Сәрсенбі, 8 Мамыр 2024
Арылу 8782 80 пікір 29 Қыркүйек, 2023 сағат 14:52

Ресей ойбайға басуда: Қазақтар тарихтарын қайта жазып жатыр

Ресейдегі үш тарихи институт басшылары мен ат төбеліндей аз ғана тарихшылар: «Ресей мемлекеті құрамында болған әртүрлі халықтар мен аймақтар үшін Ресей отарлық империя болған жоқ, сондықтан, олардың тарихында «отарлық дәуір» де болған жоқ» деп уағыздаудан жалықпай келе жатқаны жасырын емес.

Тап осы мәселе мәселе патшалық дәуірде де, кеңестік дәуірде де еш талас тудырмай, енді өз жалғастығын Путиндік режім дәуірінде тіпті, көкке көтеріп жіберді. Қазір Ресейдің геосаясатына байланысты, бұрынғы Ресей империясы мен Кеңес Одағы құрамында болған, қазіргі тәуелсіз ұлттық мемлекеттер мен аймақтарды Ресей төңірегіне жинау мақсатында осындай ғылыми жалған тұжырым орын алып отырғаны бәрімізге белгілі. Осы ғылыми жалған тұжырымның қазақ еліне етек жаймауы үшін Қазақстан әрекетке көшті.

Иә, Путиндік Ресейдің тарихи амбициясын ескерген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың қаңтар айында «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Қазақстан тарихы бойынша жаңа ғылыми көзқарастар мен тұжырымдарды ескере отыра, жаңа академиялық басылымды дайындау керектігін» сөз еткен болатын.

Одан әрі Мемлекет басшысы аталған еңбек еліміздегі барша оқулықтардың түп негізіне айналуға тиістігін баса айтқан-тын. Сонымен осы бағыттағы ғылыми ізденістер мен талпынастырдың негізінде Қазақ тарихының 7 томдығы 2024 жылдан бастап жарық көре бастайтыны Ресей тарапынан қызу айқай-шу туғыза бастады.

Оларға ұнамағаны баспасөз конференциясы кезіндегі «Ертеден біздің заманымызға дейінгі Қазақстан Тарихының» жаңа академиялық басылымын дайындау орталығының басшысы Алтын Уалтаеваның: «Аштық 1917 жылдан басталған» және «V және VI томдарда отарлау кезеңіне айырықша мән беріледі. ...Қазақстанның КСРО құрамына қосылуын біз өз еркімен жасалған қадам деп келдік. Бұл кезде биліктегілер көрсетілген қарсылықтардың жігін жатқызып, түрлі халықтардың ассимиляцияға ұшырауын өз еркімен қосылу деп сипаттады», - деген сөзі болды.

Кеңестік дәуірге күйе жақпақшы деп ұлардай шулады. Шынымен солай ма!?

Ұлардай шулаған Ресей ғалымдары мен зияларына жақпай қалғаны – 1980 жылдың аяғынан бастап, әсіресе, тәуелсіздік кезеңінде Отан тарихы салаларында көптеген проблемалар жаңа көзқараспен қайта қаралып, жаңа тұжырымдар жасалды. Жаңа тарихи ұлттық сана қалыптаса бастады. Солардың бастыларын Abai.kz оқырмандарына тарамдап айтар болсақ:

- Қазақ мемлекетінің негізі тереңнен, ежелгі түркілерден, әсіресе, Алтын Орда ыдырағаннан бастау алатыны;

- Қазақ хандарының, батыр, билерінің ел тәуелсіздігі үшін күресінің мәні мен мазмұны;

- Ресейге бодан болудың әртүрлі жақтары мен зардаптары; ұлт-азаттық қозғалысының басталуы, барысы мен нәтижелері, әсіресе, Кенесары көтерілісінің маңызы;

- Алаш қайраткерлерінің іс-әрекеттері мен тағылымы;

- Кеңестік дәуірдегі қазақ көрген зорлық-зомбылық, жаппай ашаршылық, қуғын-сүргін;

- Кеңес өкіметіне қарсылық; өз отанында қазақтардың аз ұлтқа айналуы;

- Семей, Арал сияқты ел қасіреті және т.б. болып тізбектеліп кете береді.

