Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Әдебиет 1656 3 пікір 7 Тамыз, 2023 сағат 12:26

Біз – қазақ ежелден... (жалғасы)

Басы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден... 

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Өзіңді-өзің тану тәжірибесінен

26.

Сонымен, алдыңғы тарауларда айтылғандай, Дешті-Қыпшақтағы мемлекеттік бірлікте  билікті қолына алған шайбандық Әбілқайырға наразы көшпенді халықтың бір бөлігі 1456 жылы ордалық Жәнібек пен Керейдің бастауымен Моғолстанға қарайтын Батыс Жетісуға қоныс аударып, Шу өзені аймағындағы Қозыбасы деген жерге орын тепті. Болашақ қазақ мемлекеттігінің іргесі сол оқиғамен қалана бастаған еді. Жетісу өңірінде өмір сүріп жатқан Ұлы жүз, Үйсін бірлестігіне кіретін Шапырашты тайпасы бір шаңырақ астына бірігуге бел буған жұртпен – тілі, ділі, мәдениеті, өмір салты, бітім-болмысы, шаруашылық қалыбы бір өзге де түркі тайпаларымен бірге қазақтың болашақ мемлекеттік құрылымын қалыптастыруға алғашқы жылдардан-ақ араласты деп сеніммен айтуға болады.

Қазақ хандығының сол шақта Моғолстан құрамындағы Жетісуда құрылуы оның алғашқы тығыз қарым-қатынас жасаған және достық, одақтастық байланыс орнатқан мемлекеті сол Моғолстан болғандығын көрсетеді. Әмір Темір ұрпақтары мен ойраттардың басқыншылық саясаттарына тойтарыс беру орайында олардың мүдделерәі көп жағынан сәйкес келіп тұрды. Хандықтың құрылуы Жетісудағы тайпалардың бейбіт жолмен қазақ билеушілері қоластына өтуін қамтамасыз етті. Сөйтіп, Моғолстан билеушілерінің Оңтүстік-Шығыс Қазақстанға билігі жойылды. Бұған, әрине, Моғолстанның өз ішіндегі құлдырау және ыдырау үдерісі басты себеп болған еді[1].

Әз Жәнібек хан мен Керей хан Жетісу өңірі, Шу мен Талас өзендерінің бойын мекендеген қазақтардың басын қосуда көп еңбек сіңірді, олар бұрынғы Ақ Орда қазақтарын бір шаңырақ астына алуды жүзеге асырып, Қазақ хандығын дербес мемлекеттік құрылым ретінде тарих сахнасына алып шықты.  Содан бастап, біртұтас қазақ хандығына кірген өзге де түркі ру-тайпалары тәрізді, қазақ туын көтерген Шапырашты руы да, өзін-өзі азаматтық қоғам дәрежесінде басқарып, ортақ елдік шаруаларды атқаруға жалпықазақ ханы құзырында атсалысты.  Ел басына күн туған жоңғар шапқыншылығы кезінде жаулаушыларға қарсы жанқиярлықпен шайқасты.

Біз о баста қазақ тарихына Шапырашты тайпасы арқылы баруды мақсұт еткендіктен, осы тайпаның қазақ мемлекеттігі дүниеге келген шақта өмір сүрген аталарына да шолу жасай кетелік.

«Әз Жәнібек хан өзі де, жұртты тыныштандыруға көп күш салған», – делінеді Қазыбек бек жазбасында. Шапырашты ұрпағы осы бір шақта Жетісуға қайта жиналып, жақсы өмір сүре бастаған. Бәйдібек балалары көбінесе бес Алатаудың Лабас, Арқас, Талас, Шуас, Шымбас маңын мекендеген. «...Шам атамыздың ғұмыр сүруінің басы осындай мамыражай заманға келіпті». Шамнан Малды, Қалды, Желді деген үш бала болған. Солардың ұрпақтарын тізбелеп тарата келе, шежіреші олардың қайсысының қазақ елінің қай қиырына кеткеніне де тоқталады. Сосын өзі ес жиып, өмір сүрген кезең оқиғаларына көп көңіл бөледі.

Осы жерде біз біршама жіті қарап келе жатқан Қазыбек бек жазбасы жайында мынаны айта кету ләзім...

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жалпы қазақ тарихы жайындағы кітаптардың көптеп шыға бастағаны мәлім. Солардың қатарында дәстүрлі қазақ шежіресін өзінің өте сирек кездесетін бірегейлігімен толықтыруға тиіс кітап – ХVIII ғасырда жазылған еңбек– екі жүзжылдықты артқа тастап барып тұңғыш рет жарық көрді. Ол – Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының 1776 жылы қайтыс болғаннан кейін артында қалған қолжазбасы (Матай–Қазыбек бек шежіресі) еді. Жалпы қазақ тарихына, оның ішінде Бәйдібек балаларына, әсіресе оның құрамындағы Шапырашты руы адамдарына қатысы бар, ерте заманда Тауасарұлы қағазға түсірді делінетін оның «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты шығармасы 1993 жылы тұңғыш рет тасқа басылып жарыққа шықты.

