Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Білгенге маржан 3063 3 пікір 20 Шілде, 2023 сағат 12:09

Аламан би

Тарихымызда әлі де талай белгісіз тұлғалар баршылық. Солардың бірі 1620 жылы дүниеге келіп, 1706 жылы өмірден өткен Аламан би Мәмбетұлы. Бидің күні бүгінге дейін белгісіз болып келуі - терең зерттеліп, насихатталмай қалғандығы. Оның үстіне бұдан үш ғасыр бұрын өмір сүргендігі. Сонда да жақсының аты қашанда өшпейтіні рас. Аламан би туралы ел ауызында әңгіме айтылса, жер аттары да кездеседі. Заманында әділ би, елге қамқор, даналығымен көптің есінде қалған тұлға.

Аламан би туралы зерттеген және деректер тапқан адамның бірі - өлкетанушы, этнограф, әрі шежіреші Алтынбек Қонаев аз еңбектенбеген.  Бірақ баспадан жарық көрмеген. Себебі бұдан үш жыл бұрын қария 85 жасында өмірден өтті. Артында азды көпті елдің, жердің тарихы туралы  жазған материалдары қалды.

Қария өткен ғасырдың  80 жылдарынан бастап, республиканы біраз жерін аралып, қағазға түсірген. Оның ішінде Алматы мен Талдықорған (қазіргі Жетісу) облысындағы Нарынқол, Кеген және Талғар, Кербұлақ аудандарындағы ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырдағы батырлар мен билерді, ақындары мен шешендері және жер, су аттары туралы республикалық, облыстық және  аудандық басылымдарға танымдық материалдар жазғандардың бірі. Мен Алтынбек қариямен соңғы он бес жылда жиі араласып сыйластым, әрі сапарлас та болдым.

Жасы үлкен болса да, әңгімеміз ортақ, көп жерді бірге араладық. Жер, су, ондағы тарихқа қатысты дүниелерді бірге көрдік. Көненің көзі, білгенін ортаға жайып салатын білімді еді. Өзі көрген нәрсеге ерекше мән де беретін. Елдің, жердің тарихына қатысты Кеген мен Нарынқол өңіріне ертіп те барып көрсеткен. Соның бірі Кегеннің солтүстігінен шығысына қарай созылып жатқан Ұзынқара (кейде Сарытау, ертегі қытай жазбаларында Дон Жонның жотасы) тауының күңгей жағындағы сай-саласын аралап, Қурайлының Көксайдағы Жалмауыз үңгірді, Райымбек батырдың баласы Қожағұлдың жерленген жерін, Бүрмесай ауызындағы тас қорған, Қызыларасандағы көне   жазуларды, Мыңжылқыдағы сардар балбал тасты, Шалкөдегі қыз бала бейнеленген балбалды көрсеткен. Оны Алтынбек қария 1980 жылдары  көріпті. Кеген ауылыны қарсындағы Сарытаудағы Жұмбақтасты, Қарабөлтектегі тасқа салған арқардың бейнесін көрсетемін деп, 2015-2016 жылдары екі рет барғанбыз. Өкінішке орай ол жерді таба алмадық.  Жұмбақтасты 1970 жылдарды аяғында Кеген ауданының мұражай басшысы Тұрар Бүйенбаев пен өзінің жақын туысына көрсетіп, таңқалдырған екен. Оны Сарытаудың Ақтастыға асатын кезең жақтағы бір сайдың етегінен көріпті. Тастың  биіктігі бір метрге жуық болса, ұзындығы бір жарым метрдей қара жылтыр тас. Оған қараған адам бірден ештеңе байқамайды. Тек көзің үйретіп, абайлап қарағанда ғана таста көркем тау, итімен мал айдаған адам, оның астында  екі жақтың қырғын соғысын бейнеленген десе, арқар бейнелеген тас Қарабөлтектегі беттен тапқан. Сайдың оңтүстік бетіндегі  қалың қара тасқа салыныпты.  Біз қария көрген жерде болып, іздедік.  Екеуінде көп іздедік. Тастарға үңілдік. Таппадық. Қария: «Мен қателескен жоқпын. Екеуінде Тұрар Бүйенбаевқа көрсеткенмін. Тұрар да өмірден өтіп кетті. Ол тірі куәгер болған» деп үнсіз қалды.