Осылар томдарда көрініс тапса, Ресей империясының ізбасары КСРО-ның құны беш тиын болады.

Дәл қазіргі таңда Қазақстан тарихы ғылымында да шешілмей жатқан проблемалар, дау-дамай туғызып отырған мәселелер жеткілікті болып отыр. Әсіресе, тарих ғылымына сырттай араласып, көп мәселелер жөнінде қисынсыз ой-пікір айтып, соны дәріптеп жүргендер аз емес. Отан тарихын ұлттық мүдде негізінен, жаңа көзқараспен талдап, объективті, шынайы зерделеу жетіспей келеген шақта 2024 жылдан бастап 7 томдық Ел Тарихының баспа жүзін көретіндгі ұлтымыз үшін зор қуаныш болса да, Ресей үшін қазаққа қарсы кезекті идеологиялық-ақпараттық шабуылға ұласты...

«Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ тағы»

Қазақ ұлтының «Мың өліп, мың тірілген» төл тарихы Бодандық кезде де, тап бүгінгі тәуелсіздік дәуірінде де өз басынан көптеген кедергілер мен қиыншылықтарды өткізіп келе жатыр. КСРО дәуірінде алғашқы буын тарихшылар С.Асфендияров, Т.Рысқұлов және тағы басқалары буржуазияшыл ұлтшыл делініп, 30-жылдары қуғын-сүргінге ұшырап оққа байланды. Олардың өкшесін басқан екінші буын – Б.Сүлейменов, Е.Бекмаханов бастаған топ 1948 жылдың аяғы мен 1953 жылдың басында Кенесары Қасымов көтерілісіне байланысты сотталып, итжекенге айдалды. Тек Сталин өлімінен кейін нұрлы саңылау болып, азғана жылға созылған «Хрущев жылымығы» ғана көп ұзамай тарихшыларымыздың елге оралып, сүйікті істерін партия сызып берген көлемде ғана зерттеп-зерделеуге сәл ғана мүмкіндік берді. Тап осы кезден бастап, орта мектепте Кеңес Одағы тарихының бір бөлігі ретінде, аз ғана сағат көлемінде шағын оқулық түріндегі Қазақстан тарихы оқытыла бастады. Сол тұста осы бір қараулыққа күйінген классик ақынымыз Қадырдың: «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ тағы», - деп жазғаны әлі есімізде.

Мектепте басы бүтін Ресей мен әлем тарихы ғана оқытылып, қазақ тарихы жетім баланың күйін кешті.

Ғылым академиясының аяқ астынан жабылуы жоғары оқу орындарында Отан тарихын оқыту мәселесі күрделі, түрлі бағыттағы өзгерістерге ұшырап, бұл саладағы жағдай шиеленісе бастады. Шындығын айтқанда, жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы кафедраларының сағаттары қысқарып, оқытушылар мен ғылыми қызметкерлерді дайындау да жыл сайын төмендеп кетті. Ең өкініштісі Отан тарихы бойынша жазылған оқулықтардың да кемшіліктері жеткілікті болып, қозғалған тақырыптардың көбі тарихшылар арасында түсінбестік тудырып, ала қойды бөле қырқу науқаны етек ала бастады. Тағы бір сорақылық орта мектепте тапсыратын Бірыңғай ұлттық тест оқушыларды білімді саналы түрде меңгеруден алшақтатып, жаттауға үйреттін санаға мәңгүрттік ұрығын егетін кесірлі құбылысқа айналды.

