Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2912 0 пікір 1 Қыркүйек, 2009 сағат 13:04

Дәурен Қуат. Үрімшіге үлкен саясат келді

 

Қытайдың Шыңжаң өлкесінің орталығы Үрімші қаласына таяуда Цзян Цзэминь жолдас келіп кетті. Сыртқа ақпарат таратуға сараң ҚХР өкіметінің бақылауындағы БАҚ экс-төрағаға жергілікті ұйғыр халқының өкілдері шапан жауып қашқар тақиясын кигізіп мәре-сәре болғанын көрсетумен ғана шектелді.  Түймедейден түйедей зат жасай қоятын Батыс баспасөзі де әлгі зерлі шапан мен оймақтай тақияны «киіп» тымпия қалған қытай саясатына дендеп ене  алмай діңкелеп отыр. Шапан жабу - ұйғыр халқының дәстүрлі дипломатиясында аса зор құрмет белгісі. Қысқасы ұйғырлар Цзян Цзэминь жолдасқа риясыз ықылас танытып аттандырып салды деуге болады.

ҚХР өкіметінің бұрынғы төрағасы Цзян Цзэминь есімін біздің ел, сірә, ұмыта қоймаған шығар. Ол адамды Шыңжаңдағы қандастарымыз қазақ тілінің табиғатына сай Жаң Зымын деп атайды.

 

Қытайдың Шыңжаң өлкесінің орталығы Үрімші қаласына таяуда Цзян Цзэминь жолдас келіп кетті. Сыртқа ақпарат таратуға сараң ҚХР өкіметінің бақылауындағы БАҚ экс-төрағаға жергілікті ұйғыр халқының өкілдері шапан жауып қашқар тақиясын кигізіп мәре-сәре болғанын көрсетумен ғана шектелді.  Түймедейден түйедей зат жасай қоятын Батыс баспасөзі де әлгі зерлі шапан мен оймақтай тақияны «киіп» тымпия қалған қытай саясатына дендеп ене  алмай діңкелеп отыр. Шапан жабу - ұйғыр халқының дәстүрлі дипломатиясында аса зор құрмет белгісі. Қысқасы ұйғырлар Цзян Цзэминь жолдасқа риясыз ықылас танытып аттандырып салды деуге болады.

ҚХР өкіметінің бұрынғы төрағасы Цзян Цзэминь есімін біздің ел, сірә, ұмыта қоймаған шығар. Ол адамды Шыңжаңдағы қандастарымыз қазақ тілінің табиғатына сай Жаң Зымын деп атайды.

Жаң Зымын өз тұсында қазақ-қытай қарым-қатынасына оң ықпалын тигізген тұлға. Қазақ пен қытай шекарасы дәл осы Жаң Зымын жолдас ресми Пекиннің атынан сөйлеп тұрған кезде шешімін тапты. Сонау он сегізінші ғасырдан бері, Цин әулетінің патшалық құрған кезінен бастап әркез сойыл сұрап, сұрапыл қақтығыстарға майдан беріп тұрған шекара мәселесінің шешімін табуына пәрмен білдіріп, айдаһар мінез танытқан қытай саясаткерлерін ауыздықтай алған Жаң Зымын жолдас туралы кезінде қазақ баспасөзінде кем айтылған емес. КСРО мен ҚХР арасында 33 мың шаршы шақырымға жуық шекаралық даулы белдеулердің бар екендігіне 1960 жылдардың аяғын ала Кремльді басқарған селеу бастар зорға мән берген еді. Ал бұл кезде қытайдың үлкен картасына Қазақстанның оңтүстік шығыс аймағы Балқаш көліне дейін тұтас еніп үлгергені кейін жарияға шықты. «Шекара бөлінісінің 99 пайызы эмоциядан тұрады» деп  дипломаттардың бірі айтқандай жаңағы айлапат жерге қытай жағы тістей қатып қалса, жағдай қандай сипат алар еді? Оған дәл жауап беру қиын, әрине. Сондай терісазу, қисық саясатқа жол бермеген Жаң Зымын Қазақстан Президентінің құрметті досы ретінде «Алтын қыран» орденімен мараптталды.

Жаң Зымын жолдас жас кезінде Ресейдің Горький атындағы қаласында автомобиль шығаратын зауытта жұмыс істеген. Орыс тілінде тәп-тәуір сөйлейді. Оның сыбызғының үніндей сызылып естілетін майда орысшасы Ельциннің танауынан шулап шығатын орысшадан жағымды  естілетінін ілгеріде Ресей журналистері де қынжыла мойындап жүретін. Билікке Дэн Сяопиннің қолдауымен келген бұл адам қытайды күллі әлемге паш етті. Қытайдың әлем туралы түсінігі мен әлемнің қытай туралы түсінігінің түңілігін ашып, аспан астын кеңейткен кесек тұлға. Ол ҚХР өкіметінің төрағасы ретінде тұңғыш рет АҚШ-қа, Латын Америкасы мен Ресейге, Орталық Азия елдеріне ұзақ сапарларға шықты. Тайвань аралын қытай мемлекетінің иелігіне қайтарды. Экономикалық реформалардың басында тұрды. Экономиканы басқарудың мемлекет пен меншікке негізделген қытайлық нұсқасын жасай алды. Коррупцияменде аяусыз күресті.

Көне ханьсулардың аңызында Сун Укунь дейтін маймыл тар шатқалда кездескен екі жолбарыстың айқасын бас бағып бақылайтын еді. Сун Укунь маймылдың халін кешкен қытайды ол былайғы жұрт ығатындай елге айналдырды.

Міне, осындай заңғар тұлғаның, Дэн Сяопин айтпақшы «қытай өкіметін көлеңкеде жатып басқаратын» тегеурінді саясаткердің, Үрімшіге келуі көп нәрсені аңғартса керек.

