Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3633 0 пікір 26 Тамыз, 2013 сағат 06:40

Жақсылыққа бастайтын «Жасыл»

Отырыс барысында министр қаламгерлер та­рапынан айтылған сан тарау шетін сұрақ­тарға сергек те серпінді жауап берді. Жиынға Смағұл Елубай, Қоғабай Сәрсекеев, Жұмабай Шаштайұлы, Айдос Сарымдар қатысты. Сөздің басын Қаппаров мырза өзін таныстырудан бас­тағаннан кейін әңгіме ауаны бірден Про­тонға қарай ойысты.
Нұрлан Қаппаров:

Отырыс барысында министр қаламгерлер та­рапынан айтылған сан тарау шетін сұрақ­тарға сергек те серпінді жауап берді. Жиынға Смағұл Елубай, Қоғабай Сәрсекеев, Жұмабай Шаштайұлы, Айдос Сарымдар қатысты. Сөздің басын Қаппаров мырза өзін таныстырудан бас­тағаннан кейін әңгіме ауаны бірден Про­тонға қарай ойысты.
Нұрлан Қаппаров:
– Протон Байқоңырға екінші шілде күні құ­лады. Залалсыздандырудың алғашқы сатысы жиырма тоғызыншы шілдеде аяқталы­сы­мен-ақ, бүкіл нәтижелерді, қағаз-құжаттарды алып Премьер-министрдің бірінші орынба­са­ры Бақытжан Сағынтаев екеуміз «Роскосмос» басшыларының алдында сөйледік. Жерде ше­кара болса да, ауада шекара жоқ. Бай­қоңыр­ға барғандағы мақсатымыз – сол жер­ге өзіміздің экологиялық кодексімізді енгізу. Се­бебі, Байқоңырда Ресейдің экологиялық заңы жұмыс істеуде. Ресей осы маңызды құ­жатқа қол қойса, онда бұл бір керемет нәрсе бо­лар еді. Ресейдің уланған жерді залалсыздандыру технологиясы сапасыз болғандықтан қазақстандық технология қолданылды. Та­мыз­дың он төрті детоксикацияның екінші са­тысы аяқталды. Мен өзімді жақсы қырым­нан көрсеткім келсе, шілденің екісі күні-ақ Ре­сейге барып, баспасөз беттерінде, теледи­дарда көрінер едім. Бұл имидж үшін жақсы, бі­рақ жұмыс үшін пайдасыз нәрсе... – деп бас­тады сөз басын. Жазу­шы Смағұл Елубай төгілген гептилдың мә­селесіне тоқталып келіп, халықтың бола­ша­ғы үшін алаңдайтын жағдаяттарды тізбелеп атап өтті. – Әлемдегі ең уланған елдердің бірі – Қа­зақстан территориясы. Ал сол елдің қа­лам­герлері үнсіз отырса, онда ұлт жоқ деген сөз ғой. Сын әр кезде де айтылған, айтыла бе­реді де. Бұл қалыпты жағдай. Мен саған бір сұрақ қойсам. Қазақстан уран бойынша әлем­дегі ең бай ел. Кейбір жерлерде ол ашық әдіс­термен де алынып жүр. Уран өте зиянды еке­нін өзің де білесің. Сол элемент алынып жат­қан аймаққа белгілер қойылған ба? Оны ба­қылап жатқан кім бар? – деп сұрақ қой­ды.
Нұрлан Қаппаров:
– Министрліктің қарамағында эколо­гия­лық бақылау жасайтын комитет бар. Он­да бүкіл Қазақстан бойынша алты жүз­ге жуық инспектор жұмыс істейді. Уран өндіретін аймақтарды тексеру үшін мықты құрылғылар керек. Қазір Үкіметтен сондай құрылғыларға ақша бөлуін сұрап жа­тырмыз.
Смағұл Елубай:
– Тағы бір нәрсе! Кезінде әлемнің атом станцияларынан шыққан уран қал­дықтарын біздің елге алып келіп көму тура­лы әңгіме шыққан. Бүйтіп бей-жай отыра берсек, ертеңгі күні жер-жаһан қо­қыс­тарын көметін мемлекетке айналып кетуіміз мүмкін.
