Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Ел іші... 1917 4 пікір 20 Қазан, 2023 сағат 14:53

Жаңа Қазақстан мәміледен басталуы тиіс!

Сурет әлеуметтік желіден алынды

Немесе мен неге Мәжілістің Қоғамдық палатасына мүше боп ендім?

Құрметті ағайын!

Таяуда мен Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаға мүше боп қабылдандым.

Қарасам, менің бұл қадамымды әркім, соның ішінде менің қарсыластарым, сан-саққа жүгіртіп жатқандай. Соған түсініктеме бере кетейін.

Біріншіден, Қоғамдық палата – қоғамдық ұйым, оның құрамында елге танымал,еркін ойлы, соның ішінде билікке сыни көзқарасымен көзге түсіп жүрген қоғам қайраткерлері, тәуелсіз сарапшылар бар.

Екіншіден, Жаңа Қазақстан біртұтас ұлтты 30 жыл бойына қақ жарып (билік және оның қарсыластары), бір-бірімен ымыраға келместей етіп тастаған ескі Қазақстанның пасық та сасық тәжірибесінен бойын аулақ ұстауы тиіс деп санаймын: Жаңа Қазақстан мемлекеттік және ұлттық мүддені қорғау, Әділеттік, Шындық секілді әр азамат мойындайтын, қолдайтын құндылықтар маңайындағы жалпыұлттық мәміледен басталуы тиіс деп санаймын.

Бұл - менің 26 жыл бойы саяси оппозицияда жүріп түйген бір ойым.

Үшіншіден, мен халық билігі, демократия, адам құқы, сөз бостандығы, мемлекет тұрақтылығы секілді өзімнің принциптік ұстанымдарымнан айнымаған қазақпын. Осы жылдар бойына кәсіби журналист ретінде қаламымды қолдан түсірген жоқпын.

Ескі Қазақстанмен осыншама жыл күресіп, Назарбаевтың жеке бас билігіне ашықтан-ашық қарсы шыққан маған Жаңа Қазақстанның басты ұрандары жақын.

Десек те, ол мақсаттардың жүзеге асу барысына көңілім толмайды. Өзгерістер қоғам өмірінің барлық саласын қамтып, кешенді, ескі Қазақстан енді оралмастай сипат алуы керек деп санаймын. Соған әр азамат шама-шарқынша ат салысуы керек деп санаймын. Өз басым кәсіби журналист, публицист ретінде елде орныққан жағдай туралы ешкімге де тәуелді болмай, ашық айтып, ашық жазып, қоғамдық-саяси, ағартушылық қызметімді жалғастыра бермекпін.

Осы ойымды Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановқа да айттым. Менің позицияма ол кісі түсіністікпен қарағандай. Сол үшін ол кісіге алғысымды білдіремін.

Құрметті ағайын!

Әрине, Қоғамдық палатаның өз ережесі, өз регламенті, өз өкілеттігі бар. Әр отырысының бекітілген күн тәртібі бар. Ол заң қабылдайтын Парламент емес, қаулы шығаратын үкімет емес. Ол – қоғамдық ұйым, оның мүмкіндіктері де шектеулі.

Десек те, өмір тек қана заң талқылаудан тұрмайды ғой.

Сол себепті өзімнің Мәжілістің Қоғамдық палатасының мүшесі ретіндегі уақытша ғана мүмкіндіктерімді пайдаланып, мемлекеттік маңызы бар болсын, қоғамда орын алған әділетсіздіктер мен жөнсіздіктер болсын, күнделікті күйбең-тіршілікке қатысы бар болсын – кез келген мәселе бойынша сіздердің пікір-тілектеріңізді, арыз-өтініштеріңізді құзырлы органдарға жеткізуге әзірмін!

Ондай мәселелер бойынша маған тікелей хабарласуларыңызға болады.

Менде тиісті аппарат не көмекші дегендер жоқ. Әр хатқа өзім жауап беруге тырысамын.

Осы Фейсбук және оның мессенджері арқылы күнделікті байланыста боламын. Осы Фейсбукте менің телефон номерім бар (мен ол номерімді 1997 жылдан бері өзгерткен жоқпын), онда барлық мессенджер бар. Соларға да хабарласуларыңызға болады.

Құрметпен, Әміржан Қосан

Abai.kz

4 пікір