Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Әдебиет 2011 1 пікір 8 Тамыз, 2023 сағат 12:19

Біз – қазақ ежелден... (жалғасы)

Басы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден... 

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Өзіңді-өзің тану тәжірибесінен

28.

«Түп-тұқияннан өзіме шейіннің» түпнұсқалылығын дәлелдеу ретімен Т. Омарбеков баяндамасында: «Үшіншіден, Қазыбек бек Тауасарұлының еңбегінде бұрынғы қазақ даласының көптеген көне жер, елді мекен атаулары ұшырасады. Бүгінгі замандастарымыздың мұншама көп атауларды өз жанынан шығарып айналымға қоса алмасы күмәнсіз. Бұл атаулар, әрине, кезінде түпнұсқада жазылған», – дейді[1]. Конференцияда Тауасарұлы кітабынан кейбір жер атаударының бұрын қалай аталғандығы жайында деректер алуға болатынын К. Нәрібаев та атап өткен. «Мәселен, біз осы уақытқа дейін Аңырақай тауында қазақ-жоңғар шайқасы болғандығын білетінбіз, – дейді ол. – Бірақ та оның неге «Аңырақай» шайқасы деп аталғаны жәйлі онша біле бермейтінбіз. Бір деректерде бұл таудың жазығындағы шайқаста жоңғарлар жеңіліп қырылып, далада аңырап, боздап қалыпты, содан жоңғарлар аңырап қалған жер «Аңырақай» деп аталып кетіпті. Ал екінші бір деректе бұл жердің аңырап соғатын бір желі бар екен, соған байланысты аталған екен деп әртүрлі пікір айтылып жүрген. Ал Қазыбек бектің еңбегінде бұл тауды халқымыз Далатау деп атаған. Шындығында онша үлкен емес, кішілеу таудың тұрған жері ұшы-қиыры жоқ кең байтақ дала. Шамасы халқымыз таудың сондай біткеніне қарап Далатау деп атаған тәрізді. Ал, Аңырақай атауы жоңғарлардың бір мыңбасының аты екен. Осы мыңбасы қазақтың Бөлек деген батырымен жекпе-жек шайқаста қаза болуына байланысты Аңырақай[2] аталғаны анықталып отыр»[3].

Ал фольклорлық дереккөздерді қарастыра отырып біздің заманымызда жүргізілген зерттеулерге қарағанда, 1723–1730 жылдарғы қазақ-ойрат соғысының соңғы шайқасы Аңырақай қыраты мен Алакөл жазығы арасында болған. Аңырақай шайқасы өткен орынның табиғи шекаралары оңтүстік-батыста – Аңырақай тауының суайырық жотасы мен солтүстік-шығыс беткейі, батысында – Қопалы өзенінің алабы мен Қаракемердің тармақтары, солтүстік-шығыста – Бескөл аңғары, ал шығыста – Сарыбұлақ өзенінің алабы. Көлемі 210 шаршы километр болатын, үшбұрыш жобасындағы осы аудан басқыншы-жоңғарларға қазақтардың ХVІІІ ғасырдың үшінші онжылдығының соңына қарай көрсеткен жалпыхалықтық қарсылығының қорытындылаушы кезеңіндегі соғыс іс-қимылдары жүрген басты  майдан даласы болған еді.

Аңырақай тауы екі қабатты құрылымнан тұрады. Орталық суайырық бөлігіне Сарыбұлақ өзенінен Тасбастау бұлағына дейін кей төбелерінің биіктігі 1025–1030 метрге жететін ұсақ шоқылы бедер тән болса, оңтүстік-шығысында Ащысу өзенінен Сарыбұлаққа дейін, оңтүстік-батысында бұлақтан Қопалы өзеніне дейін аласа ұсақ шоқылар арасында жүйектеліп жатқан  етегі құлама жоталар кездеседі. Тасбастау бұлағынан солтүстік-батысқа қарай  екі шақырым жерден, Қопалы өзені алабынан 7–8 шақырым қашықтықта таудың екінші аласа қабаты  басталады. Онда шоқылардың беткейі жарланып келетін түрлері көп екені көрінеді.

Сонымен, Аңырақай шайқасы өткен жер үшбұрыш түріндегі дала – табанында Аңырақай тауының жарлауытты солтүстік-шығыс беткейі, ал екі қанатында Қопалы және Сарыбұлақ өзендерінің терең арналары жатыр. Осы  табиғи қоршаулар «Аңырақай үшбұрышының» тұрғындарын кезінде қарсыластарынан қорғап тұрған. ХVII ғасырдан XVIII ғасырдың алғашқы жартысына дейін осы орынның жазық жағынан және одан шамалы шығысқа қарай – Жусандалаға тақау жерде Үлкен Қалмақ жолы жатқан-ды. Ол Шу-Іле аймағының оңтүстік бөлігінен солтүстік-батыстағы Сарыарқаға және Қазақ даласының батыс аймағына өтетін.

Шу-Іле таулары мен Шу және Талас өзендері аралығы ХVII ғасырдан XVIII ғасырдың алғашқы жартысына дейін Жоңғар хандығының Қазақ хандығымен шектесетін кең көлемдегі шекаралық аймағы болғаны зерттеулер барысында анықталған. «Аңырақай үшбұрышы» бекіністі ауданы жоңғардардың Солтүстік-Батыс Жетісудағы әскери-саяси бақылауын жүзеге асырып тұрған ең оңтүстіктегі форпосты болатын. Бұл телімнің ерекше маңыздылығы  – сол жерден шығысқа қарай тура жоңғар ханы Қалдан Серен ордасына жол басталатын, ал ал қазақ ордасына баратын жолды осындағы (бүгінде топографияда «Қалмақтөбе қорғаны» деген атпен белгіленген) едәуір ірі жоңғар бекінісі бөгеп жатқан.

