Сенбі, 4 Мамыр 2024
Жаңалықтар 5113 0 пікір 15 Мамыр, 2013 сағат 05:37

Қуаныш Тұңғатар. Құлагер ақын – ғибратты ғұмыр

Жер жаннаты Жетісудың шұрайлы өлкесі, сарқырай аққан арынды Ақсу өзенінің бойында  шекесі торсықтай алаштың бір ұланы дүниеге келіп, тұтас елді үлкен қуанышқа бөлеп, шаңырақты шаттыққа толтырды. Жастайынан қара сөздің шешені, өлең-жырдың көсемі болған өнегелі Берсүгір қарт немерелі, Жансүгір отағасы абзал әке атанды. Берсүгір қарияның өзі айтқандай, «мұз қабақ, жота мұрын Ілиясы» дүниеге келді. Бұл жылдары қазақтың қасқа маңдай өр ұландары Сәкен мен Бейімбет, Тұрар мен Мағжан, Сұлтанмахмұт пен Жүсіпбек те  жарық дүниенің есігін айқара ашып, «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып Күн болуға» асықты. Ғасырлар бойы бодандықтың бұғауында «малы айдалып, жаны таланып, белі қайқайып, сынуға таянған» қазақ жұртының қараңғы қоғамы ат төбеліндей алаш арыстарына аянбай еңбек етуді міндеттеді. Ресейдің қиыр шетіне айлап сапарлатып, білім мен ғылымның қайнар бұлағынан өлшеусіз ішкен қазақ оқығандарының алдында қауіп пен қатерге толы асулар күтіп тұрды.

Ақын есімін Молықбай қойған

Жер жаннаты Жетісудың шұрайлы өлкесі, сарқырай аққан арынды Ақсу өзенінің бойында  шекесі торсықтай алаштың бір ұланы дүниеге келіп, тұтас елді үлкен қуанышқа бөлеп, шаңырақты шаттыққа толтырды. Жастайынан қара сөздің шешені, өлең-жырдың көсемі болған өнегелі Берсүгір қарт немерелі, Жансүгір отағасы абзал әке атанды. Берсүгір қарияның өзі айтқандай, «мұз қабақ, жота мұрын Ілиясы» дүниеге келді. Бұл жылдары қазақтың қасқа маңдай өр ұландары Сәкен мен Бейімбет, Тұрар мен Мағжан, Сұлтанмахмұт пен Жүсіпбек те  жарық дүниенің есігін айқара ашып, «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып Күн болуға» асықты. Ғасырлар бойы бодандықтың бұғауында «малы айдалып, жаны таланып, белі қайқайып, сынуға таянған» қазақ жұртының қараңғы қоғамы ат төбеліндей алаш арыстарына аянбай еңбек етуді міндеттеді. Ресейдің қиыр шетіне айлап сапарлатып, білім мен ғылымның қайнар бұлағынан өлшеусіз ішкен қазақ оқығандарының алдында қауіп пен қатерге толы асулар күтіп тұрды.

Ақын есімін Молықбай қойған

Ілиястың атасы Берсүгір Жамбайұлы кеудесі қазыналы, сөзге шешен, өлеңге жақын ақындығы бар данагөй ақсақал болса керек. Ол атағы Жетісудан асып, қазақтың үш жүзіне мәлім болған, аты аңызға айналған Молықбай қобызшымен, оның әкесі Байсақпен дәм-тұздас дос екен. Ел ішін қоңыр қобыздың мұңлы да зарлы үніне толтырып, өмір туралы ой-толғамдарын қобыз үніне қосып, жұртты өзінің жаңа күйлерімен таңдай қақтырып жүрген Молықбай бірде Берсүгірдің қара шаңырағына ат басын тірейді. Құдайы қонақты құдайындай сыйлаған қазақ дереу мал сойдырып, әйгілі күйшіге барын беріп бәйек болады. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады». Берсүгір қарттың бел баласы Жансүгірдің жары Көкіш күйші келгенде шекесі торсықтай ұл туыпты. Жақсы ырымға балаған көпшілік бірден Молықбай қобызшыға нәрестеге ат қоюды қолқалайды. Серік Жанәбіловтің «Молықбай қобызшы» деп аталатын хикаятында осы деталь өте әдемі эпизодтармен берілген. Оқып көрелік:

«... - Келінім тұңғышына босанып еді. Ұл тапты. Немерелі болдым. Сені бір құдай айдап әкелді. Бүгін нәрестенің атын қоймақшымыз. Ұлыстың ұлы күні, - деп Берсүгір қария қуанышын жасыра алмады.

