Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Ақмылтық 1443 1 пікір 9 Қараша, 2023 сағат 13:35

Невскийдің Алтын Ордаға күзгі сапары һәм Путин

Александр Невскийдің Алтын Ордаға соңғы, алтыншы сапары 1262 жылдың күзіне келген еді. Невский Алтын Орда ханы Беркенің Ақтұба өзені жағасындағы саят ордасында қыстап шығады. Русьтің Ордаға беретін салығын Беркенің адамдары емес, өздері жинап беретін болып келіседі. Және Беркеден өзіне қарсы шыққан Новгородты шаппауын сұрап алады. Орда сапарынан қайтып бара жатып, Александр Невский ауырып қалады да, 1263 жылы көз жұмады.

Араға 760 жыл салып Русь басшысы Владимир Путин Есіл жағасындағы Ордаға қайтып оралмақ. 760 жыл бұрын князьдар арасындағы тартыс Русьті іштен ыдыратып жатса, қазір империялық амбиция жетегінде кетіп, Батысқа қарсы бастаған жорығы Ресейді түбі ыдыратып тынуы мүмкін. Пост авторы өзіне екі сұрақ қойған еді: Ресей бізден не сұрамақ және оның экономикасын не күтіп тұр? Бірінші сұрақты десертке қалдыра отырып, өзіміз қыр-сырын білетін екінші сұрақтың жілігін мүжгіміз келеді.

РЕСЕЙ ЭКОНОМИКАСЫ: УАҚЫТША ПАРАДОКС ПЕН ЕРТЕҢГІ ТҰМАН

Уақытша парадокс

Ресейге қатысты біздің бәріміз қателестік. Осы жолдың авторы да санкциялар пакеті қоржын толтырып жатқан 2022 жылдың соңында «Ресейдің шаруасы бітті» деген сарында бірнеше пост ұрып үлгерген еді. Себебі, біз 12-ші санкция пакетіндегі мұнай лимиті Ресейді валюталық түсімдерден айырады, сол кезде Мәскеу ұлттық әл-ауқат қорындағы запасын жеп қояды да, бюджет дефициті басталып, дефолттар кезеңіне аяқ басады деп болжадық.

Батыстың схемасы мынадай еді: олар Ресейдің Urals мұнайын барреліне 60 доллар қылып лимит ретінде шектейді. Ресей осыған келіскен жағдайда ғана ірі халықаралық танкерлік компанияларға Urals мұнайын тасуға рұқсат береді. Бұл санкция жұмыс істемей қалды. Ресей өзінің барлық танкерлерін жинады және нарықтан ескі танкерлерді арзан бағаға сатып алып, жүкті сақтандырмастан мұнайын Үндістан, Пәкістан, Қытай, Индонезия порттарына таси бастады. Ақшаны доллармен емес, юань мен рупийде алып отырды.

Сыртқы валюталық түсімдер ағымы сарқылмағандықтан, Ресей үкіметі экономиканы әскери рельске қоюға мүмкіндік алды. Барлық әскери өндіріс ошақтары мемлекеттен алпауыт заказдар алып, сол тапсырысты орындау үшін кадр тапшылығы жағдайында адамдарға жалақыны екі есеге өсірді. Жұмыссыз жүргендердің барлығын осы зауыттарға жақсы жалақымен жұмысқа алып жатыр. Оның үстіне премиялар көбейді.

Осының барлығы 2022 жылы қысқарып қалған тұтыну көлемінің күрт өсуіне алып келді. Нәтижесінде, 2022 жылы Ресей экономикасы 2,1% жоғаласа, биыл керісінше 2,2-2,8% аралығында өсетін болып отыр. Демек, Ресей өзінің соғысқа дейінгі жағдайына қайта оралды.