Енді бірде Алтынбек қария біздің үйде қонақ болды. Мен жақын ағайым Асылбек қажымен таныстырдым. Әңгімеден әңгіме туып, Тезек төре мен Бақтыбай ақынның айтысы туралы сөз қозғалды. Ағамыз Бақытбай мен Тезек төре айтысын жатқа айтты. Айтысты үйдегі Бақтыбай ақынның «Жел қобыз» атты кітабымен салыстырып тыңдадық. Екі айтыс бір-бірімен ұқсас болғанымен өзгешеліктер де бар екен. Бұл айтыс 1861 жылы Қоңырөлеңнің Аламан жайлауында өткендігі жазылыпты. Онда Бақтыбай ақын 17 жастағы бала кезі деп жазылған Кітабымды Алтынбек қария сұрап әкетті. Осыдан кейін ол кісі Аламан би туралы деректер жинапты. Бір кездескенде   жоңғарлар Жетісу жеріне баса көктеп кіргенде Аламан би екі інісі Қиғылық пен Шағырды шақырып, үш түйіншекті қолдарына беріп, «Мұны Ұлытаудағы Қазақ ханы Тәукеге (1680-1718 жж) жеткізіңдер. Жолда оны ашушы болмандар» деп атандырған.

Хабаршылар Ұлытауға аман-есен жетіп, хан ордасына кеш бата барады. Ертесінде олар Тәуке ханның қабылдауында әкелген түйіншектерін алдына қояды. Түйіншекті ашқанда хан абдырап, бір түйіншекте бір уыс қойдың құмалағы, екіншісінде аттың тұяғы, үшіншісінде қара тасты көріп: «бұл не құрмет, не  мазақ ?» деп ашуланған екен. Бұған қасында отырған уәзірлері де үндей алмай қалғанда, тек Төле би ханды сабырға шақырып: «Хан ием,  жігіттердің аман-есен келгеніне қуанайық. Мұнда үлкен сыр бар. Қойдың құмалағы елдегі мал біткеннің бәрі жаудың қолында қалды десе, екіншісі мінерге ат қалмады. Елді жау шапты. Үшінші тас түйіншектің мағанасы енді жаумен бірігіп тас түйіндей күресу қалды» дегені. Егер мына жігіттер жау қолына түскенде мұның ешкім шешпеген болар еді. Ал түйіншекті ашпай ханға жеткізіңдер дегені, жолда мұны көріп, бос нәрсеге неге әуре боламыз деп, олар келмей кетуі де мүмкін. Аламан би өте тапқырлық жасапты» деген.  Бұл хабарды ханның жанында оңқа болып жүрген Мәмбетбет бидің бір баласы Сырымбеттен туған Қангелді де естиді. «Елімді жау шауып жатқанда мұнда жүргенім жарамас деп, келген екі ағаларымен бірге қайтып, қалмақтарға қарсы соғысқа кіріпті.

Жетісуға қалмақтардың басып кіргенін естіген Тәуке елдің басын біріктіріп, қарсы майданға аттанған.

Аламан биде өмірін ат үстінде өткізіп, Жалаңтөс баһадүрді жасағына барып қосылған. Алайда биді қандай жағдайда қайтыс болғаны туралы дерек жоқ. Сүйегі Шымкенттегі Сарыағаш жағында жерленіпті деп Алтынбек қария бір кездескенде әңгіме еткен еді.

2018 жылдың мамыр айында «Талдықорғанның Кербұлағынан барып келейік. Мен көлік дайындап қойдым, ерте кел» деп Алтынбек  қария хабарласты. Біз үшеу болып жолға шықтық. Жол-жөнеке әңгіме айтылды.

«Біздің ата-бабаларымыз Іленің солтүстік жағындағы Қоңырөлең, Басши, Қаратал, Тентек, Ақсу, Сарқан, Алакөлде мекендепті. Біз баратын жерде Аламан бидің атында жер аттары бар деп естідім, көріп қайтайық», - деді. Біз Сарыөзектен өтіп, Алтынемелге келгенде, қария, атақты-саяхатшы Шоқан Уәлиханов пен Ұлы жүздің аға сұлтаны болған Тезек төре мекендеген өңір деп, Шоқанның Алтынемел асуы арқылы Іле өзенін бойлай Құлжаға сапар шеккендігін, 1858 жылы құрамында 43 адам, 101 түйе, 65 салт және жүк артқан аты бар керуенмен Қашқарға саяхат жасағанын сөз етті. Саяхатшының зираты Алтынемелде деді. Жоңғар шапқыншылығында Жетісудағы найман, жалайыр, албан, суанның көп рулары Ұлытауға дейін барып, кейін Балқаш көлінің маңымен Лепсінің төңірегінде жүріпті. Бұдан біздің аталарымыз Іле Алатауына келген. Олардың ішінде албан тайпасындағы Мәмбет (Алжан) атамызды балалары - Аламан, Қиғылық, Шағыр және Сырымбет те мекендепті. Оның дәлелі мына біз баратын Аламан деген таудың бары шындыққа жанасады. Әуелі Басшидегі бір қарияға жолығып алайық деп, ауылға кірдік. Бірақ таппадық. Ол кісі туралы ешкім бір дерек айтпады. Оның есесіне ауылдың үлкені Жақыпбек Самылтырұлы деген қариямен кездескеніміз іздегеніміз алдымыздан  табылғандай болды. Қария нағыз көненің көзі болып шықты. Қонақжайлығы бір бөлек. Кеңес өкіметі кезінде мал шаруашылығығы саласында қызмет істесе, кейін еліміз тәуелсізік алғанда ауылдың өркендеуіне үлесін қосқан екен. «Ауылдың діні албанның ішінде қоңырбөріктердің сарықұлдары және суандар бар. Ілені арғы жағында туыстарымыз көп деп, сіз іздеген Аламан тауы, мына Ынталы деген ауылдың солтүстік жағында Матай тауымен жалғасып жатқан тау. Екі таудың ортасында Алтынемел, Жаманның асулары, Жаманның бастауы деген жер бар. Сондай-ақ, Жайнақтың, Шажаның асуы деген жерлерді де  елден естігенмін.

