Сәрсенбі, 8 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3052 0 пікір 18 Қыркүйек, 2013 сағат 10:38

Қазақ тiлiнiң сағатын қысқарту – ұлтқа тiкелей жасалған қиянат

Мемлекеттiк тiл саналатын қазақ тiлi пәнiнiң бiлiм бағдарламасындағы сағаттары жылдан-жылға кемiп барады. Ұстаздық тәжiрибесi бар Бақытжан Жұмағұлов Бiлiм министрi болғанда, ең болмаса осы мәселе шешiмiн табар деп күттi жұрт. Өкiнiшке қарай, ол керiсiнше, мем­ле­кеттiк тiлдi оқытып, үйрететiн пәнге қырғидай тиiп, қысқартуды үдеттi.

Мемлекеттiк тiл саналатын қазақ тiлi пәнiнiң бiлiм бағдарламасындағы сағаттары жылдан-жылға кемiп барады. Ұстаздық тәжiрибесi бар Бақытжан Жұмағұлов Бiлiм министрi болғанда, ең болмаса осы мәселе шешiмiн табар деп күттi жұрт. Өкiнiшке қарай, ол керiсiнше, мем­ле­кеттiк тiлдi оқытып, үйрететiн пәнге қырғидай тиiп, қысқартуды үдеттi.

