Сәрсенбі, 8 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2910 0 пікір 18 Қыркүйек, 2013 сағат 10:55

Қарагөз СІМӘДІЛ. Біздің қала

Ғаламторда Алматы атауын «google»-ға теріп көріңізші. Әп-сәтте сексен миллионға жуық материал алдыңа жайыла кетеді. Демек, сексен миллионға жуық материал Алматы туралы әңгімелейді, Алматы туралы сыр шертеді, Алматы туралы ақпарат береді.
Бұл Алматы қай кезде де айбарлы, айбынды, асқақ, ару қала болған, болып қала да бермек. Бұл Алматыда қашан да, қай кезде де елдің сөзін сөйлеп, туын ұстаған тұлғалар жүретін. Және арман іздегендер де Алма­ты­сының маңынан табылатын. «Америкалық арманға» мұхит асып қол созбай-ақ, іздегенін Алматысынан қарастыратын. Сөйткен Алматы – міне, осы қала!

Ғаламторда Алматы атауын «google»-ға теріп көріңізші. Әп-сәтте сексен миллионға жуық материал алдыңа жайыла кетеді. Демек, сексен миллионға жуық материал Алматы туралы әңгімелейді, Алматы туралы сыр шертеді, Алматы туралы ақпарат береді.
Бұл Алматы қай кезде де айбарлы, айбынды, асқақ, ару қала болған, болып қала да бермек. Бұл Алматыда қашан да, қай кезде де елдің сөзін сөйлеп, туын ұстаған тұлғалар жүретін. Және арман іздегендер де Алма­ты­сының маңынан табылатын. «Америкалық арманға» мұхит асып қол созбай-ақ, іздегенін Алматысынан қарастыратын. Сөйткен Алматы – міне, осы қала!
Бұл Алматы не көрмеді десеңші? Алғашқы алмасы жеміс бере бастаған тұстан мысал іздемей-ақ, Арман қала атанып тұрған шақтан бергі жылдарды ой елегінен өткізіп көрсеңіз де, көп нәрсеге қанығасыз. Ел үшін жанын пида еткен қаншама тұлғалардың көз жасына тұншығып, қиналған кезеңіне куә болған қала ғой бұл. Елдігімізді паш еткен, сан тағдырды суреттеген жауһар шығармаларды өмірге әкелген қала да – осы. Халқымызды ғылымның жаңа биігіне көтерген ғалым­дар да осы Алматыдан пана тапқан. Ең бастысы, әл-Фараби аңсаған «қайырымды қала» болуға ұмтылған мекен – Алматы еді ғой. Әдебиет, мәдениет, өнер мен ғылымның қазақы тұлғалары жарқырап шығып, елді күллі әлемге паш еткен уақытқа куә қала – Алматы болатын. «Қараңғы қазақ көгіне» Күн болған қала арман қала атанбағанда қайтсін? Ол кездері ауыл-ауылдан шыға алмай қалған қазақ та осы Алматыдан үміт күтетін. Алматының сөзін күтетін, айтқанына құлақ түретін. «Жүрегіміз – Мәскеу» болып тұрған шақта да, жанымыз Алматымен бірге еді.