Қалмақтөбе кешеніне жүргізілген қазу жұмыстары нәтижесінде іргесі елу де елу метр шаршы түрінде салынған, қамалдың қабырғасының биіктігі 1,5–1,8 метрдей болатын қорғаныс құрылысының, өзге де көмекші құрылыстардың, суландыру жүйесінің қалдықтары табылған. Қамалға саны 200-ден 2500-ге дейін жететін ойрат жауынгерлері бекініп, шақпақ және білтелі мылтықпен қаруланған қазақтарға қарсы шайқаса алатындай болған[4].

Шу-Талас өзенаралығы мен Шу-Іле аймағының оңтүстік бөлігінен  жоңғар жасақтарын ығыстырып шығарған біріккен қазақ қолы  алдында дұшпанның әскери-саяси жүйесінің соңғы ірі форпосты ретінде тек «Аңырақай үшбұрышы» ауданы қалған-ды. Кейінгі зерттеулерге қарағанда, сонда өткен Аңырақай шайқасы 1730 жылғы сәуір айының басында болған. Жазба дереккөздерінен мәліметтерге бойынша, сәуірдің соңы – мамырдың басында бас қолбасшы Әбілқайыр хан Қалдан Серенмен бейбіт келісім жасаған да, сол жылдың шілдесінде өзінің елшілері Сейтқұл мен Құтлымбетті императрица Анна Иоанновна сарайына аттандырған.

Қазақ халқының көп жылғы азаттық күресінің шырқау сәті болған тарихи Аңырақай шайқасы екі-үш күнге ғана созылып, жоңғарларды басып алған аумақтарынан қуып шығумен аяқталған. Қазақтардың жер-суға иелігі ойрат көштерінің шекараларына дейін кеңейген. Бас қолбасшы әрі аға хан Әбілқайырдың жоңғарларға қарсы күрестегі жақын үзеңгілестері Ұлы жүз ханы Жолбарыс, Орта жүз сұлтандары Әбілмәмбет пен Барақ, сондай-ақ қазақтардың болашақ аға ханы, жас сұлтан Абылай, үш жүздің де аттары аңызға айналған көптеген батырлары болған.

XVIII ғасырдың 30-шы жылы қазақ халқының біріккен жасағынан ойсырай жеңілген «басқыншы қалмақтар еңіреп-жылаған орын» деп аталған Аңырақай тауының одан бұрын өз атауы болғаны түсінікті. Қазыбек бектің еңбегінде ол, жоғарыда айтылғандай,  Далатау деп аталған. Ал XVIII ғасырда Петербург Ғылым академиясы География департаментінің белгілі картографы И.И. Исленьев жасаған «...бұрынғы жоңғарлық қалмақ иелігіндегі жерлер» картасында, сондай-ақ 1816 жылы шыққан Н. Панснердің «...қазақ жерлері бар Орта Азия бөлігінің» картасында Шу-Іле тауларының Аңырақай бөлігі Күмісті (Кюмишлы, Кюмишты) деген атаумен белгіленген.  XIХ ғасырдың басындағы «Дайцин-и-тун-чжи» атты қытай шығармасында Аңырақай Кюмуш-Ола  деп, Күмістінің монғолша аталуымен сипатталған. Мұндағы қосарланған сөз мағынасы Күмісті деген мағына береді. Яғни, Шапырашты Қазыбек бек қолжазбасымен ХХ ғасырда жеткен Далатау деген атау сол замандарда (XVIII ғасырда) жасалған карталар мен шетелдік жазбаларда Күмісті тау деген атаумен белгіленген.

Ал жоңғар ханы Қалдан Сереннің 1716–1733 жылдары өз ордасында ұстаған швед соғыс тұтқыны Йоган Густав Ренатқа сыйлаған картасында Аңырақай тауы Ахин-Кадо деп белгіленген. Ойрат тілінен аударғанда, бұл «ақ изенді жазық немесе жайылым» деген ұғымды білдіреді[5].

Аңырақай тауының атауы байланысты конференцияда Қазыбек бектің еңбегіне сүйене отырып: Аңырақай – Бөлек батырмен жекпе-жек шайқаста қаза тапқан жоңғарлардың бір мыңбасының аты, тау сол жеңілген мыңбасының атымен Аңырақай аталған делінді[6].