ҚХР мен КСРО-ның арасындағы томаға тұйық жылдарды артқа тастап қарым-қатынастың нышаны сезіле бастаған заманда Үрімшіге барған дипломаттардың бірі - Эдуард Шеверднадзе болатын. Горбачевтың бұйрығымен КСРО-ның Сыртқы істер министрлігін басқарған Шеверднадзе Батыс елдеріне жасаған сапарының соңын Үрімішіде қортындылайды. Үрімші ол кезде шалғайдағы жалаңаш қалалардың біріне жататын. КСРО-дай державаның атынан аяқ басқан Шеверднадзе  Үрімшіні қомсыныңқырап «бұл қала несімен ерекеше?» деп өзін қарсы алған қытай өкіметінің өкілдерінен сұраған көрінеді. Сонда олар сәл абдырап барып «Үрімші көп ұлтты қала» деген жауап қайтарады. «Мұнда грузин бар ма?» деп сұрайды саясатта «ақ түлкі» атанған Шеверднадзе өз ұлтын мақтаныш көретін тау халықтарына тән мінезбен.  Қытайлар, әрине, «жоқ» дейді ғой. Сонда Эдуард Амвросиевич «Мені ендеше Үріміші азаматы деп есептеңіздер» дейді. Үрімшіде гүржі халқының сыңар тұяғы да тұрмайтын болар. Алайда, Үрімші, Құлжа маңында қазақ көп. Ұйғырлардың да қарасы мол. Дұңғандардың да саны арта түсуде. Сібе-солаң дейтін қытайға жақын ұлттар да Үрімшіге «үйірімен» көшіп келіп жатқан көрінеді. Қазақтармен жақын араласатын құба қалмақтар да Іле бойында өмір сүреді. Тоқсаныншы жылдардың алғашқы ширегінде этникалық ханьсулардың үлесі Үрімшіде 11 пайыздан аспайтыны туралы деректер айтылатын. Қазір Үрімші толықтай қытайға қараған, қытай тәртібіне, қытай архитектурасына көшкен қала. Кісі бойындай қытай ироглифтерімен берілген жарнамалардың өзі Үрімшінің бет-бейнесін жұтып үлгерген. Осы өзгерістерге төзбейтін ұлт, жаңғы «көп ұлттың» ішінде - ұйғыр болып отыр. Ұйғырлар мен ханьсулардың өткен шілде айында қақтығысып қалуына әлдеқандай «бұзақылықтың» сылтау ретінде табыла кетуі көп себептің бірі ғана. Әлгі оқиғаның жай ғана «бұзақылық» еместігін ресми Пекинде мойындағандай оған  АҚШ-та тұратын дүниежүзілік ұйғырлар конгресінің басшысы Рәбия Қадырды кінәлады.  Мұның артында Қадырды қадыр тұтып саяси баспана берген АҚШ-ты айыпты санаудың да салқын райы байқалады.

Иә, бұдан былай Үрімші үлкен саясаттың орталығына айналатын сияқты. Ендеше сол саясатқа сай Қазақстанның да ұстанымы болуға тиіс. Әңгіменің бастысы  арғы бетте тұратын қазақтардың қамы екендігі оқырманға түсінікті ғой деп ойлаймыз. 1993 жылғы қазан айындағы сапарында Нұрсұлтан Назарбаев Цзян Цзэминмен қазақтарды көшіріп алудың жайы туралы сөйлескені есімізде. Көші-қон мәселесіне ҚХР-дың сол кездегі төрағасы қарсы еместігін аңғартқан. Алайда, біздің орысқолды саясаткерлер «қазақтар Алтай, Іле аймағын байырғы қонысы санайды. Олардың көшіп келе қоюы екіталай» деп жақауратқан еді. Жағдай, әйткенменде, керісінше сипат иеленді. Қазақ көшінің беті бері бұрылды. Қазір қытайдағы қазақтар «жер бетіндегі жалғыз отаным - Қазақстан» деген ойға нық бекіген. Демек, Үрімшідегі үлкен саясаттың талқысына түсіп кетпей тұрғанда қандастарымызды жалғыз түтін қалдырмай көшіріп алуға батыл кірісу қажет. Астана қытаймен арадағы көш мәселесіне немқұрайлы қараған сайын ахуал күрделі сипат иелене беруі ықтимал. Ондай жағдайда қытаймен бүгінге дейінгі қол жеткен байланыстан айрылып қалуымыз да кәдік. Жадыңызды жаңғыртып өтейін, Қазақстан мен ҚХР басшылары мемлекеттік біріккен декларацияға қол қойып, өзара сенім шараларын бекіткен еді. Трансшекаралық өзендерді бірігіп пайдаланудың да екі жаққа тиімді жолдары қарастырлуда. Қытай Қазақстандағы ірі ивесторлардың бірі. Атасу-Алашанқай құбыр жолы салынды. Соның «өтеуі» сияқты қазір Қазақстанда 300 000 қытай азаматы тұрақты тұрып, еңбек етуде. Бұл деректі қытайдың Синхуа агенттгі жай статистика үшін жария етпегендігін де есте мықты ұстаған абзал. Бұл  Қазақстанда қытай халқының диаспорасы қалыптаса бастады дегенді аңғартатын мәлімет. Әйтпесе, Синхуаның әлгіндей деректі ашықтан ашық жария етуі неғайбыл.

Сонымен, Үрімшіге үлкен саясат келді. Ол саясатты ертең біз Жаң Зымын жолдастың Үрімшіге жасаған сапарымен байланыстырып ұзақ жылдар бойы айтып жүруіміз мүмкін.

 

0 пікір