Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Әдебиет 2190 2 пікір 9 Қазан, 2023 сағат 12:22

Әуезовтің «Қоңыр анасы» – Бөріліге келуі

Әуезовтану

Бөрілі – Семей қаласынан сексен шақырым тұста орналасқан елді мекен. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов туған жер. Ұлы суреткердің музейі алдында бір төбе бар. Онда үлкен тасқа «Мұңлы қоңыр туған анам, туған жерім Бөрілі» деген сөздер қашалған. 1943 жылы Мұхаң қатты қамығып отырып айтқан бұл сөздерді жанынан бір елі қалмай ерген адал шәкірті Қайым Мұхаметханов қойын дәптеріне түсіріп алған.

Мұңлы қоңыр... неге? Әуез ата немерелері арасында бала Мұхтар қара түсті, қоңыр болуымен ерекшеленген екен, ауылдастары оны «Қоңыр» деп атаған. Туған жері Бөрілі де қоңыр еді. Бұл аумақты қоңыр түске бояған – қалың өскен қараған. Сол қоңыр жыңғылды кәдімгі қасқыр тасалап, өріп жүрген, жердің «Бөрілі» аталғаны содан. «Мұңлы» сөзінің мәнісі төменіректе.

Мұхаң туған өңірі Шыңғыстауға 1926 жылдан соң жиі қатынай алмаған. Дәлдісін айтсақ, үш-ақ рет қана (1943, 1945 және 1957 жылдары) ат басын тіреген. Аға ұрпақтың есінде сақталған, хабардар болғаны – осы сапарлар. Кейінгі екі сапардың ерекшелігі – олар шығармашылық емес, Мұхаң республика көлемінде аталып өткен Абайдың 100 жылдық және өзінің 60 жылдық мерейтойына байланысты келген болатын. Ол той күндері, әрине, үнемі дүбірлі қауым ортасында өтті.

Сонымен, төменде негізінен жазушының Шыңғыстауға 1943 жылы келген сапарын сөз етпекпін. Оған шекті, 1927-1943 жылдар аралығында, яғни 17 жыл бойы Мұхаңның табаны туған жері Шыңғыстау өңіріне тимеген! Қалайша? Неге? Алдымен осыған, сол кездің тарихи ахуалына тоқталайық.

«1930 жылы жаз айында, – деп есіне алады Мұхаңның жерлесі Нығмет Мағауияұлы деген азамат, – Семейге оқуға кеткенімде халық қолында мал дегенің баршылық еді. Бір жылдан кейін ауылға қайта оралсам, қолда мал түгіл, үрерге ит те қалмапты. ...Халық елден безіп, әр тарапқа жаяу кетсе, кейбіреуі тау ішін пана етті, мұны «банда» деп атады. Босқындар ішінде мені де ұстап әкеп, ГПУ-ге тапсырды. Осынау лаңды басқарып, ұйымдастырушы – Абзал Қарасартов болатын-ды. Ол – осы кезде ГПУ бастығы» (Н. Мағауияұлы. Шәкәрім қажыны көрдім // Жұлдыз. -1993. №4).

       Алапат аштық құйыны кең байтақ қазақ даласын шапшаң орағаны соншалықты, бір-ақ жыл өтпей-ақ жаймашуақ тіршіліктің ойран-топыры шыққан. Айрандай ұйыған елдің жартысына жуығы жалмаған. Неткен зұлмат десеңізші! Бұл – қазақ елін билеп-төстеген Голощекин қолдан ұйымдастырған ұлттық геноцид екені белгілі. Сол 1931 жылы Тобықтының 70 адамы Семейдің түрмесіне жабылып, көп ұзамай бәрі де атылды. Атылғандар арасында – Абайдың Әйгерімнен туған баласы Мекайыл (Мекеш), Оразбайдың баласы Медеу болыс (Тұрағұлдың құдасы), Медеудің баласы Санияз болды.  Атылудан аман қалған барша Құнанбай нәсілдері, яғни Мұхаңның ең көп араласқан дос-жараны, сондай-ақ, Әуез қожа ауылының тұрғындары 30-шы жылдардың басында бас сауғалап, әр тарапқа тентіреп кеткен болатын. Сөйтіп, Мұхаң ел ішінде «жақыным, туысым» деп іздеп баратын, «бірге өскен қимас дос-жараным, ұялас құрбы-құрдасым» деп бауырына басатын кісі аз, тіпті жоқтың қасы еді. Міне, Бөріліге он жеті жыл келмеуінің жұмбағы осы арада.