Дегенмен бұл атауға байланысты мынандай зерттеу нәтижелері бар екенін де айта кеткен жөн: ғалымдардың тарихи-топонимикалық зерттеулеріне (Мурзаев Э.М. «Халықтық географиялық терминдер сөздігі», «Түркі географиялық атаулары»; Қонкашпаев Т.К. «Географиялық атаулар сөздігі», Койчубаев Е. «Қазақстан топонимдерінің қысқаша түсіндірме сөздігі»; Сюлбэ Б. «Якутия топонимикасы»; Жанұзақ Т. «Қазақ ономастикасы») қарағанда, Аңырақай сөзінің түбірлік негізі аңғ, аңға, аңғар немесе аңғарқай деген түркі-моңғол морфемінде жатыр. Бұларды түрлі моңғол (моңғол, ойрат, бурят және басқа) тілдерінен аударғанда – қуыс, шатқал, саңылау, шұқанақ, жарық және т.с.с. мағына береді. Аңғар (аңрақ, аңрағ) географиялық термині де көптеген қазіргі заманғы түркі тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде таудағы каньон секілді алқапты белгілейтін осындай семантикалық мазмұнды білдіреді. Солтүстік-Батыс Жетісу тұрғындарының айтуына қарағанда, жергілікті қазақтар атаудың шығуының климатологиялық нұсқасын қуаттайды: Аңырақай тауының ішінде «аңырап соққан жел» жиі тұрады екен[7].

Осы Далатау яки Күмісті тауы етегіндегі ұлы шайқастағы, жалпы қазақ әскерлерінің жоңғар басқыншыларына қарсы жүргізген азаттық соғысындағы Қазыбек бектің шығармасы бойынша суреттелген ұрыс тактикасын конференцияда әскери және саяси ғылымдар докторы Аскер Бакаев қарастырады.  «1729 жылы атақты Аңырақай шайқасында (жоғарыда айтылғандай, кейінгі зерттеулер тарихи шайқастың 1730 жылы болғанын анықтаған – Б.Қ.) Бөгенбай бастаған қазақ әскері қайта топтасу жолымен «үш тоғыс» тактикасын қолданды, – дейді ғалым, – яғни бұл тактика бойынша  ұрысқа жасақ мың-мыңдап кіреді, одан кейін, белгілі-бір жекпе-жек соғыстан кейін, шайқасқа екінші мыңдық кіреді де, алғашқы мыңдық кері шегінеді. Осынау ұдайы алмасып тұру, сөйтіп, бір жауынгерді екіншісіме ауыстырып отыру  тактикасы қазақ әскерінің сарқылмас күші барын көрсетті. Соның нәтижесінде жоңғарлар 10 мың адамын жоғалтты. Аңырақай соғысында, сондай-ақ «қаша соғысу» тактикасы қолданылды. Бұның мәні шегіне отырып соққы беруге саятын...»[8]

Ғалым Шапырашты Қазыбек бек кітабында келтірілген өзге де соғысу тактикаларына тоқталады, тек, қалмақтардың Аңырақай тауының солтүстікке қарай созылған етегінде, Сарыбұлақ пен Қопалы  өзендері арасында, екі өзеннің арналарынан 18  шақырымдай тең қашықтыққа, Сарыбұлақ өзенінің сол жақ биігіне салынған, кейін Қалмақтөбе атанып кеткен бекінісін[9] қандай әскери әдіспен алғанын айтпайды. Мұны түсінуге болады,  өйткені бұл бекініс туралы сол заман куәгерінің еңбегінде де ештеңе айтылмайды.

Қазыбек бек шығармасының шынайылығын дәлелдеу барысында Т. Омарбеков «еңбектегі тарихи тұлғалар есімдері, жанкешті ұрыстар болған мерзімдер мен қалмақ жағыңдағы қайраткерлер, батырлар есімдері, сондай-ақ оларды жүйелі түрде баяндау үлкен энциклопедиялық білімді қажет етеді», – дей келіп, қолжазбаға өздері білмейтіндіктен, сол кездің деректерін көшірушілердің өз жандарынан қосуы мүмкін емес деген ой айтады: «Біздің білетініміз, мұндай білім Қазыбек бекті бізге көшіріп жеткізгендердің ешқайсысында жоқ»[10]. Осылай дегенмен, ол көшірушілердің білім деңгейін көрсетерліктей ешқандай мәлімет келтірмейді. Бірақ, тұжырымын тиянақтау үшін, былай дейді: «Сондықтан да кезінде: «Қолымнан келгенінше айттым шынды, Қоспадым өтірікті... Дедім де бір сөз болса қазақ қалсын, Тауарихын өз жұртымның арқаладым. Жілігін түрік біткен шақпағанмен, Арыстың алты ұлын барқаладым», – деп жазған Қазыбек бек Тауасарұлының түпнұсқа қолжазбасы бүгінгі біздің қолымыздағы «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабына негіз болғанын мойындағанымыз жөн болар еді».

29.

Осылай дей тұра, Т. Омарбеков талқыға түсіп отырған кітаптың түпнұсқадан көп айырмасы болуы ықтимал екенін жоққа шығармайды. «Әрине, – дейді ол, – тарихымыз талай рет дәлелдегендей, қолжазба көшірмесі түпнұсқасының өзі емес. Қолжазба уақыт салып қайта-қайта көшірілген сайын тарихи шынайылық жағынан да, тілдік ерекшелік жағынан да бұрынғы түпнұсқадан алыстай түседі. Тіптен оны кейде бұрмалап баяндауы да мүмкін. 1776 жылы жазылып, 1852 жылы, онан соң 1934 жылы және 1944 жылы, ең соңында 1971 жылы, яғни барлығы әртүрлі тарихи кезеңде төрт қайтара көшірілген жөне бүгінде қолымызға «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген атпен жеткен еңбектің де осы тұрғыдан алғанда, кейбір өзгерістерге және толықтыруларға ұшырауы әбден мүмкін нәрсе»[11].

