Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Аймақ 1353 1 пікір 27 Қыркүйек, 2023 сағат 12:36

Күй шалқиды Қостанайдың төрінде

Мынау Қостанай қаласының қақ ортасы. Негізінен орыстанып кеткен шаһар. Тек кейінгі кездері ғана қазақтана бастаған сыңайы бар.

Осының бір белгісі мынау қазақтың қасиетті қара домбырасымен сиқырлы саз, сан түрлі күйді күмбірлетіп отырған әп-әдемі қос бойжеткен. Бұрын қазақтың күйі түгілі жай ғана әнінің өзі мұнда қос қанатын қаға алмайтын. Мұндағы орыстар мен олардың шашбауын көтеріп жүрген мәңгүрт қазақтарға сол қазақтың сазының өзі құлақтарына түрпідей тиіп, мүлдем мазасы кететін. Бұрын мұнда орыстың театры қаланың ортасында «мен мұндалап» тұрса да, қазақтың өзіне ондай мәдени дүние еш уақытта маңдайына жазылмаған. Ал ескіден қалған бір жұрнақ – маңдайға біткен жалғыз мешітіміз жастардың кешкілік көңіл көретін жері – кинотеатрға айналғандығын айтуға ауыз бармайды. Ол тұста мұндағы үлкен бір буын мәдениет саласына басышылыққа ешбір қазақты жолатпаған. Мұны да аз десеңіз, осындағы маңдайымызға біткен жалғыз пединститутта ана тілімізге мүлдем орын бұйырмай, есіктен сығалауға да жарамаған.

Енді міне заман өзгерді. Тәуелсіздігіміздің тұғыры нығайды. Қостанайдың қақ төрінде қара домбырасынан күй қалықтады. Қазақтың қара домбырасының бабын келтіріп, шанағынан күй төккізіп отырған қос қарлығаш өрімдей жастар. Екі құрбының бірі Аружан Нұрмұхамбет 15 жаста болса, оның құрбысы Әсем Мырзагелдіқызы 13-ке енді ғана қадам басқан бәйшешектер. Алайда бұлар күй өнерін терең меңгерген жап-жас өнерлі өрендер. Талантты жастар міне, 6 жылдан бері балалар музыкалық мектебінде білімдерін ұштады.

Қазір біреуі мектепте, ал екіншісі колледж студенті. Аружанды күй өнеріне Гүлхауан Әмірова, ал Әсемді Алмагүл Мұратқызы баулауда. Екі жас қала орталығына шығып, өнер көрсетуді осы мамыр айының басында бастаған көрінеді.

Аружанның айтуына қарағанда алғашында осы орталықтың жай ғана орындықтарында отырып-ақ ойнай берген. Кейін тәжірибе жинақтап, жаңа жаблықтар алып, кәсіби түрде кіріскен.

«Күнде күй тартамыз. Осында жиналған халыққа өнеріміз қатты ұнады», - дейді Аружан. «Жастар да келеді, ал үлкен кісілер жақсы тілектерін білдіріп, қолдау көрсетеді. Кейде тойларға, қыз ұзатуларға шақырады. Біз неге мұнда отырып, өнер көрсетеміз? Мақсатымыз - киелі қара домбыраны насихаттау. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегендей, қазақтың осы қасиетті аспабының үнін халыққа естіртіп, ұмыттырмау», - дейді өрендер.

Әлі де буыны бекіп, бой жете қоймаған қос қарлығаштың үкілі үміті осындай. Өздері тым жас болғанымен репертуарында анау-мынау емес, 40-қа тарта күйі бар балғындардың күні ертең өнер өріне еркін құлаш ұрарына еш күмән жоқ. Біз де осы тілекті қостық.

Ал мен болсам, күн сайын осы араға келіп, «Адай», «Балбырауын» және «Ерке сылқым» күйлерінің қала орталығын сырлы сазға толтырған кезіне куә болып, іштей бір түлеп қайтам. Көкірегімде керемет бір күй күмбірлейді.

Жайберген Болатов

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1464
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1324
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1074
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1120