Міне, енді М. Әуезовтің 1943 жылғы сапарына келейік. Ол жайында Қайым Мұхаметханов өзінің «Ұлы ұстаз, қамқор аға» атты естелік мақаласында толымды түрде жазады (Қ. Мұхаметханов. Ұлы ұстаз, қамқор аға // Абай. -2004. №2). «1943 жылы февральдің аяғында жазушылардың үшінші пленумына келдім, – дейді Қайым аға. – Пленумнан кейін біраз уақыт Мұхаңның үйінде болдым. «Абай» романының екінші кітабын жазуға кіріскен екен. Көп әңгіме айта келіп, Мұхаң: «Елге бармағаныма он жеті жыл болды, жаз шыққан соң, аманшылық болса, елге барып қайтам, – деді» (Міне, Шәкеріммен соңғы рет жолығысқан 1926 жылдан соң елге келе алмадым дегенді жазушының өз аузынан естіп отырмыз).

Сөйтіп, Мұхаң бара алмай, құса болған туған өңірін 1943 жылдың жазында бір ай бойы армансыз аралаған ғой. Бұл таза шығармашылықты көздеген сапар еді. Қасына жазушылардан Есмағамбет Ысмайлов, Сапарғали Бегалин және Полоцкий деген кинорежиссер мен Бақи Урманче деген суретші ерген екен. Шілде айында басталған сапар мақсатын майдандағы іні-шәкірті Мәлік Ғабдуллинге жазған хаты толықтай ашады: «...Қыс бойы, осы шаққа шейін де көп жұмыс істеп ем. Қаладан шықпай, колхозды да көптен көре алмадым. Сондықтан бір жағы демалыс, бір жағы жүріс Абай ауданына жүрейін деп отырмын. Жолдастарым жақсы – Есмағамбет пен Сапарғали Бегалин. Августың 15-інде қайтып келеміз. Бұл барыста романның екінші кітабына керек пейзаж, көріністер, табиғат ерекшелігі сияқты бояуларды, әсіресе, айырықша жия қайтпақпын. Бұрын роман жазбай жүргенде өз ауданым, жалпы біліп жүргенім жеткілікті сияқты еді. Арнап, қадағалап суреттеуге кірген дегенде қайта қарап, сол Жидебай, Түйеөркештерді қайтадан көріп алу сияқты алмақ мағлұматтарым бар».

Сонымен, Алматыдан шыққан қонақтарды Қайым аға Аягөз қаласында тосып алған. Жолаушылар Аягөз бен Қарауыл арасындағы бірнеше елді мекен – колхоздарға асықпай аялдап, аудан орталығы Қарауылға жетеді. Осында Мұхаң екі-үш күн дем алып, тынығып алғанды жөн көреді. Онан соң жолаушы топ тағы ел аралауға шығып, қиыр жатқан Бақанас жайлауына бағыт алады. Осы мезетті Қакең былай деп жазады: «Ақбайтал асуынан асып, Шыңғыстың сыртына шыққанымызда Мұхаң көңілденіп:

– Міне, Абайдың нағыз өз қонысына, өз жайлауына жаңа жеттік, – деп Абай ауылының кең жайлауын әңгіме етті». Ұлы жазушының осынау хош көңілінен, Бақанас жеріне сағынышы өзгеше екені сезілсе керек-ті.