Нұрлан Қаппаров:
– Бұндай маңызды мәселелер тек қо­ғаммен, зиялы қауым өкілдерімен, журналистермен, билікпен бірлесе шешіп, тал­қы­­ланады. Бірақ бүгінгі күні уран қал­­­дықтарын елге алып келу туралы сұрақ туындап тұр­ған жоқ. Қазіргі кезде уран руда­лары­ның ши­кізаты арзан. Егер болашақта Қа­зақ­стан сондай шикізатты өндіретін орта­лыққа айналып, өнімді қымбатқа сататын болсақ, керемет болар еді. Уран Қызы­лор­да, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан, Маң­ғыстау облыстарында өндіріледі, – деп бір түйіндеді де Елбасының жарлығымен бекітілген Қазақстанның дамуына үлкен серпіліс беретін «Жасыл экономика» тұжырымдамасы турасында сөз қозғады. – Әлемнің бәрі «Жасыл экономикаға» кө­шіп жатыр. Қазір капитализм! Адамның бәрі пайда табу үшін жұмыс істеуде. Біз эколо­гия саласын жаңа деңгейге көтеруі­міз керек. Болашақта экология бизнеске айналғаны жөн. Тұрғындар осы бизнеске кірігіп кетсе, көшеде қоқыс болмайды. Кеңес кезінде Партия индустриализация жасаймыз деп экологияны соңғы орынға сырғытып жіберген еді. Кезінде Алматыда Қоқыс өндіретін зауыт ашылған. Бірақ ол қазір жұмыс істемейді. Себебі, қоқыстар қайда өңделеді, қай жерге апарылады, қандай өнім алынады деген мәселелер ескерілмеген болып шықты. Бір жақсы кәсіпкерді тартып, оған қаладағы қоқыс­тардың бәрін жинап, кәдеге жарат десек, ол қуана-қуана келіседі. Көшеде теретін қоқыс қалмайды. «Пәленше тонна болса, осынша ақша аласың. Салмағы аз болса, ақшаны да аз аласың» деген принцип жұмыс істей бастайды. Қоқыс үшін коммуналды төлемдер қосылып, тарифтер өзгереді. Қоқыстардан өнім жасайды (пластик, қағаз, электр құрылғылары). Гон­кон­гқа барғанымда Қоқыс өндіретін зауыттарының басшысымен кездестім. Ол кісі қоқыстарды кемемен Америка арқылы алып келеді екен. Себебі, өз елінде қал­дық­тар қалмаған. Қоқыс өндіретін зауыт Қазақстанның жиырма қаласында салынатын болады. «Жасыл экономика» тұжы­рымдамасы су, энергетика және қалдық­тарды өндіру сияқты кешенді бөліктерден тұрады. Ал енді су мәселесіне келсек, Қазақстандағы судың жағдайы қиындау. Біз­ге шетелден келіп жатқан судың мөлшері 44 кубо-километр. 2030 жылға дейін судың мөлшері азаяды да, сұраныс көбейеді. Қытай Ертіс пен Іленің суын қатты пайдаланып жатыр. Егер алдын алмасақ, Балқаш «екінші Арал» болғалы тұр. Кеңес кезінде Балқашта 112 кубо-километр су болған. Қазір бұл цифр 77-ге түсті. Одан кейінгі қауіп Ертіс-Іле бас­сейні­нің тартылуы болмақ. Жақында Елбасы­ның бұйрығымен біздің министрлік Қор­шаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігі болып жаңармақшы. 