Қазыбек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ол жайында «Қазақ совет энциклопедиясында» да, «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясында да өмірбаяндық мақалалар келтірілген. Міне осы кісі аталған еңбегінде өзінің ұзақ уақыт бойы шет елдерде оқу қуып жүргенін, ақыры,  «елге 1087-қоян жылының аяғында» келгенін айтады. (Ал бұл мұсылман күнтізбесімен көрсетілген мезгіл христиан календарына айналдырғанда, шамамен 1677 жылға сәйкес келеді). «Бұл жыл ешбір іске араласпай, бұрынғы жазбаларымды қарастырып, елдің жағдайын аңлап жүрдім, – дейді автор. – Жердің оты қашқан, тақыршылық жыл екен. Менің әкем Тауасар би әулеті бұрынғыша онша жүдемепті. Тәукенің билігінен бері ел арасы да, сыртқы жаулар да тынышталып, жұрттың көңілі көтеріңкі екен»[2]. Осы жерде мына жәйтті де еске сала кету дұрыс көрінеді:  Қазыбек Тауасарұлы елге оралған 1087-ші (хижра – мұсылман жылсанағы бойынша) немесе  1677-ші (Юлий – христиан күнтізбесі бойынша) жылы Тәуке таққа отыра қоймаған  еді, ол билікте 1680–1718 жылдары болды[3]. Шамасы, қолжазбадан көшірме жасаушылардың бірі  қарабайыр тәсілге салып, қолданыстағы жылсанақ бойынша 1709 жылдан 622 деген санды шегеру арқылы хижраға түсірмек оймен, жаңсақтыққа жол беріп қойған шығар деген ой тағы да келеді...

Қазыбек бек ХVIII ғасырдағы қазақ тіршілігін бейнелейтін естелігін шет елден оқып оралған адамның көзімен былай деп жалғастырады: «...соңғы жылдардағы нашарлаған денсаулықты орнына келтіру үшін, қымыз ішіп, ет жеп, көңіл көтердім. ...Бар бітірерім ертең күн қандай болады, жылы ма, суық па, жаңбыр әлде қар жауа ма, жаумай ма, күнде ертемен әкеме, әкемнің жанына жиналғандарға осыны айтып беріп отырдым. ...Қазақ жұртына керегі де сол». Бұл, жоғарыда айтқанымыздай, Қазыбек елге оралған 1709 жыл. Ал «келесі жылы жылы Жетісуға Тәуке хан келді, ол біздің жайлауларда жаз бойы болды», – дейді ол.

Естеліктен ханның сол сапардағы тұрмыс жайын білеміз. Қазыбек Көктөбе жайлауындағы (Лабаста) Кішісаз төріне оған орда көтеріп салынғанын, арнайы  бес үй тігілгенін айтып, бұл үйлердің атқарған қызметін баяндайды. Автор Тәуке ханның сол Жетісу сапары кезінде оның «құрған билігін, шығарған низамын, жарғысын» айтып жатуды орынды көрмейді. Өйткені хан ордасында болған  сөзді жазатын арнаулы адамдар бар екен. Олар Тәуке ханның Беркен, Төрінбек деген екі хатшысы көрінеді. Шет жұрттардан өнер-білім оқып-тоқып қайтқан Қазыбек Тауасарұлы сол хатшылармен сөйлесіп көргенінде, «айтқанды жазғаннан басқаға шамасы келетін адамдар емес» екенін аңғарған. Байқағаны – олардың орда ішінде қызмет істегенде «атқарар үлкен екі ісі бар, бірі – ханның жаз дегенін жазу, екіншісі – келген ел ағаларынан жылқы сұрап алу»...

Қазыбек Тәуке ханға алғашында «Жетісудың барлық билерімен бірге – Дулат Жаныс Бұрқыл би, Шапырашты Тауасар, Жарлығап би, Ысты Нұрмамбет би, Жалайыр Жолбарыс би сияқтылармен бірге сәлем беруге» барған. Алайда «мені ханға кіргізбеді, – деп жазады ол, – сонан соң мен оған баруға ұмтылмадым да». Бірақ оны хан өз ордасына «билер тарқап кеткен соң он шақты күннен кейін» арнайы  шақыртады. «Мені екі хатшы Төрінбек пен Беркен бұрынғыдай емес, салқын қарсы алды. Мен оған онша әһмият етпедім», – дейді Қазыбек. Сосын қабылдаудан алған әсерін жазады.  «Хан көзі шүңіректеу, керіле пішілген қою қара қасы бар, әдемі қыр мұрынды кісі екен, – дейді ол. – ...Қой көзі мені ішіп-жеп, өңбенімнен өтіп барады. Ол сол қарасымен мені тәуфиқландырып алмақ сияқты. Оқу іздеп қаңғып жүріп ханды, қараны көп көрген мені оның көзі үркіте алмады». Отырған соң хан одан жөн сұрайды. Асықпай, түске дейін әңгімелеседі. Ақыры мұны хатшылыққа алғысы келетінін айтқан. Қазыбек келісім бере салмайды. Тәуке хан ол жайында Төле, Қазыбек билердің айтқанын еске салады, бірақ Қазыбек келісім бермейді. «Мен ордадан шыққанда, Беркен мен Төрінбек мені құшақтап қарсы алып, атыма дейін шығарып салды. Сөйтсем, байқұс жігіттер екеуміздің қайсымызды қуар екен, қайсымыздың орнымызды алар екен деп жүр екен ғой. Сөйтіп, мен олардың сыбағасына ортақтаспадым. Жөніме кеттім».

