Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Дін мен тін 2481 31 пікір 30 Қазан, 2023 сағат 12:25

Дін қазаққа керек пе?

Соңғы кездері дін төңрегінде, дінге қатысты мәселелер БАҚ беттерінде жиі көтеріліп, талқыға салынып жүр. Әсіресе, бұл бағытта «Адырна» ақпараттық порталы белсенділік танытуда. Егерде ол хабарларға талдау жасайтын болсаңыз, онда діннен безіп, жаппай атеист болуымызға тура келеді. Олай болмаған жағдайда, қазір Тәңір діні аталып жүрген топтың соңына еруіміз керек. Солай ғана қазақ халқы өзінің рухани тәуелсіздігін сақтап қалуға мүмкіндік алады екен.  Болмаса, қазақ халқы құрдымға кетпек. Жалпы бұл хабарларда қазақ халқының мүддесін қорғайтын ой-пікірлер де барлығын жоққа шығармаймыз. Негізгі екпін дінге, Исламға қарсы бағытталып жатқан соң бұл мәселені сөз етпеу, қарсы уәж айтпау мүмкін емес. Ендігі кезекте кім, неге қарсы сол мәселелерге кезегімен сөз берейік.

Мысалы, Нұржан Жолдыбекұлы атты «дінді зерттеуші» бауырымыз былай дейді: «Қазаққа салафилерден де, сопылардан да пайда жоқ». Рас, салафилерден пайда жоқ екенін халықтың көпшілігі хабардар. Ал, сопылар ше? Күні кешеге дейін қазақтың діни танымының негізі болған рухани желі неліктен қазаққа пайдасыз болып қалды? Егерде сол сопылық жол болмаса, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жусіп, Сыр сүлейлері, Батыстың жыраулары қайдан шықты? Атырау мен Алтайдың арасын жайлаған қазақтың рухани тұастығын кім қалыптастырды? Абайдың «Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі, Іштегі кірді қашырса, Адамның хикмет кеудесі.»-деген өлеңі нені меңзеп тұр. Немесе, Шәкәрім қажының «Шыннан өзге Құдай жоқ, Анық Құдай -Шын Құдай, Ұқпай қалма алаң боп, Шын болмаса, кім құдай? Ал, маңғыстаулық Қашаған жырау болса, «Аллалаған пір өткен, Туына жұртты түнеткен, Тасбих, зікір жария, Мешіттің ішін гүл еткен» деген өлең, жыр жолдарында көтерілген мәселелер нені айтып тұр? Бұл мәселелерді толық игеріп алмай, Құранды бес рет оқып шығу бұл батырға не береді? Қай мәселеге өресі жетеді? Өкініштісі, өзінің сондай білімсіздігін сезінбей, дінге, Исламға қарсы сөйлеуі – надандық! Басқаша айта алмайсың. Мысалы, Мұхаммед пайғамбар туралы да ой қозғайды. Мұхаммед пайғамбар өте батыр, стратег болған деген сыңайда ой өрбітіп, соның арқасында ғана ислам діні кеңінен тарады дегенді алға тартады. Сонда бізді жаратқан Құдірет, Тәңір Тағала жер бетіне пайғамбарларды не үшін жіберіп келді? Пайғамбарлардың жер бетіне жеберілуіндегі мақсат не? Бұл мәселеге бас ауыртып жатпайды? Пайғамбар дегендеріміз «самозванестер», Құран қолдан жазылған деген сияқты пікірлерді үйіп төгеді. Өкінішті. Ең бастысы өзінің адам екенін, пайғамбарлар өзі сияқты сол адам балаларына адами болмысын сақтап қалуы үшін Рухани әлемнен рухани ілім, қуат әкелетінінен хабарсыз. Әр пайғамбардың жер бетіне алып келген қуаты 400-500 жылға жетеді. Одан ары қарай Рухани әлем мен адам арасындағы байланыс үзіледі. Осы үзілген байланысты ары қарай жалғастыратын жаңадан келген пайғамбар. Мұхаммет Пайғамбар пайғамбарлардың соңы, пайғамбарлардың мөрі. Ол кісіден кейін жер бетіне пайғамбар келген жоқ. Одан кейінгі кезеңдерде Рухани әлем мен адамзат арасын Қожа Ахмет Йасауи бастаған әулиелер жалғасырып келді. Өкініштісі, соңғы отыз жылда әулиелерге, әруақтарға қарсы жүргізілген уағыздар қазақы діни танымының өзегі болған сопылықтың өңін теріс айналдырып жіберді. Бұл уағыздардың Нұржан бауырымыздың санасына да кері әсері болған болуы керек. Сонымен қатар, бұл жігіт өзінің атеист екенін, бірақ «тәңіршілдерге» бүйрегі бұратынын, көмектесетінін айтады. Демек, қазақты іштей іріту жолында әрекет етіп жатыр.

