Сейсенбі, 21 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4552 0 пікір 18 Мамыр, 2013 сағат 09:27

Асқар Жакулин: «Атажұртқа ғасырға барабар жолмен жеттік»

Сәрсенбі күні Алматыдағы Ұлттық кітапханада Жәкула Күшікұлының туғанына 150 жыл толуына орай дайындалған екі бірдей кітаптың тұсаукесері өтті. Оған Қазақстанның Халық жазушысы Қ.Жұмаділов, тарихшы-профессор М.Қойгелдиев бастаған бір топ зиялы қауым өкілдерімен бірге Жәкула Күшікұлының ұрпақтары да қатысты. Осы ретте оның немересі Асқар Жакулинмен сұхбат жасаған едік.

- Қажығұмар Шабданұлының «Қыл­мыс» романындағы Әлібек пен Айтол­қын сіздің әке-шешеңіз деген рас сөз бе, әлде солардың өміріне ұқсас эпи­зодтарға қарап, елдің шығарған әңгі­месі ме?
- Иә, рас. Қажығұмар ағамыздың «Қыл­мыс» романының алтыншы томында әкем Әнуардың (романда Әлібек) қа­за­сынан соң, Қажығұмар ағамыздың шешеме көңіл айтып келетіні жазылған. Сол ро­манда әкемнің Қытай түрмесінде жатып қайтыс болған кезі де суреттелген. Бірақ әкем менің есімде деп айта алмаймын, әкем­ді ұстағанда мен тәй-тәй басқан бала екен­мін. Ал қуғын-сүргін заманда әкеммен бір­ге болған уақытым бір күнге де толмайды екен! Бәрін кейін білдік қой. Әкемді Қы­тайда «мәдениет төңкерісі» кезінде ба­сына «қалпақ кигізіп» (жала жауып деген мағынада), мәңгібақи түрмеге қамап тас­тайды. Шешем де «халық жауының» әйелі болып шыға келеді. Отбасымыз кадрларға арналған тұрғын үйден қуылып, кезінде Шың Шысайдың ат қорасы болған ла­шық­қа көшіріледі.

Сәрсенбі күні Алматыдағы Ұлттық кітапханада Жәкула Күшікұлының туғанына 150 жыл толуына орай дайындалған екі бірдей кітаптың тұсаукесері өтті. Оған Қазақстанның Халық жазушысы Қ.Жұмаділов, тарихшы-профессор М.Қойгелдиев бастаған бір топ зиялы қауым өкілдерімен бірге Жәкула Күшікұлының ұрпақтары да қатысты. Осы ретте оның немересі Асқар Жакулинмен сұхбат жасаған едік.

- Қажығұмар Шабданұлының «Қыл­мыс» романындағы Әлібек пен Айтол­қын сіздің әке-шешеңіз деген рас сөз бе, әлде солардың өміріне ұқсас эпи­зодтарға қарап, елдің шығарған әңгі­месі ме?
- Иә, рас. Қажығұмар ағамыздың «Қыл­мыс» романының алтыншы томында әкем Әнуардың (романда Әлібек) қа­за­сынан соң, Қажығұмар ағамыздың шешеме көңіл айтып келетіні жазылған. Сол ро­манда әкемнің Қытай түрмесінде жатып қайтыс болған кезі де суреттелген. Бірақ әкем менің есімде деп айта алмаймын, әкем­ді ұстағанда мен тәй-тәй басқан бала екен­мін. Ал қуғын-сүргін заманда әкеммен бір­ге болған уақытым бір күнге де толмайды екен! Бәрін кейін білдік қой. Әкемді Қы­тайда «мәдениет төңкерісі» кезінде ба­сына «қалпақ кигізіп» (жала жауып деген мағынада), мәңгібақи түрмеге қамап тас­тайды. Шешем де «халық жауының» әйелі болып шыға келеді. Отбасымыз кадрларға арналған тұрғын үйден қуылып, кезінде Шың Шысайдың ат қорасы болған ла­шық­қа көшіріледі.