Қарауыл селосының тұрғыны, қазір көзі тірі Манатай Толғанбайұлы өзінің «Әкем туралы әңгіме» атты естелігінде былай деп дерек береді: «Елге келген соң, қасына әкем Балтақай мен Қабыш Кәрімқұлұлын ертіп алып, Шыңғыс тауының Бауыр, Сыртын түгел аралап, Абайдың қыстау еткен мекені, жаз жайлауы, күз күзеуі, өріс-қонысын аралаған, сай-саланың бірін қалдырмай сүзіп өткен».

Бір айға созылған сапардың ең соңында Мұхаң туған жері Бөріліге келеді. Бұл күндері қасында жалғыз серігі – Қайым Мұхаметханов қана қалыпты. Сонан Абай ауданындағы жалғыз көлік – бір жүк мәшинесімен Мұхаң екеуі Қасқабұлақ ауыл кеңесіне қарасты Тазабек деген ауылға жетіп, түсіп қалады. Басқарма төрағасы Сақалұлы Исатай (Жөкең ішіндегі наз руынан) деген кісілікті кісі қойын сойып, түстік береді.  Мұхаң Бөрілі-Аралтөбе-Тышқанға барғысы келетінін айтып, төрағадан екеумізге екі ат және бір атшы ертуін сұрады дейді Қайым аға. Төраға қарауылдық Кенжетілеу Доланбекұлы деген азаматты қосады, осымен, үш аттылы Бөріліге бет қояды. Манадан көңілі шалқыған Мұхаңның еңсесі түскен, үнсіздік басқан сәт осы кезден басталған. Қаражырықтағы бейіт, бірер қора орнына біраз айналып, жолаушылар Бөріліге жетеді.

«Бұл орынға менің бірінші келуім еді, – дейді Қакең. – Бөріліде бір жан, бір мал ұшыраспады. Мұхаңның қыстауы аңғай-саңғай. Есік-терезесі ашық, сылағы түскен. Көріксіз-ақ! Мұхтар бұрынғыдан да тұнжырап, түсі қара барқын тартып, еріні көгеріп, аттан түсті». Үш жолаушы үй-жайдың ішіне кіріп, маңайды түгел аралап, марқұмдардың басына құран-дұға оқиды. «Мұхаң екінші төбедегі Арынбек, Ағзам қораларын сыртынан айналып шықты, – деп жазады Қайым. – Бұл қоралар маңы толған қабірлер екен. «Бұл жаманшылық жылы аштан өлгендер қабірі болса керек» – деді Мұхаң».

Мағжан Жұмабаев «Туған жер» атты өлеңінде былай толғаған екен:

Жаратылдым топырағыңнан, сен – түбім,
Жалғаны жоқ, бәрі сенен жан-тәнім.
... «Адам басы – Алла добы» деген рас,
Қалай қуса, солай кетер сорлы бас.
Кім біледі, мен де шетке кетермін,
Туған жерім, сені тастап басым жас.

Мұхаң да ауыр ой тұңғиығына батқан. Бір кездері ығы-жығы ел қонған, мыңғырған мал өрген құтты қоныс Бөрілінің көрінісі  көңілін мұздатып, жүрегін сыздатқаны анық. Айнала қарауытқан там-қоралар, көп қабірлер... Өзге дәнеңе де қалмаған! Тек Қарасу деген шағын көл жағасына барғанда ғана Мұхаң көңілі сәл жадырған екен. Түнде ақсүйек, алтыбақан, күндіз осы Қарасудың суына шомылған қайран күндерім-ай деп балалық шағын сағына есіне алды дейді Қайым аға.

Жаңа «жаманшылық жылы» деп Мұхаң алапат аштық айтқан. Оған саяси репрессия қосылды. Бөріліні мекен еткен Қожа ауылы тұрғындары қуғын-сүргінді Құнанбай ұрпағынан кем көрмеген. Әсіресе, 1931 жылғы Шыңғыстау көтерілісі кезінде коммунист Олжабай Шалабаевты Қожаханов Қарабала деген осы ауылдың тумасы өлтіргені бәле болып жабысқан. Сонан да болар, «Абай жолы» эпопеясында Мұхаң Бөріліні, Әуез атасын да атамай, айналып өтеді. Атасының Абайды пір тұтқанын, сырласы болғанын жақсы біле тұра сөйткен. Сталиндік қатігез заман қаһарын осыдан-ақ біле беріңіз.

