Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Білгенге маржан 2923 15 пікір 4 Тамыз, 2023 сағат 13:09

Жошы ханның өлімі

Оғыз мемлекетінің негізін қалаған, оғыздардың тәуелсіздігін татар қауымының басшысы Күлтегін қаһаннан қорғап қалған, Қият руының қолбасшысы Добын баян туралы біз «Домбауыл немесе Добын мерген» атты мақалада жазған болатынбыз. Добынның ауылынан, яғни Ортақтан (Ұлытаудан), Белгібай, Бағаналы және нируундардың (ару тұқым) үш бабасы – Бұқа-қатық, Босқын-жалшы және Бүтінжар тарайды. Бесеуі есейгенде ең кішісі Бүтінжарға ағалары ештеңе бермей, інілерін ренжітіп, оның жат жаққа көшіп кетуіне себепші болады.

Кейін Бүтінжарды Бұқа-қатық іздеп тауып алады. «Біздікі дұрыс болмады, ашуыңды бас, елге қайт» дегенге, Бүтінжар: «Жоқ. Ағайын арасында мұндай әділетсіздік болмауы тиіс»,- деп Ортаққа қайтудан бас тартады. Амал қалмағандықтан Бұқа-қатық інісімен қалуды жөн көреді. Сол VIIІ ғасырдан бастап Бұқа-қатық пен Бүтінжардың ұрпақтары бүгінгі Шыңғызтау, Бұқтырма, Көксу аумағына тарайды. Бүгінгі тобықтыларды қияттар деп атайтыны содан. Рашит ад-Діннің «Жамиғ ат-Тауарих» атты кітабының 2018 жылғы қазақ тіліне аударылған нұсқасында Йесүкей баһадүр мен керейдің Тоғырыл қаны Көксу өзенінің бойында көрші тұрғаны туралы жазылған.

Х ғасырдың аяғында, дала кеңістігіне құрғақшылық түсуіне байланысты, дала елдерінің арасында үрей пайда болып, кигіз туырлы тайпалар жайылым үшін таласты бастап кетті. Жайықтан бастап Бұғылытау мен Ыстықкөлге дейін жайлаған оғыздарды батыс пен солтүстіктен жылжыған қыпшақтар мен кимектер түстікке қарай ығыстыра бастады. Нәтижесінде, Борсыққұмдағы ескі Қарақорымда қият-бақаналар (бағаналылар) қалды да, қайылар, баяттар, баяндүрлер қазіргі Түркменстанға, кейін Кіші Азияға, ал баяттар мен қияттардың бір бөлігі және қораластар мен дүрбіттер шығысқа бет алды.

1206 жылы Теміршың Шыңғыз қаһан дәрежесін алып, қандардың үстінен әмір ететін ұлы қаһан болып сайланды. Бұл оқиға кигіз туырлы түрк қауымының екі бөлігі (йүзлігі) татар мен мұңғыл елдерінің бір бүтін болып бірігу жолында үлкен істің аяқталуының нүктесі болды. Бұл іс татар қауымының ең ірі мемлекеті – Найман қандығының бағындырылуымен бітті.

Деректерге көз салсақ, Шыңғыз қаһан әскери сатын көне түрк дәстүрі бойынша үш қанаттан жасақтады: Басты орда, Барыңғар (оң қанат) және Зүүнғар (сол қанат). Бүгінгі қазақ жері – Барыңғар, Моңғолия – Зүүнғар, ал Қазақстанның шығыс аумағындағы Шыңғызтау, Бұқтырма, Көксу өзені және Ертістің жоғары ағысы – Қарақорым орналасқан Басты орда болды.

Келесі жылы Шыңғыз қаһан тұңғыш ұлы Жошыға «тоғай елдерін» бағындыруды бұйырды. Ұрсұттар, енисей қырғыздары, бұржаттар, т.б. өз сыйлықтарын алып келіп, Жошыға бағынбақ түгілі, оны өздерінің қаны қылып сайлап, ақ кигізге көтеріп жіберді. Ұлының бұндай қадамын әкесі өзіне жасалынған саяси ықпал ретінде қабылдады. Ішінде пайда болған саяси қызғанышқа қарамастан, Шыңғыз қаһан «тұңғышымның алғашқы дербес жорығы сәтті өтті, қаншама тайпаларды қантөгіссіз бағындырды» деп, Жошыға құрметті әскери бұқа шенін табыс етті. Оған қоса, бағындырылған елдерді ұлының еншісіне берді.