- Немереңіздің атын Молықбай қобызшы қойсын. Көңілі таза, жақын достарымыздың бірі еді, - деді Жансүгір әкесінен рұқсат сұрап.

- Алла риза болсын. Тұңғыш немеремді көргеніме көңілім тасып, бір жасарып қалдым. «Тұлпар тұяғымен текті» деген емес пе? Менің еш қарсылығым жоқ... Бердім келісім, - деді қарт сақалын сипалап, көңілі өсіп төрде отырған қалпы.

Екі әйел шағын бесікті көтеріп, Молықбайдың дәл алдына әкеліп қойды.

- Ата, мен мұндайды бірінші рет көруім. Азан шақырып ат қойған емеспін, - деді қобызшы жасқаншақтанып.

- Сен Қаракерей Қабанбай батырдың ұрпағысың. Әкең Байсақтың қолынан сан рет дәм татқанмын. Ұялмай-ақ қой... - деді қарт мейірлене қарап оған. Қобызшы қос тізерлеп жүгініп отырды. Көгілдір көзі күлім қақты. Саусағының ұшымен бесіктің жабуын ашты. Кішкентай бөбек маужырап ұйықтап жатыр. Ұйқысы да сүйкімді екен.

- Інішегім, көзіңді аш, жатырқама. Күл, мен Шұраттан келген Молықбай ағаңмын. Тағдыр айдап сенің шаңырағыңа қонақ болып келдім. Алдың айдын көлдей ашық, даладай кең, талабың таудай биік болсын. Лұқпан хакімдей білімді бол. Аяз бидей әділ бол. Қабанбайдай батыр бол. Абайдай ақын бол. Қыдыр Ілияс пірім қолдасын. Сенің атың Ілияс! - деп сәбидің құлағына үш рет дауыстады». (Жанәбілов С. Молықбай қобызшы. - Алматы, 1994. 137-138 беттер).

Берсүгір қарттың ақындыққа жақындығы - оның Ілияс туғанда шығарған бір шумақ өлеңінің әлі күнге дейін ел аузында сақталып, бүгінгі күнге жеткендігінде болып отыр. Қуаныштан бал-бұл жанып, немересіне сүйсінген қарт:

«Сен туғанда қуанды кәрі-жасым,

Шықты өрендей өзімнің ықыласым.

Ай ма екен, жұлдыз ба екен әлде Күн бе,

Мұз қабақ, жота мұрын Ілиясым!» -

деген екен. Жастайынан зейіні ерен, ауыз әдебиетіне жақын болып өскен Ілиясты атасы «қоңырым» деп үнемі еркелетіп жүретін көрінеді. Ал әкесі Жансүгір өз уақытында бармағынан бал тамған, өнерлі, сауаты мол, темірден тебен соғып, зергерлікпен айналысқан шебер атанған. Анасы Көкіш өнерден құралақан емес, әншілігі бар, әдемі дауысты күміскөмейлердің бірі. Алайда Көкіш Ілияс төрт жасқа қараған шағында көз жұмады.

Ілияс Жансүгіровтің балалық шағы, міне, осылай басталды. Анасыз жетімдіктің тақсыретін ерте татқан бүлдіршін Ақсу өзенінің бойында асыр салып ойнап жүріп, келген-кеткен керуендерден, жиғаны мол жолаушылардан рухани азық алуға ұмтылады. Қисса-дастандарды, ескі жырларды жаттап өсті. Қазақтың бай халық ауыз әдебиетімен сусындады. І. Жансүгіров өзінің 1928 жылы жазған өмірбаянында: «Өмір таңы балалық қой. Оны еске алсам, өскен жерім ойыма түседі. Боз дала, құла құм. Оларды қақ айыра аққан иір өзен. Өзен өлкесі түлкі жүн құла қамыс. Тал, жыңғыл. Қыры - теріскен, қара жусан. Ойы - ши, ұсақ құрақ. Құмы - сағыз, селеу, қылша. Қырда - құм ішінде, өлкеде - өзен бойында шоқ-шоқ қыстау, шошайта үйген қамыс. Сарғайған мая. Міне, менің өскен жерім. Бұл - Жоңғар Алатауынан аққан, Балқашқа құятын Ақсу өзенінің бойы», - деп еске алады.