Бұл орайда Қазыбек бек Тауасарұлы шығармасының 2-басылымында «Қолжазба жайында» деген тақырыппен жарияланған Мақсұт Шафиғидің түсіндірмесі көңіл аударады: «Мен «Жалын баспасының» тапсыруымен Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқианнан өзіме шейін» атты қолжазбасының қадым жазуымен жазылған түпнұсқасын сол қалпында айнытпай кириллицаға түсірдім», – деп жазады ол. (Екінші басылымда оның қазіргі әліпбиге қотарған нұсқасы орын алған). Содан кейін бірден: «Кез келген көне қолжазбаларды жазуына, тіліне, қағазына, тағы да басқа белгілеріне қарап айыруға болады. Осы тұрғыдан келгенде, бұл қолжазбаның арғы тегін айтпағанның өзінде, ол 18-ғасырдың жазба мұрасы екеніне күмәндануға болмайды», – деген байламын жария етеді.

Содан соң М. Шафиғи де қолжазбаның бірнеше рет көшірілгеніне назар аударып, көшірме жасалған уақыттарды атайды: «Қолжазба 18-ғасырдың соңында (1776 ж.) жазылғанымен, 19-ғасырдың ортасында (1852 ж.) бір рет, 20-ғасырдың басында (1934, 1944) екі рет, барлығы үш рет көшірілген. (Т. Омарбеков, жоғарыда айтылғандай, төрт көшірме болғанын, ақырғысы 1971 жылы жасалғанын баян еткен – Б.Қ.). Біздің қолымызға соңғы көшірмесі (1944) жеткен».

Қолында өзі соңғы деп атаған 1944 жылғы көшірме ғана болса да, яғни салыстырып қарарлықтай бұрынғы үлгілердің жоқтығына қарамастан, ол соған дейінгі соны көшірушілердің бәрі қолжазбаны «бұрынғы түпнұсқадағы үлгі бойынша көшірген» деп тұжырымдайды. Солай дей тұра, көшіру барысында әлдеқандай өзгеріске ұшырауы ықтималдығын да айта кетеді: «Әрине, әр кезде әртүрлі адамдар қолынан көшірілгендіктен, көшіру барысында түпнұсқадағы кейбір сөздердің түсіп қалуы немесе жаңа сөздердің қосылуы әбден мүмкін. Бұл соңғы Халметов көшірмесінен де білініп тұр».

Сосын әлдебір өзгеріс «қосылуы әбден мүмкін» «соңғы Халметов көшірмесін» сипаттайды. Жалпы, көне жазбаларда емле тәртібі болмайтынын, үтір, нүкте, тырнақша дегеңдер қойылмайтынын айтады. Жазбалар әдетте «әлқисса» деп басталады да, «тәмат-тәмам» деп аяқталады». Ал Халметов көшірмесінде жазу емлесінің біршама сақталғанын, диалог сөздердің тырнақшамен берілгенін атай кетеді.

«Осы нұсқаны транскрипциялаған кезде, 1993-жылы «Жалын» баспасынан шыққан кітап нұсқасымен де бірдей салыстырып отырдым. Кітап осы күнгі оқырман қауымға арналғандықтан, қолжазбадағы сөздер толығымен қазіргі қазақ әдеби тілінің қалпына түсірілген. Қолжазбада түсіп қалған сөздердің орнына кітапта сөз қосылған, ішінара кейбір сөз тіркестері мен сөйлемдерді де қосып түзетіп жазған. Бірақ, шынын айту керек, мұндай түзетулер қолжазбаның негізгі мазмұнын өзгертпеген, бұрмаламаған, қайта керісінше кем-кетігін толықтырып жіберген. Кітап қазіргі оқырман қауымға лайықталып дәл, дұрыс аударылған, қайта аударудың қажеті жоқ».

Шынында, екінші басылымда факсимилесі қоса басылған қолжазбаның бүгінгі әліпбиге түсірілген нұсқасы мен қазақ грамматикасын сақтай отырып жасалған бұрынғы нұсқасында «и»-ді «і» деп, «нг» деген қосарланған әріптерді «ң» деп таңбалағаннан өзге айырмашылық, пәлендей мағыналық айырым жоқ...

Көшірмені салыстырып тексерушінің тағы бір байқағаны: қолжазбаның сыртында «Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұғлы. Түп-тұқианнан өзіме шейін» деп қолжазбаның аты жазылыпты. Кітап та осы атпен шыққан. Ал мұқабаның екінші бетінде «Шежіре уа зиндағи наме. Қазибек бег песар Тауасар ба... забан қазақи» деп жазылыпты. Бұл сөз кітапқа түспеген екен. М. Шафиғи қолжазбаның шын аты осы сөз бе екен деп қалады. Себебі бұл сөздің толық мағынасы, оның білуінше, мынандай болып шығады: «Шежіре және естеліктер. Қазибек бек песар (хатшы) Тауасар баласы. Қазақ тілінде».

Сондай-ақ, М. Шафиғидың байқауынша, «Түп-тұқианнан өзіме шейін» – қолжазбаның «Ата шәжәрә» деген бірінші тарауының тақырыбы сияқты. Өйткені қолжазба тек қана шежіре емес, көп бөлігі естеліктерден де тұрады, сол себепті сөйтіп атауы әбден ықтимал. Бірақ жоғарыдағы атауды Қазыбек бектің өзі қойды ма, әлде оны кейінгі көшірме жасаушылар қойды ма, ол жағынан кесімді ой айту қиын[12].

