Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Қоғам 4128 63 пікір 18 Қыркүйек, 2023 сағат 16:08

Депутат Заитов дұрыс айта ма, бұрыс айта ма?

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды

Қыркүйек айының 12-сі күні «Адырна» ұлттық-порталының You tube-арнасында жарияланған «Таразы» подкастының кезекті саны қоғамдық резонанс туғызды. Оған себеп болған подкаст барысындағы мәжіліс депутаты, айтыскер Ринат Заитовтың  сөзі еді. Журналист Өзбекстан мен Қырғызстанның радикалды діни ағымдарға қарсы шара қолданып жатқанын айта келіп, «оның салдары бізге тиюі, яғни, олар (радикалдар) Қазақстанға келіп, біздегі радикалдардың санын көбейтуі мүмкін бе?» деген сұрақты ортаға тастады.

Ринат Заитов: «Әбден мүмкін», – деді.

Содан соң сөзін ары қарай жалғап: «Қазақстанда жасалып жатқан алаяқтықтардың (интернет, т.б.) 80 пайызын жасап жатқан қауым – намаз оқитын қауым. Өтірік десе, бетіме бассын келіп. Тіпті қарапайым базарға барыңыз, басқа жерге барыңыз – біреу сақалын сипап тұрады, біреуі т.б. Алла деп тұрып адам алдап жатыр. Осыны түзетсін дінге жанашыр адамдар.  Өзім 4 қыздың әкесімін. Мен беске білемін, қазір қызымның басына пәрәнжа кигізіп қойғаннан оның жүрегінде иман пайда болмайды, ол мұсылман болмайды. Біздің кешегі Домалақ аналарымыздың, Гауһар аналарымыздың ұлылығын, кешегі көз алдымызда көрген қазақтың ұлы әйелдерінің бірі, еңбек ері, кеңес үкіметін мойындатқан қазақтың қаршадай қызы Кәмшат Дөненбаеваның жолы менің қыздарыма сабақ болса екен деймін. Мен соны сіңірсе екен олар, олар соны таныса екен деймін. Ал киім, бұйым, сақал, тоқал – ол ешқандай да мұсылманшылықтың, не басқа діншіліктің көрінісі емес... Қазір біздегі діни ұйымдардың бәрін қадағалауға алу керек. Олардың ішінде не айтылып жатқанын бір Алла біледі», – деді (депутаттың сөзін сол қалпында беруге тырыстық).

Подкаст жариялана салысымен, осы сөз қоғам пікірін қақ жарды. Бірінші топ «намазхандардың 80 пайызын алаяқ деген Заитов мандатын тапсырсын»; «оны сотқа беру керек», «мұсылмандарға жала жапқаны үшін халықтан кешірім сұрасын» деп талап етті. Ал оған қарсы топ депутаттың сөзін қолдап, сөзді бұрмаламауға шақырды.

Кеше депутаттың өзі өзіне қарсы ақпараттық және психологиялық шабуыл жасалып жатқанын айтып, Facebook парақшасына мынадай жазба қалдырды:

«Кейінгі екі күнде маған қарай екпінді ақпараттық және психологиялық шабуыл басталды. Оны өзім де күткенмін. Себебі, оған етім үйренген. Мұндай шабуылдар маған 2008, 2011, 2019-ыншы жылдары да жасалған. Жасырмаймын оңай емес. Бірақ шыдауға тура келеді. Енді сіздерге бұл технология қалай жасақталатынын түсіндіруге тырысайын. Мысалы осы жолғы шабуылдың тақырыбы менің намаз оқып жүріп алаяқтық жасайтын адамдар жайлы айтқан сөзімді алға тартып, сол арқылы қоғамды маған қарсы қоймақ. Мақсаты белгілі. Біріншісі- мені қорқыту, екіншісі-менің жеке басыма қастандық жасалса, осы себептен екен дегізу. Сөз жоқ ақылды жүріс. Екеуінің біреуіне жеткенше олардың тоқтамайтынын да білемін. Тәуекел. Маңдайға жазғанын көреміз... бәріне бірдей бір ғана жауабым бар.

Қадірлі ағайын, мен де өздеріңіз сияқты көп пенденің бірімін. Ешкімнен тығылып, ешкімнен қашып жүрген жоқпын. Қандай да бір айтарларыңыз болса, жауабын беруге дайынмын. Бар арманым елімнің дұрыс өмір сүргенін, отанымның гүлденгенін көру ғана. Ешбір топтың алдында тізерлеп кешірім сұрамаймын! Өйткені оған себеп көріп тұрған жоқпын. Әлеуметтік желі шулады екен деп, дірілдейтін қорқақтарың мен емес. Алға қойған нақты мақсатыммен жоспарым бар. Сол жұмыстарды бітіруім керек. Мәжіліс мінберінен халыққа берген антым бар. Берілген мерзім бес жыл. Сол бес жылымды халықтың мүддесін қорғауға арнаймын. Басқасы бір жаратқанның құзырында.

Түсінетін шығарсыздар деп ойлаймын.Ватсабыма шығып, қорқытпақшы болып жатқан батырсымақтар.

Сендерден шошып жүретін жағдайым жоқ. Аптасына бес күн жұмысқа жаяу барып, жаяу келемін. Қылатындарыңды қылып алыңдар. Оққағарым да, сендер айтқан братвам да жоқ. Сенгенім бір Құдай».

Бүгін Abay LIVE YOU TUBE арнасында депутат Р.Заитов берген сұхбат жарияланды. Бұл сұхбатта халық қалаулысы даулы мәселеге қатысты мынадай пікірін айтты:

«Ресми статистика қайда деп жатқандар бар. Оны сұратуға болады. Тергеу орындарында мінездеме жасайды ғой.Солардан сұратып алсақ болады. Бұл бар факті. Қаржылық пирамида сияқты алаяқтық жасап жүргендердің көбісі діннің атын жамылып жүргендер. Негізі мұны мен айтқанымда емес, неге солай тарағанында болып тұр. Өйткені бізде дін тақырыбын сылтау етіп, бүлік жасағысы келетіндер бар. Оларға неғұрлым шу керек. Осыған дейін дайындалып келді. Бірінші хиджабтан бастады. Бұл тақырып жылда көтерілетін, бірақ басылатын, биыл неге басылмай жатыр? Неге бұл үкіметтен шешімін таппай жатыр, өзің ойлашы. Себебі қазіргі таңда бұл әңгіме керек болып тұр...

Сосын «Намазхандардың 85 пайызы алаяқ» деп тақырып қойды да, ортаға тастай салды. Дінге шын жаны ашитын адамдар, домбыра харам дегеннен гөрі Исламның атына, дінге кір келтіріп жүрген топтарды түзеп алуы керек. Шын мәнінде бұл бар дерек. Мен ақталмаймын, 80 пайыз дегенім – мен көрген 10 оқиғаның 8-і деген сөз, яғни сол онның сегізін жасаған алаяқтар намазхандар».

Қазақстан – зайырлы һәм демократиялы мемлекет. Сөз бен ойға бостандық Ата Заңымызда көрсетілген. Демек, біз бұл ретте бір тарапқа ғана жақтаспақ емеспіз. Соңғы шешімді көзі қарақты, көкірегі сәулелі оқырманның өзіне қалдырдық.

Abai.kz

63 пікір