Оқығанда кім болам?

XIX ғасырдың орта шенінен бастап қазақ даласында білім мен ғылымның алғашқы қара шаңырақтары бой түзеп, еуропалық және шығыстық ислам үлгісіндегі жаңа медреселер мен мектептер ашылды. Оқуға ынтасы бар қазақтың әрбір қара домалағы ауылдағы шағын медреседен мұсылманша сауатын ашып, қалтасы көтергендер алыс-жақын маңдағы ірі білім ордаларына аттанып жатты. Ы. Алтынсарин 1864 жылы Торғайда алғаш қазақ мектебін ашып, қыздарға арнап Ырғыз оқу ордасын құрды. Сол сияқты қазақтың мыңғырған мал айдаған дәулетті байлары да қарап қалмай, оқу мен білімге жаппай назар аудара бастады. Қазақ даласында баспасөз дамып, «Дала уәләяты», «Түркістан уәләяты» басылымдарының ізін жалғап, «Серке», «Қазақ» газеттері жарыққа шықты. Онда жер-жерде атымтай жомарттық жасап, ғылымға көңіл бөлген қазақтың байлары ерекше дәріптеліп, өзге ауқаттыларға үлгі ретінде мақалалар басылды. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейханұлы және «Айқап» журналының бас редакторы Мұхамеджан Сералин бастаған алғашқы қазақ оқығандары ұлт тағдырына арнап, үндеулер тастап, өңір-өңірде жаппай сауат ашуға араласып, саясатқа бас тігіп, әрқайсысы бесаспап қайраткер бола білді. Ілияс осындай алдыңғы лек зиялы қауымның жанқиярлық қызметін көріп өсті. Ертерек білім алуға ұмтылып, кәсіби біліктілігін арттыруға бар күшін салып бақты.

Ең алғаш бала Ілияс әкесі Жансүгірдің «намазды дұрыс оқырлық мұсылманшасынан» тәлім алды. Ерте еңбекке араласу, тапшылық пен заманның қиын-қыспақтары жартылай жетім баланы оқуға кешеуілдетіп, тіршілік қамыты білімнен алыстатып жібереді. Бірінші дүниежүзілік айқас, қара жұмысқа жегілген қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісі, азамат соғысы, кедей мен байдың тап тартысы жылдарында Ілияс жер жыртумен, егіншілікпен айналысып, еңбектің бел ортасында жүрді. Бірақ та білімге деген құштарлығы еш толастаған емес.

Торғай мен Ырғыз мектептерінің ізін ала, қазіргі Ақсу ауданында атақты «Мамания» оқу орны есігін айқара ашады. Тарихтан мәлім, «Мамания» мектебі орыстарға шоқынып кетпеу мақсатында заман талабына сай соңғы үлгіде бой көтеріп, ислам дінінің қайнар құндылықтары мен жаратылыстану ғылымдарын үйрететін үлкен оқу орны болып қалыптасты. Мектептің негізін қалаған қазақтың байлары - Тұрысбек, Сейітбаттал және Есенқұл Мамановтар. Үшеуі де мұсылманшаға жетік, Мекке барып, қажы атанған өте білімді адамдар. «Мамания» мектебінің сабақтары Уфадағы «Ғалия» медресесінің кестесімен сәйкес жүргізілді. Ілияс Жансүгіров 1910-1917 жылдар аралығында осы «Мамания» мектебінде білім алады. Бірақ та толықтай оқи алмаған. Жатын орны көңілден шықпай, тіршілік қамыты жас Ілиясты «Маманияда» да көп тұрақтатпай, тиіп-қашып оқуына тура келеді.