Әкем түрмеде он жылдай жатып, қай­тыс болады. Бірақ өкімет сүйегін бермей, түрмеде жерленеді. Тек кейіннен, 4 жылдан кейін әкемнің атағын «қайта қалпына келтіріп», Үрімжі қаласындағы сол кездегі Ха­лық Сарайында салтанатты қоштасу рә­сімін өткізіп, әкемнің сүйегін түрме ма­ңындағы зираттан Үрімжідегі құрбандар зиратына көшіретін болды. Бұл Шыңжаң көлемінде «мәдениет төңкерісінен» кейінгі осы «төңкерістің» кесірінен өмірінен айы­рылған өлке дәрежелі басшыға арналып өткізген тұңғыш азалы жиын еді. Сол кезде маған ерекше әсер еткені анамның жоқ­­тау айтқаны болды. Отбасымыз мар­құм әкемнің сүйегімен бірге сарайға кір­генімізде, анам қытайы, ұйғыры, қазағы аралас залға дауыс шығарып жоқтау айтып кірді. Анамның зарлы үні түсінген адам­­­ның ғана емес, тіпті қазақшаны мүл­де түсінбейтін басқа ұлт өкілдерінің де кө­зіне жас үйірді. Сол тұста 14-15 жас ша­­ма­сындағы мен алғаш рет қазақтың өлім-жітім салтының да осындай салтанатты болатынын білдім. Қажығұмар ағамыз да осы жоқтауды естіген соң, «Мынадай жоқталған өлімнің, дәл қазіргі шақта арманы аз шығар» деп жазады ғой романында.
- Сіз де біразға дейін «халық жауы­ның» баласы болып өсіпсіз ғой...
- Әкем Әнуар, ағасы Мағауия мен Мер­ғазы, әкемнің немере ағасы Әбіл­мә­жін, атамыз Жәкула - барлығы да импе­рия­ның қуғынын көрген адамдар. Нағашы жа­ғым да бұл сүргіннен аман қалмапты.
- Қай империяның?
- Үш империяның. Атам Жәкула пат­ша­лық Ресейдің де, советтік империяның да қуғынын көрді. Әкем арғы беттің «мә­де­ниет төңкерісінің» құрбанына айналды. Сонда біздің әулеттің тағдыры екі импе­рия­ның арасында жатып, езгіге түскен қа­зақ халқының шағын тарихына ұқсай-ды. Атамның інісі Әбілмәжінді 1937-жылы НКВД «Қытайға ауған ақ эмигрант Жәку­ламен байланыста» деп атса, әкеме «сыртпен астасқан элемент» деген айып тағыл­ған. Қазақ осылайша екі оттың ортасында күй­ген ғой.
- Жәкула атаңыздың туғанына биыл 150 жыл толады екен, туған же­рін­де ас бермек екенсіздер. Ол кісі ал­ғаш­қы дәрігерлердің бірі болған ба?
- Жәкула атамыз 1885 жылы Омбының фе­льдшерлік мектебін бітіріпті. Оны пав­лодарлық зерттеуші ағамыз Мүсәйіп Сы­дықов деген кісі былтыр Омбының мұра­ғатынан құжаттарын тапқанда білдік. Оған дейін бала күнімізде «атаң орыс елінде оқыған адам екен, көсем болған екен, тіптен өзінің тауы болған екен, атаң өкіметке қарсы шығып, «құйыр­шық» болған екен деген сарын­дағы әңгімелерді ғана еститін­біз.
Омбы ол кезде қылышынан қан тамған Колпаковский бас­қарып тұрған Дала генерал-гу­бернаторлығының орталығы. Университет, институт әлі жоқ, қазақ балалары Омбыдағы ка­дет корпусында, училище мен мектептерде интернатта жатып оқиды. Ресей патшалығы өзіне қызмет еткізу мақсатында олар­ды көбіне әскери, заң­гер­лік, дәрігерлік мамандықтарға дайындапты. Жәкула атамыз да «дала дәрігері - әскери фельд­шер» мамандығын алыпты. Өзімен бір сыныпта М.Тынышбаевтың қайын атасы Бақи Шалымбеков, қатарлас М.Дулатовтың жары Ғайнижамалдың әкесі Баймұрат Досымбеков, генерал М.Қалматаевтың әкесі Дүйсенбі Қалматаев, Ш.Аймановтардың немере ағасы Аббас Айманов сияқты қазақтың алғашқы дә­рі­герлері оқыпты. Оларды сүзек, қо­расан, ше­шек, қызылша секілді індеттердің ал­дын-алуға, екпе жасауға, қажет болса со­қырішекті алып тастауға үйреткен екен. Атамыз сонымен болыс болғанша Жетісу өңірінде 25 жыл дәрігерлік қызмет ат­қа­рыпты.
