Сәрсенбі, 8 Мамыр 2024
Билік 2776 9 пікір 27 Қазан, 2023 сағат 14:18

Декан мен директор: Бізге басқару жүйесін өзгерту керек!

Мен депутат Еділ Жаңбыршин ағамызды жақсы танимын. Көші-қон үрдісін реттеуге арналған заңдарға байланысты біраз ұсыныстар бердім. Бірақ, нәтижесін көргем жоқ.

Соған қарамастан, қатты болмаса да, белгілі дәрежеде сыйлаймын. Өте еңбекқор, белсенді депутат. Әр сөзін қалт жібермей тыңдап, оқып отыратын санаулы депутатымның біреуі.

Еділ Терекбайұлының «Сұрауы бар...» каналына берген сұхбатын мұқият, кей жерін қайталап тыңдап шықтым.

Еділ аға 29 жасында декан болыпты. Туған жылына қарап есептесем, 1995 жылдарға тура келеді екен.

Едекең көп нәрсені өзгертіп жібергісі келетін, жанып тұрған жігіт болғанын айтыпты. Бірақ, декан ретінде қандай өзгеріс әкелгенін айтпапты.

Мен 25 жасында мектеп директоры болдым. Бүкіл аудан, аймақ, облысты шулатып жүріп, өлке орталығы Үрімжіден 1 000 000 юан қаражат бөлдіріп әкеліп, Ойманбұлаққа мектеп салдырдым. Бұл 1994-1997 жылдар аралығында болған оқиға.

Декан деген қызмет жоғары оқу орнында болады. Жоғары оқу орны үлкен қалаларда, облыс орталығында болады. Ал, мектеп ауылда да, қалада да болады. Мен ауылда, бір сайдың қуысында орналасқан мектептің директоры болдым.

Еділ аға Қазақстанда, мен Қытайда қызмет еттім.  Қысқасы, Еділ көкем екеуміз бір мезгілде жауапты қызметті бастаған екенбіз.

Мен, осы жерде кесіп айтайын, өзімді Еділ Терекбайұлынан мықты болдым деп айтқалы отырған жоқпын. Бірақ, жасаған жұмысымыздың нәтижесі едәуір парықты екені жасырын емес.

Оның үстіне, өзіңнің тәуелсіз мемлекетіңде тұрып, қызмет атқару мен өзге ұлт үстемдік ететін мемлекетте қызмет атқарудың арасы жер мен көктей парықты болатыны тағы түсінікті. Ендеше, менің сол кезде Еділ ағама қарағанда ауылда тұрып, апырып-жапырып жібергенімнің сыры неде?!

Оның жалғыз-ақ сыры бар, менде құзырет болды. Ол кезде Қытайда атқарушы биліктің қызметінің нәтижесі Президенттің тапсырмасын қалай орындауымен емес, қызметте өз тарапыңнан қандай жаңалық жасағаныңмен бағаланатын. Мұндай басқару жүйесі адамның жеке потенциалын ашуға мол мүмкіндік береді.

Дэн Сяопин құрған басқару жүйесі министрлер мен әкімдерді қойып, орталау мектептің директоры болған бізге сондай мүмкіндік берді. Мен сол мүмкіндікті қалт жібермей, пайдалана алдым.

Егер, сол кезде менің орнымда Еділ Терекбайұлы болса, мына қабілетімен ол мектеп емес, біздің Ойманбұлақтан Құлжаға баратын ЛРТ сардырып тастайтын еді.

Еділ ағамыздың біраз нәрсені жасап жіберуге тебіні бүгін де жетіп тұр. Амал не, қасаң жүйе адымын аштырмай отыр...

Айтайын дегенім, еліміздің басқару жүйесін өзгерту керек! Атқарушы биліктің көсіліп жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін жаңа жүйе болмаса, бәрі бос сөз! Егер, жақсы басқару жүйесі болса, Еділ аға секілді мықтылар ғана емес, мен секілді сөз қуған осал басшылар да қомақты жаңалық, зор нәтиже жарата береді.

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1680
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1634
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1363
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1298