Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Әдебиет 2215 1 пікір 16 Қазан, 2023 сағат 13:37

Жанат Ахмади. Аға туралы сыр

Ол кісіні бір ақынның асына барғанда көрдім. Шығармаларынан қазақтың сөздерінің небір шұрайлысын, небір құйқалысын кездестіріп, оқиғаны суреттегенде небір оңтайлы тіркестерді орайластырып, мағынасын дәл беретініне таң қалатынмын.

Кең маңдайлы, жылы жүзі нұрлы адам екен. Қасында жан жары Рауза тәтей де бар. Топты адамның арасынан өтіп, үлкен ілтипатпен амандастым. Ол кісі сұраулы кейіппен күлімсірей сәлемдесіп, ұсынған қолымды ұстап, қарап қалды. Танымай тұрғанын байқап:

− Жанар Әбдішова. Әңгімелер жазамын! − дедім қысылыңқырап.

− А‑а, − деді ол кісі, − иә, сені газет, журналдардан жиі оқып жүрмін,  бірақ суретің қалай? − деді даусын бәсеңдетіп.

−Иә, аға, содан басқа жөнді сурет жоқ менде! Жас кезімдегі...– деп, күліп жібердім.

***

Кестелі сөздеріне қызығып, кітаптарын тауып, оқи бастадым.

Жанат Ахмади осыдан жиырма жыл бұрын Қазақстанның егемендік алғанына он жыл болған мүбәрәк тойын атап өтіп жатқанымызда, «Алтын тұғыр –Тәуелсіздік» атты заманауи хикаятын жазыпты.

Оқиға 2001 жылдың көктемінен басталады. Тәуелсіздік алған еліміздің тыныс‑тіршілігі абыз ақсақал Байжан қарттың көзімен таразыланып, болашақтан үлкен үміт күтеді. Кемшіліктер де көзіне бадырая көрініп, бірінші басшыға жеткізбей, көздері көр болып, аузын буған өгіздей, ұйқылы‑ояу,  ішкен‑жегеніне, кигеніне мәз болып, босқа отырған «халық қалаулыларынан» көріп, зығырданы қайнап, жаны ауырады.

Байжан қарттың жай‑күйінен бүкіл қазақ халқының бейнесін көргендей боламыз. Жап‑жақсы басталған ізгілікті, ауқымды жұмыстардың аяғы осылай күмпілдеген құры сөзге, бос уәдеге айналып, су аяғы құрдым болып, кері кеткенінде, әр қазақтың осылай ойлағаны хақ...

Сұңғыла жазушы Байжан қарттың «халық қалаулысы» болған кенже ұлы Бектөренің іс‑әрекетінен, түк көрмеген жерден шыққан келіншегі Арайгүлдің жасанды кербездігінен, қолдан жасалған «ақсүйексымақтығынан», соларды қоршаған ортаның бірін‑бірі жек көріп тұрса да, көздеріне қарап, өзгере қалып, көлгірси мақтап, лауазымы жоғарыларға жағымпазданып, соларға жетсем, шамам келсе содан ассам деген пендешіліктерін, екіжүзділіктерін көреміз.

Бектөренің қасындағылар жақсы айтып жатса да, жаман айтып жатса да, әкесінің сөзімен айтсақ, «қабағы қос қыртыстанып тұратын, салқын жүзді секемшіл депутаттың аузын бағып, сырғақтап, үндемей құтылатын» бейнесін көреміз. Баласының осы кейпінен шошынған, тәуелсіздікті жан‑тәнімен аңсай күткен қырағы қарттың сақ баласының ар‑ұжданын ояту үшін «депутаттыққа ұсынған кезде, бағдарламаларыңдағы айтқандарыңды істесеңдер пейішке шығар едік... «Ауызбен арыстан алып, қолымен қосаяқ соқпайды» дегеннің керін келтіріп отырсыңдар!» деген сөзін де үнсіз тыңдағанын көреміз.

Жоғары лауазымды шенеунік баласы ғана емес, келіні Арайгүлдің де бұрынғы мінезінен жаңылып, басқа бір маңғаз, мысымен, дастарханымен, мүлкімен, артықтығымен айналасындағыларды басып, бәсекеге түскенін әкесінің көзімен байқаймыз.

Байжан қарттың баласынан күткен «елді жарылқайтын ерлігі» орындалмайтынын оның «ойламай айтып, көздемей атса да, солардікі жөн  болып шығатынын, басым дауысты «немкеттілердің» жуан ортасында  салқын сумен шайынып, жылы сөз естіп, жүре бергісі келетінін» өз аузынан естігенде үміті үзілгендей болады. Сол кезде ұлына қарап, «адам сескенерлік сыртқы айбаты − анау Астанадағы жұмсақ орындығына сәйкес бедел бояу тәрізді. Тіпті, үстіндегі асыл киімдеріне дейін саясатпен жымдастыра оранып алған бедел тон – мәртебесі секілді» деп ойлайды.

Баласына, келініне қарап отырып: «өз әлінше бақыттан басы айналған Бектөре тәрізділер былайғы қара халықты ойлап қайтеді?» − деп түйін жасайды.