Одан кейінгі «Адырна» ақпараттық порталында бой көртсетіп, пікір білдірген саясаткер, әрі қоғам қайраткері Жанұзақ Әкім мырза. Бұл кісі де Құдай жоқ деген пікірде. Оған дәлел ретінде европалықтардың 16 ғасырдан бастап американдық индустар мен африкалық негрлерді қынадай қырып, өздеріне құл қылғанда ара түскен ешкім болмады. Егер Құдай болғанда оларға ара түсіп, арашалаған, құтқарған болар еді. Демек, Құдай жоқ. Бұл пікірге алдымен сол европалықтардың өзі келді. Сөйтіп, барлық діни догмаларды ысырып тастап, күшті ғылым мен техниканы дамытуға жұмсады. Сондай саясаттың нәтижесінде бүгінгі күні олар қандай нәтижеге жетіп отырғанын көріп отырмыз. Сондықтан мен олардың ұстанған бағытын қолдаймын. Ал, дінді ойлап шығарған адам. Құдай мәселесі – қоғамның қажеттілігінен туды. Қоғамдағы адамдар арасындағы арақатынасты реттеп отыратын тетік қажет болды. Осы қажеттілікті реттеу құралы ретінде дін қалыптасты. Соңғы ғасырларда дін саясаттың құралына айнала бастады. Бұл жағдай мұсылман елдеріндегі тұрақсыздықтың негізгі себептерінің бірі болып отыр. Осындай тұжырымдарды халық назарына ұсынған Жанұзақ бауырымыз, Қожа Ахмет Йасауидің қазақ қоғамында белгілі орны болғандығын, соңғы жылдары салафилер уағызының ықпалымен әулиенің басына барушылардың саны азайып кеткенін алға тартады. Жалпы халықты ұйыстыратын идея болу керек, бірақ ол Құдай тарапынан келмейді. Құдай жоқ деген пікірде.