1216 жылы, Ырғыздың бойындағы қыпшақтарды паналаған меркіттерді бірден тамырымен жою мақсатында, Шыңғыз қаһан Жошыны тағы да өзін ғана жеке жорыққа аттандырды. Жорық сәтті өтті, меркіттер жойылып, қалғандары жан-жаққа шашырады. Жеңісті тойлап отырған Жошының жасағына Сартауылдың билеушісі Мұхаммет Хорезмшахтың 40 мың әскері тап болды. Жошының 10 мың қолын таң атқаннан кеш батқанға дейін соғысуға мәжбүр еткен шах мұңғыл сарбаздарының қолына түсе жаздап, ұлы Жәлел ад-Диннің тапқырлығының арқасында әзер аман қалды. Сондай сәттілікке қарамастан, түн жамылған кезде Жошының жасағы шайқас алаңынан кетіп қалады. Бұл кездейсоқ ұрыс Хорезмшахқа қатты әсер етті. Мұңғылдардың ерлігі мен әскери тәртіпке таңқалған ол, кейін, 1219 жылы, Сартауылға келе жатқан Шыңғыз қаһанның 15 түмен әскеріне қарсы 450 мың әскерін ашық алаңға шығаруға баталмайды.

Кейбір деректерге сәйкес, Жошы сол 1216 жылдан бастап-ақ Ұлытау өңіріне ат басын тіреп, жергілікті жастарын біріктіріп алған. Оның дәлелін біз Шыңғыз қаһанның Сартауылға жасаған соғыста, Үргенішті алу кезінде болған оқиғамен байланыстырамыз. 1219 жылы Жошы, Жағатай және Оқтайға 50 мың әскер беріп, ұлы қаһан оларға Отырардан бастап Сейхунның (Сыр) бойындағы қалаларды алуды бұйырды. 1221 жылы Үргенішті алу кезінде Жошы мен Жағатайдың арасында қаланы алу тәсілі бойынша келіспеушілік туды. Жошыға қала ұнап, болашақта ордасының қысқы қонысы ретінде қарастырып, оны асықпай, қиратпай, тұрғындарды өздері берілгенше қамауға алуды ұсынды. Бірақ, Жағатай оған көнбей, қаланы дереу, барлық күшті салып, әскердің шабуыл тәсілдерін қолданып алуды алға тартты.

Бұл жерде Жошы өзінің үлкендігін жоғары ұстап, әскери беделіне арқа сүйеп отырғаны түсінікті. Ол әрқашанда әкесінің тапсырмаларын абыроймен орындап, қолбасшылық талантын көрсетіп, күллі мұңғыл әскерінің алдыңғы шебінде жүріп, шайқастарда көзге көрініп отырған. Жағатай болса, әкесінің көзі тірісінде Жошы тым саяси биіктеп бара жатқанын мойындағысы келмеді. Сол себептен, олар Шыңғыз қаһанға хабаршы жіберіп, кеңес сұрауды жөң көрді. Ұлы қаһан ұлдарының арасынан Оқтайды таңдап, «ол не айтады, соны орындаңдар, дауласуды қойып, қалаларды тезірек алыңдар» деп үкім шығарды.

Бұл хабарды естіген Жошы қатты қапа болып, Сейхунның төмен жағында орналасқан қалаларды алған соң, өзіне қарасты қолдың ат басын Ұлытауға бұрып алып кетеді. 1222 жыл бойы ол Ұлытауда болады. Осы кезеңде әкесі мен үлкен ұлдың арасы суып, екі жақ та өз ренішін осындай қадамдармен көрсетіп, Жошы өзінің саяси беделін бағаламаған үшін алпауыт мемлекетке қарсы жүргізіліп отырған соғыс алаңын тастап кетуге дейін барды.

Шыңғыз қаһанның қадамы қандай болмақ деген Жошының айналасы әкесі мен тұңғышы арасында соғыс басталып кетер ме деген болжамды да жоққа шығарған жоқ. Бірақ, қаһан басқа саясат тәсілін қолданды. Сартауылына қарсы соғысқа келгенде қаһанның бәйбішесі Бөрте ақ сарайда қалып, қасына тоқалы, меркіттің қызы Құлан хатунды ертіп әкелді. Құлан, қаһаннан тапқан жалғыз ұлы Күлқанның еншісіне Ортақ пен Қыпшақты үлес қылып бөліп беруді қайта-қайта айтып азғырған еді. Сол сәтті пайдаланып, Шыңғыз қаһан тоқалы мен тұңғышының саяси қарсыластығын өзінің билігінің пайдасына қолдануды шешті.

