Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Аймақ 1180 1 пікір 2 Қазан, 2023 сағат 12:51

Қостанай қарияларын қалай ұмытып кетті?

Бізде бір жақсы дүние қолға алынса, оның аяғы дау-дамаймен аяқталатындығы жаман бір үрдіске айналған секілді. Міне, биылғы Қарттар күні мен Республика мерекесі бір айда қатар келіп, бір қуантып тастайтын түрі бар.

Оның үстіне еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ханым осы қос мерекеге қарияларды бір қомақты көмекпен жарылқайтындығын айтып, төбемізді көкке сәл жеткізбей тастады.

Мәселен, Астана қаласы, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан, Жетісу мен Ұлытау облыстары Қарттар күніне орай өз қарияларына 34 мың 500 теңге көлемінде бір жолғы материалдық көмек беретін болып шешіпті. Дәл осындай сый-сияпатты Ақмола мен Павлодар облыстары да даярлап отыр екен. Бұлардан қалғысы келмеген Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Абай облыстары өз қарияларын жаңағыдай ақшалай көмекпен бірге мерекелік азық-түлік себеттерімен қамтамасыз ететін көрінеді.

Ал біздің облыс ше? Әзірге тым-тырыс, баяғы сол «Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» деген қулықпен отыр. Әншейінде: «Біз Қазақстанда өндірілетін астықтың 25 пайызын береміз, біздегідей алып тау-кен өндірісі еш жерде жоқ, ал машина шығаруда бізге ешкім де ілесе алмайды», - деп бөркімізді аспанға атып, мақтанғанда жүрегіміз жарылып кете ме деп қорқамын.

Ал сөйте тұра, жаңа ғана ашылған, бізден асып бара жатқан байлығы жоқ Абай мен Ұлытау облыстарының өз қарияларын қалай құрметтеп жатқандығын көргенде жерге кіргендей халге ұшырайтындығың рас.

Біз соншалықты бейшара, тақыр кедей ме едік? Онда біз анау-мынау емес, әрқайсысы 4 миллиард теңгеден астам екі бірдей спорт ғимаратын салуға немесе «Тобол» футбол командасына жыл сайын 2 миллиард теңгені қайдан тауып жүрміз? Сірә, біздің облыстың басшылары осы жақында ғана Қостанайға келу салтанатына Республикалық бюджеттен бөлінген 12 миллиард теңгені қайда жұмсарын білмей миы қатып жүргенде, мұнда қариялардың бар екендігін сірә, ұмытып кетсе керек. Ондай ұсақ-түйекке біздің басшылар онша көңіл бөле бермейді. Оның үстіне жоғары жақтан ешбір сұрау болмаған соң, жүйкесін жұқартып қайтеді?

Айтпақшы Қариялар күні дегенде еске түседі, бізде осы зейнеткерлерді тұрған жеріне қарай алалау секілді жаман әдет бой алып барады. Мәселен, Астана қаласында сол шаһарада тұратын зейнеткерлер ғана автобуста тегін жүреді. Ал осында емделуге немесе басқа да себептермен келген қариялар жол ақысын толық төлеуге мәжбүр. Сонда астаналық зейнеткерлер бірінші сортты адамдар да қалған қазақстандықтар екінші әлде үшіншгі сортқа жата ма? Мұның өзі Қазақстан азаматының Конституциялық құқын бұзбай ма? Әлде Астанадағы бай-бағлан мен биік лауазымдылардың әке-шешелері елден ерекше жаратылған жандар ма? Мұны қалай түсіндік? Осыны жөнге салатын бір адам табылмағаны ма?

Жалпы жаман әдет жұққыш келеді емес пе? Әлдеқалай Алматыға бара қалсаңыз, қалтаңызда «Оңай» деп аталатын жол кәртішкіңіз болмаса, жүз тенгенің орнына екі жүз теңгені қалтаңыздан суырып бересіз. Өйткені сіз мұнда да екіншің сортты адамдардың қатарына жатасыз.

Иә, елімізде қарияларларға деген көзқарас осындай.

Жайберген Болатов

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1477
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1336
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1086
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1128