Қазыбек бектің шығармасына арналған ғылыми конференцияда да бұл мәселе сөз болды. Бүгінде оқырман қолында көне қадым жазу үлгісімен  жазылған Халметов көшірмесі (М. Шафиғи айтатын соңғы 1944 жылғы нұсқа) мен кирилицаға түсірілген «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабы түріндегі «Жұматай Түбісов деген кісіге оқытып отырып жазып алған Балғабек Қыдырбекұлының көшірмелерінің ғана болуы», яғни, жоғарыда мойындалғандай, «түпнұсқаның жоқтығы, бұрынғы, басқа көшірмелердің сақталмауы» қазіргі зерттеушілерге біраз міндет жүктейді. Атап айтқанда, «зерттеушілерімізді тарихи деректерге мол Қазыбек бек Тауасарұлы еңбегіндегі айтылған мәселелерді тарихи-салыстырмалы әдіспен басқа деректермен салыстыра отырып зерттеуге бағыттайды». Себебі, конференциядағы негізгі баяндамашының пікірінше, «Қазыбек бектің еңбегінің бүгінгі қолымыздағы нұсқасының бұрынғы түпнұсқадан қаншалықгы өзгерістерге ұшырағанын бүгінде анықтау, әрине, аса қиын шаруа».

«Соңғы көшірмеші марқұм Балғабек Қыдырбекұлы ағамыз (бұл М. Шафиғи атамайтын 1971 жылғы төртінші көшірме болу керек – Б.Қ.) баба еңбегіне арнап жазған алғы сөзін мынандай сөздермен аяқтаған екен», – деп, одан әрі Т. Омарбеков конференцияда жасаған баяндамасында кітапқа алғысөз жазған автордан үзінді келтіреді: «... Мен өзім бұл кітап осындай көлемді деп ойламайтынмын, сөйтсем кәдиммен жазылған ескі жазу (арабша) кәзіргімен көп шығады екен... Бұл кітапқа мен қол тигізген жоқпын, өңдемедім де, оқушыға қалпымен жетсін деп ойладым...»[13]

Осы жерде мына жәйтті айта кеткен дұрыс: кітаптың 2008 жылы шыққан екінші басылымына шығарушылар қолжазбаның факсимилелік көшірмесін, сол түпнұсқаның бүгінгі әліпбимен жазылған түрін, сондай-ақ қазіргі қазақ тіліне түсірілген нұсқасын берген. Аталған факсимиле басылымның 327-ші бетінен 763-ші бетіне дейін орын алып жатыр. Яғни кітап бастау алған қолжазбаның көлемі 436 бет екен. Сол қолжазбаны өз қалпында қазіргі қазақ әрпіне түсірген нұсқа кітаптың 28-ші бетінен 326-шы бетіне дейін орналасқан, яғни қолжазба қазіргі әріппен 298 бет болып тұр. Ал оның қазіргі қазақ тіліне түсірілген нұсқасы кітаптың 764-ші бетінен 1060-шы бетіне дейінгі орынды алған, яғни бұл нұсқаның да көлемі 296 бет – алғашқы тікелей көшірілген нұсқа көлемімен шамалас[14].

Аңғарылып тұрғандай, араб әріптерімен 436 бетке жазылған қолжазбаны осы күнгі қолданыстағы әліпбиге түсіргенде, түпнұсқадан 140 беттей азайып кеткен. Демек, 1993 жылғы басылымды дайындаушының жоғарыда келтірілген сөздеріне – «кәдиммен жазылған ескі жазу (арапша) кәзіргімен көп шығады екен» дегеніне байыптап ой жүгірсек, бізге факсимилесі ұсынылып отырған қолжазба оның жұмыс істеген нұсқасы болмауы ықтимал, яғни көне қадым жазуымен орындалған басқа көшірменің де болуы мүмкін  деген жорамал өз-өзінен сұранады. Шамасы, бұл жәйт әлі де нақтылауды, қосымша зерттеуді тосып тұрса керек.

Т. Омарбеков конференцияда аталған «қолжазбаның Балғабек Қыдыр- бекұлынан бұрын да бірнеше рет көшірілгенін»,  жоғарыда көрсеткеніндей, тағы бір еске сала отырып, «мұның бәрі тарихи шындықты анықтау жолында әсіресе тарихшылар еңбегін ауырлата түсері де сөзсіз» екенін айтады.

Басқаны былай қойғаңда, дейді ол, ғылыми салмағы ауыр, тарихымыз үшін аса құнды және «көшірушілері айтарлықтай сауатты болған Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашидиінің» Санкт-Петербургте және Ташкентте сақгалған қолжазбаларын өзара салыстырған өзбек ғалымдары олардың көшірілуі барысыңда түсіп қалған немесе толықтырылған көптеген сөз тіркестерін тапты» емес пе, сондықтан да, ғалымның пікірінше, кез келген тарихи қолжазбаның көшірмесі зерттеушілердің оны мұқият қарап, ыждаһатпен, жан-жақгы талдауларын қажет етеді. Бұл орайда зерттеуші «әруақты сыйлау, оған құрмет көрсету – ежелден халқымыз калыптастырған рухани дәстүр» екенін есте ұстап, осы дәстүрді Қазыбек бек шығармасын қарастырғанда да сақтаған жөн болмағын, оның «өзінен бұрынғы бабалары Мұхаммед Хайдар Дулатиді, Әбунасыр әл-Фарабиді, Жүсіп Баласағұниді, Қожа Ахмет Яссауиді, Қадырғали Жалаирды ауызға алғаңда, олардың еңбегі туралы пікір білдіргенде, оның үлкен имандылық танытқанын» айта кетуді орынды санайды. Енді, бізден жүздеген жыл ілгеріде қалам тербеген  Қазыбек бек туындысын зерттегенде, «біздің де осындай ұстанымды басшылыққа алғанымыз жөн» деп түйеді.