1222-1223 жылдардың қыс айларында қаһан Самарқанда өткізіп, көктем су ағыны тоқтар-тоқтамастан Жошыға адам жіберіп, «даланың аңдарын қуып әкел, аңға шықпақпын» деп бұйырады. Сартауылына қарсы соғыстың сәтті аяқталуын ескере отырып, әкесінің олжалы болғанына тәнті болған Жошы, әні-міні басты әскер Ортаққа келіп, тіл алмаған оның басын кесер деп отырған сәтте, әкесінің жіберген адамын көре, оның аузынан шыққан сөзінен татуласу ниетін аңғарып, өте қатты қуанып кетті.

Екі жыл бойы Теріс-Кендірліктің сол жағалауында орныққан Жошы орда-сарайын көзге жасырынды жерде, бабасы Добын-мергеннің қасына салды. Төрт жағы қыраттармен жабылған, бүгінгі Қызылтұмсық деп аталатын маңда, өзеннің жағасында еңселі сарай бой көтерді. Жошының төрт нояны мен уәзірлері бұл әрекетін оң бағалағанымен, ұлы қаһанға қарсылық жасағанын іштей құптамады. Шыңғыз қаһаннан елші келгенде олардың ыйықтарынан жүк түскендей болды.

Жошы олармен ақылдаса отырып, кең даладағы құлан, бұлан, киік, жайрандарды алдына салып алып, оған қоса, әкесіне тартар сыйлық ретінде 100 мың жылқы айдап алып барды. Оның 20 мыңы – көк, 20 мыңы – сұр, 20 мыңы - торы, 20 мыңы – күрең, 20 мыңы – шұбар жылқы.

Шыңғыз қаһан ұлдары Жағатай, Оқтай және Толайды ертіп, бүгінгі Майтөбе деп аталатын Ұлытау сілемінің түстігіндегі ең ақырғы биік нүктесінің баурайына түсті. Жошының алып келген сыйлығын көріп, ұлы қаһан қуанышын жасыра алмай риза болды. Тілін алмай әскер қатарынан қолын алып, Ортаққа кетіп қалған тұңғышы осындай құрмет көрсеткені әкесінен кешірім сұрағаны деп түсіндіртті.

Бұл ұлы оқиға осыдан тура 800 жыл бұрын орын алған. Ұлы қаһан ұлдарымен аң аулап, құрылтай құрып, өзінің өсиеттерін айтты. Бәйбішесі Бөрте хатуннан туған төрт ұлына біріктірген ұлан-ғайыр мемлекетін еншілеп бөліп берді.

- Мен бабам Оғыз қаһанның елін азат етіп, қайта қалпына келтіру жолында біраз тер төктім, түн ұйықтамадым, шөл даланың азабын көрдім. Бірақ, мен мәңгі емеспін, тағдыр маған қанша ғұмыр бергенін бір Тәңірім біледі. Ісіміз әлі аяқталған жоқ. Алдымызда Тіненің (Дон) арғы жағында жатқан Қыпшақ, Рус, Башқұрт, Бұлғар, Шеркес, азат етуді күтіп отырған Бағдат, Шам және Мысыр бар. Таңғыттың Алтын қаны да бой көрсете бастады. Бабамыздың жер бетін тыныштырудағы игі істі жалғастыратын енді сендер. Мен азат етілген жерлерді төртеуіңнің қарамағына берем, соған ие болыңдар - деп, Шыңғыз қаһан ұлдарына мемлекетін бөліп берді.

Жошының еншісіне күллі барыңғар, яғни шығыста Бұғылытау мен Балқаштан, түстікте Сейхуннан бастап, батыстағы мұңғыл аттарының тұяғы тиген жерлерге дейінгі дала өтті. Оның ордасына, көз болсын деп, Шыңғыз қаһан өзінің тоқалы Құлан хатунды жіберді. Құлан Ұлық-Бақырлықта (Жезқазған) өндірілген алтын, күміс, мыс өнімдерін сату арқылы түскен қаражатқа ие болуды өз мойынына алды. Мұнымен ұлы қаһан Жошыға өзінің әмірлігін сезіндіруді меңзеді, өйткені Ұлық-Бақырлықта мыс өндеу ісі үлкен олжа еді және кез келген билеушінің арманындағы еншілік болатын.