– Апырай а, Жаман деген біздің Айттың бір атасыны баласы. Ал Жайнақ та сол атадан тарайтын бір атаның мықты адамы. Ұрпақтары Нарынқолдың Сүмбесінде тұрады. Шажа Мәмбеттің інісі, яғни Аламанның кіші әкесі болып келеді, мына Іленің арғы бетінде, - деп Алтынбек қария іздегенін тапқандай қуанды.

- Ынталыдан ары Аламан сайымен өрлеп, Аламан асуынан асады. Тауды үсті жайлау. Ел ішінде Аламан асу туралы бір шумақ өлең барын үлкендерден естігенмін.

Асуы Аламанның асып келем,
Жайқалған жапырағын басып келем.
Бірге туған бауырымды есіме алып,
Соларды ойлаумен жасып келем, - деген.

Сіздің Аламан тауын іздеудің бір сыры бар сияқты деген  Жақыпбек сөзіне, Алтынбек қария өзінің Алжанның (Мәмбеттің) ішінде Аламан атадан тарайтын, атақонысын іздеп келгенін айтқанда, «Атақонысты іздеген сіз сияқты адам аз, бәрекелді. Ынталыға баралық. Ол жақтың жолы қиындау. Менің көлігімен барған жөн. Ол ауылда 90-нан асқан бір қария тұрды. Жақсы сыйластық. Жатқан шежіре еді. Өмірден өтіп кетті. Баласы Беделхан Әлдибекұлы мектепте істейді. Ол Аламан тауын жақсы біледі. Соған барғайық, - деп жолға шықтық. Беделхан көпті көргендігін таныты. «Баратын жерге менің «Нивамен» барған дұрыс. Жол қиындау» деп, тағы көлік ауыстырдық. Расында таудың етегінде қойдай-қойдай тастардың көптігін көрдік. Тастар бейне бір жайлып жатқан отарлы қойдай, жұмыр. Назарымыз тастарға ауды. Бір заманда тауда үлкен тасқын болып, тастарды осында алып келген тәрізді деген оймен келе жатқанда Беделхан: «Алдымызда үлкен Аламан сайы бар. Сайды қуалап тау өзені біздің ауылға қарай құлайды. Ертеде бұл су Ілеге құйған екен. Суы мол, ағыны қатты, тай ағызатындай екпінді болыпты. Қазір ондай су жоқ. Әкем марқұм айтып отыратын» деп теңкиіп жатқан тастардың арасымен сайға кірдік. «Міне сіздер іздеген Аламан сайы және қорымы. Сайыды өрлеп жайлауға шығып, ары асады. Асудың арғы жағы да Аламан сайы деп аталады екен. Аю сайы  деген сай бар деген» деп, сайды бойлай аққан өзен суының шығыс жағындағы жал болып жатқан ұзыншақ дөңесті көрсетті. Дөңестің орта тұсында төрт бұрышталып қоршалған қорғанның орны, онымен қатарлас жатқан үйінді тастардың қорымы бөлек-бөлек жатыр. Солтүстіктен оңтүстікке қарай тоқымдай созылып жатқан қорымның ұзындығы жүз метрден асады.  Қорымның ең аяқ жағы үлкен төртбұрыш таспен біткен. Алтынбек қария дөңестегі қорымға ұзақ қарап, таудан құлай аққан шағын өзенге, одан әрі көз ұшында қар басып жатқан биік шыңға көз салды. Үш  ғасыр бұрын Аламан биден тараған ұрпақтар осында мекендегеніне көзі жеткендей болды. Одан бері талай ұрпақ өсіп ержетсе, солардың жалғасы Алтынбек қария екенін Жақаң да түсіп: «Жүріңіз қорымнан топырақ алып, құран оқылық» деп  қолтығынан ұстады. Алтынбек қария құран оқып, қорымнан топырақ алды. Бәріміз үнсіз қалдық. Үнсіздікті Беделхан бұзды.

