Жұма, 26 Сәуір 2024
Жанайқай 2253 5 пікір 17 Мамыр, 2023 сағат 11:41

Ерлан Төлеутай: Кино саласын – алаяқтар басқарады!

«Ұлттық киноны қолдау орталығынан» тағы да дау шықты. Осыдан біраз бұрын режиссерлер мен продюссерлердің жанайқайы Мәжілісте көтеріліп, қоғамды қызу талқы болған еді.

Енді, міне, алғашқы іріктеуден өткен жобаларға қатысты мамырдың 22-25 аралығында питчинг болмақшы. Осыған байланысты өз наразылығын білдірген бір топ режиссерлер мен продюссерлер «Ұлттық киноны қолдау орталығының» алдында митинг өткізді.

Оған қатысушылар Президентке үндеу жолдады. Бұл да қоғамда ызу-қызу талқы тудырды. Наразылыққа шыққан киногерлердің пікірінше, «Ұлттық киноны қолдау орталығы» заң бұзып отыр.

«2023 жылы наурызда ұлттық киноны қолдау орталығы өткізген жобаларды өткізген іріктеу конкурсы өрескел заң бұзушылықтармен өтті деп есептейміз. Біз бірнеше рет президентке, президент әкімшілігіне және мәдениет минстрлігіне ұлттық киноны қолдау орталығының заң бұзушылықтарын айтып, бірнеше рет атап хат жолдаған болатынбыз. Бұл мәселені Қазыбек Иса бастаған бірқатар депутаттар парламентте де көтерді. Бірақ аталған мәселені шешуге орталық мүлде құлықсыздық танытып отыр», - делінген наразылық үндеуде.

Ал күні кеше ғана есім-сойы елге белгілі өнертанушы Ерлан Төлеутай БАҚ өкілдері мен блогерлерді баспасөз жиынына шақырып, әлеуметтік желіде жазба жариялады.

Ерлан Төлеутай:

«Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деген ежелден жеткен қапалы сөз бар. Бұл заманда кімнен, неден қадір қашпай жатыр? Қадір – ханнан да, қарадан да, елден де, жерден де – бәрінен қашты. Қадірі қашпаған кім қалды, не қалды мына сормаңдай, момын елде? Қадірі қашқан елде береке болмайды, берекесіз елге әреке кіреді. Солай болуда, солай бола береді әлі, егер ел билігі халық мүддесіне сай, қарашаның мұң-мұқтажын ескеретін пәрменді шара-шешімдер, қаулы-қарарлар қабылдамаса.

Қазақтың бұрыннан келе жатқан бір қадірлісі өнер еді. Кейін оған әдебиет қосылып өнер мен әдебиет дейтін болды. Осы аттас институт та бар қазір. Әдебиеттің қадірі қашқанын кеше жазушыларды тырп еткізбеуге құрылған құрылтайда көрдік.

Әдебиетті былай қойғанда, халықтың ұлттық санасы мен эстетикалық талғамын қалыптастыратын сахна мен ән-күй өнерінің қадірі қашқалы қашан? Ән өнері есті өнерпаздар киелі санайтын сахнаға алғашқы фанерщик шыққан күні есінен танып, сұлқ түскен болатын. Содан бері ренимацияда, шалажансар күйде жатыр.

Ұлы Ғабең «Қас сұлудың көз жасындай» деп баға берген театр өнерінің де ыңыршағы айналып-ақ тұр. Ұлттық театрлардың бұл күйіне депутат Абзал Құспан Опера және балет театрына жылына бес миллиард теңге бөлінетінін, ал Ұлттық театрларға итке сүйек тастағандай санаулы миллион теңге «лақтырылатынын» Парламент төрінен паш еткенде көзіміз жетті. Билік – Ұлттық өнерге итаяқтан сарысу ішкізіп отыр деген осы да! Театрлардың халінің мүшкіл екенін бұрыннан да білуші едік, бірақ тап мұндай қорлық күйде, сорақы халде деп еш ойламапыз.

Қазаққа әдебиет пен театрдан кейін келіп, кейін келсе де халқымыздың көңіл төрінен орын алған кино өнері еді. Сол киномыздың да сау басынан дау кетпеуге айналды. Осы күні кино да қадірсіз өнердің күйін кешуде. Қазір Ұлттық киноның тағдыры қыл үстінде тұр. Себебі кино өнерін – әділетсіздік, жауапкершіліксіздік, кәсібисіздік жайлаған. Бастысы – киноны бұл саладан еш хабары жоқ – функционерлер билейді, алаяқтар басқарады. Ал бұл келеңсіздіктің тамырына балта шабуға – Мәдениет және спорт министрлігі еш дәрменсіздік һәм қауқарсыздық танытып отыр. Соңғы жылдары үдей түсіп, бой бермей бара жатқан осынау келеңсіздіктерге өз наразылығымызды білдіріп әрі Жоғарыға шешу жолдарын ұсыну мақсатымен бір топ киногер мамырдың 12 күні Ұлттық киноны қолдау Мемлекеттік орталығы орналасқан «Алматы» қонақ үйінің алдында (Шәкен Айманов ескерткішінің жанына) митингіге шығып едік, аяғы осындай болып, жауапқа тартылудамыз. Митингке шықсақ не бопты, бұл біздің Конститутциялық құқығымыз емес пе және біздің жиынымызда еш саяси ұрандар көтерілген жоқ, біз тек осы жылдың мамыр айында өткізілген пичингтің ақ-қарасын тексеретін Тәуелсіз коммисия құрылсын деген жалғыз-ақ ұсыныс, талабымызды Министрлікке жеткізгіміз келді. Бар болғаны осы ғана! Одан артық еш нәрсе талап еткен жоқпыз. Алайда, осы салаға жауапты мекемелер мен құзіреттілер бұл мәселелерді кеңесе келе, келісіп шешудің орнына митингке шыққан киногерлерді жауапқа тартып әлек!

Президент Тоқаевтың «Әділетті Қазақстаны» үмітті әрі жылы естіледі. Басында «Жаңа Қазақстанның» да ішті жылытқаны рас. Алайда қос үміттің де аяғы күннен күнге сұйылып бара жатыр. Соған қарағанда, Президент маңайында «Ескі Қазақстаннан» қалғандар оған қарсы саботаж жасауда деген Парламент депуттаттарының сөзінің жаны бар сияқты ма, қалай?. Жаны бар болмаса, мынау не сұмдық?!

Осының бәрін саралай келе, болып жатқан осынау келеңсіздіктерге Үкіметтің назарын аудару, ҰКҚМО-нан әділет пен ашықтықты талап ету әрі ұлттық кино мәселелерін қоғам талқысына салу мақсатымен біз, бір топ киногер қауым, бүгін сағат 11:00 де (Ұлттық баспасөз клубы, КазТАГ. микр Горный Гигант, Баранский көшесі, 21 үй) баспасөз конференциясын өткізуге шешім қабылдадық. Қолдаңыздар, журналистер мен блогерлер! Баршаңызды баспасөз конференциясына шақырамыз!

Abai.kz

5 пікір