30.

Ғылыми конференция негізінен Тауасарұлы кітабының тарихи шындыққа сай әлде сай еместігін анықтау үшін де ұйымдастырылып отырғандығын есте ұстағандықтан: «Кезінде түпнұсқаны көшірушілер тарапынан кемшіліктер орын алған болса, оған, әрине, Қазыбек бектің қасиетті әруағы жауап беруге тиіс емес. Осыны естен шығармағанымыз жөн тәрізді, ағайын, құрметті зиялы қауым!» деген сөздермен, баяндамашы конференцияға қатысушыларға негізгі көзқарас тұғырын аңғартады. Одан әрі: «Осы қағиданы берік ұстанар болсақ, біздің қолымыздағы Казыбек бек Тауасарұлының еңбегі салиқалы да байсалды талдауды қажет ететінін де мойындар едік», – дейді.

Жалқыдан – Жалпыға, Шапыраштыдан – Қазақ тарихына баруды ниет еткен біз де бұл ойларға қосыламыз. Қолда бар еңбекті мүмкіндігінше жан-жақты талдай отырып, оны Шапырашты және Шапырашты арқылы Қазақ тарихын жаңғырту ісіне пайдалану қажеттігі анық. Өйткені, осы алға қойған мақсатқа орай қарастырған, қолда бар кітаптар[15] ішінде оның мазмұны мен маңызы өз алдына бір төбе.

Шынын айту керек, Сарыүйсін және Шапырашты руларына арналған көлемі 1212 беттік, 2000 жылы «Өнер» баспасынан шыққан  «Бәйдібек баба – Алып Бәйтерек. Ұрпақтар шежіресі» және оның түзетіліп, толықтырылған, тек Шапыраштыны қарастырған,  сөйтіп 2006 жылы жарық көрген екінші басылымы да шежірелік тұрғыдан көп  әрі мейлінше толық дерек бергенімен, тарихилық жағынан қарағанда зерттеушіні қанағаттандырмайды. Шапырашты рулық бірлестігі мен оның белгілі тұлғаларының қазақ өміріндегі түрлі кезеңдерде орын алған маңызды оқиғаларға араласуын Қазыбек бек шығармасынан табуға болады. Тек оны, зерттеуші-ғалым Т. Омарбековтың жоғарыда келтірілген, қолжазбаның түрлі өзгерістерге көшірушілер тарапынан ұшырауы мүмкін деген пікірін ескере отырып, сыни тұрғыда пайдаланған дұрыс болмағы түсінікті.

Конференцияда дәл атап өтілгендей, Қазыбек бектің еңбегіне тарихи-хронологиялық әдіспен талдау жасар болсақ, оның негізінен үш бөліктен тұратынын аңғарамыз. «Бірінші бөлігі – ежелгі және ерте орта ғасырлардағы қазақ тарихын шежірелік үлгіде баяндау; екінші бөлігі – Қазыбек бектің өзінің атасы Матай өмірге келген 978 (біздіңше 1500-жылдар) (ал дұрысы: хижраша 978 жыл қазіргі жылсанақпен 1475 жылдарға сәйкес келеді – Б.Қ.) жылдан басталады да, Қазыбек бектің өзі туған 1070-мешін жылына (біздіңше 1692-жылға) (ал дұрысы: хижраша 1070 жыл – христианша күнтізбекпен 1661 жылдарға сәйкес болады – Б.Қ.) дейін созылады. Бұл кезеңдегі тарихи оқиғаларды баяндауға Қазыбек бек атасы Матайдың жазбаларын пайдаланған», – дей келіп, баяндамашы одан әрі былай дейді: «Қолымыздағы көшірмеден Казыбек бектің мынадай сөздерін оқимыз: «Мен кітабыма сол атамның жазбаларын қолдаңдым. Ал атам Матай күнделікті оқиғаны болған-болғаныңдай етіп қана тіркеп отырған. Ол – қорытып жазбаған кісі...»  Осы түйіннің өзі, ғалымның ойынша, екінші кезеңнің деректік тұрғыдан сенімділігін нығайта түседі.

Ал шығарманың үшінші бөлігі – «Қазыбек бектің өзі өмірге келген 1070-мешін жылынан (яғни осы хижралық уақытты оған 622 деген санды қосу жолымен заманалық күнтізбекке айналдырып, біздің түрлі әдебиетте оны 1692 жылы туған делінетін шатастырулы датадан, ал дұрысын айтқанда,  мұсылманша 1070 жылға сай келетін христианша 1661 жылдан – Б.Қ.)  басталып, Абылайдың хан ретінде таққа отыруына (бұл тарихи оқиғаны Қазыбек бек «1149-жылы» болды деп көрсетеді[16])  дейін келеді».