- Айтпақшы Ынталыда бір аламан қария тұрады. Ауылдың молдасы, Естемес, - деді. Біз Естеместің үйіне бардық. Ол кісінің әке-шешелері мен туған-туыстары 1930 жылдарға дейін осында тұрыпты. Заманның қиын ашаршылық жылдары жан сауғалып Қытайға кетіп, 1960 жылдары атамекеніне қайта оралған. Өзін атамекені, бабалары отырған жерде отырғанына мақтанышпен айтып, әке-шешемнің кіндік қаны тамған жері осы жер. Мұнда үш-төрт отбасы тұрамыз. Басқа туыстарымыз Кегеннің Тасашысында, көп аламандар Ақтасы мен Сарыжазда тұрады, - деді.

Осы сапар Алтынбек қарияның ойыннан шықты. Өзінің ата-бабасының атақонысын тапқанына қуанды. Бабасы Аламанның үйір-үйір жылқысы болып, жайлауға шыққанын, етегінде қыстауы, сайдың ауызында қорымы   жатқанына көңілі толып, бір әңгіме атты. «Ертеде мұнда құландар мен қарақұйырдар аз болмапты. Құланның мекені болған екен. Аламан би  Қаспан деген жерден аран  (ор қазған) қазып, үстін бұтамен жауып, құландарды ұстапты. Ұстаған құланды қолға үйретіп, өзінің жылқылармен шағылыстырған. Нәтижесінде көкала құлындар пайда болып, керемет жылқылар шыққан. Бітімі мен көз тоярлық пішіне, басқа жылқыдан ерекшелігіне төңіректігі ел қызығыпты. Шапса жүрік, мініске шыдамды жануар  үйір-үйір болып жүргенде Шыңғыстаудағы тобықтылар көкалаға көздері түсіп, бір үйірін қуып, Таскескендегі таудың асуымен айдапты. Жылқы жерсінбей қайтадан өздері асқан асудан асып, мекеніне келген.

Сол асуды кейін ел « Аламанның көкала  асуы» деп атап кеткен деген әңгіме бар. Аламанның көкала үйірінен не бір жүйрік тұлпарлар шығыпты. 100 шақырым жерден шапқан Көкаланың тұқымына жетер жүйрік болмапты.  Жүзден жүйріктен бір алпар, жүз жүйрік алпардан бір тұлпар озып, тұлпар аталыпты. Жүз жорғасынан бір тұрапатасы озып, аламан бәйгісі ел ауызынан тараған. «Ой, бұл бәрі бір Аламан бәйгісі. Оның Көкаласынан озатын ат жоқ» деген аңыз бар. Сондай-ақ атақты батыр Райымбектің Көкмойнақ аты да атасы Алман бидің көкала жықысынан деп айтады. Себебі жауға шапқанда мықты, қашқан жауы құтылмаған деген де, бұл әңгімені Жақыпбек қарияда көнекөз қариялардан естігенін растады. Біздің сол сапарымызда Алтынбек қария Аламан би болумен қатар, батыр, балуан, артында сөзі қалған шешен екендігінде әңгімеледі. Ел ауызында: «Өзіңді жаттай сыйла, жат жаныңнан түңілсін», «Адам  болар баланы қайрап-қайрап тасқа сал, адам болмас баланы шөміш берде асқа сал» десе, жас жігіттерді  жекпе-жекке дайындап, сайыстарға тәрбиелепті деп, «Ізденген ісімді көзіммен көрдім. Би атамыз өз заманында танымал тұлға болғандығы артындағы қалған атаулары расталды. Мысалы: «Аламан тартысы», «Аламан сайысы», «Аламан соғысы», «Аламан бәйгі», «Аламан асуы», «Аламан бекеті», «Аламан сазы», «Аламан жайлауы», «Аламанның көкала асуы» деген. Мұның бәрі Аламан би Мәмбетұлы туралы ел ауызында жүрген көп аңыздың бір парасы ғана деп, өзі жиған деректі бізге айтқан еді.

Біз әңгіме еткен Аламан би Мәмбетұлынан тараған ұрпақтары бір кездері Іленің солтүстік жағын мекендесе, қазіргі кезде басым көпшілігі Алматы облысы Кеген, Райымбек аудандарына қоныс тепкен.

Жексен Алпартегі,

журналист

Abai.kz

3 пікір