- 25 жыл қай жерде дәрігер бол­ған?
- Қазіргі Қырғызстандағы Қарақолда, ол кезде Пржевальск қаласы Жетісу облысына қарап тұрған уезд орталығы бол­ған. Тіпті, сол атақты саяхатшы қаладағы фельд­шерлік пунктте қайтыс болып, қа­ланың аты Пржевальск аталған. Кім бі­леді, мүмкін, атамыз саяхатшының ақырғы минуттарында жанында болды ма? Өйт­кені, ол заманда бүкіл қырғыз жерінде дә­рігерлік пункттерді саусақпен санайсыз. Онға да жетпейді. Және губернатор Таубе ол жерде қазақ пен қырғыздан гөрі казак әскерін бірінші кезекте емдеу керек деп, қысым көрсете бастаған. Осының бә­рі қазақ оқығандарына оңай әсер ете ме? Ұлттық қозғалыс осындай намысқа тиетін жағдайлардан барып тумай ма?
- Атаңыз сосын туған жері Семей өңі­ріне келіп, болыс болған...
- Қалталықұлақ қариялар айтады: бо­­лыс­тыққа түсуге аталас ағайындары ар­найы шақыртыпты дейді. Мүмкін, солай да шығар. Бірақ екі нәрсені ескеру қажет сияқты. Біріншіден, ол заманда қазақтың қолы жеткен ең биік мәнсабы - болыстық. Атам 1911 жылдан бастап он жылдай бо­лыс болған. Хандық билік, аға сұлтандық тарағаннан кейін қазақты тіпті «уезд на­чальнигі» - ояз қылып та қоймады. Екінші­ден, болыстың бәрі шардың тасын сатып алып болмаған. Алматының мұрағатынан атамның өз қолы қойылған жер дауына қатысты бірнеше том материалды таптық. Соның бәрінде ол кісінің бұра тартып кеткен жері жоқ. Қайткенде әділетті болуға тырысқаны, «әділеттілік» деген категорияны терең түсінгені көрініп тұр. Өйткені, «Ре­­сей мен Қытай соғыса қалған жағдайда, бар­лық әділетсіз орыс шенеуніктерін қуып шығып, қазақ халқы өзінің үкіметін құра алатын ұлттық партияның төңірегіне топтасуы керек!» депті. Жай ғана басшыларды демейді, «әділетсіз орыс басшыларын» дейді. 1913 жылы, өзі болыс - өзі айтып отырған орыс империясының жергілікті ше­неунігі! Бұл аңыз емес, дақпырт емес - Омбы архивінде сақталған тарихи құ­жат. Осы сөзді шаршы топта айтқаны үшін Зайсан мен Семейдің ротмистрлері мен про­курорлары Омбыға хат жазып, Ом­бының сот палатасы атама қылмыстық іс қоз­ғапты. Таққан айыптары 130-бап: «мем­лекеттік төңкеріске қарсы ашық үндеу» деген бап екен. Егер, кінәсі толық дәлелденсе, өмірбақи итжеккенге айдалып кетеді екен. Бұл «Айқап» пен «Қазақ­тың» қатар шыққан жылы, ұлт зиялы­ла­рының «Бас қосайық» деп пікір таластырып жатқан кезеңі. Мүмкін, сол оқиға да әсер етті ме екен? Атамның патшалық заманның қуғынын көрді дегенім осы.
- Кейін Алаш қозғалысына қосылды ма?