Естелікте Жетісуда Тәуке ханның жаздай отырып, қараша туған соң Асыға көшкені,  ханның артында көп әңгіме қалғаны,  оның «ғаділдігі, айтқан орынды сөзі, біреулер туралы пікірі» көпке дейін жұрт аузында жүргені жайында айта келіп, Қазыбек бек «ол отырған жер бүгінге дейін Тәуке сайы атанып қала берді», – дейді[4].

Осындай танымды әңгімелері мол, қазақ тарихының маңызды кезеңдерін қамтып  әңгімелейтін, алайда екі ғасырдан астам уақыт бойы жұртшылыққа беймәлім болып келген қолжазбаның ойда жоқта жарқ етіп жариялануы, дегенмен,  қоғамда, зиялы қауым арасында  үлкен сілкініс, таңырқау және қабыл ала алмау сезімін туғызды. Кітап жұртшылық қолына тиісімен, бірқатар белгілі қаламгер топ тарапынан онда баяндалған тарихи оқиғалар мен тұлғалардың істерінің ғылымға мәлім жәйттерден алшақтығы бар екенін көрсетіп,  оның түпнұсқалық тағдырына сенбеушілік білдірді. Жалпы, ғасырлар тереңінен келді делінетін еңбекке  түрлі сыни пікір айтыла бастады.

2000 жылғы 4 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінде «Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын» деген тақырыпта ғылыми конференция өтті. Сол жылғы 7 қазанда Ұзынағаш бекетіне  Қазыбек бек есімін беруге байланысты салтанатты жиын өтті. Осы екі оқиғаның материалдары топтастырылып, 2001 жылы арнайы кітап болып басылып шықты[5].

«Қазақ тарихының, әсіресе, ортағасырлық кезеңі деректерге тым тапшы, – деді конференцияда ҚазМУ ректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Көпжасар Нәрібаев «Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға және ғалым» деп аталған кіріспе сөзінде. – Сондықтан да болу керек, мейлі ол жаңа жазылған көркем шығарма болсын, мейлі бұрын мәлім емес тарихи дерек болсын, әйтеуір тарихқа қатысты шығармалар өмірге келе қалса қызу айтыс тудырып жатады»[6].

Ғалым мұндай әдеттің ғылымның жетілуі үшін табиғи нәрсе екенін атап айта отырып, ХХ ғасырдың 90-жылдарына дейін беймәлім болып келген «...құнды еңбектердің бірі көрнекті мемлекет қайраткері Ораз Жандосовтың ұлы бабасы Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты тарихи мемуары» «егемендікке ие болып, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, төл тарихымызды қайта жазу басталғанда алғашқылардың бірі болып» жарық көргенін еске салады. «Алайда бұл кітап туралы пікір жазушылардың арасындағы талас-тартыс оқырмандардың ойын әлімсаққа жүгіртіп, бейжай етіп қойды», – дей келе, «кейбір тарихшылардың өздері бұл еңбекті жарамсыз деп тауып, дерек ретінде пайдалану қажетсіз деп көрсетіп жүргенін» айтады. Кемшіліксіз жұмыс табу қиын екенін, баспасөзде орын алған талас пікірлерге қарағанда, бұл кітап жайында іргелі ғылыми пікір болмағанын, сондықтан да аталмыш конференцияда соған мән беру керектігін еске салады[7].

Конференцияда «Қазыбек бек Тауасарұлының еңбегі – тарихи өмірбаяндық шығарма» деген тақырыппен негізгі баяндаманы тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков жасады. Ол ең алдымен, «өз заманының озық ойлы жиһанкез-оқымыстысы, ақын, қайраткер Қазыбек бек Тауасарұлы жазған тарихи өмірбаяндық шығарма арнайы әңгіме егуді қажет ететінін» айта келіп, «шығарманың өзі тарихи өмірбаян болып табылатындықтан және онымен зиялы қауым жақсы таныс болғандықтан, Қазыбек бек Тауасарұлының өмірбаянына тоқталып жатпай, мәселенің тарихи жағына ауысуды» орынды көрді[8].