«Кеңес дәуіріндегі мына мәселелерді анықтап алуымыз қажет сияқты: қазақ коммунистері мен Алаш пар-тиясы арасындағы жергілікті күрес, оның себептері, зардаптары мен нәтижелері; 19йб31-1933 жылдардағы ашаршылықтың себептері, нәтижелері мен салдары; 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы әскери тұтқынға түскен қазақтардың тағдыры; тың және тыңайған жерлерді игерудің нәтижесі мен салдары; Қазақстан экономикасында тоқырау болды ма, болса нәтижесі мен салдары; Қазақстан халқының демографиялық дамуы, жергілікті ұлттың даму ерекшеліктері, өзінің табиғи территориясында (1959 ж. – 29,8%-ға) азшылыққа айналуы; Кеңес өкіметінің көші-қон саясатының салдары, Қазақстанға жер аударылған көптеген халықтың жағдайы, лагерьлер құрылуы, қоныс аударушылардың жұмыс күші ретінде көптеп келуі және т.б. жетерлік. Осы көптеген мәселелерге біз дұрыс тұжырым жасауымыз, оны он томдықта көрсете отырып, бұл оның ішінде жергілікті коммунистер мен «Алаш» қозғалысының қайраткерлері арасындағы күресті анықтап алуды тағы да қажет етеді. Тарих ғылымы төңірегіндегі кейбір адамдар Әліби Жангелдинді, Сәкен Сейфуллинді, Бақытжан Қаратаевты, Тұрар Рысқұловты, Мұхамедияр Тұнғаншинді және де басқа кеңес билігінде болған қайраткерлерді «әшкерелейді». 1917-1930 жылдардағы қарқынды саяси қарама-қайшылықтар арасындағы жағдайды тың тұрғыдан қарастырмай, тарихымызды игере алмаймыз. Ұлт коммунистері де, «Алаш» қайраткерлері де, олардың барлығы өздерінше қазақ халқының әлеуметтік-мәдени және саяси дамуы үшін, жарқын болашағы үшін еңбек етті және күресті. Бұл мәселеде РКФСР Халкомның төрағасының орынбасары Т.Рысқұлов пен Қоқан автономия үкіметінің төрағасы, Уақытша үкіметтің Жетісудағы комиссары М.Тынышбаевтың Түркістан-Сібір темір жолын салудағы бірлесіп атқарған қызметі жарқын үлгі бола алады.

Қазақ элитасының осы екі тобының қасіретті тағдыры тек бірін-бірі жойғанында ғана емес, «бөліп ал да, билей бер» деген орталық саясаттың іске асуында да жатыр. Жоғарыдағы жайт – орталықтың ұлттық республикаларды басқарудағы сынақтан өткен әдісі, әр 5-10 жыл сайын қазақтың ұлттық қаймағы – қазақ интеллигенциясы өкілдерін жойып отыруы. Дәл осы жағдай Кеңес Одағының басқа ұлттық республикаларында да, облыстары мен округтерінде де орын алған еді. Көп томдық «Қазақстан тарихында» бұл мәселелер өзінің объективті бағасын табуы қажет. Осы еңбекте М.Шоқай да лайықты орнын алуы керек. Бізге Кеңес кезінде Мұса Жәлилді ардақтай алған татар тарихшыларының қызметі үлгі болуы керек. Жалпы соғыста жау қолына тұтқынға түскен өз азаматтарына көрсеткен қуғын-сүргіні бойынша Кеңес өкіметі шектен шыққан қатыгездік көрсеткенін арнайы зерттеген де жөн», - деген еді тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәлік-Айдар Асылбек.

Жаңа 7 томдық тәуелсіз Қазақстан халқын, әсіресе, жастарды патриоттық рухта, өз Отанын, туған ұлты мен жерін, оның өткені мен қазіргісін сүйіп, болашағына адал еңбек етіп, үлкен сеніммен қарауға тәрбиелеп, баулитын ең бір күшті құрал мен ғылымға айналмақшы. Бұрын біздің қоғамдағы Отан тарихына деген көзқарас әлі де өз деңгейінде емес болса, енді сол жоғымыздың орны толды десек қателеспейміз.

Ұлт тарихының қоғамымыздағы мәні мен маңызын жоғары көтеруге бағытталған 7 томдық тарих ғылымы мен оны оқыту жүйесінің өскелең дамуына үлкен үлес қосады дегенге бүкіл қазақ халқы сенеді.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

80 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1708
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1669
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1399
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1327