Келесі «Адырна» сайтында дін туралы пікірін білдіріп, діннің бар кемшілігін, Құдайдың жоқтығын «ғылыми» түрде дәлелдеп жүрген жас «пері» Ерзат Кәрібай деген азамат. Бұл жігіт өзінің дін туралы пікірлерін ғылыми негізге сүйене отырып жеткізуге тырысады. Әлемнің сонау жаратылысынан бастап, тіршіліктің пайда болу сатыларына талдау жасай отырып, бұл әлемнің ешбір Құдайдың жаратуынсыз, эволюциялық жолмен дамығандығын дәлелдейді. Мынадай «ғылыми» тұжырымдарға арнайы дайындығы бар жан болмаса, түсініп, мына жерде неге бұлай деп айтуға шамасы келмейді. Бір жағынан биологиялық ғылыми негіздерге арқа сүйей отырып, Дарвин теориясын қорған еткен бұл батыр діннің ойдан шығарылған құбылыс екендігін, жер бетіндегі халықты билеудің ең тиімді құралы ретінде пайда болғандығын «тарихи» дәйектермен шегелеп тастайды. Ислам дінінің түркілер арасына таралу тарихынан да хабары бар. Алайда, ислам дінінің Евразия түркілерінің рухани, мәдени болмысында ешқандай ролі болмағандығын, Ресейдің 18 ғасырдың екінші жартысында билік құрған патшасы екінші Екатерина тұсында ғана ислам дініне бет бұрғанын, сол себепті ислам дінінің қазақ үшін ешқандай рухани, мәдени құндылығы жоқтығын дәлелдейді. Сонда қазақ халқы қандай діни-рухани бағыт негізінде мәдениетін, салт-дәстүр, әдет ғұрпын қалыптастырды?  Бұл сұрақтарға Ерзат мырзаның пайымдауына бір ғана жауап бар. Ол – Тәңірлік дін. Алайда, Ерзат мырзаның жалаулатып айтып жүрген Тәңірлік діні түркінің көне дәуірден қалған төл діні емес, кешегі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары соңында Сорос қорының марқұм журналист Әуезхан Қодарға берген гранттық қаржыландыруымен дүниеге келген жасанды «дін» екендігі ауызға алынбайды. Алғашқы кезде қолдаушылары болмағанымен қазіргі күні уаххабилік-салафилік уағыз-насихаттарға қарсы «күресіп», қазақ арасында күн сайын беделін арттырып келеді. «Соқыр тауыққа бәрі бидай» демекші діни-рухани негізі әлсіреген қазіргі қазақтың мәдениетін уаххабилік-салафилік ағым ықпалынан аман алып қалатын жалғыз рухани күш ретінде таныла бастағандығы шындық. Осы жерде мына мәселеге тереңірек назар салып көрейікші. Уаххабилік-салафилік ағым өкілдері кімдер? Қайдан келді? Жалпы уаххаби-салафилердің шығу тегінен қазіргі халықтың көпшілігі хабардар деген ойдамын. 18 ғасырда Араб түбегінің Нежд аймағында дүниеге келіп, Ислам дінінің негізгі таным негіздерін бұрмалап, мұсылман халықтарын тобыр деңгейіне түсіруді мақсат еткен бұл ағым, қазіргі күні белгілі деңгейде «жеңіске» жетіп отыр. Осы ағымның ықпалымен соңғы жылдары қаншама мұсылман мемлекеттері қанға боялды. Біздің елімізде де соңғы жиырма жыл көлемінде үстемдік құрып, қазақтың дәстүрлі діни танымы негіздеріне аяусыз соққы берді. Еліміз бұл ағымның теріс ықпалынан әлі толық арылып үлерген жоқ. Өкінішке орай, әлі қаншама мешіт имамдары сол ағымның жетегінде. Олардың сол әрекеттері «тәңіршілдердің» ықпалының артуына негіз болып отыр. Демек, қазіргі қазақ қоғамындағы діни сенім мен таным негізіндегі алауыздық қазақтың дәстүрлі діни танымынан шығып отырған жоқ. Арнайы қазақтың рухани тұтастығына нұсқан келтіру мақсатында қазақ қоғамына сырттан енгізілген уаххабилік-салафилік пен «тәңіршілдер» тарапынан жүргізіліп жатыр. Егерде осы мәселеге тереңірек үңіліп, байыбына баратын болсақ, онда шетелдік діни-идеологиялық диверсиямен айналысатын орталықтардың еліміз ішінде қандай әрекеттерге барып жатқандығына көзіміз жетеді.

Ендігі кезекте жоғарыда мысалға келтірген үш азаматтың Құдайдың жоқтығы туралы, діннің қолдан жасалғандығы туралы айтқан тұжырымдарына талдау жасап көрелік. Егерде ол азаматтардың айтқан тұжырымдарының қателігін дәлелдей алмасақ, онда сол жігіттердің ұстанымын қабыл етерміз.