Не көрмеген Алматы бұл? Тәуелсіздіктің арманын жүрегінде маздатқан жастардың жалынын аспанында алаулатқан да Алматы. Олардың армандары аяусыз тапталғанын да осы Алматысы жылап-жырлап жатыр. Үлкен-үлкен асулардан асып, биік-биік белес­терге көтеріліп, Қазақстан деген айбарлы ел барын, сол елдің Алматысы барын баршаға паш еткен де осы қала-тұғын.
Сол Алматы, әлі күнге Алматы қалпында. Әлі күнге айбынды тұлғаларымен, шығармашылық адамдарымен, қарама-қайшылықты пікірлерімен, тұмса табиғатымен, Алатауымен, Көктөбесімен, Медеуімен... Әлі күнге еліміздің, тіпті, әлемнің қай қиырында жүргендер де көкірегіндегі «Алматы» деген арманымен асқақ.
Өзіне табаны тиген әрбір адамды «өзінікі» қылып алар Алматының не сиқыры бар екен дейсің кейде. Бәлкім, табиғаты шығар? Қай қиырына шықсаң да менмұндалап тұрған тауы ма? Біресе жадырап, біресе түнере қалатын ауа-райының қыз қылықты, құбылмалы мінезі ме? Жап-жасыл бау-бақшасы ма? Талды шанши қойсаң, зәулім ағашқа айналдырар мейірбан топырағы ма? Бәлкім, адамдары болар?..
«Алматыдағы Жазушылар одағы қарсы алдындағы бақтағы жасанды көлде аққу бар еді... Алматыдағы арықтардың суы да мөлдір ғой. Көшесі де тап-таза. Алматының бақтарынан жемістің неше атасын жеуші едік. Алмасын айтсаңшы, шіркін!». Анамның «өз Алматысы» туралы естелігі осылай басталатын. Алматы көшелеріндегі арықтардан аққан лайсаң су мен, түрлі қалдықтар көзін бітеп тастап, асып-тасып жатқан «кішігірім тоғанды» көргенде «мөлдір сулы арықтар» көзге елестейді.
Ештеңе етпейді, есесіне менің Алматым да әлі күнге әдемі. Суы сыңғырлап жатпаса да, сыңғыр күлкілі жастар Алматыда барған сайын молайып келеді. Оқу іздеп біреуі келіп, біреуі кетіп жатқан қала әлі күнге жастықтың жарасымды мекенінен арылмаған. Екі қолға бір күрек тапқысы келгендер де Алматысын паналайды. Алматысы оларды аш қалдырмайтыны да рас. Айтпақшы, күніге кеңейіп келе жатқан қала қазір қанатын кеңге жая түскен. Тек орталығына келгенде асқақ шаһарды танып, шет-шалғайындағы қоңырқай тірлікке де көз үйренген. Мегаполистерге тән тіршілік бұл қалада да әлдеқашан көрініс берген. Халықтың бақуатты және кедей болып бөлінгенін анық айырып берер мекен де осында. Бұл жерге ертегідегідей айтып тауыса алмайтын шылқыған байлық та, сіңірі шыққан кедейшілік те үйір. Дәулеті асып-тасқандар да, тесік қалталылар да осы жерде тұрақтағысы келеді. Бәрі үшін Алматы «өзінікі». «Өзінікі» бола тұра «өзгенікі».
Жалпы, қазақ қаланы бұрыннан салған. Оған қазақы «қос өзеннің» бойындағы сансыз шәр – куә. Сонда да қазақ қала десе – Алматыны, Алматы десе – қаланы еске алады. Қазақы қаланың алғашқы үлгі-нобайын жасаған мекен болғандықтан шығар, Алматы бүкіл қазақы қаланың бастауы, қазақы қаланың айбынды орталығы сияқты. Сондықтан қала портретін сал десе, Алматыны бейнелегің келеді, қала туралы жаз десе, қаламың Алматы туралы сыр шертеді, қаланың адамын айт десе, Алматы тұрғыны туралы әңгіме тиегін ағыта жөнелесің.
«Алматыда жүрсең жаның еш жабырқамайды, тіпті, Алатауының өзі-ақ жүректерге жігер береді», – дегенді естіп едік. Шетелден білім алып келген жастардан, шетел қаласы мен Алматы туралы әңгіме сұрағанда: «Еуропаның қалаларынан Күн көрінбейді» деген жауабын осы нөмірімізде беріп отырмыз. Жарық Күні Алатауынан жалтылдап көрінер Алматының жаныңа жігер беретін табиғатын аялауды қазірден үйренсек, қәне! Анау бір жылдары Медеудегі көненің шежірешісі – қарағайлар құлағанда «Алатау, кешір, сен бізді» дедік күрсініп. Күрсіндік те, қойдық. Басынан нені кешпеген Алматы, топырағынан нәр алып, еркелеп өскен қарағайларын да үнсіз жөнелткен. Айналасындағы кір-қоқысты да үнсіз, тұнжырай «қолтықтап» жатыр Алматы. Табиғатының ластануын үнсіз бақылап қана тұр ма, бұл қала? Бауырына кірген адамдар жанының өзгеріп бара жатқанынан да хабардар шығар?..
«Ақындар ауылда туып, Парижде өлетінін» дәлелдеп, қаншама өр тұлғаның мәңгілік мекеніне айналған шаһар ғой бұл. Әлі күнге олардың рухы Алматыда кезіп жүргендей көрінеді. Бәлкім, Алматыны асқақтатып тұрған аяулы тұлғалардың аялы бейнесі ме екен?
Мүмкін, өздерінің ең қымбат күндері өткен, асыл арманын бөліскен, сыры мен мұңы түндеріне жұтылып кеткен, әлде жастығы, әлде өзі сағынышқа айналған, осы күні елжірей еске алып отыратын естеліктер ме, Алматыны асқақтататын? «Егер сен жастығыңды Парижде өткерсең, кейін, мейлі қайда өмір сүрсең де, соңғы демің шыққанша бұл қала сенімен бірге, себебі, Париж – ғұмыр бойы қасыңнан қалмайтын мереке» деген Хемингуэйдің сөзі осындайда еске түседі. Алматыдан жырақта жүрген, алайда, жасты­ғын осы қалада тастап кеткендер қаншама! Олардың мерекесі де, сыры да, мұңы да, осы қалада қалып қойған. Сондықтан Алматы десе, жанына шуақ құйылады, жүрегі лүпілдей жөнеледі.
Ал Алматы бәрін біледі, бәріне куә, бәріне ортақ... Әрі құпиясы да мол шежіре қала...
Себебі, бұл Алматы ғой.
P.S. «Қазақ әдебиетінің» «Алматы мен Астанадан алыста», «Бармасаң, келмесең...», т.б. қосымшалары шалғайдағы оқырмандарымыздың жүрек лүпілдері екені белгілі. Туған күні қарсаңында Астанамызға газет қосымшасын әдейі арнап отыруымыздың өзіндік себебі бар. Тек ару Алматы тасада қалып қояды екен. Сол олқылықтың орнын толтырып, бүгінгі санымызда шама-шарқымыз жеткенше Алматы туралы материалдар легін топтастырдық. Алматыға деген сағынышы жүрегінде сақталған оқырмандарымызға, бұл Алматы, бағзы Алматы дегіміз келген еді...
Иә, Алматы қашан да арман қала!

"Қазақ әдебиеті" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1710
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1675
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1403
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1332