Тағы бір жағымсыз кейіпкер ретінде сомдалған, қартқа аталас ағайын болып келетін Сақтапбергеннің сөзімен қоғамымыздың қордаланып келе жатқан кемшіліктерін, басшылардың ашкөз, жемқор, парақор, аярлығынан, жаны ашымас көрлігінен еліміздің даму орнына кері кетіп, халықтың жадап‑жүдеп, қайыршылыққа, кедейшілікке ұшырап бара жатқанын жеткізеді.

Сөзін «Үкімет пен Президент не қарап отыр?» деп бастайтын Сақтапбергенді автор ата‑бабасынан бері талайды зар еңіреткен қатігез адам ретінде қара бояуды аямай‑ақ жағып суреттейді. «Халық қайыршылыққа жетіп болды!» деген сөзді Сақтапбергеннің аузынан естиміз. «Егеменді ме, жоқ кемеңгерлер дегеніміз – жемеңгерлер боп шығып, «жегеменді» ел болар ма екеміз! Қазақстанның бар байлығын үптеп сатып болғаны анау! ...Сұрауы болар!» деген сөзді де сол айтады.

Бірақ кезінде Шығыс Түркістаннан туған жерді аңсап келгелі «үш әріптің» назарына ілігіп, теперішті көп көрген автордың отыз жылдан кейін шындыққа айналып, мойындалған сөздерді сол кезде Сақтапбергеннің аузына салуы басына қара бұлт үйірілмеуі үшін өзінше жол табуы, сақтануы  деп ойлаймын.

Тәуелсіздігіміздің он жылдығын тойлап жатқанда, кейіпкердің «Қызметтің буымен кемеңгер болып отырғанның көбі – «жемеңгер!» деген сөзі атылған оқпен тең емес пе?

Себебі осы хикаят жарияланған «Әкбар салған соқпақ» деген кітап «Қазақпарат» баспасынан 2020 жылы жарық көрген екен.

Заманауи тақырыптарға қалам сілтеп жатқан жазушылар көп. Ал, жазушы Жанат Ахмадидың ерекшелігі – сауатсыз басқарудың арқасында, қоғамымыздың дамымай, тоқырауға ұшырауына себеп болған, ұлт байлығын талан‑таражға салып, халықты қайыршылық жағдайға жеткізген,  Отан алдындағы өз міндеттерін ұмытып, «төбемізде отырған», өз жағдайын күйттеп, баю, күпсіну, қонақ шақыру, жағымпазданып пайда табумен айналысқан, ішкен‑жегеніне мәз болып, бірімен‑бірі жарысып, дүние жинаған, намыссыз тобырдың, ақыры ұйымдасқан жемқорларға айналған, шоғырланған тоғышар шенеуніктердің бейнесін сомдауында дер едік.

Хикаяттың ақырында Сақтапбергеннің шенеуніктердің «тірлігінен» түңілдіретін сөзінен бе, әлде «иірімге» түсіп кетіп, «немкеттілердің»  қатарына қосылып, көптің біріне айналған, намыссыз ұлының креслода отырған, қауқарсыз, тірі қуыршаққа айналғанынан ба, әлде ата‑бабамыздың ғасырлар бойы армандаған Тәуелсіздігімізге жемқорлардың арқасында қауіп төніп тұрғанын білгеннен бе, көпті көрген, көнекөз қарт Байжан жүрек талмасынан қайтыс болады.

Байжан қарт бақилыққа аттанғанда, бірталай жұрт «өкіметке бір табан жақын» отырған Бектөредей баласы болмағанда, қоңыртөбел өмір сүріп жатқан жазушы ұлы үшін парламент шонжарлары, Астананың, Алматының басшы орындарынан аяғын байымдап басқан бірталай мырзалары келер ме еді деген ойға қалады.

Осы үйдің отымен кіріп, күлімен шығатын, кемпір‑шалдың барлық тауқыметін талша мойнымен көтерген, жазушы ұлы Нұртөренің келіншегі Ғайшаға көңіл айтпақ тұрмақ, әлгі шіренген ханымдар кімсің деп те қоймайды... Олар қасын керіп, көзін кіртитіп, кісімсіп, «образға кіріп» тұрған Арайгүлді айнала қоршап, соның көзіне түсіп, осында бір көрініп қалуды қамдастырғандай дейді автор...

Бәрі шындық, бәрі күнде көріп жүрген өміріміз... Күштіге, барға, байға жалпақтау қанымызға сіңіп, адами құндылықтар көмескіленіп барады.

Сондықтан саналы адам құлдық санадан құтылуы керек.

Жанат Ахмадидың бұл хикаятын оқыған соң, ар‑ұятың оянып, жағымпазданудан, көпірме бос сөзден жүрегің шайлыққандай күй кешесің.

Адам болып қалу ең қиыны екенін түсінесің. Осындай туындылар халықтың намысын оятып, қоғамды өзгертуге, күреске бастайды.

Жанар Әбдішова,

Жазушы. Жазушылар одағының мүшесі. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. 15.08.2023 жыл

Abai.kz

1 пікір