Сенбі, 4 Мамыр 2024
Әдебиет 2196 0 пікір 2 Қараша, 2023 сағат 15:33

Байшегірдің «үш таяғы»

(Қаз қалпында)

Кеше бір досымның туған күнін тойладық. Көптен  бас қоспағандықтан болар. Талай уақытқа дейін әр нені бір айтып дуылдасып отырғанбыз. Бір кезде әңгіме арнасы  сонау алты қырдың арғы жағында қалған балалық шақ жөніне ауысты. Бала кездің думанды қызығы, алаңсыз бейғамдығы, аңқылдақ адалдығы, тентек шалдуарлығы жайлы не қызық оқиғалар айтылып, не әсем суреттер көзалдыңа көлденең тартылып жатты. Қызықты әңгімелерге көп-көрім елтіп отыр едім, қырсыққандай кенет көңілсіз бола қалдым. Жан дүнием әлем тапырық, қайдан есіме келе қалды екен, қорғасындай ауыр ой еңсемді басып, берекетім кетті. Жүрегім шаншып ауыра бастады. Басым айналып бара жатыр. 

Достарымның  тасыған көңілдеріне суық су құйғандай болмайын дедім де  далаға сейілдеп келейін деп шығып кетті

...О, сүйікті балалық шақ! Достарым сияқты менің де балалық шағымның мәңгі ұмытылмас жарқын естеліктері аз емес  қой. Бұл сезімді жатырқап отырғаным  жоқ. Ол өз бояуын жоймайтын мәңгілік дүниелердің бірі емес пе?  Шіркін! Сол бір балауса балғын шақтар-ай! Қарасаң көз тоймайтын, сөйлесең сөзің таусылмайтын,  тыңдасаң зерікпейтін, күлсең күле бергің келетін, жүгірсең шаршамайтын, өзіңді-өзің жұлып жеген тынымсыз шақ,  құлшынған құштарлық билеген бір ғажайып дәурен еді ғой.

Бірақ менің айтпақ болғаным бұл емес, сол бір қайталанбас алтын дәуренімнің мөлдір бұлағын лайлап, тыныштығын бұзған, сәбилік ақ жүрегіме жексұрын қара көлеңкесін түсірген өмір қатігездігі еді.

Адам өмірін ағып жатқан дарияға теңейміз ғой. Сонда көбінесе өмірдің тоқтаусыз өтетінін, тез өтетін баянсыздығын ғана еске аламыз. Ал, мен сол дарияңызды адам өмірінің нағыз өзіне – яғни туу, есею барысында бастан кешіріп, тіршілік соқпақтарына, рухани жетілу барысына ұқсатар едім.

Сонау аспанмен астасқан заңғар шоқылар мен қойнау-қолат тау салаларының  қақ төсін жарып шыққан тұмса қайнарларды көргендеріңіз бар ма? Жердің қат-қабат терең қойнауынан атойлап шығып жатқан сол қайнар мына жарық дүниеге ойнақ салып билеп, сылқылдай күліп келгендей сезілмеуші ме еді? Алғашында мына жат мекенге, бейтаныс өмір тынысына жатырқағандай сығылыса ықтап, кенере бойлап барып, біз жүрер жол осы боларсың дегендей еңіске қарай ентелей  жайраң қағып, шоршып, шықылықтай күле жөнелмей ме? Сонау заңғар шоқыға күлімдей  көтерілген  таң нұры сонда маған, бесікке сүйеніп сәбиінің нұр дидарына мейірлене қараған мейірбан ананың отты жанары сияқты болып сезілуші еді. Таудың жібек самалы сол ананың лебіндей ерке бұлақты аймалар еді.

Шіркін, осы бір жарасымды әсемдік, шаттық күлкі жалғаса берсе ғой, қайдам. Міне, оған екінші бұлақ, үшінші, төртінші... тағы сансыз бұлақтар қосылды. Лайсаң жаңбыр суы да, тұнба қара су да қосылып жатыр. Жағада отырған ел жуынып, көң қоқырын лақтырып жуынды суын да төгіп жатыр. Әне ит екеш ти те сапсылап жатыр. Осы бәлені көрмейін дегендей кейбір бұлақтар қорым құмға сіңіп жоқ болып кетіпті.

Сіз енді бір айналғанда әлгі мөлдірлік пен әсемдіктен, ерке назды күлкі мен асыр салған ойыннан ешнәрсе таппай дал боласыз. Көкірегің ащы запыраңнан қыж-қыж қайнап, жан азабына түсесің. Көңілге бар медеу болары біздің мөлдір бұлақ осы бір ұзын сонар, қиын-қысталаң жолында талай жәбір - жапа көрсе де табиғатына біткен қайсарлығымен жұлқына алға тарртып барады. Ол кемелденіп, толыса берді. Ол тірішілікке нәр беріп өмірдің  сәнін кіргізді.