Бірінші сұрақ – Құдай бар ма? Бар болса, қайда? Барлығын қалай дәлелдейміз? Міне, осы сұрақтарға жауап беру – ең ауыр да, күрделі мәселе екендігін мойындауға тиіспіз. Көңілге демеу болатыны Құран мен өзге киелі кітаптардағы бір Жаратушының барлығы туралы мәліметтердің болуы десек, дұрыс болатын шығар. Одан кейінгі Мұхаммед пайғамбардың хадистері. Мұхаммед пайғамбардың «Кім де кім өзін өзі таныса, Иесін де таниды» деген бір хадисінің өзі ойлана білген адамға көп нәрсені дәлелдейді. Мысалы, адам баласы қайдан келді? Қайда барады? Өлгеннен соң не болмақ?- деген сұрақтарды адам баласы ертелі-кеш өзіне қоятыны анық. Әрине, бұл сұрақтарға жауап таба алмасы да анық. Басқаның бәрін жиып қойғанда адам өзінің қара басындағы түрлі ағзаларының қалай жұмыс ітейінінен хабары бар ма? Жоқ. Ал, адам ағзалары өте күрделі механизм екендігінен де хабарсыз. Жалпы адам ағзасы 30 триллион клеткадан тұрады. Ол клеткалардың әрбір үш секунд сайын 50000 клекасы өліп, орнына жаңа клеткалар пайда болады. Әр сағат сайын 57760000 клека өліп, орнына жаңа клеткалар пайда болады. 24 сағатта, тәулігіне 1 млрд 434 млн 240 мың клека өліп, орнына сонша клетка  пайда болады. Қан болса, әр минут сайын 97000 км. жол жүріп, адам ағзаларына қуат нәрін береді екен. Міне, бұл бір адамның бойында болып жатқан процестер және ол процестердің барлығы белгілі заңдылықтар шеңберінде әрекет жасайды және ешқандай қателесу жоқ. Мұхаммед пайғамбардың ««Кім де кім өзін-өзі таныса, Иесін де таниды» деген хадисінің мәні осында. Мына он сегіз мың әлемде қанша триллиондаған жаратылыс бар, соның бәрін реттеп, басқарып отырған күшті Құдай, Алла, Тәңір деп атаймыз. Егерде мына он сегіз мың әлем бір жерден басқарылып, бір заңдылықтар шеңберінде әрекет етпей, әр қайсысы өзінше әрекет еткенде, онда мына әлем әлдеқашан жойылып кеткен болар еді. Мұның бәрі мына он сегіз әлемнің Иесі бір Тәңір Тағала екендігін дәлелдейді. Сондықтан мына жарық дүниенің Иесі Тәңір Тағаланың жоқтығын дәлелдемек болып жүрген мырзалар осы жазылғандарға ой жүгіртіп көрсін. Мүмкін райынан қайтар. Кейбір замандастарымыз «Мына Зікірия адамның ақылына сыймайтын мысалдарды келтіріп, халықты алдауға көшті деуі мүмкін. Алайда, Бұл келтірілген деректердің барлығы Алланың достары-Әулиелердің жазғандарынан алынып отыр. Оған  да сенгісі келмеген жандар Шәкәрім қажының жазғандарына қарап та ойлануына болады. Ол кісі былай дейді:

Күн аязда терезеге
Неше түрлі гүл түсер.
Мұнша әдемі түсті неге,
Кім түсірді? Ой жібер.

Нысабыңмен ойласаң сен,
Істей алмас оны адам.
Ең адамның шеберінен
Соны салған жан шебер.

Сипатын көр тосып ал да,
Жапалақтап жауса қар.
Таза тесер, көзді сал да,
Қандай оның түрі бар?

Таң қаласың ойға салсаң,
Қар жасаған шытырасын.
Жаратылыстан ғибрат алсаң,
Болар едің ой құмар.

Міне, осы екі әулиенің келтірген дәлелдері ойы бар жандарға күмәндануға мүмкіндік бермейді. Бірі адам ағзасындағы физикалық процестерге талдау жасаса, екіншісі табиғат құбылыстарына талдау жасап, Тәңір Тағаланың барлығы мен бірлігіне дәлелдер келтіріп отыр. Осы келтірілген мысалдарға қарап-ақ адам баласы өзін жаратқан аса білімді, Құдіретті Күштің барлығына мойын ұсынады.

Құдайдың барлығына қарсы болып жүрген мырзалар, Оның жіберген дініне де қарсы, Ендігі кезекте діннің де өздігінен пайда болмағандығын дәлелдеуге күш салып көрелік. Бірақ дін туралы сөз қозғамас бұрын адамның жаратылуы туралы мәселелерге тоқталып, Жаратушы Құдірет Тәңір Тағаланың адамды не үшін жаратқанын баяндап өткеніміз абзал. Өйткені, дін осы адам баласының қажеті үшін жіберілген құндылықтар жүйесі.