Міне, осы айтылғандар классик жазушының Шыңғыстауға ұзақ жылдар неліктен бармағанын, мәселен, 1935 жылы Семейге келіп тұрып, өз ауданына соқпай кеткенін түсінуге жеткілікті сияқты.

Мұхтардың әке-шешесі – Омархан Әуезұлы мен Нұржамал Әбсаматқызы және аға-жеңгесі – Қасымбек пен Ғалия Ахметбекқызы  Бөріліде жерленген. Осы аталған аруақтар басына зират көтеру Мұхаңның  ойынан кетпеген арманы болған.  Ұлы жазушының 1957 жылы 60 жылдық мерейтойына келу  сапары үш күнге ғана созылды. Бұл сталиндік репрессия үрейі әлі  кетпеген кез. Қарапайым халық та, биліктегі азаматтар да әрнеге қарайлаған, екі қарап, бір шоқыған шақтұғын.

«Мұхаң 1957 жылдың 22 қыркүйегінде, кіші бесінде Қарауылға келді, – деп жазады шежіре қария Бекен Исабаев, – ... халықтық мерекелік жиынмен жүзбе-жүз кездесіп, лебіз білдіріп, мәдениет үйінде аудан өнерпаздарының ойын-сауығын тамашалап, түн түсе Балтақай үйіне келді. Күтімін көрді. Аудан басшылары бар, ... жиыны жетпістей кісі қонақ болды сол үйге. Сонда Балташқа аудан басшылығы қаражат бөлді деп отырсыз ба? Жоқ, ағайын!».

Жазушының ең зәру мәселесі – әке-анасының басына зират көтерудің де шешілмей қалғаны сол. Қарауылдық қария Манатай Балтақайұлы: «1956 жылы Мұхаң әкеме хат жазып, әке-шешесі және ағасы Қаскенің басына зират тұрғызуды тапсырды» дейді. Хатында олардың қай жерде жатқанын, кімнің қабірі қалай орналасқанын тәптіштеп сызып-жазып, зиратқа жергілікті материалды пайдалану керектігі айтқан. Сондай-ақ, қажетті қаражаттың көлемін жазып жібер деген екен. Әкем Балтақай Әрхам Кәкітайұлымен кеңесе келе, темір шарбақ жасатып, сонымен қоршаған тез әрі арзанға түседі деп шешті дейді Манекең. Бірақ бұған Мұхаң келіспепті. Таудың текше тастарынан қиюластырып, текшелеп өріп сәулетті етіп қалауды қалаған екен. Ақшоқыдағы Құнекеңнің зираты құсатып.

Сөз болған Мұхаң арманы тек қана 1997 жылы 100-жылдық мерейтойы қарсаңында орындалды.  Бөріліде әке-шешесі басына биіктігі 9,2 метр, ұшар басында айы жарқыраған әдемі кесене бой көтерді. Бір әттеген-айы, аға-жеңгесі – Қасымбек пен Ғалия Ахметбекқызының зираты әлі күнге қараусыз хәлде қалып отыр.

Ұлы жазушының 1943 жылғы Шыңғыстау сапары жайлы сөзіміз осымен тәмам. Бұл сапар қазақ әдебиетіне зор олжа салды. «Абай жолы» эпопеясы жөніменен. Туған өңірін бір ай бойы аралап, ел-жұртымен қауышты. Өзі айтқандай, «романның екінші кітабына керек пейзаж, көріністер, табиғат ерекшелігі сияқты бояуларға» көзі қанықты. Әсіресе,  ешбір тіршілік көрінісі қалмаған Бөрілі қыстауын ұмыта алмағаны хақ. Жаны жабығып, көңілі мұздап отырып, күбірлеген хәлде айтқан «Мұңлы қоңыр туған анам, туған жерім Бөрілі» деген жүректен «аһ» ұрып шыққан сөздер соның айдай айғағы дегіміз келеді.

Асан Омаров

Abai.kz

2 пікір