Бұл кезеңде де түсініксіздік орын алып тұрғанын мойындауға мәжбүрміз, өйткені  Абылай сұлтан хан болып сайланды деп Қазыбек бек көрсеткен мұсылманша 1149 жыл – біздің заманымыздың 1736 жылына сәйкес. Алайда Абылай таққа Юлий календары бойынша 1771 жылы, хижраша – 1184 жылы отырды ғой. Осылай қарағанда,   Қазыбек бек шығармасының үшінші бөлігі – хижра  бойынша 1070 жылдан 1184 жылға дейін немесе христиан күнтізбесімен 1661 жылдан 1771 жылға дейінгі уақытты қамтиды деуге болар еді. Бірақ...

Осы жерде мына жәйтке тағы бір назар сала кеткен дұрыс: Абылай сұлтан хан тағына отырған христианша 1771 жылдан 622-ні алып тастасақ – мұсылманша 1149 жыл шығады! Тағы да еріксізден еріксіз былай ойлайсың: әлдебір көшірмеші  тарихта белгілі даталардан, екі күнтізбелік жүйенің  басты айырмашылығын ойға алмай, қарабайыр жолмен 622-ні шегере салу арқылы, мұсылмандық жыл есебін шығара салған-ау! Қазыбек бек сынды заманының мұсылманша оқуын әр елден түбіне жете оқыған көзі ашық кісі өз уақытындағы хижра жылын дәл білмеуі мүмкін емес қой!

Егер календарьларды ауыстырғанда көзге ұратын  бұл келеңсіз тура келмеушіліктерді есепке алмасақ, онда Қазыбек бектің өзінің өмір сүрген, белсенді қызмет атқарған уақытындағы оқиғалар туралы айтқандарын көңілге тоқумен шектелеміз. Ал олар белгілі тарихи деректер жайын тереңірек тануға ұмтылатын біздің тілегімізге  дөп келетіндіктен,  белгілі бір өлшеммен қарауға тура келеді. Мұндайда оның шығармасында айтылатын тарихи оқиғаларды тура атауда және олардың болған мерзімін нақты көрсетуде бұлтартпас шындық, тарихи шынайылық, әрине, үстем болуға тиіс.

Бірақ үнемі олай бола бермейді. Т. Омарбеков те: «Алайда кез келген тарихи өмірбаян (мемуар) бүлтартпас шындықгы дәлме-дәл көрсетеді десек, қатты қателесер едік», – дейді. Және ондай жағдайдың орын алуы ықтимал себептерді де атайды. «Өйткені өзінің тарихи өмірбаянын баяндап отыратып кез келген тарихи тұлға – кейде тарихи мерзімдерді қателесіп немесе әдейі өзінің ыңғайына қарай бұрмалап баяндауы, сондай-ақ көргендеріне ғана емес, естігендеріне де сүйенуі – көптеген тарихи өмірбаянға тән нәрселер. Мұндайда тарихи өмірбаян авторының жазғандары субъект ретінде басқа деректермен салыстыра қарауды қажет етеді»[17].

Осы орайда, ғалымның одан арғы пайымдарына – Қазыбек бек Тауасарұлы туындысының әр бөліміне толығырақ талдау жасауына – назар аударардан бұрын, жоғарыда келтірілген аздаған, бірақ кітаптың күллі бойына тоқылған деректерге – тарихи даталарға байланысты кейбір ойға оралған жәйтті айта кету орынды сияқты. Мәселен, оның мына: «Матай өмірге келген 978 (біздіңше 1500-жылдар) жыл...» және «Қазыбек бектің өзі туған 1070-мешін жылы (біздіңше 1692 жыл)»...  деген сөздері іштерінде айтылған даталарға көз жүгіртелік. Мұндағы 978-ші және 1070-ші жылдар бүгінгі әріпке түсіріліп жарияланған қолжазбада хижра (мұсылман) жыл санағы бойынша берілгені дау туғызбайды. Кітаптың 1993 жылы шыққан нұсқасында олар сол қалпы басылған.  Көңілге күдік ұялататыны – солардың жоғарыдағы қазіргі жылсанақ бойынша, қосарлана берілген нұсқасы.

Аңғарып қарар болсақ, екі ретте де олардың арасында 622 жыл айырмашылық бар: 1500 – 978 = 622; 1692 – 1070 = 622.

Ал хижра жүйесі, баршамызға белгілі, ай күнтізбегімен есеп жүргізеді. Біз пайдаланатын Григорий  және патша өкіметі тұсында пайдаланылған Юлий күнтізбектері  күн календарына негізделген. Екеуінің арасындағы хижра алғаш қолданылған (мұсылман жылсанағы Мұхаммед пайғамбар Мединеге қоныс аударған 622-ші жылдан бастап енгізілді) кездегі 622 жылдық айырма уақыт өткен сайын қысқара береді, өйткені екі календарь бойынша – жыл ұзақтығы екі түрлі. Күн календарында бір жыл 365–366 күннен тұрса,  ай күнтізбегінің бір жылы одан он шақты күн аз. Сондықтан да хижра бойынша есептелетін жыл григорийлік (және юлийлік) күнтізбемен саналатын жылдан 10 күндей уақытқа  жылдамырақ айналады.

Демек, григорийлік календарьдың бір жылында хижра бір жылын бітіріп, келесі жылының он күнін өтіп қояды, яғни григорийлік күнтізбенің он жылы  хижраның он жыл және жүз күніне (үш ай он күніне) тең, немесе, түсініктірек етіп айтқанда, – григорийлік күнтізбенің 120 айы ұзақтығы жағынан хижра күнтізбесінің 123 ай 10 күніне тең. Яғни, хижраны (мұсылман календарын) христиан календарына негізделген біздің жылсанаққа аударғанда, осы ерекшелікті ескеріп отыруымыз керек.

