Сенбі, 4 Мамыр 2024
Әдебиет 2634 0 пікір 24 Қазан, 2023 сағат 14:42

Мамыттың шошқалары

(Этнографиялық әңгімелер)

Мамыттың шошқалары дегеніміз - академик жазушы Ғабит Мүсіреповтің әйгілі «Талпақ танауының» өзі болатын. Әйтсе де ұқсастықтарынан гөрі өзгешелігі көбірек екені де анық.

Мен 1962 жылы Шиңжияң университетінің дайындық бөлімін тәмамдап жаздық демалысқа ауылыма барған едім, көп өтпей Нүрәбдін деген сабақтасыммен бірге жайлауға барып, қымыз ішіп, жаңа оқу жылына күш жинап, серуендеуге жолға шыққанбыз. Біздің елдің жайлауы екі үлкен кезеңді асып баратын Жыланды, Көксай болатын. Біз Жыландыдағы жазыққа кештетіп жетіп едік. Шілденің толған айы бүкіл тау-даланы жарқыратып кешкі самал жаныңды жадыратып, ерекше бір көңіл-күй сыйлап тұрғандай.

Жайлау, қазақтың жайлауға деген махаббаты мен аңсар арманы қандай еді?! Жыл 12 айдың төресі маусым, шілде, тамыз қазақтың бұл күндері әлемді шарлап санатория, курорт іздеп сандалып кеткен ұжымағына белгісіз аса қастерлі айлары еді. Біздің бала күнімізде Жайлауға көшудің салтанаты мен машақаты көз алдымнан көлбеп өтіп жатты. Жайлауға қазақтан бұрын оның төрт түлік малы асыға малшыларға бағынбай қаша бастағанда соңынан көш ілесетін. Жайлаудың толған, болған шағындағы құлпырған сай-саладан біздер рауғаш іздеп, әсіресе тоқпақбас (әлі жапырақтап ашыла қоймаған)  балғын рауғашты жарыса, таласа, тырмыса іздеудің өзі өз алдына бір мерекелік көріністей еді. Қия бетте мөлдіреп тізілген қой бүлдіргендерді аттан түсе салып, ауыз толтыра асап ашылаушы едік. Ал, қара жолдың жиегіндегі басбармақтай қоңыр аралардың балын алу үшін қияқтар мен топ шилеуіттердің түбін түртіп қалсаң болды осы күнгі шақпақты (Қазақсатан) шоколады сияқты тақталанған ұяшықтардың ішіндегі таңдайыңды жаратын қою балдар мөлдіреп тұратын. Ал, әйгілі Қас өзеніне дейінгі 10-15 шақыоымдық мидай жазықтағы қолмен еккендей самсыған бүлдіргендерді атпен кешіп өткенде аттың шашасы қып-қызыл болып қалушы еді. Сол байлықтың қадірін қазақ білмей алғашқы сарығын басысымен ұмытып кететіні бұл күндері өзімізді де таң қалдырады.

Ал, қарағай, қайың арасындағы баданадай таңқурайларды да кәдеге жаратудың бар шамасы тоя жеумен аяқталады. Қысқа дайындық деген қазақтың есіне кіріп те шықпайды.

Сол бір әдемі жәйлі сапарымыздың берекесін кетіргендей бір жабайы  бұрын-соңды көз көріп құлақ естімеген қара ала шошқалар қорсылдап атымызды үркіте берді. Жолдың екі шетіндегі жайқалған шөпті жердің қорыс-қопасын шығарып, аттарымызды сүріндіре бергені өз алдына мына, қара ала доңыздарды жатырқап:

- Нүке-ау, мына қаптаған қара ала пәле бұл жақта болып көрмеген еді ғой,- дегенімде, ол қарқылдай күліп:

- Алеке, бұл өзіңнің ауылдасың Мамыттың шошқалары ғой. Мамыттың  шошқасы Мамыт аталуының тарихын білетін шығарсың, деді.

Осы сөз менің есіме бұдан 10-15 жыл бұрынғы бір қасіретті оқиғаларды  есіме түсіріп қиялға беріліп кеттім.