Құрылтай бітіп, ұлы қаһан мен Оқтай, Жағатай және Толай шығысқа бет алды. Теріс-Кендірліктің жағасындағы ордасына келген Жошы ашуын жасыра алмады, өйткені әкесімен татуласқанымен, басты қаржы көзінен айырылуы - оның билігінің тукке тұрмайтынын анық белгісі.

1226 жылы Шыңғыз қаһан Таңғұт еліне әскер жіберіп, өзі Қарақорымда, Башқұрт, Бұлғар, Рус, Шеркес елдеріне жорық ұйымдастыру мақсатта, құрылтай шақырмақ болды. Сол құрылтайға, жорықты басқару үшін, арнайы Жошы да шақырылды. Бірақ, ол, сырқаттанып қалдым деп, жол жүруден бас тартты, ал айналасындағыларға былай деді:

- Менің әкем есінен ауысты. Әрі қарай қыра бергісі келеді, жоя бергісі келеді. Сол үшін мен оны өлтірмекпін.

Бұл сөзді естіген уәзірлер саяси теке-тірес шектен шыққанын және мұндай сөзді жария етуімен тұңғышы әкесіне соғыс ашқанмен бірдей екенін түсінді. Олар Қаражарда отырған Құлан хатунға адам жіберіп, Жошының жария сөзін жеткізді. Осындай қолайлы сәтті күтіп отырған Құлан дереу Жағатайға адам жіберіп, сұмдық хабарды ұлы қаһанға естіртуге асықты, өйткені мұндай саяси әрекет Жошының мансабына балта шабудың таптырмас мүмкіндігі еді.

Жошының сөзін естіген Шыңғыз қаһан ашуға батып, Жағатай мен Оқтайға әскер жинатып, тұңғышын өлтіруге бұйрық берді. Екі ұлының әскері Жетісудан Ортаққа қарай бет алғанда, алдын ала, Жошының ордасындағы кісілердің көз қарасын білу үшін, жасырын елшілер жіберіледі. Олар Құлан хатунның жұртына түсіп, мән-жағдайды сұрастырғанда, орданың дәулеттілері Жағатай мен Оқтайдың әскерімен соғысқысы келмейтінін, ағайындар арасындағы қантөгіс ешкімге керек емес екенін және ұлы қаһанның бұйрығына бағынатынын бірден ашып айтты.

- Олай болса, бұл істі өздерің аяқтандар. Тек ағамның маған берген бір серті бар еді. Егер менімен алысып жеңілсе, маған бір қолын кесіп берем деп уәде берген. Ол өлтірілгеннің дәлелі ретінде маған оның бір қолын кесіп әкеп беріндер. Тек сонда ғана біз әскерді кері қайтарамыз - деп, елшілер Жағатайдың сөзін жеткізді.

Шешім қабылданып, бір сәтте билік Құлан хатунның қолына өтті. Оған кейін «ана» дәрежесі берілгені де содан. Келісім бойынша Жошының төрт нояны Құланға бағынып, оларға ханзадалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және аталық қызметін атқару міндеттелді. Оған қоса, төрт ноян Құланның баскесерлері істі орындау сәтінде кедергі жасамайтынына уәде берді және оларға орданың есігін ашып, қарауылдарды алып тастау міндеттеледі.

1227 жылдың ақпан айында бір топ жасақ қазіргі Қызылтұмсықтағы Жошының сарайына баса көктеп кіріп, патша тұқымын найзамен немесе жебемен шаншып, қанын шығарып өлтіруге болмайтындықтан, қанды шоқпармен ұрып өлтірді. Кейін бір қолын кесіп алып, Жағатайға жіберді. Сол сәтте Жағатай мен Оқтайдың әскері кері қайтып, Жошының өлгені туралы хабарды Қарақорымға жеткізді.

Ұлы қаһанға қара хабарды ордаға жақын уәзір Ұлық Жыршы айтады. Жыршының сөзін естіген Шыңғыз қаһан:

Құлын алған құландай құлынымнан айырылдым.

Айырылышқан аққудай ер ұлымнан айырылдым, - деп жырлайды.

Ол сөздерді естісімен ордада болған күллі әмірлер мен нойандар тұрып, дәстүрге сәйкес көңіл айтып, жоқтау жоқтауды бастайды.

Мұхтар Бақытұлы

Abai.kz

15 пікір