Ілияс Жансүгіров - расында оқуды қатты аңсаған адам. Ол қазақтың бай тарихынан, жер-су аттарынан, әншілік пен дәстүрден терең білім жинаған.

Оқығанда кім болам?

Жанарыңа нұр болам.

Оқығанда кім болам?

Заманыма ұл болам, -

дейді ақын. Өмірінде аз ғана білім алса да, ұлтының келешегіне жарата білген қайраткер.

Қазақстан Жазушылар одағының тұңғыш төрағасы

«1920 жылдың басында Ташкентке оқуға кетіп, қазақ-қырғыз институтының екі жылдық курсына кіріп, оқи бастадым, - дейді І.Жансүгіров өзінің 1924 жылы төте жазумен жазған өмірбаянында. - 1921 жылдың жазында курсты бітіріп, Жетісуға келіп, Талдықорған оязы, Белтоған мектебінде ауылдық мұғалім болдым». Партия қызметі мен шығармашылықты қатар ала жүріп Ілияс өзінің сүйіп таңдаған мамандығын оқуға қол жеткізеді. Ол - қаламгерлік қырына тың серпін сыйлайтын журналистік оқу еді. «Білімнің аздығы, надандықтың басымдығы діңкеме тие берді. Оқуды қатты аңсадым. Аяғында 1925 жылы күзде тілегім бойынша, Жетісудың партия ұйымы оқуға жіберді. Мәскеудегі мемлекеттік журналистер институтына түстім... Тәшкенде алты ай оқыдым. ГИЖ-де (Мемлекеттік журналистер институты) оқығаныма үш жыл. Барлық тізе бүгіп оқығанымды санағанда 38 ай оқыған болам», - дейді ол өмірбаянында (Жансүгіров І. Көп томдық шығармалар жинағы. - Алматы, 2005. Төртінші том, 77-бет).

Ол еңбек жолын ұстаздықтан бастады. Ауылда бала оқытты. Өрімдей қазақ балаларын түзу жолға салып, білім нәрін ұсынды. Бойындағы бар білгенін балаларға арнады. Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдер курсын оқып келген соң, 1923 жылы «Тілші» (қазіргі облыстық «Жетісу») газетінде алғашқы журналистік қызметін бастайды. Бір жыл өткен соң, Алматыдағы Қазақ ағарту институтының меңгерушісі болып тағайындалады. 1928 жылы «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде қаламгерлік шеберлігін шыңдайды. 1926 жылы ҚазАПП (Қазақ пролетар жазушыларының ассоциациясы) таратылған соң, Ілияс 1932 жылы Қазақстан Жазушылар одағын құруға атсалысады.

Шығармашылық қабілетімен талайды таңдандырып, өршіл рухты жырларын халыққа арнап, қазақтың өткені мен бүгінін танытатын туындылар жазып жүрген Ілияс 1934 жылы Қазақстан Жазушылар одағының алғашқы төрағасы болып сайланады. Өмірінің соңына дейін Қазақ саяси баспасының редакторы, Қазақ Автономиялы Кеңестік республикасының орталық атқару комитетінің мүшесі қызметтерін қатар алып жүрді.

Абайдың әсері

Ілияс Жансүгіровтің шығармашылығына шалқар шабыт сыйлаған Абай өлеңдері деп топшылауға болады. Оған өзінің өмірбаянында айтқан мына сөйлемдер дәлел: «Кез келген ұнаған сөзді көшіріп ала беретінмін. Бір күні қолыма сәтен ораған сары қағазға сиямен, қауырсын қаламмен жазған бір өлең түсті. Өлең былай басталған:

Енеді жаздың көркі жыл құсымен,

Жас күлер жайраңдасып құрбысымен.

Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал,

Өзінің жалбаңдасар тұрғысымен.

Ұнап кетті. Көшіріп алдым. Бірақ кімнің өлеңі екенін білгенім жоқ. Онда Абайдың атын да естімеген едім. Бұл 1914 жылдар». Иә, Ілияс бұдан кейін алаштың ардақты ұлы Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ» газетіне жарияланған «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласын оқып қалады. Дереу Абайдың кітабын іздестіріп, құшырланып, шабыты ояна бастайды. Әзер дегенде бір танысынан қалтасындағы ақшасын жырымдап, Абайдың 1909 жылы шыққан көнетоз кітабын сатып алады. «Абай артық әсер етті. Ойым ояна бастады. Қайта-қайта тоймай оқи беретін болдым. Өзімде біртүрлі сергектік, сілкініс, жүрегімде жаңалық сездім. Жазуға талабым оянды. Келсе де, келмесе де, шұқылап өмірді өлең қыла бастадым», - дейді І. Жансүгіров.