Шынында да, ХVIII ғасыр адамы жазған аталмыш кітап ХХ ғасырдың аяғына қарай жарық көргенде, ізінше әртүрлі пікірлер туғызды. Кез келген тың, тосын дүниеге ә дегенде жатырқай қарау болатыны бұрыннан белгілі. Ал «зиялылар арасындағы әртүрлі пікірлердің бастауы Қазыбек бек еңбегінің қолжазбасы туралы екендігі ешкімге құпия емес». Сондықтан да баяндамашы сөзін осы еңбектің қолжазбасының түпнұсқалық тағдыры туралы мәселеден бастады. Бұл орайда ол ең алдымен Қазыбек бектің өз қолымен жазылған тұпнұсқа қолжазбасы біздің қолымызда бүгінде жоқ екенін ашып айтты.

Сосын: «Алайда ХVIII ғасырда өмір сүрген Қазыбек бабамыз тұрмақ, ХVI ғасырдың ұлы тарихшысы, дарыңды қолбасшы, үлкен ақын Мұхаммед Хайдар Дулатидің бүгінде бүкіл әлем мойындаған кемел шығармасы «Тарих-и Рашидидің» де түпнұсқа қолжазбасы біздің қолымызда жоқ», – дей келіп, осынау маңызды да құнды еңбектің Ташкент ғалымдары пайдаланған екі Санкт-Петербург, бір Ташкент көшірме-қолжазбалары ғана барын айтты[9].  ХІV ғасырдағы Дешті-Қыпшақ көшпелілері өмірінен терең сыр шертетін Өтеміс қажының «Шыңғыснамасының» XVIII ғасырдың соңында немесе ХІХ ғасыр басында көшірілген екі көшірмесі ғана мәлім.  Көшірменің бірі Түркияда. Ал түпнұсқасы жоқ[10].  Баршаға белгілі Әбілғазының «Түрік шежіресі» көшірме түрінде зерттеушілерге тек XVIII  ғасырда ғана тиді[11].  Ал  түпнұсқасы осы уақытқа  дейін табылды деген хабар болған емес.  «Қазақ елінен шыққан, кемеңгер тарихшы, мемлекет қайраткері, XVI ғасырдың екінші жартысыңда – XVII ғасырдың басында өмір сүрген Қадырғали Қосымұлы Жалайырдың 1602 жылы өз қолымен жазған түпнұсқа қолжазбасы да бізге жеткен жоқ»[12]. Ғалымдардың пайдаланып жүргені – бірі Санкт-Петербургте, екіншісі – Қазанда сақталған екі көшірме ғана[13].

Осыларды мысал ретінде санамалай келе, Т. Омарбеков «Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының қолжазбасының, оның өзі жазған түпнүсқасының бүгінде бізге жетпеуіне таңданудың қажеті жоқ», – деп түйеді. Ол: «Білім негіздерін жаугершілік ахуал таптаған «аттың жалы, түйенің қомында» өмір сүрген бабаларымызды қолжазбалардың түпнұсқаларын бізге жеткізіп бере алмағаны үшін кінәлау орынды бола қояр ма екен?» – деген сауалды алға тартады да, – «ғасырлар қойнауынан, небір тар қыспақтардан өтіп, бүгінге көшірме түрінде сарғайып жеткен қолжазбалар көшірмелерімен жұмыс жасағанда, ұлттық тарихымыздың осыңдай ерекшеліктерін ескергеніміз жөн», – деген байлам жасайды.  Осы тұрғыдан қарағанда, Қазыбек бек Тауасарұлы еңбегінің көшірмесіне үрке қарамау дұрыс болмайды.  Қайта онда келтірілген деректерде тарихымыз үшін қандай бағалы және құнды нәрселер бар, сондай-ақ қандай мәселелерде, бәлкім, автордың өзі де немесе оны кейіннен көшірушілер де тарихи шындықты дөп баса алмаған деген мәселенің айналасында ең алдымен тарихшылар батыл түрде зерттеу жұмыстарын жүргізулері керек. Өйткені, «тарихымыздың деректерге кедей кезеңдерінен мағлұмат беретін, тіптен түпнұсқадан бұрмаланған көшірме қолжазбаларды зерттеуден үзілді-кесілді бас тарту – туған тарихқа жан ашушылық бола» алмаса керек[14].

27.