Шамамен 1951 жылдың көктемі болар, Тасқорғандағы Шылбы атам салдырған үлкен мешіттің оң жағындағы қорықты жағалай егілген  ағаштардың ағашын арқанмен кермелеп жұма намазға жан-жақтан келген   адамдардың жүздеген аттары байланушы еді. Біз сол адамдардың аттарын да, өздерін де тамашалап мешіттің алды-артында жүгіріп жүретінбіз. Жұма намаз оқылып болғаннан кейін арттарына қарай жүңкілетін намазхандар бұл жолы орындарынан қозғалмай отырған жерде отыра берді. Сөйтсек оның мәнісі мынада екенін соңынан естіп білдік.

Ол кезде, қазақ отырықтаса қоймаған,  тау сағалап, күнгейден жер тошала жасап, сонда қысты өткізетін. Осы өңірді мекендеген қызайдың Есенкелді атасынан тараған Маман, Қожаберген, Қазымбет, Амырсана рулары көбінше қысты осылай өткізетін. Ал, біз ес білген кезде жылқышылар қысты киіз үйде өткізіп, көктем шығысымен жазыққа жамырай қоныстанатын.

Кедей шаруалар сол кезде ағайындарын сағалап, көктеу, жайлауда көршілесіп көшіп-қонып жүретін. Біз сөз еткелі отырған Мамыт Теректінің күнгейіндегі жер кепесінде басқалардан ұзағырақ отырады екен.

Намазға жиналған қазақтар бірден гу етіп:

- Әне, алып келе жатыр, қара жүздің өзі еңіреп жылап келе жатыр,- десіп жатты.

Сонымен Мамытты мешіттің алдындағы алаңға апарып менің атам Жүніс Әлімахұнның алдына жүгінте отырғызды. Қолындағы бір буманы жерге қойып, сыртқы орамдарын шеше бастады. Ішінен қобырап қытайдың  қызылкүрең ақшалары шашылып жатты. Сөйтсек, істің жайы мынадай екен.

Мамыт өте кедей балалы-шағалы адам болғандықтан аңға тұзақ құрып, бала-шағасын асырайды екен. Күндердің бір күнінде оның құрған қақпанына   әйдік қабан түсіп қалыпты. Мамыт ойлана келе, қабанды шоқпарымен ұрып өлтіріп, мойнына арқан салып, сүйреген бойы таяудағы қытайдың жаңа ғана қоныстанған диханшылықпен айналысатын 12-ші полктың асханасына алып барып берген ақшасын дорбаға орап алғаннан кейін оны қайда жұмсарын білмей қатты ойланады.

Мұсылмандық шариғат бойынша жеуге бұйырмаған харам доңыздың ақшасын жұмсап бала-шағасына харам жегізуге дәті бармайды. Бір бума ақшаны қайда қоярын білмей жер кепесіне әкеліп ешкімге көрсетпей тығып қояды. Бірақ, Мамыттан маза кетіп бұл харам ақшаны қалай халалдаудың  амалын таппай бір туысқандарына айтып қойса керек. Ол туысқанның да ішіне сыймаған харам ақшаның әңгімесі тағы біреулерге жетеді.

Ең аяғында бұл әңгіме мешіттегі Жүніс атамның айналасындағы мәзімдер мен имамдарға жеткеннен кейін біз айтып отырған жұма күнгі намазға жиналған адамдар алдына Мамытты әкеліп, тергеуді ұйғарады.

Мамыт жылап еңіреп шындықты айтқаннан кейін қасына қосылған адамдармен барып, жер кепедегі тыққан жерінен алып келіп, отырған кезі екен.

Шариғат өкімі деп, харам ақшаны пайдалануына болмайды деп, сол жерде өртеп жібереді де Мамытты дәрет алғызып, қолына Құран ұстатып, қасам ішкізеді, сөйтіп Мамытты күнәдан тазартып, қайтадан мұсылман қылып, өз қатарларына қосады.

Бүгінгі адамдарға күлкілі болып көрінетін осынау трагиг-комедиядай  оқиғаның ол заманның адамдары үшін өте ауыр, аса рухани күйзелісті жағдай екенін ескеруіміз керек.