Тәңір Тағала періштелерді шақырып алып, жер бетіндегі бар мақұлуқаттарға иелік етіп, басқаратын өзіне бір орынбасар жарататынын хабарлады. Балшықтан адамның тәні дайын болған кезде періштелерді шақырып алып, «Мен қазір мына қуыршаққа өз рухымнан үрлеймін. Сол кезде сендер  адамға сәжде жасайсыңдар деп бұйырған болатын. Періштелер барлығы келісіп, мойынұсынды. Тек, шайтан лағин ғана сәжда жасаудан бас тартып, пейіштен қуылды. Тәңір Тағала Адамға демді үрлесімен Адам орнынан «Алхамду Лиллаһ, Астағфируллаһ» деп орнынан атып тұрды. Періштелер Адамға сәжде жасады. Алғашқы адам осылай жаратылды. Адамға Рухты үрлеуімен тәнге айналған қуыршақ топырақтан жасалған болатын. Және тән сол топырақта өскен нығметтермен қоректенеді. Нанын, етін, бүкіл жеміс-жидегін жейді, суын ішеді. Солардың қуатымен өмір сүреді. Рухтан ажыраған кезде қайтадан сол топыраққа қайтады. Тәннің болмысы осы және ол адамның физикалық болмысының негізі болып табылады. Тәннің өмір сүруін қамтамасыз ететін заңдылықтар жүйесі – шариғат. Ал, Рухтың жөні бір басқа.  Рух – Алланың адам баласына берген аманаты. Сондықтан Рух қуатты өзінің негізі болып табылатын Тәңір Тағаланың Өзінен алады. Өйткені, Рухты тәнге Алла Тағаланың өзі үрледі. Ол туралы Құранның «Сад» сүресінде мынадай аяттар бар: «70-аят. Бірақ ашық ескертуші (пайғамбар) болғандығымнан ғана (бұл ілім) маған уахи етілді.» де. 71. Сол кезде Раббым періштелерге: «мен балшықтан бір адам жаратамын. 72. Оның жаратып (бейнесін келтіріп, дене мүшелеріне толықтап, кемелді адам етіп), оған рухымнан үрлеп, жан салған соң, барлығың оған сәжде қыласыңдар» деді. 72. Періштелер барлығы сәжде қылды.. 74. Тек, Ібіліс қана сәжде қылмай, тәкаппарлық істеп, кәпір болып кетті.» Бұл аяттардан басқа да Құранның басқа сүрелерінде Рух туралы аяттар бар. Демек, Рух Алланың адам баласына берген аманаты. Уақыты келгенде Рух қайтадан өзінің келген жағына оралады. Ол туралы Құранның «Бақара» сүресіндегі: «Мен Оныкімін және Оған қайта ораламын» деген аятпен бекітілген (2/156). Алла Тағала Өзінің мейір-махаббатынан тұратын дінді Рухқа берді. Рух қуатты Алла Тағаланың Өзінен ғана алады. Егерде Рухани әлем мен адам рухы арасындағы байланыс үзілетін болса, онда адам баласы рухани болмысынан ажырап, хайуани болмыс жетегінде кетеді. Қазіргі кезеңде сол Рухани әлем мен адам рухы арасындағы байланыс үзіліп, адам баласы материалдық дүние соңынан кетіп, адами болмысынан ажырап, биороботқа айнала бастады. Демек, дін құбылысының адам баласын адами болмыс шеңберінде ұстап, адамзат қоғамын ізгілендіретін, адам баласының жүрегіне Алла Тағаланың мейір-маххабатын құятын құдіреті бар. Алланың мейір-маххабаты жүрегіне ұялаған адам баласы ешқашан жамандық ойламайды. Сонымен қатар, дін ешқандай да ғылым мен технологияның дамуына кедергі келтірмейді. Керісінше, кез-келген дамудың басында болады. Ал, қазіргі дін атынан сөйлеп, анау болмайды, мынау болмайды, домбыра харам деп жүрген «батырлар» араб халқының салт-дәстүрі мен мәдениетін уағыздаушылар ғана. Олар дін ретінде арабтың салт-дәстүрін ғана қабылдайды. Ол жолды ұстанбаған адам