Осы жерде Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы еңбегінің бір топ ғалым жазған «Қазақстанның қазіргі заманғы тарихнамасындағы ғылыми білім және миф шығарушылық» деп аталатын ұжымдық монографиясында[15] қалай бағалатынына тоқтала кету ләзім. Мұнда жалған дереккөздер жасау тенденциясы соңғы кездерде посткеңестік елдердің бәрінде кең таралғаны атап өтіледі. Ондай әрекет Қазақстанда да орын алды делінеді монографияда, атап айтқанда, «Қазақстанда қазақ халқының XVIIІ ғасырдың алғашқы жартысындағы тарихы жайында псевдодереккөздер  пайда болды» деп көрсетеді. «Бұлардың қатарына, халықтың фольклорлық материалдары түрінде жасалған әртүрлі қолдан істелген әдеби жасанды боямалармен қатар,  «Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының шежіресін» («Түп-тұқияннан өзіме шейін») ...секілді жазбаша жасанды дереккөзді жатқызуға болады», – дейді монография авторлары. Олар «жасанды дереккөз» ретінде Қожаберген жыраудың «Елім-айын» да атайды.

Аталған екі шығармаға да 1723–1730 жылдарғы қазақ-ойрат соғысының оқиғалары арқау болғанын айта келіп,  монография авторлары бұл екі туындыға өзек болған тақырыптарды нақты атайды. «Түп-тұқияннан өзіме шейінде» бұл соғыс көбіне жалпы фон ретінде алынып,  негізінен жоңғар басқыншыларына қарсы соғыста өз отанын ержүректікпен қорғаған бір қазақ тайпасы батырларының ерліктері суреттелсе, «Елім-айда» мәселе кеңірек қарастырылады. Онда «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталған қайғылы жылдарға байланысты қазақ жерінде орын алған соғыс көріністері мен қоғамдық-саяси оқиғалардың едәуір кең панорамасы берілген. Мұнда қазақ хандары мен сұлтан, қожалар қазақ-жоңғар соғысы кезінде танытқан көрсоқыр да таяз саясат  қатты сынға алынады, олардың жауға қарсылық көрсетуді ұйымдастыруға қабілетсіздігі, сондай-ақ Жоңғар хандығына Ресей мен Қытай тарапынан көп жылдар бойы көмек көрсетіліп келе жатқаны, олардың мақсаттары мұсылмандардың бәрін құрту екендігі  айтылады.

Осы екі тарихи шығарма да 1992–1993 жылдары – егемен Қазақстан Республикасы қаз тұрып келе жатқан шақта жарыққа шықты. Бұл жылдары тәуелсіз ұлттық-мемлекеттік құрылыстың  идеологиясын қалыптастыруға бағытталған нақты қадамдар жасала бастаған болатын. Содан да ұзақ жылдар тұншықтырылып келе жатқан тақырыптар алға тартылған еді.

Осы кезеңде қазақ халқының шет ел жаулап алушылары мен отарлаушыларына қарсы жүргізген азаттық күресі тарихының мәселелері  өткір де өзекті түрде көтерілген. Сол шақта жоғарыда көрсетілген шығармалар пайда болды. Олар тарихта болған тұлғалар атынан жарыққа шықты. Монография авторлары солардың ішінен мазмұндарында келтірілген бірлі-жарым ғана нақты тарихи фактілерді олардың шыққан тегін растауға қызмет ете алатынын атап өтеді. Сосын «басқа тікелей және жанама көрсеткіштер... қарастырылып отырған екі материалдың да  XVIIІ ғасырдың алғашқы жартысының тарихи дереккөзі  ретінде негізінен жасанды, жалған, бұрмаланған сипатына нұсқайды» деп түйеді.

Көзбояу, алдау мақсатымен жасалған жасанды іс – подлог – тарих ғылымында арнайы жүйемен зерттеледі. Бұл арнайы жүйе – жасандылықтың мәдени-тарихи құбылыс ретіндегі типологиясы – подлогтың шығу тегі бойынша және оның орын алуының жалпы ортақ көрсеткіштері мен әлеуметтік іс-дағдыда көпшілік назарына ұсынылып, легализациялануына байланыстырылып жасалған. Монография авторлары аталған шығармаларды сол өлшемдерге сала келе, посткеңестік қоғамның тарихнамасы мен әлеуметтік-мәдени өмірінде бұл феноменнің болу заңдылығын сипаттайтын белгілі-бір жасанды дереккөз типтеріне жататыны анықталғанын көрсетеді.

Айталық, олардың сараптауына қарағанда, аталмыш шығармалар жазылу мотиві бойынша оны нақты жасаушылардың мақсатына сай келетін конъюнктуралық пайыммен, өз генеалогиялық кланын көкке көтеру ойымен орындалған жұмыс қатарына жатады. Таныстыру түрі бойынша – ақпараттық подлог ретінде сипатталады. Жасау техникасы бойынша – интродуктивтік-имитациялық фальсификация, яғни сыртқы және жекелеген ішкі ерекшеліктерін нақты тарихи дереккөздерге сәйкестендіру принципімен жасалған бұрмалау болып шыққан. Фальсификацияны камуфляждау, яғни бұрмалауды бүркемелеу әдісі бойынша – оның баспадан шыққанға дейінгі сақталу тарихының жайын түсіндіретін қысқаша мағлұматпен жабдықталуы ескерілген, яғни аңызбен суарылған подлог болып табылады. Легализациялау  әдісі бойынша – бұл тарихи шығармалар дереккөздің шынайылығын, яки жалғандығын куәландыра алмайтын мәтіндік подлог болып шыққан.