Бүкіл мемлекеттік билікті қолына алған қытай коммунистері осыған дейін көзі көріп, құлағы естімеген сауатсыз қазақтар «Компартия, коммунист, социализм, тап күресі, атеизм» дейтін үгіт-насихат ұрандарына елтіп, ауыл ауылда бірнеше адамдық партия ұйымына мүше болып, билікке араласа бастады. Дәл сол тұста компартия мүшесі болған Оқас, Мәжит қатарлы ұр да жық белсенділерге «Партиялық тапсырма, коммунистердің орындамаса болмайтын міндеті» деп төрт түлік малды бес түлікке айналдыру үшін  коммунистер бас болып шошқа өсіруді жолға қою керек болады. Бірақ ол шошқаны қайдан, қалай әкеліп, кім бағады дегенге келгенде шолақ белсенді коммунистердің ешқайсысы аузын аша алмай бір-біріне көзінің астымен сүзе қарап дағдарады. Уақыт зырлап өтіп жатыр, жоғарыдағы коммунист басшылар бұларды қыспаққа алып «Егер партиялық тапсырма орындалмайтын болса, партиядан қуылып, заң бойынша жазаланасыңдар» деген зілді ескертпенің тегеурініне төтеп бере алмай, әр нәрсені бір айта келе  ауыл бастығы Оқас ауылнай қатыны ұл тапқандай қасындағы екі-үш коммунистерге:

- Ой, ағайындар, мен оның амалын таптым, тек қисынын тауып, іске кірісу керек Бұл шошқаны қолымен ұстап, саудалаған Мамыт ағамыз бар ғой, сол кісіге барлық жағдайды түсіндіріп, бізді мына қияметтің қыл көпіріндей болған пәледен құтқаруға көмектессе, оған барлық жағдайды жасап, елден оңаша  мына Ақтастың етегіндегі ну тоғайлы Сулысайдың етегінен үй салып береміз. Бізге бағуға берілетін он торайды сол Сулысайға апарып қоя береміз, Мамыт шошқа баққан болып, сол Сулысайдың аузында отыра береді. Ауылдық өкіметтен тиісті жалақысын беретін боламыз, сөйтіп өгіз де өлмейді, арба да сынбайды. Жоғарғы басшылар да тыныш, біз де тыныш боламыз.

Сонымен, Мамытпен аталас, рулас Оқас бастаған коммунистер момын Мамытты айтқанына көндіріп, көңілдері жәй табады. Сулысайдың етегіндегі шұрайлы жазыққа өзінің жанашыр ағайындарын асарлатып екі бөлмелі қоржын там салып беріп, Мамытты көшіріп апарғаннан кейін Күнес өзенінің арғы бетіндегі Қытайдың «12-ші полк» өсіріп жатқан шошқаның еркек, үрғашы аралас 10 торайын 10 қапқа салып, полктің бір арбакеш әскерімен  Сулысайға алып келеді де, қаптан торайларды шығарып қоя береді. Сонымен компартияның тапсырмасы орындалған шолақ белсенділер партиялық тапсырманы мүлтіксіз атқарған болып, көңілдері жәй табады. Бір қызығы, Мамыт ақсақал ол торайларды содан кейін бақпақ түгіл қарасын да көрмепті. Нулы, сулы  шұрайлы жерге тез үйренген торайлар өсіп-өніп көбейе келе сай-саланы қуалап, бүкіл жайлауға жайылып, жабайы шошқалармен будандасып көбейген шошқалар біз көрген қара ала шошқалар, сол он торайдан таралған мақұлықтар екен.

Солай болса да бұл доңыздар, Мамыттың шошқасы, Мамыттың қорасы, Мамыттың шошқа баққан жері аталып, ел аузында қалды. Сол бір харам доңыздың зардабы момын Мамыт пен оның отбасына адам нанғысыз қайғы-қасірет әкелгені, ол тек Мамытқа ғана емес, барлық қазақтарға қатысты қасірет болатын.