- Онысын нақты айта алмаймын, бірақ ниет­тес болғаны анық. Өйткені, НКВД «ақ эмигрант, алашордашы Жәкула Күшіков» деп жазады. Бұған қоса, інісі Әбілмәжін «Қап­ланбек Алашордасының» көсемі ре­тінде атылған.
- Жаңа Советтік қуғынды да көрді де­діңіз емес пе?
- Ол Сталин мен Голощекин заманында кәмпескеге ұшырағаны. 1928 жылы Семейде Қызылтас (қазіргі Тарбағатай ауда­ны) деген аудан құрылып, сол ауданның ең ірі 7 байы ретінде мал-мүлкі тәркіленіп, Әу­лиеатаға жер аударылыпты. Сосын, ол жақтан қашып шығып, туған жеріне келіп, ауыл-аймағымен Қытайға ауады. Соның алдында Семей гимназиясында оқитын ұлы Мерғазыны алуға барғанда, досы Ережеп Итбаевпен ақыл­дасыпты. Өзінің кө­теріліс ұйымдастырмақ екенін айтыпты. Бірақ, Ережеп ағамыз тоқтатыпты. Ал, шекараны өте бергенде, ұлы Мерғазы қы­зылдардың қолына түсіп, ол Семей түр­месінде қайтыс болады. Атамның өзі де көп ұзамай, 1933 жылы Шәуешекте оқ тиіп дүниеден қайтыпты. Дүнген көтерілісі ке­зінде жараланған дүнгенді емдеп жат­қанда, қызылдардың оғынан сағаты тоқ­тапты.
- Інісі Әбілмәжін қалай «Қапланбек Алашордасының» көсемі атанып жүр? Сондай ұйым болып па еді?
- Ол енді НКВД ойлап шығарған ұйым ғой. Бірақ тарихи негізі жоқ емес. Әбіл­мә­жінді атамыз Жәкула осы Алматыдағы, ол кез­дегі Верный гимназиясында, кейіннен 1909 жылдан бастап Семей гимназиясында оқытыпты. Верныйда Садық Аманжолов, Әшірбек Шалымбеков, Ораз Жандосовтармен қатарлас оқыса, Семейде Әлім­хан Ермеков, Халел Ғаббасовтар оқып жүргенде білім алыпты. Сосын, болыс болған атамыз інісін Польшаға, Варшава институтына оқуға жіберіпті. Және ақшасын өзі төлеп тұрғанға ұқсайды. Ғұмар Қараш «Қазақ» газетіне 1915 жылы жазған мақаласында «Варшавада 4 қазақ студенті бар. Ішінде Ә.Шалымбеков, Са­ғынаев пен Әбілмәжін Күшіков өз қар­жы­сымен оқиды, А.Тұнғашин стипендия алады» деп жазыпты. Ол заманда Польшада 5 жыл бойы студент оқыту оңай емес. Сосын, Әбілмәжін Алашорданың астанасы бол­ған Семейге келіп, ұлт-азаттық күреске ара­ласыпты. Міржақыппен, Кәрім Тоқ­тыбаевпен, Ыдырыс Мұстамбаевпен жақ­сы қарым-қатынаста болған. Өзі ғылым­мен, ағартушылықпен айналысқан. Бірақ 1933 жылы Сарыағаштағы Қапланбек ауыл шаруашылығы институтында доцент бо­лып жүргенде ұсталып, Алматының түр­месіне қамалады. Сол жерде оған Фай­золла Ғалымжанов (ІІ жалпықазақ съезін ұйым­дастырушының бірі), Мүслім Ермеков (Ә.Ермековтің інісі), Мұхтар Бірімжанов­тер­мен (А.Бірімжановтың немере інісі) «Қап­ланбек Алашордасын» құрған деген айып тағылып, 3 жылға Қарлагқа айдайды.
- Сонда ол ұйымға қандай кінә та­ға­ды?