Ертеңгі тұман

Экономикадағы әскери рельс жүйесі қаншалықты өміршең? КСРО сабағы бәріміздің маңдайымызға таяқ болып тигенін білеміз. Осыны анықтау үшін Ресей экономикасында орын алып жатқан ішкі структуралық өзгерістерді сараптауға тура келеді. Ресейдегі өсімнің барлығы әскери-өндірістік комплекс және соған байланысты құрылыс арқылы келуде. Бұл ретте азаматтық экономика секторы, халық күнделікті тұтынатын тауарлар өндірісінде сапалы серпін жоқ. Және инфрақұрылымға ешқандай инвестиция келіп жатқан жоқ. 2024 жылға арналған федералды бюджетте қорғаныс саласына 10,7 триллион рубль қарастырылған. Мысалы, 2021 жылы осы бағытқа 3,5 триллион рубль берілген болатын. Яғни екі жылда қорғаныс бюджеті 3 есе өсіп отыр. Одан бөлек, ішкі тұрақтылықты сақтауға (ОМОН, Росгвардия) 11 триллион рубль бөлінді. Ресей экономикасы 2021 жылдың көрінісіне қайта оралады десек, осы айырмашылық (18 триллион рубль) қандай бюджеттік баптар есебінен алынбақ?

Болжамды салық түсімдерін қарасақ, Ресейге қазіргі жоспарлап отырған шығыстарына ақша жеткізу үшін рубльді кем дегенде долларына 130 болатындай қылып девальвациялау керек. Бұл – оның халқының қазір айлығы өссе де, келесі жылы қайтадан кедейлене бастайтынын байқатады. Сонда біз айтып отырған экономикалық өсім халыққа еш пайдасы тимей, артынан ушығатын инфляция арқылы ресейліктерге кері соққы болып қайтып келмек.

Ресей біз 2021-2022 жылы өткен жоғары инфляция және базалық ставканың өсуі фазасына 2024 жылдан бастап түсе бастайды. Кредиттер қымбаттайды, ал ипотека оларда жылжымалы ставка бойынша берілгендіктен жеке азаматтардың дефолты көбеюі мүмкін.

Батыс экономистері де осал емес. Кремль үшін ең қауіптісі – олар бәрібір бүгін бе, ертең бе, Ресейдің ең жанды жерінен ұстайтын санкция ойлап табады.

Ресей бізден не сұрамақ?

Ресей үшін Қазақстан осы аймақтағы өзінің экономикалық мүддесіне қарсы жұмыс істей бастауы мүмкін бе, соны біліп алу маңызды. Оның ішіне көптеген саладағы жоспарлар кіреді. Анығын айтсақ, Қазақстандағы АЭС. Оны Росатом емес, Францияның EDF корпорациясы салу мүмкіндігі Кремльді ұйқысынан айырды. Екінші мәселе, еліміздің Қырғызстаннан келетін паралелльді импортқа электронды бақылау орнатуы Ресейдің біраз жоспарын бұзды. Үшінші мәселе – Қарағанды металлургия зауытына Северстальдің келу перспективасы.

Ресей Қазақстанды ауыр инфрақұрылымдық жобалармен шырмап алғысы келеді. Себебі, Қазақстан өз уысынан сусып шығып бара жатыр деп ойлап отыр.

Осы жылдың 8 айында Қазақстан мен Ресейдің тауар айналымы 17 миллиард долларға жетті. Оның ішінен біз 6,4 миллиард долларға тауар экспорттасақ, Ресейден 10,6 миллиард долларға импорт алдық. Осы 10,6 миллиардтың көбісі азық-түлік. Ресеймен экономикалық баланста біз үшін дефицит бар. Біз оны осы алдағы 3-4 жылда өз пайдамызға келтіруді ойластырып отырмыз.

760 жыл бұрын Александр Невскийдің Берке ханға күзгі сапарынан кейін Алтын Орда империясының ыдырау кезеңі басталып, керісінше Русь күшейе бастады. Ертеңгі күзгі сапар керісінше Ақорданың күш алатын дәуірі алдында жасалмақ.

Еуразиядағы барлық жолдар болашақта тек қана Астанаға апаратын болады. Батыс пен шығысты, солтүстік пен оңтүстікті байланыстыратын коридордың бойында отырған қазақ ұлты өз болашағына сеніммен қарай бастады.

Айбар Олжаев

Abai.kz

1 пікір