1950 жылдан былай қарай Шығыс Түркістандағы барлық билікті өз қолдарына алған, жүз мыңдаған қарулы қызыл армия мен жүз мыңдық гомиңдандық қытай армиясын қарусыздандырып, «өндіріс құрылыс армиясы» арқылы бақылауына алған қытай коммунистері Оспан батыр қозғалысын жаныштағаннан кейін, енді жергілікті халықты қалай басқару керек дегенді арнайы талқылап, құпия қаулы қабылдап, жер жердегі қытай басшыларына «өте құпия» деген белгісі бар құжаттар таратады, ондағы екі мәселенің басын аша айту «Мамыттың шошқасының» бар құпиясын ашып бергендей болады.

Құпия құжатта бірінші, жергілікті халыққа арақ ішкізіп, темекі тартқызуды аталған өндіріс құрылыс армиясының арақ заводтарында өндірілген арақ-сыраларды өте арзан бағамен кадрларға, жастарға сатып, бойын үйрету, екінші, Қытай компартиясы арнайы ұйымдастырған «бірлік сап» (Назарбаев жалаулатқан Қазақстан Халық ассамблеясы тәрізді) атты мекеме арқылы байлар мен қожа, төрелерді молдалар мен өнер адамдарын басқартып жылына бір, не екі рет екі-үш айлап аудан, облыс автоном район орталықтарына саяси үйрену дейтін тергеу, тексеру ісімен айналыстыратын .

Әр жылы оларға сол кездегі қол жете бермейтін сөкнә, барқыт, шибарқыт, торғын-торқа, шақпақ қант, шәй салынған қалтаның қақ ортасына екі бөтелке арақ қосып сыйлық беретін және қанша екені есімде жоқ, айлық ретінде ақша төлеп тұратын. Менің Жүніс атама берілген сондай бір сыйлықтың арасындағы арақты көріп, шошынғанынан не істерін білмей, ақыры кіші әйелі Бүбішке өзенге апарып таста мына пәлені, ешкім көрмесін дегеніне куә болып едім. Қытайдың ежелден бергі елбасыларын қымбат тауарлармен паралап, ханшаларымен арбап, алдарқату саясатын коммунистік Қытайда жалғастырып жатқандығының бір дәлелі еді.

Құпия құжаттың тағы бір сұмдығы, ауыл-қыстақтарда кішігірім дүкендерді  көптеп салып, арақ-шарап саудасын қыздыра отырып, «дінге еркіндік» береміз деп, шағын мешіттерді салуға  рұқсат беру арқылы үлкендер, діндарлар мешітке барып қайта берсін. Ал, арақ шарапқа тойған жастар үйде олармен жағаласып, айтысып ит рәсуа болып жата берсін. Кәрілер өліп бітеді, мешітке барар адам да қалмайды, ал жастар ойына келгенін істеп, ағайынгершіліктен кетеді. Өкімет сонда бұл халықты мылтықсыз-ақ басқарып, айтқанын істететін болады,- деп атап көрсетілген.

Мен бұл пәлелі құжаттың мазмұнын сол тұста аса белсенді болып, компартия үшін қызмет еткен бір адамның айтуынан естіп жаным түршіккен еді. Мен куә болған 50-60 жылдардағы қазақтарымның діннен, ділден, тілден ажырап ит рәсуамен өмір сүріп азып-тозғанын жақсы білемін.

Мамыт ақсақалдың 5-6 ұл, қызы болушы еді. Олар баяғы 57 жылғы Ақтастың бауырындағы қоржын тамда  елден оқшау өмір сүріп, 1958 жылы жаппай ұжымдастыру науқанынан кейін де шошқасы Мамытқа тағайындалған жалақымен өмір сүріп, 70-ші жылдары сол қоржын тамда дертке шалдығып, ұлдары араққа беріліп, іріп-шіріп өліп таусылғандығын айтып жұрт жағасын ұстағанына талай рет куә болдық.