Осындай сұрыптап талдаулармен қатар, авторлар аталған шығармалардың мәтінін, сондай-ақ өз заманының мәдени-тарихи құбылысы ретіндегі подлогтарға арналған ғылыми әдебиетті зерттей келіп, бұлардың XVIIІ және XІX ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақтардың шынайы жазба ескеткіштерінен (басқарушы дала элитасының эпистолярлық мұрасынан, жазылып қалған шежірелерден) елеулі айырмасы бар екенін көрсететін сипаттарды айқындаған да, оларды тізбелеп көрсеткен.

Ал талдауға алынған екі шығармадағы «мәтіндік подлогтың айқын нышандары ретінде бірнеше көрнекі мысал» келтіруден бұрын, монографияда «Шапырашты Қазыбек бектің шежіресінің» күмәнділігі жайында өз жарияланымдарында тарихшылар мен журналист-жазушылар Б.Б. Ермұханов, С. Шүкірұлы, Б. Байғалиев, Қ. Жұмаділов, М. Қожаев және басқа авторлар жеткілікті түрде көп жазғандықтан», әңгіме тек «Елім-ай» жөнінде болатыны айтылады. Ал аталған авторлар Шапырашты Қазыбек бектің еңбегін «саналы түрде жасалған «фальсификация және мистификация» деп тапқан» көрінеді, олардың пайымынша – бұл шығармада мұндай бұрмалаушылық пен әдейі адастырушылыққа барудың түпкі мақсаты «салыстырмалы түрде алғанда «саны аз» бір ғана «...руды құдды-бір ұлтқұраушы күш деңгейіне» көтеруге тырысу» болып шыққан екен[16].

Дегенмен, осы мәселені кеңінен қарастыруға арналған ғылыми конференцияның материалдарына мұқият назар салған жөн сияқты. Онда баяндамашы Т. Омарбеков түрлі тарихи қолжазбалар тағдырын сараптай келіп: «Осы орайда негізгі тақырыбымызға қайта оралар болсақ, кезінде Қазыбек бек Тауасарұлының өз қолымен жазған түпнұсқа қолжазбасы болған деп сеніммен айта аламыз», – деген сөздермен, алға тартылған басты күдікті сейілтетін  тұжырымын жария етеді[17].

Алдымен, Қазыбек бек Тауасарұлы жайындағы ресми анықтамалықтар деректеріне көз жүгіртелік. Алғашқы сараң мәліметтің өзі осынау кісінің ел шежіресінде өзіндік орыны бар тарихи тұлға болғанын көрсетеді. Ол жайында, жоғарыда айтқанымыздай, Қазақ Совет энциклопедиясында жазылған. Есімі «Қазыбек Тауасарұлы» деп келтірілген, «бек» атағы тіркелмеген. Туған жылы белгісіз, ал қайтыс болған уақыты – 1723 жыл деп жазылған. Ал энциклопедиялық мақаланың дефинициясында оны «Наурызбай батыр әскерінің мыңбасы» деп байымдаған. Шыққан тегі жайында: «Шапырашты тайпасы Асыл руының Әжіке деген атасынан шыққан», – деген мәлімет берілген. Майдан даласында, ауыр шайқас кезінде қаза тапқаны: «Құба қалмақтармен соғыста тұтқынға түскен ағасы Байкөбекті құтқармақ болып, көп қалмақпен соғыс үстінде өлген», –  деген мағлұматтармен сипатталады. Ел-жұрттың осылай опат болған азаматына деген құрметі де ерекше болғаны: «Батыр өлген жерді (қазіргі Алматы обл., Күрті ауд.) жергілікті халық Қазыбек тауы деп атап кеткен»,  – деген дерекпен көрсетіледі[18].

Осы анықтамалық мақаланы «Жетісу» энциклопедиясы да қайталап берген, тек батыр шайқаста қаза тапқан делінетін «Қазыбек тауы» орналасқан аймақты Күрті ауданы деп көрсеткен деректі кейінгі әкімшілік бөлініс ретімен Балқаш ауданы деп өзгерткен, сондай-ақ, шығармасы жайында дерек қосқан[19].