Ал әлгі бір жәбір-жапа шегіп обыр-оппаға тап болған кейбір бақытсыз бұлақтар жөнінде айтар сөз басқа. Оның аянышты тағдырына егіліп жыламауға амалың жоқ. Жарық дүниеге соншалық құштарлықпен, адал ниетпен келген мөлдір бұлақтың пәк сезіміне, кіршіксіз тазалығына, әсем шырайына қара көлеңкесін түсіріп, сорын қайнатқан оңбағандықтарға лағнат айтасың.

Апыр - ау десеңші?! Сонау күнәден пәк, сүттен ақ балғын кезінде анасының мейірбан құшағында жатқан әлгі «Үш таяқ» бейшара да бақытты болған шығар. Шын айтам, жаны мөлдір таза, күлкісі де сол ерке бұлақтың сылдырындай сүйкімді болған шығар. Басқалар сияқты бұл жарық дүниеге ол да жалаңаш келді ғой. Оны осылайша жалбыр-жұлбыр тон шалбар мен мойнына қайыршының  дорбаларын аса, қолына үш таяқ ұстап бейшара болып туылды дегенге кім сенеді!?

Апам, оны құдай  әу деп жаратқанда, шыр етіп жерге түскенде маңдайына жазған тағдыры деп сендірмекші болатын мені. Жоқ, мен оған сенбеймін, сенбейтін себебім бар. Қанеки, сен анау мөлдір  тау бұлағымен мына «Үш таяқтың»  балалық шағын салыстырып көрші деймін апама. Сонда, осы біз, көрінген үйдің есік, терезесін торып, алақанын жайып, жыламсырап тұратын аласа бойлы, былшықтанып кеткен жылтыраған бітік көзді, күс-күс қара бетті бейшара шалды көзалдыңа келтіре аласың ба? Мына қырық жамау, бит басқан ақ тон шалбармен, мойнына айқұш-ұйқыш асқан он дорбаны, өз атын ұмыттырып «Үш таяқ» атандырған ана үш тал емен таяқты ол кейінгі уақытта тапқын шығар деп дауласам.

Біздің үйге қайыр сұрай келген бір кезегінде мен одан шын атын сұрап қалдым. Тыныш отырмай нем бар еді деші. Бейшара. «Үш таяқтың» өңі бір демде әлем тапырық өзгеріп, қалтырап жан азапқа түсті. Терлеп кеткендіктен үйдің ішіне күлімсі иіс жайылып кетті.

Сонау шыңырауда жылтыраған әлсіз жарықтай сығырайған бітік көзі жарқ-жұрқ етіп, кәдімгідей от шашады. Мен оған шошына қарадым. Жуылмай күс-күс болып кеткен беттің кірін айғыздай аққан қасірет жасын көріп қалдым. Тұла бойым дірілдеп мен де жылап жіберіппін. Ой, тоба-ай «Үш таяқ» қандай азаптан күйзеліп отыр екен. Апам да жылап көз жасына ие бола алмай отыр. Үйдің іші кеш болғандай қарауытып барады. Әлден уақытта «Үш таяқ» сорлының анау бітейген көзі ұшқын ата жарқ етті.

Таптым, таптым, Байшегір, Байшегір деп қойған атымды. Әкем марқұмның өзі қойған дейтін, шешем, - деп еңіреп дауыс сала жыламасы бар ма?

Менің сәби жүрегіме біреу қанжар сұғып алғандай шошындым. Сонда менің мөлдір бұлағыма,  әлде кім лас су құйып жіберген екен... «Үш таяқты» әрең тоқтаттық. Ол кемсеңдей отырып, апам әкелген майды май дорбасына, құртты құрт дорбасына, талқанды талқан дорбасына салып алды. Садақаға берген әкемнің ескі жедесін дәл сол арада киіп алды да рахмет айтып, далаға шықты. Таяқтарын ыңғайлап әлдене қарекетке дайындала бастады.

Көшеде «Үш таяқтың» шығуын күтіп иттерін ұстап тұрған көп бала алақайлап,  шулап қоя берді.  Иттер тұс-тұстан арсалаңдап тап берді. Бұл ауыл балаларының қашаңғы әдеті. Мен де оның жуан ортасында қызылтанау болып жүруші едім. Егер қайсымыздың итіміз өжеттік көрсетіп «Үш таяққа» жақын барса, тіпті бір жерін тістеп алса, не лақтырған нәрсеміз оған тисе төбеміз көкке жеткендей қуанушы едік.

Ой, балалық-ай десеңші, біреудің азабынан күлкі іздеген неткен ақымақтық еді. Арсылдай жүгірген көп итке қарсы қайрат жасап үш таяғын кезек сермей лақтырып, бір таяғының қорғауында екінші таяғын алып, тағы шабуылдай жанталасқан албыр-жұлбыр сол сорлы шалды көзалдыма келтірсем, қашан да көңілім бұзылып жылағым келеді. Өз ұятымнан өзім өртеніп отырамын.