***

Менің Жүніс атам діни сауаты өте жоғары діндар адам еді. Мінезі өте жұмсақ, ешкімге дауыс көтеріп, айғайлағанын естімеген екенмін, ал бірақ шариғат жосындарына қиғаш келетін әрқандай әрекетке жол бермеуге барын салатын. Мамыттың шошқасына байланысты қатаң өкім шығарғаны сияқты баяғы атаман Дутовтан қалған ақ орыстардың біздің ауылдың төменгі жағындағы тоғайдан шошқа аулап, ауыл сыртындағы қара жолмен алып қайтқанын көргеннен кейін, қатты назаланып, үлкен-кіші, бала-шағаға қурай тергізіп, орыстар өткен қара жолға шашқызып, «аластаймын» деп от қойып, ол өртке айнала жаздап жабылып, әрең өшіргеніміз есімде.

Жүніс атамның қатты ашуланғанының тағы бір куәсі есімде қалыпты. Біз кішкентай балалар отау үй мен біздің үйдің арасындағы шағын алаңқайда балшықтан керім там тұрғызып, үй салып, соқамен жер жыртқансып ойнап жүргенімізде Жүніс атам «түйе кері ат» деп аталған атымен қасымызға келіп қалғанын ойын қызығымен байқамаппыз.

- Әй, мына нәйсаптар, не сұмдық бастап жатыр, мынау не сұмдық, мынау оңбағандар неге мал бағып, атқа мініп ойнамай, жер шұқылап, қайдағы жаман ырымды қайдан, кімнен үйренген. Жер шұқылап қаласыңдар, жер шұқылап, балалардың ойыны қандай болса, олардың болашағы дәл сондай болады деуші еді, - деп атымен біздің ойыншық үйлерімізді таптап, қол жеткен бір-екеуіміздің арқамыздан осқылап кете барды.

Шынында, балалардың қандай ойын ойнауы, олардың болашақта қалай өмір сүруінің нышаны екеніне  бұрын да, бүгін де куә болып келе жатқанымыз шындық қой. Бүгінгі балалардың алуан түрлі атыс қаруларымен қаруланып, атысып-шабысып жатқанын көрген сайын Жүніс атам есіме түсіп, ендігі ертеңіміздің қалай боларын ойлағанда жаным түршігіп, шошынамын.

***

Мен соңғы рет 1965 жылы өзіміздің байырғы жайлауымызға шығып, он шақты күн ел аралап, жер аралап «халық коммунасы» малшыларының арасында болып едім сонда бір таң қалғаным көк жайлауымыздың сай саласында Мамыттың жортып жүрген қараала да, көкала да шошқаларын көре алмадым. Қасымдағы адамдардан:

- Мамыттың шошқалары қайда кеткен, көрінбейді ғой дегенімде олар маған таң қалғандай:

- Ой, Алеке, Мамыттың шошқасы көп па, ішкі Қытайдан келген қара напос аш, арық қытай көп пе? Бәрін солар тауысты ғой. Ол, ол ма Қарасулардағы түні бойы шулап жататын қызылқолтық бақалар да, өзендердегі балықтар да, сауысқаннан басқа құстар да жоқ болуға айналды ғой, - деп қынжыла айтқандары есімде.

***

Мен 1961 жылы аудан орталығы Бестөбедегі орта мектепті бітіріп, оқуға аттанарда аудан орталығындағы партия, өкімет орындарында жұмыс істейтін санулы қытай кадрларынан басқа қытайлар болмаған еді. 1988 жылы араға 21 жыл салып елге барғанымда Күнес ауданында 115 мың қазақ, 135 мың қытай азаматтары тұратындығын естіп, қайран қалғанымда Мамыттың шошқалары мен аң-құстың жоқ болып бара жатқанының себебін анық білдім. Ал, одан бергі 40 жылға таяу уақыттағы қазақтарымның қандай ортада, қалай өмір сүріп жатқанын көз алдыма елестетсем жаным түршігеді, амал не? «Көп қорқытады, терең батырады» деген аталы сөздің бұлжымас ақиқатын мойындауға мәжбүрсің.

(Жалғасы бар)

Әлімғазы Дәулетхан

Жазушылар Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1043
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 922
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 685
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 775