Сенбі, 4 Мамыр 2024
46 - сөз 3036 2 пікір 17 Шілде, 2023 сағат 13:08

Оңтүстік поток, Қазақстансыз өмір және Сердар уайымы

Сурет: Әлеуметтік желіден

Қырғызстан мен Ресей Қазақстанды айналып өте ала ма?

Соңғы уақытта Ресей Қазақстанды айналып өтіп, Қырғызстан және Өзбекстанмен тікелей сауда жасамақ деген ақпараттар көп жарық көрді. Ол Ресей мен Қырғызстан медиаларында таралды. "Қазақстан шекарасын ашпаса, онсыз да өмір сүре аламыз", - деген ойлар айтылды. Қазақстанның Қырғызстаннан Ресейге баратын тауарларды санкцияны сақтау шараларының аясында ұзағырақ тексере бастағаны рас. Себебі олай істемесек, АҚШ пен Еуроодақтың екінші сөгісі анағұрлым қатаңдау болады. Сондықтан электронды құралдар тиелген фуралар толық тексерістен өтіп жатқанда, оның артында кезекпен тұрған жеміс-жидек тиеген жүк көліктері ұзағырақ күтіп қалуда.

Шынымен Қырғызстан Қазақстанды айналып өте ала ма?

Алдымен, қырғыз-орыс тауар айналымын сараптап көрсек. 2022 жылы ол шамамен 2,5 миллиард долларды құрады. Оның 1,5 миллиард доллары Ресейдің Қырғызстанға экспорты. Қырғызстан Ресейден жанар-жағармай, мазут, ағаш алып отыр. Ал былтыр Қырғызстанның Ресейге жібергені - 963 миллион доллардың тауары болды. Қырғызстан солтүстік көршіге негізінен мыс, мыс өнімдері, автокөлік, киім-кешек, смартфон, электроника мен жеміс-жидек (шие) экспорттаған.

Ресей де, Қырғызстан да бір-біріне баратын тауарларын Қазақтан арқылы, құрлықпен жібереді. Өмір бойы солай болып келді. Басқа жол да жоқ. Бірақ қазір Қырғызстан Ресейдің Каспий теңізі арқылы Түркіменстанға шығатын, одан кейін Өзбекстан, ары қарай Қырғызстанға өтетін транзиттік жол туралы идеясын қызу қолдап отыр. Бұл идея баяғыдан бері қағаз жүзінде келеді. Оны шын мәнінде жүзеге асыру үшін үлкен инвестициялар керек. Бірақ одан да маңыздысы - "Түркіменстанның визалық режимі" деген саяси мәселе шешімін таба ма?

Оңтүстік транспорттық коридор Түркіменстансыз жұмыс істей алмайды. Орталық Азиядағы бес елде Қазақстаннан басқа тек Түркіменстанда ғана Каспийге шығатын жер бар. Демек, Қырғызстаннан шыққан санкциялы тауар (электроника, оптика) тиеген фура алдымен Өзбекстанға, одан кейін Түркіменстанның "Түркменбашы" портына баруы тиіс. Артынан баржаға тиеліп, Астрахандағы "Оля" портына жетеді. Ары қарай, Мәскеу, Петербор жаққа тартады.

Дәл осы жерде үш проблема бар:

  1. Түркіменстан әр фураға бөлек виза сұрап отыр (1 жылға, жарты жылға ашып қою деген жоқ);
  2. Фураны тиеп, Каспиймен жүретін ескі баржа ғана бар. Оған 13 фура ғана сияды. Ал экономикалық тиімді болу, баржа ақыны арзан алу үшін сиымдылығы кемінде 50 фура болуы тиіс;
  3. Ресей ұсынып отырған "Оля" портында дым жағдай жоқ. Ресей Каспийдегі порттық инфрақұрылымды мүлде дамытпаған болатын. Күштің бәрі Қара теңіз бен Балтық жағалауына жұмсалды. Каспийді бұған дейін Ресей транзиттік жол ретінде есептемей келді.

Бұл жол шынымен жұмыс істей бастауы үшін, тіпті егер Түркіменстанды "транзиттік безвизға" келістіре алған жағдайда, 3-4 жыл және қомақты инвестиция керек. Ресей "Оля" портын реттеуге федералды ақша жоқтығын алға тартады. Қырғызстан пайда тауып отырғандықтан, шығынның жартысын қырғыздар көтерсін деген пікірде.

Қырғызстан Ресейге экспортын 1,5 есеге өсірді. Қазіргі оның әлемге жіберетін экспортында Ресей үлесі 44 пайызды құрайды. 20 пайызы Қазақстанға барады. Қазақстан өзі транзиттік хаб болғысы келетіндіктен, Қордайда Қорғас моделімен құрлықтық порт, шекаралық сауда орталығын салатын жоспарларына қарап, біз еліміздің Қырғызстаннан келетін транзитке керісінше мүдделі екенін көреміз. Қырғызстан жағдайды пайдаланып, санкциялық тауары бар, басқасы бар Ресейге жөнелте бастады. Бірақ бұл бізде отырған, АҚШ, Еуроодақтан келген қадағалаушылардың көзіне түсуде.

Қазақстан Қырғызстаннан өз бюджеті үшін ақша табуына қарсы емес. Бірақ санкцияға ілінген тауарларды өткізе алмайды. Ал Бішкек үшін дәл осы тауарлар өз құнына бірнеше есе үстеме қосылғандықтан, нағыз кірістің көзі болып отыр.

Асықпай сараптай келе, Оңтүстік транспорттық потоктың таза "блеф" екенін байқаймыз. Ол Қазақстанға әшейін қыр көрсету. Ресей іштей "Оля" портын қайта жөндегеннен көрі, Қазақстанды келістіру оңай деп санайды. 50 фура таситын баржа да жоқ.

Ал бізге қазір осы Оңтүстік транспорттық потоктың құрығанда санкциялық электроника мен оптиканы өзіне алғаны дұрыс еді. Сонда Қырғызстаннан Қазақстан арқылы Ресейге мыс, нәски мен колерленген шие ғана тасылса, біздің де Батыс алдында арымыз таза болады. Бізге кірмей өтетын санкциялық тауарларға қатысымыз болмайды. Бірақ ол кезде де, мәселенің бәрі Сердар баһадүр мен артында көлеңкесі қылтиып тұрған Аркадагқа келіп тіреледі.

Аркадаг - жебеуші деген ұғымды білдіреді. Сіздің де, біздің де ертеңгі болашағымыз жебеушіге байланысты.

Айбар Олжаев

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1027
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 899
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 677
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 756