«Мысыққа ойын керек, тышқанға өлім керек». Бейшара «Үш таяқтың» ажалы осы иттерден болар-ау деп жүруші едім...

Ой, тағдыр-ай, десеңші! Жер басып жүрсең бұл ғұмырыңда естімейтін сұмдығың, көрмейтін құбыжығың болмайды екен ғой. Сорлы  «Үш таяқтың» ажалы сол иттерден болғаны-ақ жөн еді. Тым болмаса өлігін ел болып арулап қояр ма еді, әлде..

1961 жылдың көктемі болатын. Ол көз көріп, құлақ естімеген апатты жұт жылы еді. Мал қырылып, сай-сала ақ бұған дейін жоңқаға толған. Адам аштан, аурудан қырқай өліп жатқан кезі. Тірілер тірлігін қылып, өлген малдың жемтігін жинап, қардың астында қалған картоп, сәбіз қалдықтарын қазып жанталасты. Көп адам сол үсіген картоп пен жемтік жегеннен көнектей болып ісіп өліп жатыр.

Осы кезде біздің елге ішкі Қытайдан ашыққан сан мыңдаған қытайларды машиналап, арбалап, күндіз-түні әкеліп, төгіп жатты. Өзі ашығып тұралап отырған ел одан әрі сорлады. Аштық кісіге не істетпейді.  Жаңа келген үйсіз, күйсіз, бір түйір астықсыз қытай босқындары жергілікті халықтың аяқтағы астарын тартып жеп кете бастады. Қорадағы бірен-саран малын, тауық, үйректерін тартып, иттерге дейін ұрлап жатты

Күндердің бірінде көптен көрінбей кеткен «Үш таяқ» біздің үйге келіп қайыр сұрады. Апам байғұс оған бір уыс талқаннан артық ешнәрсе бере алмады. Содан екі-үш күн өткенде, ел үрпійісіп, дүрліге қалды. Үлкендер арасында қыбыр-сыбыр көбейіп кетті. Бізді далаға шығармайтын болды. Жаман сөз жата ма? Оның жайын біз де естіп қалдық.

«Үш таяқты» өлтіріп кетіпті, жоқ қытайлар жеп қойыпты. Қамыс лашығының бұрышында бір сирағы шығып жатқанын көргендер бар деседі.

Ай, балалық-ай! Екі, үш бала үлкендерді көз жаздырып қыстақтың ең шетіндегі бұзылған көне тамға  жастай жабылған қамыс лашыққа жеттік. Ой, сұмдық-ай, десеңші, шыққыр көзім қайдан көре қалып еді. Тұла бойым дір етіп қалшылдап кеттім. Аллалап кейін шегіне беріппін. Әлденеге  шалынысып ұмар-жұмар жығылдық, жан таласып орнымыздан тұра сала, жылап қаша жөнелдік. Аяқтарының тырнақтары өсіп кеткен, күс-күс қара табаны қанға боялған бір сирақ қамыс лашықтың батыс жақ бұрышында көкке қарап серейіп тұр.

Сорлы шалды 60 жыл азулы иттермен, тентек балалардың жәбірінен, өмір тауқыметінен арашалап келген әлгі үш таяқ сынып күркеде шашылып жатыр. Менің бала жүрегіме өшпестей қарғыс таңбасы басылды. Көкірегім қиянатты қылмыстан  жауыз адамқорлықтан қарс айырылардай  аһ ұрамын.

Менің мөлдір бұлағым адам қанымен былғанды. Қып қызыл қан, адам қаны. Жазықсыз, қорғансыздар қаны! О, адамдар, жиіркен мына жауыздықтан. Қарғыс айт,  мына қорқаулыққа! Лағнат оқы мына адамды адам жеуге мәжбүр еткен жексұрын қоғамға!

Ей, кеше ғана қытайға ұран болған  Лушнь аруағы, көтер басыңды! Баяғы өктем даусыңмен, тағы бір рет: «Балаларды құтқарыңдар, адамдарды құтқарыңдар» деп жар сал күллі әлемге.

***

...Мен қиял жетегінде, сенделген күйі  далада жүре беріппін, денем саудырап, басым зырқылдап ауыра бастады. Түн қараңғысы қоюлана түскендей, төңірек  түнеріп тұр.

Көз алдымнан «Үш таяқ» бейнесі кетпей қойды. Жыламсырап шағым айтып тұрғандай, менен әлдебір қайырым, шапағат күтетіндей.

Қамыс лашық... Көкке қарап серейіп тұрған қанды борбай... Сынықтары шашылып жатқан «Үш таяқ»...

Е, уақыт өтер! Өмір де жаңарар! Қанмен былғанған мөлдір бұлақтар да тұныр әлі-ақ!

Бірақ, менің сәби  жүрегіме өшпестей қарғыс таңбасын басып қалдырған «Үш таяқ» хикаясы, сіра да, ұмытылмас!

     Соңы.

Әлімғазы Дәулетхан  

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1082
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 971
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 717
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 821