Сенбі, 27 Сәуір 2024
Саңлақ 7613 0 пікір 21 Қараша, 2023 сағат 15:47

Ұлттық құрама барын салды. Үміт әлі үзілген жоқ...

Сурет: AFP

Кеше футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысының финалдық турында Қазақстан командасы Словениямен сырт алаңда бақ сынасты.

Өкінішке орай Қазақстан Еуропа чемпионатында ойын көрсету мүмкіндігінен айрылып қалды. Словения командасынан 1:2 есебімен жеңілді. Дегенмен үміт өшпейді, өйткені қиын да болса Ұлттар лигасы арқылы Еуропа чемпионатына шығуға мүмкіндік бар. Ол үшін қазақ аяқ допшылары 2024 жылдың наурыз айында Грекиямен алаңда кездесуі керек…

Словенияның Люблян қаласында өткен матчты қазақстандықтар асыға күтті. Алғашқы минуттан словениялық футболшылардың басымдығы байқалса да, қазақстандық құрама оларға лайықты қарсылық көрсете білді. Жарыстың 40-минутында Ян Вороговский сары қағаз алды. 41-минутта Игорь Шацкийдің қақпасына пенальти белгіленді, 20 жастағы Беньямин Шешко гол салды. Сонымен бірінші тайм бітті. Екініші таймда Рамазан Оразов қарсылас команда қақпасына бір гол салып, екі жақ теңесті. Ойынның 86-шы минутында словениялық Беньямин Вербич оза шауып, командасына жеңіс алып берді.

Осылайша ойын қазақстандықтар үшін жеңіліспен аяқталды. Құрлықтық доданың келесі сатысына Словения құрамасы жолдама алды.

Айта кетейік, бұған дейін құрлықтық дода іріктеу кезінде қазақстандық футболшылар Дания мен Финляндия құрамаларын бір рет, Cолтүстік Ирландия мен Сан-Марино құрамаларын екі рет жеңген.

Қазақстандық футболшылар Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында бесінші мәрте бақ сынап отыр. 2008, 2012 жылдарда - 6, 2016, 2020 жылдарда - 5 орын алды.

Қазірге дейін құрлықтық доданың финалдық сатысына Франция, Португалия, Бельгия, Испания, Шотландия, Түркия, Англия, Аустрия, Венгрия, Словакия, Албания, Дания, Нидерланд, Швейцария, Румыния, Сербия құрамалары шықты. Ал Германия ұйымдастырушы ел ретінде іріктеусіз қатысады.

Abai.kz

0 пікір