Сенбі, 27 Сәуір 2024
Билік 1989 4 пікір 21 Қараша, 2023 сағат 14:49

Жиырма милионыншы тұрғын және көш...

ҚР Ұлттық статистика бюросы қараша айының 14 күні таңғы сағат 8:00-де бір мезгілде бес нәресте еліміздің Ұлытау, Жетісу, Атырау, Түркістан, Ақмола облыстарында дүниеге келіп, еліміз халқы 20 милионға толғанын қуана хабарлады.

Ұлытау облысының әкімі тарихшы, саясаткер Берік Әбдіғаниұлы мырза өзінің желідегі жеке парақшасында жиырма милоншы тұрғынның бірі өзі басқаратын «Жаңа Қазақстанның» жиырмасыншы обылысы болып құрылған, хандар ту тігіп, билер келелі кеңес құрған қасиетті Ұлытаудың Қоскөл ауылында, Сейтжановтар әулетінде, Томирис есімді ханшаның іңгәлап дүниеге келгенін жазды. Қазақ ырымшыл халық ғой. Бұл сүйінші хабарды исі қазақ жақсылыққа жорып, еліміздің ертеңгі нұрлы болашағымен тұтастыра, салыстыра тілге тиек етті.

Әрине, сүйінші сұрауға, ат шаптырып той жасауға татырлық жаңалық. Өйткені, тәуелсіздік қарсаңында еліміздің жан саны 17 миллионға иек артып тұрған-ды. Бірақ, Кеңес одағы ыдырап, әлем картасында жаңа мемлекеттер бой көтергенде, тағдырдың жазуымен, империялық пиғылдың өршіуімен «Ұлттар лабораториясында» жасап келген біраз этникалық ұлт өкілдері өз елдеріне үдере көшті. Нарық келіп, жұмыссыздық пен кедейшілік есігімізден сығалап барып төрге шыққанда тағы біраз адамдар тұрмысқа қолайлы «жылы жақ» іздеп кетті. Сонымен «Жаңа ғасыр» құшағын айқара ашқанда 14 миллионға құлдырап кеттік.

«Жыртық үйдің Құдайы бар» дегендей, көшіп кетем дегендердің жолын бөгемей, келем деген Алты Алаштың баласына есігімізді айқара аштық. Ә, дегенде еңбек шартымен алыс-жақын шетелдерден келем деген қазақты ұшақпен көшіріп келдік. Қазақ көшінің халықаралық стандарттарға жауап беретін заңдық, құқықтық нормаларын қалыптастырдық. Әлемдегі қазақтың басын қосып, бес мәрте құрылтай өткіздік. Көші-қон заңын үздіксіз толықтап, кемелдендіріп отырдық. Қандастардың ұрпағының елге келіп білім алуы үшін жоғары оқу орындарына арнаулы квота бөлдік. Енді міне, адамы аз, еңбек күші тапшы 8 облысқа арнаулы квота бөліп, әр елден келген қандастарды   орналастырып жатырмыз. Осы аралықта 1 милион 180 мыңға таяу қандасымыз елімізге келіп, балдай батып, судай сіңіп кетті. Олардан тараған ұрпақтары да еліміздің әлеуметтік, экономикалық, демографиялық дамуына зор үлес қосуда.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің биылғы үшінші тоқсандағы мәліметінше, 16 408 этникалық қазақ қандас мәртебесін алған. Осы министрліктің өткен жылғы немесе 2023 жылғы дерегіне көз салсақ, елге келіп жатқан қандастардың еңбекке қабілеттілері 65,6%-ды құраса, ал зейнеткерлері тек 8,6%-ды құраған. Қытайдан келген зейнеткерлер зейнетақыны халқаралық заң бойынша өздері өмір сүріп, еңбек еткен елден алып отыр. Қандастардың жоғары білім алып, елге келгендері 16,7% болса, орта кәсіби білім алғандары 37,1%, жалпы орта мектеп оқығандары 38,8% болып келеді. Осы цифрларға сүйенсек, қазақ көшінің еліміздің еңбек нарығындағы әлеуеті мен ықпалын сезінеміз.