олар үшін кәпір. Олар кеше пайда болған жоқ. Сол Мұхаммед пайғамбар қайтыс болғаннан кейін пайда болған «Ахл ал-Хадис» атты топтың өкілдері. Олардың бар мақсаты – шамасы келгенше Мұхаммед пайғамбар заманындағы бар болмысты сақтап қалу. Сонда ғана мұсылман боламыз деп есептейді. Құран аяттарын ақылға салуға болмайды. Ойлануға болмайды. Ал Құранның өзінде 2500 жерде «Ойланбайсыңдар ма?» деген ескерту тұр. Демек, қазіргі өзін шынайы мұсылман санайтын «батырлардағы» сананың даму деңгейі араб қоғамының ⅤⅠⅠ-ғасырдағы санасы деңгейінде. Оларда дін жоқ. Дін ретінде арабтың салт-дәстүрі мен мәдениетін-жалпы шариғатын ғана қабыл етеді. Ол санамен қазіргі кезеңдегі ғылым мен технологияға ілесу мүмкін бе? Мүмкін емес. Әйтпесе, ислам діні дүниеге келгеннен кейінгі ғылым мен философияның қандай деңгейге көтерілгеніне тарих куә. Қазіргі ғылым мен технологияның негізгі қайнарлары сол кезеңде ғалымдар ашқан жаңалықтарда жатқанын есі дұрыс ғалымдардың бәрі мойындайды. Абу Насыр әл-Фараби бастаған ғалымдар Ислам ғылымы мен білімінің қарыштап дамуына үлестерін қосты. Алайда, Ⅹ-ғасырда Ахл ал-Хадис өкілдерінің Түркістан жерінде де жеңіске жетуі бұл жердегі ғылым мен білімнің кері кетуіне ықпал етті. Егерде сол кезеңде «Ахл ал-Хадис» өкілдерінің ықпалын Қожа Ахмет Йасауи бабамыз шығып, тоқтатпағанда, дінді тариқат деңгейіне көтермегенде адамзат баласының басына ақырзаман апаты ⅩⅠⅠ-ғасырда келген болар еді. Өкінішке орай, қазіргі күні осы «Ахл ал-Хадис» өкідерінің ізбасарлары болып табылатын уаххабилік-салафилік ағым өкілдерінің ықпалы қазақ қоғамы арасында үстемдік құрып тұрған жайы бар. Бұл ағымның соңына ергендердің рухани болмыстан ажырап, таза материалдық болмыс жетегінде кететіні, ойсыз тобырға айналатынын қазіргі қазақ қоғамында болып жатқан үдерістер дәлелдеп отыр. Сондықтан әрбір адам жақсылық пен жамандықтың аражігін ажыратуы үшін берік Иман мен сергек сана керек. Ол үшін діннің-Алланың адам баласына сыйлау еткен мейір-махаббатының маңызын, құнын сезінуі керек. Осыны сезінгенде ғана адам баласы өзінің анық кім екендігін, мына дүниеге не үшін жіберілгендігін сезіне алады. Олай болмаған жағдайда адам баласы материалдық болмыс жетегінде кетіп, биороботқа айналады. Биоробот мына он сегіз мың әлемді жаратқан Жаратушыға керек емес. Егер адам баласы қайтадан Рухани әлемге қарай бет бұрмайтын болса, Құдайын таппаса, мұның соңы – Құрдым. Ақырзаман. Адам өмірінде осынша маңызға ие Дін атты құбылысты адам ойдан шығарған дегенге келеді ме? Жоқ! Дін – Алланың адам баласына сыйлау еткен мейір-махаббаты. Егерде оны бұрмалап, қолдан қару жасап жатса, оған Құдайдың да, діннің де қатысы жоқ. Мұның себебін біз адам баласы өзімізден іздеуіміз керек. Осы айтылғандарға қарап, дін қажет пе? Қажет емес пе? Өздеріңіз ақылға салып саралап, шешімін айтарсыздар деген үміттемін.

Зікірия Жандарбек

Abai.kz

31 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1463
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1317
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1071
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1119