Байқап отырғанымыздай, бұдан отыз бес жылдан астам уақыт бұрын әзірленіп Қазақ Совет энциклопедиясына басылған бұл анықтамалық  мақаладан Қазыбек Тауасарұлын тек батыр ретінде танимыз, мұнда оның артына үлкен естелік қолжазба  қалдырғаны жайында және жоғарыда  аталғандай, бек атағын атына тіркеуі жөнінде де ештеңе айтылмаған. «...Қазыбек Тауасарұлы осы тактиканы (соғысты тосқауыл қою әдісімен жүргізуді – Б.Қ.) жасағаны және табысты түрде  енгізіп, жүзеге асырғаны үшін дворяндық бек титулына ие болды»[20], – дейді конференция баяндамашыларының тағы бірі. Ал бек атауы – арабтың әмір деген сөзімен төркіндес,  билеуші, әмірші мағынасын беретін түркі сөзі. Орта Азия халықтарында орта ғасырларда жер иеленуші феодалдың титулы ретінде қолданылған[21]. Осы атақ тәуелсіздік жылдары шыққан Ұлттық энциклопедияда келтірілген. Ондағы мақалада Тауасарұлының бектік атағы ешқандай түсіндірмесіз есіміне тіркеліп, дефиниция «батыр» деген қысқа байымдаумен тұжырымдалған. Туған және өлген жылдары мен жерлері нақтыланып көрсетілген.

Жаңа іргелі анықтамалық бойынша Қазыбек бек Тауасарұлы 1692 жылы Алматы облысының Кербұлақ ауданында дүниеге келіп, 1776 жылы Алматы облысының Күрті ауданында қайтыс болған екен. Яғни, алғашқы анықтамалықта 1723 жылы соғыс кезінде опат болды деген уақыттан кейін тағы жарты ғасырдан астам жасап, қартайып дүниеден озған. Және бұл кісі тек батыр ғана емес, өз заманы үшін үлкен білімдар,  ақылман адам болған. Жұлдыз әлемін зерттеу үшін обсерватория (расытхана) салмақ болған. Обсерваторияның құлаған үйіндісі ешкім тимеген қалпында Бақанас тас жолының бойындағы Алматыдан 140 шақырым жерден табылған[22].

«Кейбір мәліметтер бойынша жас кезінде шығыс елдерінде болып, мұсылманша жан-жақты білім алған, – делінеді жаңа энциклопедияда ол жөнінде. – Жоңғар шапқыншылығы кезінде шапырашты Наурызбай батырдың әскерінде мыңбасы (кейбір деректерде ақылшысы) болған. Жоңғарлармен болған 1727 жылғы Бұланты шайқасына, 1729 ж. Аңырақай шайқасына қатысқан. Батыр қайтыс болған жерді халық Қазыбек тауы деп атап кеткен. Оның ұлы Қасқары батыр да жоңғарларға қарсы соғыста көзге түскен. Б. Қыдырбекұлы, Б. Нұржекеұлы, т.б. авторлардың пікірлері бойынша Қ.Б. «Түп тұқианнан өзіме шейін» деген шежіре еңбек жазған»[23].

ХVIII ғасырда туған осы шежіре еңбектің 1993 жылы тұңғыш жарыққа шыққан нұсқасын 2000 жылы талқыға салған ғылыми конференцияда «Қазыбек бек Тауасарұлының өз қолымен жазған түпнұсқа қолжазбасы болған» деп мәлімдеген Т. Омарбеков бұл сенімін төрт жүйеге бөліп дәлелдейді. Соның алғашқысы мынандай: «Ұлы жүздің шежіресін таратудағы өзіндік ұстаным, белгілі шежірешілер Нұржан Наушабаевты, Шәкәрім Құдайбердіұлын, Мұхаметжан Тынышбаевты, Мәшһүр Жүсіп Көпеевті және т.б. қайталамай, өзіндік жаңа деректер келтіру – біз әңгімелеп отырған еңбек авторының өз халқының шежіресінен жан-жақты хабардарлығын көрсетеді».

Бір қарағанда бұдан Қазыбек бек Тауасарұлының жұмысының артықшылығы көрінгенмен, зерттеушінің әлденені жеріне жеткізе қарастырмағаны аңғарылады. Ол атап отырған кісілердің («белгілі шежірешілер Нұржан Наушабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхаметжан Тынышбаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев»)  бәрі де ХІХ–ХХ ғғ. өмір сүрген, демек, шежіресін ХVIII ғасырда жазған   Қазыбек бек Тауасарұлының оларды «қайталамай, өзіндік жаңа деректер келтіруі» еш мүмкін емес екені түсінікті, түсініксізі – одан ғасырдан астам уақыттан соң шығармашылықпен шұғылданған белгілі шежірешілердің Қазыбек бек түзген шежіреден ештеңе пайдаланбауы. Алайда баяндамашы-ғалым талдауын мұндай бағытта тереңдетпейді, әрі бұнымен тоқталмайды. «Екіншіден, – дейді ол одан әрі, – біздің қолымыздағы қолжазба көшірмесіңде 100-ге тарта көне шағатай, арап, парсы тілдеріндегі сөздер қайталанып кездесіп отырады. Бүгінгі заманғы қазақ сөздерінде ұшыраса қоймайтын бұл түсініктер бізге түпнұсқадан жеткен деуге негіз бар»[24].

