Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Қоғам 4569 19 пікір 27 Қыркүйек, 2023 сағат 13:02

«Конец власти»: Қажылардың қаржысын кім қақшып алды?

Кеше, қыркүйек айының 26-сы күні, Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «Kausar Travel» компаниясының директоры Медет Мұратбайұлын алаяқ деп танып, алты жылға бас бостандығынан айырды.

Қылмыскер бұған дейін әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы мұның бәрін мұсылман жамағат үшін істегенін айтқан еді. Бірақ ол сот залында жұрт күтпеген мәлімдеме жасады.

Өзінің айтуына қарағанда, ол қолына түскен қаржының бәрін Бекболат Тілеуханға беріпті.

«522 млн теңге, яғни компанияның тапқан табысы сол жерде Бекболат Тілеухан мырзаға берілді. 128 млн теңге менің қаражатым есебінде қалды… Ол кісімен кәсіпті бірге жүргіземіз, бірге жұмыс істейміз деген уәде берілген. Ол кісі, яғни құжаттандыру бойынша, басқа дүниелер бойынша уәде етеді. Себебі бізде мүфтият тарапынан лицензия алу, туризм басқармасына тіркелуге 100 млн теңге, яғни мүфтиятқа лицензия алу, 50 млн теңге туризмге тіркелуге» – деді ол.

Медет Мұратбайұлы жарты миллиард теңгеден астам ақшаны атақты әнші, «Окно Овертона», «Конец власти» кітаптарын жата-жастана оқыған оқырманға ұстата салуын экс-депутаттың қоғам алдындағы бет-беделімен түсіндірді. Оның айтуынша, Бекболат Тілеухан да «бәрін өз мойныма аламын, сен тек өз кәсібіңмен айналыса бер» деген уәдесін үйіп-төгіпті-мыс.

«Қазір Бекболат Тілеухан мырзаның үстінен ҰҚК-ге арыз жазып отырмын. Шымкент қаласы полиция департаментіне, Президент аппаратына, бәріне арыз жазып отырмын», – деді 245 адамның ұмра қажылыққа жинаған ақшасын «жымқырған» «Kausar Travel» директоры Медет Мұратбайұлы.

Сот айыпталушы іс бойынша Бекболат Тілеуханның атын атағанымен, оны айыптауға дәлел келтіре алмады деді.

Судья Әйнел Орақбаева шығарған үкім бойынша туризм саласында жұмыс істеу құқығы 5 жылға шектелген Медет Мұратбекұлы түрме жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді.

Бекболат Тілеухан болса, бұған дейін әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы «ешкімнің ақысын жемегенін», ешқандай алаяқтыққа, ешқандай қылмысқа және ешқандай діни жат ағым өкілдеріне қатысы жоқ екенін, бастысы, аталмыш компанияға қатысы жоқ екенін айтып мұсылмандардың киелі кітабы – Құранды ұстап тұрып ант-су ішкені баршаға мәлім.

Ал Медет Мұратбайұлы сотта Бекболат Тілеуханға ақша аударғанын растайтын құжаттары бар екенін айтты.

Сонда қажылардың қаржысын қақалмай-шашалмай қақшып алған кім?

Abai.kz

19 пікір