәлелдеп шықтым. Тарихта «Қаптағай қақпасы» атанған жер бүгінде «Жоңғар қақпасы» атанып жүр. Бұл өңірдің көктеуі, күздеуі мен жайлауы қатар орналасқан шұрайлы алқап. Ал осы таулардың шығысында Жоңғар ойпаты. Сол заманда, яғни ХV ғасырда қалың қалмақ сол шөлді даланы мекен еткен, өсіп-өніп Жоңғар хандығын құрған. Қойын бағып, биесін байлап, қымызын ұрттап бейғам жатқан Қызай еліне (Матайларға) қалмақтар 1683 жылы тұтқиыл шабуыл жасайды. Содан ел үркіп Аякөз жаққа ауа көшкен. Құдайназар бастаған 100 сарбаз сол маңдағы Қызылжар асуында жау қолын тосып, қиян-кескі шайқас жүргізіп, соңында бәрі сол арада шейт болады. Қызайлар Аякөзден ары қарай  Есіл өзенін жағалап Қызылжар (қазіргі Петропавл қаласы маңы) маңын мекендеп жүргенде 1716 жылы қалмақ тағы да шабады. Ауған ел қазіргі Қарағандының Қарқаралысына келіп «қайың сауып» күнелтеді. 1718 жылы ол арадан тағы да қалмақ шауып Қаратауға келіп күнелтеді. 1723 жылы ол арадан қалмақ тағы шауып, Балқаш көлінің оңтүстігіндегі Итішпес көлінің маңын паналап тағы да «қайың сауып» күнелтеді. 1723-1725 жылдары Сыр бойындағы қалың қопа-қамысты мекен етеді.

Үш жүз бас қосып қол жинағанда Наймандарды басқарған Көшек (Күшік) ханның қол астына жиналып қазақ даласын жаудан азат ету күресіне белсене ат салысады. 1725-1728 жылдары Бұланты-Білеуті өзендері, Итішпес көлі бойындағы «Қалмақ қырылған», «Аңырақай» шайқастарына қатысады. Осы шайқастарға Қызайдан шыққан Тастемір батыр ерекше көзге түседі. Ол жауды қазақ қолымен бірге қуғаннан қуып қазіргі Шынжаңның Жеменей ауданына дейін барады. Сол өңірде Қалден Церен жансыздарының қапияда атқан улы жебесінен мер болады. Азат етілген Арқа даласына алғашқы лекте Наймен елімен бірге Қызайлар көшеді. Қарағанды, Ақмола, Шыңғыстау, Аякөз, Жайсаң, Тоқта-Барлық тауларын көшіп-қонып жүріп мекендейді. 1865-1882 жылдары Бұратала, Манас өңірлерін мекендеп, 1882 жылы үш болыс ел қазіргі Іле өңіріне көшіп барады.

– Қанша баланың әкесісіз?

– Қазір бір қыз, үш ұлдың әкесімін.  Қызымнан 3 жиенім, үлкен ұлымнан 2 немерем бар.

– Қоғамдық қызметпен де айналысасыз ба?

– Алла сәтін салып 2011 жылы мұсылманның бір парызы саналатын қажылық парызымды орындап қайттым. 2014 жылдың бастап Алматы облыстық Қажылар қауымдастығының бірінші орынбасары қызметін атқарып келемін.

– Аудан, облыс тарапынан еңбегіңіз еленді ме?

– Жеке кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесім үшін 2002, 2009, 2011 және 2014 жылдары Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің марапатына ие болдым. Белсенді қоғамдық қызметтерім үшін 2012 жылы Алматы қаласы әкімдігі тарапынан марапатталдым.

Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

2 пікір