Биыл бiлiм саласын бас­қаруға күтпеген жерден жаңа министр тағайындалғанда, таңданушылар көп болды. Жаңа оқу жылының екiншi күнiнде басшысы ауысқан бұл саланы басқару 40 жасқа толмаған Аслан Саринжиповке жүктелдi. Ғаламторды қанша ақтар­ғанымызбен, жаңа ми­нистр­ге қатысты iлiп аларлық дүние таппадық. Ол бұған дейiн елшiлiкте жұ­мыс iстеген, шетелде тә­жi­рибе жинақтаған және Н.Назарбаев орталығында басшылық қызмет атқарған екен. Басқа мардымды дерек жоқ. “Үмiтсiз – шайтан” дейтiн халықпыз ғой, А.Са­ринжипов­тiң жастығын жақсылыққа жорып, бiлiм саласын жаңалыққа толтырар деп үмiттенгендер аз емес едi. Алайда жаңа ми­нистрдiң ақпарат құралдарына орысша берген жауаптарынан кейiн “баяғы жартас – сол жартас” деп қол сiлте­ген­дер көбейдi. Орыстiлдi министр мемле­кеттiк тiлдi мен­сiне қояр ма екен? Не­гiзгi мәселе де осында. Ойын орысша жет­кiзген Аслан қазақ тiлi пәндерiне қа­тысты қыруар жұмыс атқарады дегенге сенгiмiз-ақ келедi.
2020 жылға қарай қазақ тiлiнде қақалмай сөйлей­тiн­дердiң көрсеткiшi 95 пайыз болады. Бұл болжамына Н.Назарбаев өзiн ға­на емес, өзгелердi де сен­дiр­генi сондай, мемле­кет­тiк тiлiмiз 5-6 жылда биiк мәртебесiне шығардай дәмелендiк. Бiрақ жыл санап қазақ тiлiне төнген қауiп ұлғайып, босағада қалған тiлiмiз есiктен сыр­ғып шығатын күн таяғандай. Бұған мектеп бағдарламасындағы қазақ тiлi пәнiнiң сағаттарын қысқартуды дәлел етсек жетедi.
Мемлекеттiк тiлдi меңгеру – отбасы, балабақша, мектепте қалыптасады. Өкiнiшке қарай, қазақша бiлiм беретiн мекемелер санының кемiгенi аздай, ендi пән сағаттарын қыс­қартуға көштi. 2011-12 оқу жылында ұйғыр, тәжiк, өзбек тiлiнде­гi мектептер­дiң жоғары сыныптары аптасына 4 сағат қазақ тiлiн оқыған. Ал 2012-13 жылғы оқу жылында өзге ұлт өкiлдерiне қазақ тiлiн небәрi үш сағат оқу жүк­телдi. Мұндай сорақылық қазақ мектеп­терiн де айналып өтпедi. Жыл сайын кемiген қазақ тiлiнiң жүктеме сағаттары 2013-14 оқу жылында өзге пәндерге жұтыла түстi. Жұтылмағанда ше, керек­тi-керексiз пән­дер сағаттан бөлек қосымша оқытылып жатыр. Ал мемлекеттiк тiлдi оқы­туға келгенде Бiлiм ми­нистрлiгi енжарлық танытып, тарылып қалды. 2012 жылғы экс-министр Б.Жұ­мағұловтың №500 бұйрығын А.Саринжипов бiр бүктеп қоқысқа тастар дегенiмiз бекер екен. Орыс сыныптарындағы қазақ тiлiнiң жүктемесi 2 сағатқа кемiп, оның орнына шет тiлiнiң сағаттары көбейтiлдi. Ендi 5-9-сынып оқушылары аптасына 5 сағаттың орнына үш сағат қазақша, 4 сағат ағылшын тiлiнде бiлiм алады. Ағылшын тiлiн оқушыларымыз топқа бөлiнiп, тып-тыныш бөлмеде талапқа сай оқи­ды. Ал қазақ тiлi сабағына бiр сыныптың 30-40 оқушысы түгел қа­тыспақ. Жалғыз мұғалiмнiң осынша балаға қандай бiлiм бере­рiн бағамдап көрiңiз. Орыс сыныптарында қазақ әде­биетiнiң сағатын не се­бептi екеуге кө­бейгенiн жаңа министр А.Саринжипов та түсiндiрiп бере алмас.
Тiлдiң заңдылықтарын оқытатын негiзгi пәндi шұнтитып қысқарт­қан ми­нистрлiк өзге ұлт өкiлдерi әдебиеттi жарытады деп ойласа керек. Мұның барлығы “методикасы мықты мұғалiм аптасына бiр сағат үйретсе де, қазақша сайратып шығара алады” деген бiлгiштердiң пайымына негiзделгенi анық. Қазақ тiлiн меңгеру үшiн аптасына бiр ғана сағат жеткiлiктi болса, ағылшын тiлiне 4 сағат ненiң құрметiне бе­рiлген? Әлде ағылшынша аптасына 45 минут қана оқытып, “оқушысын сайрататын, методикасы мықты мұғалiм” жоқ па? Шет тiлiн терең меңгертудi мақсат етсе, министрлiк неге “дүниетану”, “өзiн-өзi тану” сияқты танытқыш пән­дердiң сағатын қысқартпайды?
Жыл сайын осылай 1-2 сағатқа кеми берсе, келешекте қа­зақ тiлi мен әдебиетi пәндерi мектеп бағдарламасынан түбе­гейлi алынып тасталмасына кепiлдiк жоқ. Бұлай күмәндануымызға себептер жеткi­лiктi. Өзге пәндермен салыстырғанда, осы қазақ тiлi мен әдебиетi пәнiнiң материалдық базасынан бас­тап, оқыту әдiс-құралдары жұтаң. Бiр ғана “Атамұрадан” шығатын қазақ тiлi мен әдебиетi оқу­лықтарын ашып қарасаңыз, қате мен түсiнiксiз жаттығуды көрiп, ақылдан адасасыз. Оқулықтағы сөз саптау, сөйлем құрылысы, тапсырма дегендi оқушы тұрмақ ұстаздың өзi әрең түсiнедi. Осыдан кейiн оқытудың бұлайша қолдан күрде­лен­дiрiлуi мемле­кеттiк тiлдi жоюға бағытталмаған дей аласыз ба?
Пән сағаттарын қысқартудың келесi проблемасы – мұғалiм­дер­мен байланысты. Сағаттан қағыл­ған мұғалiмнiң қалтасы да жұқарады. Қалтаның жұқарғаны түк емес, қысқартуға түсу деген үлкен проблема бар. Оның ақыры жұмыссыздардың қатарын молайтып, көше жағалап, еңбегiн сатқан қа­зақты көбейтедi. Астарынан сая­сат iзде­гiңiз келмесе де, осының бә­рiнде құлағы қылтиятын қитұрқы әрекет­тiң жатқанын бәрiбiр бай­қайсыз.
Түйiн: “Бiз – қазақпыз. Қазақстан деген мемлекетiмiз бар. Сол мемлекеттiң әсем қаласы Алматыда тұрамыз. Анау ағаш та, мөлдiрей аққан су да, көк аспан да, Алатау да бәрi-бәрi бiздiкi, қазақтiкi. Ана тiлiмiз де, мемлекеттiк тiлiмiз де– қазақ тiлi. Сондықтан өз тiлiмiзде сөйлеуге тиiспiз. Сен орыс, ағылшын тiлiн бiлмегенiңе намыстанба, керiсiнше, өз тiлiңде сөйлей алмаудан сақтан” деп баламның құлағына құюдан жалыққан емеспiн. Әйтсе де, биыл мектепке барған ол: “Бiз өскенде қазақ тiлiнде емес, ағылшын, орыс тiлiнде сөйлейдi екенбiз, сол рас па?”,–деп сұрады. Не айтарымды бiлмей отырғанымда оның: “Қазақтiкi деген су, тау, қаланың бәрi ағылшын, орыстiкi бола ма сонда?” дегенi тiптi састырды...
 Осыдан кейiн қазақ тiлi сағаттарының азайып жатқанын түсiнiп, бiлетiн жастағы балаға “болашақ – қазақ тiлiнде” деп сендiре аласыз ба? Жартыкеш оқытылатын пәннiң ертеңiне сенбеген оқушы мемлекеттiк тiлдi қайдан құрметтесiн?!
 
Меруерт ХУСАИНОВ
"Жас Алаш" газеті
0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1733
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1711
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1432
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1357