2005 жылы біздің қарамағымыздағы Су ко­митетін Ауыл шаруашылық министрлігі өзіне алған болатын. Ол комитет бұрыннан біздің министрліктің құрамында еді. Ғалымдардың болжамы бойынша 2100 жылы әлемде ішетін су қалмайды екен. Соңғы қырық жылдың ішінде Қазақстан мұздықтарының 35-40 пайызы еріп кетті. Бұл – қауіпты тенденция. Сондықтан судың бағасы төмен болмау керек. Себебі, бәрі арықтарды өзіне қарай бұрып алып, мақта суғарады. Әйтеуір білгендерін істей­ді. Су жерге сіңіп кетпес үшін пластик трубаларын салу керек. Ұзындығы 200 километрдей қондырғылар орнатып, бизнесмендерді сол жаққа тартсақ, тұрғындар оған тариф бойынша ақша тө­леп, су алып тұратын болады. Сонда ғана олар үнемдей бастайды. Еліміздегі бір­шама салалар нарықтық қатынастарға бейімделе бастағанымен, суға деген қаты­насымыз әлі Кеңестік жүйе шеңбері­нен шыға алмай келеді. Бағдарламаның үшінші бөлігі – энергетика. Біз әлі күні көмір өндірісімен айналысып, 80 пайыз тұтынамыз. Кеңес кезінде әр республи­ка­­ға әл-қуатына байланысты қуат көздерін бөліп берген. Бізге көмір өндірісі бұйы­рыпты. Мәселен, Қарашығанақ пен Қашағаннан газ тартылуда. Біз Ресейге 80-100 доллардан газ жеткізіп тұрамыз. Одан да соны алып өзімізге неге пай­да­лан­басқа. Көмірдің зиянды жері ол ауаға диоксидтер шығарады. Осының әсерінен жылына алты мың адам қайтыс болады. Бүгінгі энергетика саласына өзгерістер қажет. Станциялар салынғанда 25 пайыз газ, 25 пайыз су, 25 пайыз жаңартылатын энергетика көздері (күн мен жел) пайдаланылуы керек. Энерго-станциялар үшін көмір емес, газ тиімді болғалы тұр. Өйткені, бағасы екі есе арзан. Түтіні де жоқ. Табиғи ресурстарды да тиімді пайдалануымыз қажет. Себебі, еліміздегі жел мен Күннің күш-қуаты сағатына 1 триллион киловатты құрайды. Сонда біз 100 миллиард киловат өндіре аламыз. Мүм­кіндігі бойынша ол дегеніңіз әрқай­сысы еліміздегі шыға­ры­лып жатқан бүкіл энергия көздерінен он есе артық деген сөз. Әлемде 2000 жылдан бастап энергия көздері 85 пайызға арзандаған. «EXPO-2017» кейін үлкен өзгерістер күтіліп отыр. «EXPO-2017» өткен соң 2017 жылы Қазақстанда «Жасыл энергетиканың» революциясы болады деп жоспарлап отырмыз. 2020 жылы көмірді ешкім пайдаланбайтын болады. Себебі, басқа табиғи энерго-көздері арзан, тиімді, экологиялық таза болмақ. Интернетті қарап отырып «EXPO» туралы көп жағымсыз сөздер оқып жатамын. «EXPO» шығын емес. Бұл – елімізге үлкен серпін беріп, жаңа жұмыс орындары мен жаңа өндірістің келуіне ықпал ететін жәрмеңке. Осы «Жасыл экономика» ТМД елдері мен Орталық Азияға біз арқылы тарайтын болады. Финляндия, Германия, Америка, Монако княздігі біздің бағдарламамызды қолдап жатыр.
Смағұл Елубай:
– Кеңес кезінде артезиан құдықтары қазылып, зерттеле бастаған. Бұл жағдай қазір қалай?
Нұрлан Қаппаров:
– Зерттеліп жатыр. Жақында Америкадан Геологиялық зерттеу орталығының мамандары келді. Өз мамандарын тыңдасаң, «су ана жерде бар, мына жерде бар» деп айта береді. Бір нақтылық жоқ. Сондықтан біз су ресурстары мен бұлақ­тарды тіркейтін карта жасамақшымыз.