Ақынның тұңғыш өлеңдер жинағы дегенде, 1928 жылы басылып шыққан «Сағанақ» атты кітабы аталып жүр. Асылында, олай емес. Ілиястың өз жазғандарына және жары Фатима Ғабитованың естеліктеріне сүйенсек, 1915-1919 жылдар аралығында жазған өлеңдерін жинақтап, «Балдырған» деген атпен жинақ шығарған. Ол кітапша әлі күнге шейін табылмай отыр. «1917-1918 жылдары жазғандарын «Балдырған» деп құрастырған екен. Бірақ ол жинағы әлі күнге табылмады», - дейді Ф. Ғабитова «Ақынның өмірбаяны» деген естелігінде (Аңызға бергісіз ғұмыр. - Талдықорған, 2007. 17 бет).

Ілияс Жансүгіровтің ақындығына шек жоқ. Тума дарын иесі. Ол өз уақытында аса жоғары тарихшы да, қара сөздің хас шебері прозаик те, публицист де, киноға түскен актер де бола білді. Әйгілі «Жетісу суреттері» атты өлеңіне қарап отырып, қазақ топырағында өсетін өсімдік атаулыны, жер-су аттарын түгендеп шыққанына таңғалмасқа болмайды. «Жетісу өлкесін орыстардың алуы», «1916 жыл деректері», «Менің есімдегі», «Қазақ күйлері жиналсын», «Ән, әншілер жайында» деп аталатын мақалаларынан біз ақынды тарихшы, өнертанушы ретінде тереңінен тани түсеміз. «Дала», «Күй», «Күйші» және «Құлагер» деген поэмалар жазды. Поэмаларында қазақтың болмыс-бітімін айшықтап, ұлттық бейнесін көрсетіп берді. Ұлы тұлғаларын әдебиет әлемінде жарыққа шығарды. Ақынның мұндай бағытта ғажап туындылар жазуына орыстың әйгілі жазушысы Максим Горький түрткі болған.

1934 жылы Кеңес жазушыларының бірінші съезі өтеді. Жиыннан соң, Ілияс пен Горький бау-бақшаны аралап, серуендеп кетеді. Жазушымен бірге ақынның жары Фатима Ғабитова да жүреді. Кездесу соңына таман Горький Ілиясқа бұрыла қарап: «Сіздің елмен жұрт жете таныс емес. Алдымен өз халқыңызды таныстырғаныңыз жөн болар еді», - деп айтқан екен. Бұл туралы Ф.Ғабитова өзінің естеліктерінде атап өтеді. Міне, содан кейін «Исатай-Махамбет» пьесасы, «Көбік шашқан» (аяқталмаған), «Құлагер» және «Күйші» поэмалары өмірге келген.

Ақын сүйгер арулар

Ілияс Жансүгіровтің әдебиеттегі қызметіне, қайраткерлік қырына, шығармашылығына жаңа қуат сыйлап, шалқар шабыт берген жақсы адамдар көп еді. Олар ақынның үнемі жанынан табылып, ыстық-суығына бірдей төзіп, қуанышына шаттанып, қайғысына ортақтасып жүрген асыл жарлары болатын. Қанаты қатаймаған бозбала шағында әкесі Ілиясқа Жәмила есімді сұлу қызды әперген. Алайда балалықтың әсері басымдау болып, көңіл жарастыра қоймайды.