1992 жылы 18-22 қыркүйек аралығында әлем қазақтарының тұңғыш құрылтайы сол кездегі астанамыз Алматыда өтіп, әлемнің қырықтан астам елінен делегаттар келіп қатысты. Сол құрылтайдың қарары бойынша, Кеңес заманынан келе жатқан «Қазақстан» қоғамы жабылып, шыт жаңа «Дүниежүзі Қазақтар Қауымдастығы» құрылды. 1996 жылы депутат Әкім Ысқақұлы Парламентке балама жоба заң ретінде ұсынған «Халықтық көші-қон заңы» дүниеге келді. Сонымен 2006 жылғы санақ мәліметінше, қазақ көші ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізді.

2017 жылы бесінші құрылтайда ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму минстрірлігі құрылтайшысы болған «Отандастар қоры»  КеАҚ  құрылды. Кейін сырттағы қандастармен қоян-қолық қарым-қатынас жасауға қолайлы болу үшін қор ҚР Сыртқы істер министрлігіне қарасты болды. Қазір осы екі ұйым қапталдаса, қатарласа ел мүддесіне қызмет етіп келеді.  Екі ұйымының қызметі мен құрылымын білмейтіндер ара-тұра екі ұйымының бізге не керегі бар деп оқыс пікір айтып қалады. Бірақ жері кең, байлығы мол, әлемдік геосаясатта өз ықпалын көрсетіп, айналасын өзімен санастыра бастаған қазақ елі үшін ұлттық бірегейлену үдерісі әлі мәресіне жете қойған жоқ. Ұзақ мерзімге бағытталған көші-қон саясатының теориялық және практикалық түйіндері әлі толық тарқатылған жоқ. Цифрлық дамудың жаңа көкжиегінің ашылуы, халықаралық қатынастардың жаңа бағытқа беталуы өміріміз бен қоғамға тың, күрделі, нәзік талаптар қоюда. Сондықтан бір ұйым шетелдегі қандастар ісімен кешенді айналысса, енді бірі елге келген қандастардың ортаға бейімделу, жұмыс табу сынды шаруаларын ретке келтірсе құба-құп болар еді. Терістіктегі және Шығыстағы екі алып көршіміздің тәжірибесіне жүгінсек те соны байқаймыз. Мысалы, Ресейде «Шетелде тұратын отандастардың құқықтарын қолдау және қорғау қоры», «Орыс әлемі қоры», «Ресейдің халықаралық істер жөніндегі кеңесі» коммерциялық емес серіктестігі» сынды бақандай бюджеті қомақты, құрамы ығай мен сығайға толған үш ұйым жұмыс істейді.

Ал, халқы миллиардтан асқан, әлем елдерінде 62 миллионнан астам диаспоралары бар Қытайда «Бүкіл Қытайлық халық өкілдері құрылтайына қарасты мұхажырлар комитеті», «Бүкіл Қытайлық саяси кеңестің Гаңкоң, Макао, Тайуан мұхажырлар комитеті», «Мемлекеттік кеңестің (Үкіметтің) мұхажырлар кеңсесі», «Әділет партиясының орталық партия комитеті» сынды бес ұйым істейді. Партия, үкімет, парламент құрылымдарына бағынышты бұл мекемелердің барлық қала, облыс, аудан орталықтарында филиалдары бюджет есебінен ашылған. Осыдан-ақ Шығыстағы көршіміз әлемдегі екі алпауыттың біріне айналса да, мына жаһандану заманында ұлттық бірегейлену үдерісін сақтап, ары қарай дамыту үшін қаншалық тер төгіп жатқанын байқаймыз.

Өткен ғасырда әлемдегі екі алып империяның бірі болған Кеңес империясының заңды мұрагеріне айналып, азуын әлі айға білеп отырған Ресейдің диаспора мәселесімен айналысатын ұйымдарының атының өзі ат үркітеді.

Германия, Израиль, Полша сынды елдердің өз қандастарын атамекендеріне тартудағы тәжірибесі мен нәтижесі бүкіл жер жүзін тәнті етіп отыр. Тәуелсіздіктен кейін отыз жылдан астам уақыт қандастарын бір тудың астына жинауға бар күшін салған Қазақстан Орта Азия елдерінің көшін бастап тұр. Игілігі мен жемісін бүкіл ел болып көріп отырмыз. Енді заң салтанат құрып, келе жатқан «Жаңа Қазақстанда» көштің сапалық, сандық көрсеткіштерін бағындырамыз деп сенеміз!

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz

4 пікір