Бұл пікірді кітаптың екінші басылымындағы баспа тарапынан берілген кіріспе мақала да нақты мысалдармен қостайды. «1993-жылы жарық көрген «Түп-түқыйанның» алғашқы елу бетінде кәзір біз қолданбайтын 172 көне сөз бар екен, – делінген онда. – Қаншама адам қайта көшіріп, түсінікті тілге аударып әуре болса да, бәрібір көне сөздерді көшірушілер кәзіргі тілге түп-түгел көшіре алмапты. Ондағы «ғафил», «алендік», «қаршы»... тәрізді XX-ғасырдың қазағы қолданбақ түрмақ, түсінде де ести алмайтын қыруар сөзді емін-еркін пайдалануы бұл қолжазбаның шын мәнінде көнеден келе жатқанын шексіз әйгілейді»[25]. Алайда «қолжазбаның көнеден келе жатқанын шексіз әйгілейтін» осынау көне сөздердің бүгінгі тілдегі мағынасын түсіндіру қажеттігі ескерілмей қалған.

[1] Қазақстан тарихы. 2-т. – А., 2010. – 357–366-бб.

[2] Ш.Қ.Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. – А., 2008. – 918-6.

[3] Қазақ Совет энциклопедиясы. 10-т. – А., 1977. – 623-б.

[4] Тауасарұлы Ш.Қ . Түп-тұқыйаннан өзіме шейін. – Алматы, 2008. – 918–920-бб.

[5] Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын. Ғылыми конференцияның материалдары. – А., 2001. – 172 б.

[6] Нәрібаев К. Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға және ғалым// Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын. Ғылыми конференцияның материалдары. – А., 2001. – 3-б.

[7] Нәрібаев К. Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға және ғалым// Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын. Ғылыми конференцияның материалдары. – А., 2001. – 3–4-бб.

[8] Омарбеков Т. Қазыбек бек Тауасарұлының еңбегі – тарихи өмірбаяндық шығарма// Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын. Ғылыми конференцияның материалдары. – А., 2001. – 8-б.

[9] Урунбаев А. От ответственного редактора //Мухаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди. – А., 1999. – 17-б.

[10] Ахмедов Б.А. От ответственного редактора// Утемиш-Хаджи. Чингизнаме,  –  А.-А., 1992. – 5-11-6.

[11] Әбілғазы. Түрік шежіресі. – А., 1991,  – 3–4-бб.

[12] Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын. Ғыл. конф. матер. – А., 2001. – 9-б.

[13] Қадырғали Жалайыр. Шежірелер жинағы. Шағатай-қазақ тілінен аударып, алғы сөзін жазған Н. Мингулов, Б. Көмеков, С. Өтениязов. – Алматы, 1993. – З-б.

[14] Омарбеков Т. Қазыбек бек Тауасарұлының еңбегі – тарихи өмірбаяндық шығарма// Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын. Ғылыми конф. материалдары. – А., 2001. – 9–10-б.

[15] Масанов Н.Э., Абылхожин  Ж.Б., Ерофеева И.В. Научное знание и мифотворчество в современной историографии Казахстана. – Алматы, 2007. – 294 б.

[16] Научное знание и мифотворчество в современной историографии Казахстана. – А., 2007. –165–171-бб.

[17] Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын. Ғылыми конф. материалдары. – А., 2001. – 10-б.

[18] Қазақ Совет энциклопедиясы. 6-том. – А., 1975. -399-б.

[19] Жетісу. Энциклопедия. – А., 2004. – 379–380-бб.

[20] Бакаев А. Военные действия в книге Казыбека бека «От истоков до меня»// Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын. Ғылыми конф. материалдары. – А.,  2001. – 18–26-бб.; Тауасарұлы Қ. Түп-түқияннан өзіме шейін. – А., 1993. – 282-6.

[21] Советский энциклопедический словарь.  – Москва, 1982. – 122-б.

[22] Кыдырбек-улы А. Вопросы астрономии в книге К.Тауасарулы «От истоков до меня»// Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын. Ғылыми конф. материалдары. – Алматы,  2001. – 133–136-бб.;

[23] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 5-том. – А., 2003. – 464-б.

[24] Омарбеков Т. Қазыбек бек Тауасарұлының еңбегі – тарихи өмірбаяндық шығарма// Қазыбек бек Тауасарұлы – тарихи тұлға, ғалым және ақын. Ғылыми конференцияның материалдары. – Алматы, 2001. – 10-б.

[25] Шапырашты Тауасарұлы Қазыбек бек. Түп-түқыйаннан өзіме шейін. – Алматы, 2008. – 14-б.

Бейбіт Қойшыбаев

(«Рух-Сарай», 5-том, «ҚазАқпарат» баспасы, 2012 ж.)

Жалғасы бар...

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1424
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1263
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1022
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1079