Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Қоғам 3119 4 пікір 12 Қыркүйек, 2023 сағат 13:05

Соғысты қолдаушылар Қазақстанға келмесін!

Қазақстандықтар әлеуметтік желіде соғысты қолдайтын ресейлік әзілкештер «Камызяки» тобының елге келіп, өнер көрсетуіне наразылық білдіріп жатыр. Ресейліктер 5 қазанда Алматыға, 7 қазанда Астанаға келуді жоспарлаған.

Alash.online порталында: «Азамат Мұсағалиев әзілкеш Нұрлан Сабуровпен бірге қазақстандықтардың наразылығын тудырып, ТНТ федералды каналында қазақ тілін мазақ етіп қана қоймай, Денис Дороховпен және өзінің «Камызяки» командасымен бірге жақында оккупацияланған Донецкте өнер көрсетті. Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Санкт-Петербург Халықаралық экономикалық форумында Ресей Федерациясының президенті Путинмен кездесуде Қазақстан «Луганск және Донецк халық республикаларын»  мойындамайтынын мәлімдеді. Біз, қазақстандықтар, егемен ел Украинаға агрессияны қолдайтын адамдарды өз елімізде көргіміз келмейді. Біз бейбіт елміз және бейбіт халықпыз», – деген петиция жарық көрді.

Таяуда Мұсағалиев Ресей оккупациялаған Донецк облысына барып, концертке қатысты. Ал былтыр Кремльшіл Ольга Бузовамен қосылып, мобилизация кезінде елден қашқан ресейліктерді келемеждеген.

Айта кетсек, бұған дейін Украинаға басқыншылықты қолдайтын Григорий Лепс те, Ирина Дубцова, Никита Джигурда секілді бірнеше әртістің Қазақстандағы концерттері халық қарсылығынан соң өтпей қалған. Олар Қазақстанның «русофобия жайлаған жер» екенін де айтқан.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев осындай іріткі салушы «өнер иелерін» қылмыстық жауапкершілікке тарту керек деп санайды.

Abai.kz

4 пікір