Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3182 0 пікір 4 Шілде, 2013 сағат 07:30

Ерлан Алшынбаев. Алаш аманатын орындаудың қарапайым алгебрасы

Қазақ деген сөздің арғы мағынасы еркіндік, азаттық деген  ұғымнан туғандығын ғалымдарымыз дәлелдеп жүр. Бұл пікірдің  орынды екендігіне ата баба тарихы, тасқа түскен таңба, үнсіз мүлгіген балбалдар  куә бола алады. Өйткені Еділден Ертіске, Оралдан Алтайға, Қаратаудан Алатауға дейінгі сайын даланың егесі болған ержүрек  жұрт егерде емін-еркін көшіп жүрмесе, аспан астында азат болмаса, әлемде тоғызыншы орынды еншілейтін бұл алып кеңістікке  ие болуы неғайбыл  еді. Еуропа жиһангерлері, әсіресе түркітанушы ғалым В.Радлов  осы сахарада ен жайлаған алаш жұрты өзін біртұтас қазақпыз деп атайтынын, осыншама ұланғайыр далада шашырап қоныстанған елдің тілі, ділі, салты,  тегі мен түр-тұлғасы бірегей екендігіне қайран қалған. Бізбен ағайындас кейбір жұрт әйгілі ғалымның «кімсіңдер?» деген сауалына өздері мекен еткен шаһардың, географиялық мекеннің, немесе кәсібінің атын айтып жауап  берген. Біреулер бұқаралық, енді бірі қашқарлық, тағы бір түркілер алтайлықпыз десе,  бір қауым жұрт өздерін  тараншымыз деп таныстырған. Қариялардың тілімен айтқанда «Сахарада саны, Бұқарада бұты, Хорасанда қолы жатқан»  жалпақ алаш елі бірауыздан өздерінің қазақ екенін паш еткен. Өзінің әбден бірегейленген, идентификацияланған ұлт екенін байқатқан.

Қазақ деген сөздің арғы мағынасы еркіндік, азаттық деген  ұғымнан туғандығын ғалымдарымыз дәлелдеп жүр. Бұл пікірдің  орынды екендігіне ата баба тарихы, тасқа түскен таңба, үнсіз мүлгіген балбалдар  куә бола алады. Өйткені Еділден Ертіске, Оралдан Алтайға, Қаратаудан Алатауға дейінгі сайын даланың егесі болған ержүрек  жұрт егерде емін-еркін көшіп жүрмесе, аспан астында азат болмаса, әлемде тоғызыншы орынды еншілейтін бұл алып кеңістікке  ие болуы неғайбыл  еді. Еуропа жиһангерлері, әсіресе түркітанушы ғалым В.Радлов  осы сахарада ен жайлаған алаш жұрты өзін біртұтас қазақпыз деп атайтынын, осыншама ұланғайыр далада шашырап қоныстанған елдің тілі, ділі, салты,  тегі мен түр-тұлғасы бірегей екендігіне қайран қалған. Бізбен ағайындас кейбір жұрт әйгілі ғалымның «кімсіңдер?» деген сауалына өздері мекен еткен шаһардың, географиялық мекеннің, немесе кәсібінің атын айтып жауап  берген. Біреулер бұқаралық, енді бірі қашқарлық, тағы бір түркілер алтайлықпыз десе,  бір қауым жұрт өздерін  тараншымыз деп таныстырған. Қариялардың тілімен айтқанда «Сахарада саны, Бұқарада бұты, Хорасанда қолы жатқан»  жалпақ алаш елі бірауыздан өздерінің қазақ екенін паш еткен. Өзінің әбден бірегейленген, идентификацияланған ұлт екенін байқатқан.

Осындай өр қазақтың, ер қазақтың, айбынды алаштың  рухы, мінез-қалыбы, ділі, салт-санасы бодандық қамытты киіп, өз мемлекетінен, өз ханынан айырылып, басқаға бағынып, тақсірет тартқан заманда құлдырап, жүдеп -жадай бастады. Ұлы Абайдың  ұстазы болған ұлы  жырау бір өлеңінде «Қазақ деген қалың жұрт, ен далада жайылып, емін-еркін өскен мұрт» деп  өз жұртының өр де асқақ, құдіретті де қуатты азат кезеңін бейнелеген.  Ал Абай ақын болса «қалың елім қазағым, қайран жұртым, ұстарасыз аузыңа түсті мұртың» деп өз елінің билігі, тізгіні  жаттың ырқына кетіп қор болған, қораш болған заманын запыран төге суреттеді.  Алаш рухын ту еткен Сұлтанмахмұт Торайғыров сол себептен де Абайды «қазақтың орыс бодандығына, капитализміне құрбан еткен бірінші ақыны» деп бағалауы тегін емес еді. Бұдан шығатын қорытынды ­­­– дана Абайдың жаны шырқырап, күңірене жырлаған қазағы қол-аяғына отаршыл империяның кісені тағылған, орыс патшалығының  табанында тапталып, еңсесі езіліп, малы мен жаны таланған, хандары мен батырларынан айырылып, пұшайман болған  иесіз алаштың  байғұс қалпы, сүлдер-суреті екенін бүгінгі ұрпақ байқап отыр. Отарлық құлдыққа түскен мұндай  бұйығы жұртты ояту, оның дауа қонбастай көрінген  дертіне шипа табу,  мұқалған ар-намысын  қайрау, өлміші болған  рухын мәңгі тірілту ­– кемеңгер Абайдың еншісіне бұйырыпты.  Батыс пен шығыстан, қазақ елінің эстетикалық бай қазынасынан нәр алған ұлы  Абай алашын ащы да усойқы сөздерімен аяусыз сынап, би аталарының тәлімімен жазғыра, жазалай, үкім шығара сөйлеп, тергеуге алған. Осылай ету арқылы отаршылдық салдарынан керең болған алаштың құлағына ғана емес жүрегіне,соқыр болған көзіне ғана емес көңіліне  өзінің ақындық үнін, отты сөздерін жеткізіп, сай сүйегін қыздырып,  қызыл қанын қоздырып, есін жидырып, санасын сілкіндіріп оятқан.