Жұмабай Шаштайұлы:
– Алексей Песков қайтыс болғанда бүкіл орыс күңіренді. Үлкен басқосуларда экология тақырыбы бізде қазақтың ұлттық болмысынан ажыраған. Көшпенді өркениетіне табиғатқа деген қазақтың жаны тым нәзік еді, көшіп-қонғанда ескі жұрттың орнын тазалап кететін. Қазір барып көріңізші, қаладағы қоныстан аумайтын көрініс. Песков отырса Путин бірінші сол кісіге барып амандасып, оңа­ша сөйлесетін көрінеді. Ал біздің бүгінгі журналистика адам қынжыларлық жағдайда.
Нұрлан Қаппаров:
– Иә, дұрыс айтасыз, аға! Жалпы, қа­зақ тарихына үңілсек, елімізде «Жасыл экономика» деген тұжырымдаманың негізі бұрыннан қаланғанын байқаймыз. Табиғатпен бірге біте қайнасқан қазақ ұлты айналасындағы нәрселерге қиянат жасамаған. Далай Лама: «Қазақтарға Құдай барлық қазба байлықтарды берген!». Неге? Себебі, қазақ Табиғат-анаға қылшықтай да жаманшылық жасамаған деген екен. Расында да киіз үйлерде тұр­дық. Қалалар салмадық. «Жасыл экономика» бізді осындай жақсы нәрселерге тәрбиелей отыра, ақша жасауға мүмкіндік тудырады. Жақында жаңартылатын энергия көздері туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мысалы, электр желілері жоқ шалғай ауылдар немесе шаруа қожалықтары бар. Сол тұрғындар күн немесе жел станцияларын сатып алып орнатса, мемлекет 50 пайызын төлейді. Үшінші индустриялық революция деген ұғым бар. Энергияның бәрі табиғи энерго-көздері арқылы өндірілуі үшін. Әр үй шағын электр станциясымен қамтамасыз етіліп, ақылы электр-жүйелері енгізілу керек. Мәселен, токтың күш-қуаты бір жерінде аз болса, бір жерінде көп болады. Компьютер соны тиімді бөліп отырады. Тұрғындар бір-біріне жүйе арқылы артық энергиясын беріп отыратын жағдайға жетеміз. Энергияны сақтайтын құрылғы­лар жасалынады. Біз пайдаланып жүрген батареялар бұл өндірістік сипаттағы дүниелер. Ал мына күн батареялары басқаша. Олар күннен қуат алады да кешке жұмыс істеп тұра береді.
Смағұл Елубай:
– Он жылдай Прагада тұрдым. Пәтер­дің есігін ашсаң жарық жанады, жапсаң өшеді. Ал бізде күні-түні жанып тұрады. Бұл – масқара ысырапшылдық...
Нұрлан Қаппаров:
– Энерго тиімділік деген ұғым бар. «Жасыл экономика» бағдарламасында бұл нәрсе де ескерілген. Энергияны ең көп пайдаланатын үш жер бар. Бірінші – тау-кен орындары, екінші – теміржол және қоғамдық көліктер, үшінші – тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы. Мысалы, көппәтерлі үйді алсақ. Энергия үнемдей­тін лампа қойсақ көп ақша ғана емес, электр энергиясын да үнемдейміз. Қыста үйде жылу ұсталу үшін тесік жерлердің бәрін жабу керек. Сонда бір үйді жылытуға аз энергия жұмсалады. Сондай іс-шараларды жүзеге асыруымыз керек. Тұжырым­да­ма­дағы бір бөлім қаланы ластап жатқан қоғамдық көліктерге арналған. Ең ластанған қалалар – Алматы мен Шымкент. Болашақта газ бен электро-моби­льдерге көшудің жолын қарастыру керек. Және ол жұртшылық үшін пайда алып келуге тиіс. Көлікті газбен жүруге ауыстыру үшін қаражат қажет. Егер пайда болмаса ешкім ауыстыруға құлқысыз болып шығады. Газдың бағасы бензиннен неғұрлым көп болса, жүргізушілер газға ауысуды ойланады. Себебі, айына ол 10 мың теңгеге жанармай құйса, газға 5 мың теңге кетеді. Сонымен қатар, тезірек бензиннің «Еуро-4» стандартына көшуіміз керек.