1922 жылы Ілияс Аманша Берентайқызына үйленеді. Алайда жастайынан дімкәс өскен Аманша ақын Мәскеуге оқуға кеткенде, ауырып қайтыс болады. Жерлеуіне қатыса алмаған Ілияс ұзын-сонар жоқтау жырын жазып, қатты қайғырады. Моласының басында азалы жолдардан тұратын «Моласында» деген өлең шығарады. Қазадан қан жұтқан ақын кейін Қызылорда қаласында қызметтес досы болған Сәдуақас Оспановтың немере қарындасы Бәтимамен бас қосады. Бәтима өнерге, білімге, бір табан жақын өскен. Әнші еді. Бәтима мен Ілияс арасында ыстық махаббат оты сақталмаса да, сыйластық өте жоғары болды. Ілиясқа Саят есімді ұл, Сайра есімді қыз туып береді. Саят Жансүгіров бүгінде Алматы қаласында тұрады. Ал Сайра шетінеп кеткен.

І. Жансүгіровтің шынайы махаббатпен сүйіп қосылған әрі рухани серігі бола білген жалғыз сүйеніші - Фатима Ғабитова. Сұлу сөзге жақын, әдебиеттің бел ортасында жүріп, ұсақ-түйек өлеңдер шығарып, күнделік пен естелік жазатын нәзік ару. Тотыдайын таранған, еліктің лағындай келбетті татар қызы. Арғы аталары Иван Грозныйдың аласапыран заманында Қазан қаласын тастап, Қапал өңіріне көшіп келген. Фатима алғашында белгілі қоғам қайраткері, ағартушы мұғалім, ақын-драматург Біләл Сүлеевке тұрмысқа шыққан. Екінші жары - Ілияс Жансүгіров. Екеуі де кейін саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болады. Үшінші рет қазақтың белгілі маңдайалды ұлы, қаламгер Мұхар Әуезовпен бас құрайды.

Фатима Ғабитова - әр жылдарда алаштың үш бірдей арысымен отасқан абзал ана, ақынжанды адал жар. Үш арыстың ішінде оның ең мәнді де мағыналы ғұмыры Ілияспен бір шаңырақ астында тұрған жылдар екен. Оны Фатиманың күнделіктерінен анық аңғаруға болады. «Мен кітап оқып жатырмын, - деп жазған бірде Ілияс пойызда келе жатып, - күнмен де, ұйықтаған елмен де жұмысым жоқ. Өз қызығым өзімде. Өйткені оқып жатқан кітабым қызық. Кітап қандай көңілді. Мазмұны қандай күшті. Тілі қандай тәтті. Қанымды, жанымды - бәрін осы кітабым билеп алған. Бұл кітап оқысам - қуат, ойласам ақыл береді. Ой көзімді ашады. Бұл кітап менің өмірдегі серігім... Кітабымның аты «Фатима» еді. Көзімді жұмып, соны ойлап келем. Сөздерін санаймын. Көздерін елестетем». (Ғабитова Ф. Өртеңде өнген гүл. - Алматы, 1998. 143 бет). Міне, ақынның Фатимаға деген мөлдір махаббатының қаншалықты шынайы екенін осынау жазбаларынан білсек керек.

Фатима Ғабитова І. Жансүгіровтің шығармашылық мұрасын, жеке өмірін зерттеуде үлкен рөл атқарды. Ақынның өмірдегі бейнесін, жүріп өткен шығармашылық жолын толыққанды жазғымыз келсе, аяулы жары Ф. Ғабитованы айналып өту мүмкін емес. Бір-біріне жазысқан ғашықтық хаттары, сезімге толы өлеңдері екеуінің арасындағы достықты мәңгілік ұлы махаббатқа ұластырған. Ілияс үнемі шалғайда қызмет бабымен жүргенде: «Жаным, Пәтішім!» - деп басталатын сағынышқа толы хаттарды жолдап отырған. Ақын жарын: «Пәтішім, Пәтимам!» - деп еркелеткен. Оған Фатима да назға толы жауап жазып, «Ілиясым!» деп зор құрмет тұтқан.