Кемеңгер Абай отарлық құрсаудағы қазақ қоғамының диагнозын дәлме дәл анықтап,  шипасын ұсынса, осы концепцияны дамытып, бірегей жүйе, мемлекеттік түзімге, саяси құрылымға айналдыру еншісі ­– Абайдан кейінгі жаңа буын Алаш зиялыларына бұйырыпты.    Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхан  Абайдың алғашқы кітабын Санкт-Петербургте сол кезеңдегі ең сапалы да абыройлы литографиялық баспадан шығарып қана қойған жоқ өзінің үзеңгілес серіктері Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев бастаған ұлт рухының көшбасшыларымен бірге Абай идеясын орындауға бел буа кіріседі, сол кезеңдегі әлем қауымдастығында, патшалық Ресейде  болып жатқан оң өзгерістерге үйлестіріп ұлт азаттық қозғалысты ұйымдастырып, нәтижеге біртіндеп қол жеткізеді. Яғни  бұл қозғалысты отарсыздандыру  құбылысы деп атасақ, Алаш лидерлері  алдымен ел мен жердің азат болуын, экономиканың дербес болуын, жеке дара мемлекеттік құрылымның пайда болуына тер төгіп, түрлі бағытта саяси күрестерді шебер жүргізе отырып, біршама игіліктерге  қол жеткізгенімен алып жобаны  аяқтай алмай құрбан болды. Әйткенмен Алаш аманаты артқы буынға ұлы сабақ, асыл өсиет қалдыруымен  құнды. «Адамды өлтіруге болады, бірақ оның идеясын ешкім өлтіре алмайды» деген екен бір дана.  Байқап тұрсаңыз,  жаулар  Кенесарыны өлтірді, бірақ оның идеясын ешқашан  өлтіре алған жоқ. Ол  бізге тәуелсіздік болып оралды емес пе?! Демек, Алаш аманаты  бізге Оғыз хан, Аттила, Күлтегін, Абылай, Кенсарыдан бері жалғасып келе жатқан ұлы дәстүр, мәңгі өшпес алау. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Алаш туы астында Күн сөнгенше сөнбейміз, енді алашты ешкімнің, қорлығына бермейміз» деп серт бере жырлайтыны да осыдан.

Кеңестік кезеңде де бұл тұғырнама қызыл жалаудың бүркеуінде  жартылай жүзеге асқанымен үнемі дағдарысқа ұшырап отырды, оған сол кезеңдегі қайраткерлердің өмірі куә.

Бүгінгі тәуелсіздік кезеңде Алаш зиялыларының  асыл аманаты әлемдік қауымдастықта беделді орынға ие болған мемлекетіміздің терең тамырына нәр беріп отыр. Алаш аманатын дәл қазіргі біздің буын тікелей жүзеге асырудың жауапкершілігін мойынына алғанын білуге, сезінуге  тиіспіз. Елбасы бір сөзінде «Тәуелсіздікті жариялау қиын, тәуелсіздікті баянды етіп ұстап тұру одан да қиын, ауыр» деп жастарға өсиет айтқаны есімізде. Олай болса бүгінгі жастардың, жас буынның әр бір өкілі өзі өзіне «Алаш аманаты деген не? Алаш аманатын өзім орындап жүрмін бе? Орындай алмасам оның себебі не?» деген сұрақтарды қойғаны орынды болады деп ойлаймын.                Шығыстың бір данасына «Мемлекет мықты болуы үшін не істеу керек?» дегенде «Мемлекет мықты болу үшін патша  нағыз патша секілді, уәзір нағыз уәзір секілді, сот нағыз сот секілді, ғалым ғалым секілді, әскер нағыз әскер секілді, диқаншы нағыз диқаншы секілді, шаруа нағыз шаруа секілді болғаны абзал» деп жауап берген екен.  Сондықтан  дәп  қазіргі заманда елімізде бәсекеге қабілетті, кәсіби, іскер, еңбекқор азаматтардың көп болуының маңызы зор. Өйткені еліміздің Атазаңында атап көрсетілгендей «мемлекетіміздің ең басты байлығы – Адам» десек оның бойынан табылуға тиісті осынау құндылықтар отанымызды гүлдендіпір,  әлемге танытатын қасиеттер екені анық. Алаш абызы Ахмет Байтұрсынұлы «Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек» деп ұран тастаған болатын. Алаш зиялыларының ұлағаты бүгінгі жастардың білімді, ұлтжанды болуын баршамызға  міндеттейді. Қазақ жастары компьютер клубтарында емес кең жазира спорт алаңдарынан, ұшы-қиыры жоқ виртуалды ғаламтор кеңістігінен емес кәдімгі кітапхана залынан, жеңіл-желпі пайда табуға машықтанатын алыпсатарлық-қаржылық пирамида көздерінен емес, маңдай тер төгілетін еңбек майданынан  көрінуі тиіс. Тәуелсіздік заманы – бабалар армандаған  Алаш аманатын тікелей  орындаудың, жүзеге асырудың заманы, осы тарихи  мүмкіндік қазіргі кезде  әр бір азаматқа салмақты жауапкершілік жүктеп отырғанын ет-жүрегімізбен сезініп, жұмыла қызмет еткеніміз абзал.

Abai.kz

0 пікір