Айдос Сарым:
– Экологиялық сана деген ұғымды қалыптастыру үшін журналистеріміз осы тақырыпта мақалалар жазу керек. Айтайын дегенім, журналистерді шетелге жіберіп, кәсіби деңгейін көтеріп, курстар оқытып, дайындасақ қалай болады екен?
Нұрлан Қаппаров:
– Бұл мәселе де күн тәртібінде тұр. Себебі, халыққа біздің жұмысымызды, жалпы, экология туралы түсінікті кеңінен насихаттайтын журналистер қауымы ғой!
Қоғабай Сәрсекеев:
– Біз бүгін үлкен лекция тыңдадық. Сенің осы бастамаңды толығымен құптаймыз.
Нұрлан Қаппаров:
– Министрлікте Қоғамдық кеңес бар. Онда түрлі экологиялық тақырыптар қозғалады. Осы орайда, экология тақыры­бында бәйге (проза, публицистика, деректі фильмдер) жарияласақ. Сол Кеңеске мүше болсаңыздар деген ұсыныс айтқым келіп отыр.
Қоғабай Сәрсекеев:
– Осы бәйгені жеделдетіп жариялау керек. Көптеген журналистер жазсын, көрсетсін. Сонда халықта да экология туралы біршама түсінік болады.
Жұмабай Шаштайұлы:
– Таңғалатын нәрсе, әдебиетімізде табиғат көріністерін жазатын жазушы жоқ екен. Бізде табиғатты білмейтін адамдар көбейді. Батырлар жырын білмейтін қазақ, табиғатты да білмейді деп ойлаймын. Жалпы, біз табиғаттан алыстап барамыз. Сондықтан басты басымдықты проза мен публицистикаға беру керек.
Нұрлан Қаппаров:
– Елбасының тапсырмасы бойынша 2040 жылға дейінгі Су стратегиясын жос­парлап отырмыз. Су тапшылығының алдын-алу мәселесі осы жерде қаралып жатыр. 2030 жылы 14 кубо-километр, 2050 жылы 20 кубо-километр су тапшы­лығы болады. Ақмолада (Бұзылық, 1 кубо-километр су сақтай алады) бір жасанды көл, Жамбыл облысында үш көл саламыз. Бұл Қырғызстаннан су тәуел­ділігінен қашудың амалдары. Быстроток деген өзен бар. Оның 14 шақырымы қырғыз территориясы кіреді де қайтадан біздің ел арқылы өтеді. Соңғы бес жылда қырғыз ауылдары бөгет жасап, суды біз жаққа жібермеуде. Әр жаз сайын соларға жалынышты болып отырмыз. Сонда Қазақстан­ның 3 мың гектары сусыз қалады. Қыр­ғызстан Су ми­нис­трлігіне хабарласып, жағдайдың мән-жайын біліп, бөгетті ашуын сұрасам: «Ол бізге емес, халыққа байланысты. Біздің елде демократия. Халыққа қиянат жасай алмаймыз...», – деді. Мен Премьер-Министрге жолығып, жоба бастадық. Өзен ағып жатқан 14 километрді бұрып, өз жерімізде ағатындай қылып жасаймыз. Көксарай мен Арнасайды су қоймаларын салдық. Бұл бізге суды мол сақтауға мүмкіндік береді.
Әлем Президенттері басқосқанда талқыға түсетін екінші мәселесі – экология, әлемдік экология, әлемдік флора мен фауна, теңіз бен мұхит, ауаның ластануы­ның мен су тапшылығы. Ал біздің елде неге экология соңғы орында? деген сұрақ туады. Жан экологиясы, тән экологиясы қабысқан кезде ғана жалпы экология деген түсінік туады. Бірақ экология әр қазақтың қанында, тегінде, жүрегінде сақталғаны бесенеден белгілі жайт! Біз бүгін көптеген тұщымды әңгімелер, орынды ойлар тыңдадық. Соны сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз, қадірменді оқырман!

Әзірлеген Әлібек БАЙБОЛ

"Қазақ әдебиеті" газеті

0 пікір