Ф. Ғабитова Ілиястан Үміт, Ильфа есімді екі қыз көреді. Ильфа - «Ілияс» және «Фатима» деген сөздердің алғашқы буындарынан құралған есім. Бұл да екеуінің махаббаттарын айғақтай түседі. 1937 жылы ақын тұтқынға алынғанда, Фатима жүкті болатын. Көп уақыт өтпей, Болат өмірге келеді. Абақтыда жатқан Ілиясқа аузынан түсіп қалғандай сүйкімді ұлды көрсетіп, бір рет кездесудің өзі ақын жары үшін үлкен қиындық туғызады. Ақыры жүздесудің сәті түсіп, тергеушіден рұқсат алады. Бар-жоғы бес минут. Нәресте әкесін тұңғыш әрі соңғы рет көретінін сезді ме екен, бар даусымен шырқырай жылап, түрме ішін азан-қазан қылады. Бұл жайлы Ф.Ғабитованың өзі жазған естелігіне сүйенуге мәжбүрміз. Тым әсерлі, тым аянышты жазылған. Оқып көрелік:

«Ілияс біздің айқайымызды естіген болуы керек, есікті ашып жіберіп, Болатты қолына алды да:

- Біздің тарихи алғашқы кездесуіміз осындай орында болды ма? - деді. Мен киімімді шешіп, Болатты емізбек болдым. Көкірегімді ашып, сүті ағып бара жатқан емшекті Болаттың аузына салдым... Ілияс мен отырған орындықтың артынан келіп, Болаттың шашалып, қомағайлана емген түріне қарап тұрып:

- Бұл ұлымыз етікші болсын. Етік тігуге үйрет бұл ұлды, - деді.

Тергеуші: «Өзіңіздей жазушы болар», - дегенде Ілияс: «Жазушы болып жазықсыз жаза тартқанша, етікші болып еркін өмір сүрсін!» - деді» (Ғабитова Ф. «Өртеңге шыққан гүл» кітабынан). Осындайда Мағжанның: «Ақын болмай, арбакеш болғанда, жүз жасар едім!» - деген бір сөзі еске оралады. Жарымен және баласымен кездескен осы сәтте Ілиястың атылуына санаулы күндер қалған екен. Фатиманың да соңғы көруі.

Ақынның аяулы жары Фатима Ғабитова 1937 жылы қазақ даласын жалмап өткен сталиндік қуғын-сүргіннің көп зардабын тартты. Өмірде жақын серіктері болған Б. Сүлеев пен І.Жансүгіровтен айырылды. Темір абақты алаштың екі арысын да жазықсыз жаламен ату жазасына кеседі. Алайда Фатима сүйіп қосылған жары Ілиясты сарғайып 18 жыл күтеді. Тіпті 1938 жылы 26 ақпанда Жұмат Шанин, Бейімбет Майлиндермен қосақтап, атып тастағанынан да бейхабар еді. Сұм билік Сталин өлген соң, атылған арыстарды қудалауды тоқтатып, жаппай ақтауға көшеді. Фатиманың қолына «І. Жансүгіров 1949 жылы жүрек талмасынан қайтыс болды» деген тілдей анықтама қағаз ұсынылады. Мұның өзі жалған еді. Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана, дәлірек айтсақ, 1992 жылы «Ату жазасынан қайтыс болды» деген анықтама беріледі.

ТҮЙІН: Қазақтың құлагер ақыны, Жетісу жерінің желдей ескен жүйрігі, сұлу сөздің зергері Ілияс Жансүгіров өмірден осылай өтті. Қыршынынан қиылған есіл ғұмыр темір тордың жендеттерінен аяусыз тепкі көріп, жаны мен тәні азапталып, сұм саясаттың құрбаны болды. Иә, сол кездегі зиялы толқын қазақтың бағына, жарқын болашағына туған асылдар еді. Көзі ашық оқығандарынан, көкірегі ояу серкелерінен қол үзіп, боз далада жетім қозыдай маңырап қалың қазақ қалды. Өткенге - салауат. Бұл - біздің ұлттың қасіретті тарихының бір парағы. Ұрпағына ұмытылмас мұрасы - ұлы туындылары, асыл сөздері аманат! Алыстаған сайын асқар тау биік көрінеді. І.Жансүгіровтің бейнесі де уақыт өткен сайын келбеттеніп, сұлуланып, асқақтап барады. Келмеске кеткен қасіретті жылдардың құрбаны болған арысты ешкімнің де, ешқашан да ұмытуға хақысы жоқ.

Ілияс Жансүгіров 1894 жылы, 14 мамырда дүниеге келген еді...

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1034
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 906
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 681
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 761