Жексенбі, 19 Мамыр 2024
Билік 2876 22 пікір 13 Қыркүйек, 2023 сағат 13:57

Путин келеді, шашыл қазақ!

«Қостанайға Путин келеді» деген хабар тарағаннан бері мұндағы ұлық біткендер күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Облысты былай қойғанда, республикалық бюджеттен бөлінген ондаған миллиард теңгені қайтсек те игереміз деген ниетпен жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүр.

Шындығында оларды да түсінуге болады. Путинге жақсы көрініп қалу үшін, қаланы сылап-сипап, әсемдеуге бөлінген анау-мынау емес, 15 миллиардан астам теңгені «қажетке» жарату Қостанай секілді шағын ғана провинциалық шаһарға оңайға түспесі анық. Мәселен, Тобыл өзені маңындағы саябақтың солтүстік бөлігін ғана жаңалауға облыстық бюджеттен қолақпандай етіп 1,5 миллиард теңге бөлініп отыр. Субұрқақтарға 280 миллион, қоқыс салатын жәшіктерге 100 миллион, ал сонау Башқұртстаннан әкеліп отырығызылатын шыршаларға 595 миллион теңге бөлінсе, жұмыстардың қаншалықты ауқымды екендігін бажалай беріңіздер.

Жарайды, осындай бір сирек кездесетін жағдайдың реті келіп тұрғанда қаланы жақсартып алған дұрыс та шығар. Міне, қазірдің өзінде шаһардың ажары кіріп қалды. Бұған ешкімнің де дауы бола қоймас. Мәселе тіпті, онда емес. Мәселе, жаңағы саябақтар мен қоқыс жәшіктеріне, ағаш отырғызуға бөлінген осы орасан қаржы қаншалықты тиімді екендігінде! Оның шынымен осы шығынға сәйкес келетініндігін кім сараптап, кім есептепті? Мүмкін, бұл шаруаны бұдан әлдеқайда аз қаржымен де тындыруға болатын шығар? Қанша дегенмен, бюджеттен бөлінген ақша халықтың несібесінен жырылып алынған қаражат емес пе? Оның әр тиынын есептеп жұмсап, «көрпеге қарай көсілген» жөн емес пе? Әй, қайдам мұндай ойлар біздің биліктің ойына қашан кіріп-шығып еді?..

Тағы бір бізді мазалаған дүние - Путиннің келуіне деп, соған мақтана көрсету үшін ғана салынып жатқан Smart-орталық деп аталатын керемет ғимарат. Бұл жергілікті биліктің түсіндіруіне қарағанда «қосымша білім беру саласындағы мемлекеттік білім беру саясатын жүзеге асыруға бағытталған мектеп жасындағы балаларға арналған орталық» көрінеді. Бұл, түптеп келгенде, жастардың өнер, ғылым мен техника және ІТ-бағытындағы қабілеті мен талантын ашуға мүмкіндік беретін көрінеді. Қысқасы, мұнда аса талантты жастар дайындалады. Өйткені оған жұмсалатын қаржының өзі бұл ғимараттың шағыны облыс емес, бүкіл елімізді қамтитын түрі бар. Бейнелеп айтқанда, біздің баяғы аты-шулы «ЭКСПО-2017» деген ғимаратқа қатты ұқсап тұр. Яғни, сол ЭКСПО-ның қостанайлық нұсқасын елестетеді. Өйткені өздеріңіз ойлап қараңыздар. Бұл жобаның жалпы құны адам айтуға ауыз бармайтын сома. Анау-мынау емес тура 11,3 миллиард теңгені құрайды. Және ең бастысы, бұл қаржы әдеттегідей республикалық бюджеттен емес, ешкім қол сұғуға болмайтын, ол тек елімізге төнген аса қауіпті жағдайларға, мәселен, алапат өрт немесе жер сілкіну секілді төтенше жағдайларға жұмсалатын Қазақстан Республикасы үкіметінің резерв қорынан алынған. Бұл қандай ерекше мұқтаждық туғандығын жоғарыда отырған мықтылар білмесе, біздің миымыз жетпеді.

Ал енді, осынау қол тигізуге болмайтын сақтық қордың қалай жұмсалып жүргендігіне келелік. Мәселен, анау атақты Екібастұздағы жарылысты жөндеуге - 7,4 миллиард, Шығыс Қазақстан облысындағы жарыла жаздаған Риддердегі жылу орталығын жөндеуге - 7,2 миллиард, Маңғыстаудағы атом-энергетика комбинатындағы апатты реттеуге - 4,9 миллиард, Көкшетаудағы қауіпті жағдайдағы қазандықтарды жөндеуге - 2 миллиард теңге ғана бөлінді. Ал Қостанайдағы аса таланттылар мектебін салуға аттай - 10,7 миллиард теңге жұмсалмақ. Осы цифрдан-ақ, көп жайтты байқай берерсіздер.

Біздің түсінбейтініміз, көрші елдің басшысы екі жылда бір рет бас қосатын жай ғана дәстүрге айналған кездесуге «Путин келеді екен» деп осыншама тыраштанумызға жөн болсын. Оның үстіне осы көршіміздің қазір бүкіл әлемге жексұрын атанып, ешбір елге шығудан қалған кеудемсоқ басшысына осыншама құрмет көрсеткеніміз қаншалықты қисынға саяды? Ал қаламыздың қақ ортасында әбден азып-тозып, құлауға айналған қаншама ескі «хрущевкалар» жетерлік. Қалалық аурухананың әбден тозығы жеткені соншалықты, ондағы палаталарға адам симай жатыр. Мектептердің де мәселесі толық шешіліп болған жоқ. Жаңа микро аудандардағы салынған үйлкердің төбесінен су ағып, онда тұратындардың жыры тіпті бір бөлек.

Ал енді сол келемін деген Путиніміз келмей қалса, не істейміз? Жұртқа қай бетімізбен қараймыз? Айтпақшы, бет туралы тым асығыс айттым-ау, деймін.

Жайберген Болатов

Abai.kz

22 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2157
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2564
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2428
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1665