Бұдан туатын қорытынды сол, Қазыбек бектің атасы Матай дүниеге келді делінетін хижраша 978 жыл – біздіңше, қазіргі жылсанақ бойынша, Т. Омарбеков оған автоматты түрде хижра бастау алғанға дейінгі жыл санын қосып көрсеткендей – 1500 жыл емес, хижраның 978-ші жылы сәйкес келетін  1471 жыл болып шығады. Тап сол сияқты, Қазыбек бектің өзінің туған уақыты да анықтамалықтарда жазылып жүргеннен басқа –  егер қолжазбада  хижраның 1070 жылы туылған деп қатесіз көрсетілген болса, бұл дата біздіңше, оған зерттеуші-ғалым Т. Омарбеков хижра жыл санағы басталған 622 жылды қосып есептеп шығарғандай – 1692 жыл емес, ай мен күн календарь-күнтізбектерінің айырымдарын есепке алып қарағанда, шамамен – 1659 жыл болып шығады.  Сонда, Қазыбек бектің 1692 жылы емес, 1659 жылы туғанына көзіміз жетеді...

Ал Қазыбек бектің кітабындағы хижра жылсанағы даталарының келтірілуі – оның түпнұсқалылығының бірден-бір белгісі ретінде қабылданатыны мәлім. Бұл орайда кітаптың екінші басылымында: «Қолжазбада баяндалатын тарихи оқиғалардың уақытын хіжре жыл санау есебімен берген, – деп атап өтіледі. – Жыл есептері анық болу үшін, оған қазақтың жыл аттарын қосып отырған. 1013 – ұлу ж., 1021 – қой ж., 1030 – жылқы ж., 1076 – барыс ж., 1095 – тауық ж., т.б. Бұл да қолжазбаның көнелігін және тарихи оқиғалардың дәлдігін білдірсе керек»[18].

Сондай-ақ кітап мәтінінде осыларға байланысты автор атымен айтылған сөздер бар, Қазыбек бек болашақ ұрпақты шатыстырмас үшін оқиғалардың бәрін хижрамен бергенін, егер жазылған даталарға 622-ні қоса салса, бүгінгі жылсанақтағы даталар шығатынын айтқан.

Ал бұл бізге шүбәлі көрінеді, өйткені мұсылманша терең оқыған ғалым кісі өзі куә болған заман оқиғаларын сол кезгі мұсылман жылсанағымен жазуы керек еді, әрі өзі аралас-құралас болған, немесе білген тарихи тұлғалар артында хижрамен белгіленген эпистолярлық мұра шетел мұрағаттарында сақталып қалды ғой, оларда даталар хижрамен берілген және бір-де-бірі аталмыш кітаптағыдай 622 жылдық айырыммен анықтауға келмейді, олар нағыз ай календарына сай түсірілген...

[1] Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын. Ғылыми конф. матер. – А.,  2001. – 10-б.

[2] Тауасарұлы Қазыбек бек. Түп-түқияннан өзіме шейін. – А., 1993. – 254–262-бб.

[3] Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын. Ғылыми конф. матер. – А.,  2001. – 6-б.

[4] Аныракайский треугольник: историко-географический ареал и хроника Великого сражения. – А., 2008. – 70–75-бб.

[5] Аныракайский треугольник ... – 60–82-бб.

[6] Тауасарұлы Қ. Түп-түқияннан өзіме шейін. – А., 1993. – 254–262-бб.;  Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын. Ғылыми конф. материалдары. – А.,  2001. – 6-б.

[7] Аныракайский треугольник ... – 58–59-бб.

[8] Бакаев А. Военные действия в книге Казыбека бека «От истоков до меня»// Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын. Ғылыми конф. материалдары. – А.,  2001. – 18–26-бб.

[9] Аныракайский треугольник ... – 119–122-бб.

[10] Омарбеков Т. Қазыбек бек Тауасарұлының еңбегі – тарихи өмірбаяндық шығарма// Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын... – 10-б.

[11] Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын... – 10–11-бб.

[12] М.Шафиғи. Қолжазба жайында// Тауасарұлы Ш.Қ. Түп-түқыйаннан өзіме шейін. – А., 2008. – 18–19-бб.

 [13] Қазыбек бек  Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын. Ғылыми конф. матер. – А., 2001. – 11-б.; Тауасарұлы Қ. Түп-түқияннан өзіме шейін. – Алматы, 1993. –  22-6.

[14] Шапырашты Тауасарұлы Қазыбек бек. Түп-түқыйаннан өзіме шейін. – А., 2008.

[15] Бәйдібек баба – Алып Бәйтерек. Ұрпақтар шежіресі. – А., 2000. – 1212 б.; Бәйдібек баба – Алып Бәйтерек. Ұрпақтар шежіресі. Түзетіліп, толықтырылған екінші басылымы. – А., 2006. – 536 б.;

[16] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. – А., 2008. – 981-6.

[17] Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын. Ғылыми конф. матер.. –А.,  2001. – 13-б.

[18] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқийаннан өзіме шейін. – А., 2008. – 19-6.

Бейбіт Қойшыбаев

(«Рух-Сарай», 5-том, «ҚазАқпарат» баспасы, 2012 ж.)

Жалғасы бар...

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1421
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1256
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1013
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1075