- Ол кез Ахаңдар бастаған 34 адамға үкім шыққан кез ғой. Бұл кісілер «екінші тол­қын» ретінде тазалау науқанының құр­баны болған. Барлығы көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар емес пе? Барлығы ұлтшыл. Голощекиндік саясатты, аштықтың қолдан ұйымдастырылып отырғанын айтыпты. Байтұрсынов, Дулатов бастаған ұлт кө­сем­дерін құртқан үкімет қазақ халқын да құртады депті. Соның бәрін жансыздар жазып алып, сыбырлап отырған. Бұған қо­са, Әбілмәжін ағамызға «туыстары Қы­тай­ға қашқан, ақ эмигрант Жәкуламен, Райым­жан Мәрсековпен байланыста бол­ған» деген де айыптар тағылған. Импе­рия­ның қолында тұр емес пе, қандай кінә та­­ға­мын десе де. Сөйтіп, Әбілмәжін Кү­ші­ковті 1937 жылы Семей түрмесінде ату жа­засына кеседі. НКВД үкімді ке­шік­тір­мейді ғой, сол күні түнгі сағат екіде үкім орын­­далған екен.
Қазір бұл кісілердің барлығы саяси жа­­ғынан ақталды. Бірақ осы қуғын-сүргін біз­­дің әулетке орны толмастай жара салып кетті. Өзіңіз ойлаңыз: атам Жәкула, іні­сі Әбілмәжін оқтан қайтты. Сол Әбілмә­жін ағамыздың, інісі Мерғазының, менің әкем­нің ғұмыры түрмеде үзілді. Мағауия аға­мызды қосқанда, әулетіміздің бес бір­дей арысы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны бол­ды. Олардың туған-туыстарының үркін­шіліктен бастап өмірлері азаппен, қорқы­ныш­пен өтті. Сонда не үшін? Кім үшін? Не­­ге? Отбасымыздың тағдыры қазақ та­ри­хының қиын-қыстау кезеңіне ұқсас деп отырғаным осы. Барлығының арманы, аңсары - азаттық еді.
- Өзіңіз енді атажұртыңызға келіп, тәубе деп отырсыз ғой...
- «Бейбарыс сұлтан» фильмінде Бейба­рыс бір түп жусанның иісін сағынады ғой. Біреулер бұл тым жаттанды бейне деуі мүм­кін. Бірақ ол рас, сондай дүние. Атам­ның туған жері Тарбағатай тауында Жәку­ланың Қызылтасы деген тау бар. Қыстақ-жұр­ты­ның орны ғой. Біздің тұ­қым-жұрағатымыз ар­ғы бетке кетсе де, сол жердің аты сақ­талыпты.
Әлем қазір алақандай ғана болып қал­ды ғой. Оңтүстік Африканың Үміт мүйісіне ба­рам десең де, бір-ақ күнде жетіп барасыз. Бірақ мен сол атажұртқа барар жол­ды тұп-тура он жыл жүріп өттім. Ал, атам мен әкем туған жерінен қол үзгеннен ке­йін, біздің әулет бұл жолды тұп-тура сексен жыл жүрді. Қасымда екі жолдасым бар, Ал­ланың атымен бастайық деп дұға жасап, жолға шықтық. Баратын жаққа бет алуымыз сол екен, көз жасым көкірегімді жуып кетті. Қымсынған, именісімді жасыр­ғаныма да, іштегі ашу-ызаның бұлқыны­сына да бой бермей төгіліп кеткен көздің жа­сы менің өзімдікі ме, жоқ әлде, күл төк­кен қара қыстауын аңсап өткен атамның көз жасы ма, жоқ әлде, сол топырақты са­ғынумен күндерін өткізген әкелерімнің көз жасы ма, оған да жіп тағып жете алмай қалдым. Алыс жолды артқа тастап, атам­ның ізі қалған сол қара жолмен Жәку­ла тауының баурайына келгенде мен ар­ма­нымның орындалғандығын, аңсаумен өт­кен атамның, сағыныш өзегін өртеген әкем­нің арманы орындалып, аруақтары бір аунап түскендігін жан-дүнием сезін­гендей болды. Міне, осы сәттен бастап менің де ата мекенім бар, ол мына тұрған «Жәкуланың Қызылтасы» деп жалтақ­тамай айта алатын болдым!
- Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Жансая Кенжебек

«Қазақ әдебиеті» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2199
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2584
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2528
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1684