Сенбі, 4 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2506 0 пікір 1 Қыркүйек, 2009 сағат 04:28

Сүйікті командасынан айырылған бапкер

Биыл 17 шілдеден бастап 2 тамызға дейін Римде су спорты түрлерінен ХІІІ әлем чемпионаты өткен болатын. Осы чемпионат аясында су добынан да бүкіләлемдік біріншілік өтіп, онда Қазақстан құрамасы соңғы, 16-орынға табан тіреді. Римде бес ойын өткізіп, бесеуінде де жеңілістің кермек дәмін татты. Төртеуінде қарсыластарына қайрат көрсете алмай, күйрей ұтылды: Сербиядан 3:20 есебімен, Испаниядан 5:11 есебімен, Австралиядан 7:14, ал Македониядан 4:11 есебімен. Тіпті Оңтүстік Африка ватерполшыларына тістері батпай, 5:6 есебімен есе жіберді. Бұл чемпионатта Қазақстан құрамасына Сергей Дроздов жетекшілік етті. Бір кездері еліміздің үздік ойыншыларының бірі болған Дроздов - қазір ұлттық құраманың бас бапкері. Жігіттеріміз қарсыластарынан оңды-солды ұтыла бастағанда еріксіз Асқар Оразалиновты есімізге алдық. Қазақстан ватерполының жарық жұлдызын, қайталанбас қыранын жоқтадық. Команданың жағдайы тығырыққа тірелгенде, 40-тың қырқасына шыққан жасына да қарамай, суға қойып кететін жанкештілігін көз алдымызға елестеттік. Көкейімізде «Асқар аға құрамадан неге кетті екен?» деген сауал кептелді де тұрды. Содан Асқар Сабалақұлын іздей бастадық. Тауып алып, Алматыдағы Орталық жүзу бассейнінде аз-маз сұхбаттастық та.

- Асқар аға, осыдан екі-үш жыл бұрын «өрімдей жастарды тәрбиелеп жатырмын, болашақта осыларға сенім артатын боламыз» деп едіңіз. Қазір сол жастарыңыздан қол үзіп қалғандайсыз ғой. Қызғыш құсты көлден айырған лашын құс екенін білеміз, ал сізді «көлден» айырған кім болды екен?

- Біз 1994 жылдан бастап 2006 жылға дейін Азияда үздік болдық. Бірде-бір турнирде ұтылған жоқпыз. Мен әуелі ойыншы болдым, 2000 жылдан бастап ұлттық құраманың бас бапкері қызметін қоса атқардым. Яғни өзім де ойнап, жігіттерге көмектесіп жүрдім. Ал 2006 жылы Азия ойындарын жеңіп ала алмай, Азия чемпионатында үшінші орынды иелендік. Себеп: біздің бір-бірімен бірнеше жыл бірге ойнап, әбден ысылған командамыздың сапындағы жігіттердің жастары ұлғайды. Сондықтан команда құрамын өзгертуге тура келіп, жастарды тарта бастадық. Спорттық тілмен айтқанда, буын ауысты. Өрімдей жастарды тәрбиелеу керек болды. Осылайша, жастарды ауыздандырып, жетілдіре түсуге кірістік. Менің көздегенім Лондон Олимпиадасы еді. Бейжің Олимпиадасына өрімдей жастармен баруды мақсат тұтқан жоқпын. Лондон Олимпиадасына дейін оларды шыңдап, намысты қолдан бермейтін азулы команда дайындап шыққым келді. Әрі сол үшін тер төктім де. Алайда ол үшін тек тер төгу ғана емес, қаражат та жұмсау қажет еді. Бірақ мені басшылар түсінбеді. Біздің құрама Бейжің Олимпиадасына бармайтын болған соң, маған өз қызметімнен кетуге тура келді. Ұлттық құраманы Бейжің Олимпиадасына апарамын деп айтқан жоқ едім. Алдымызға ондай мақсат та қойылмаған-ды. Бірақ мені «жақсы жұмыс жасай алмады» деушілер табылды. Сондықтан 10 жылдай жаттықтырушы болған сүйікті ісімнен қол үзіп, қызметімнен кеттім. Орнымды басқаларға босатқан дұрыс болар деп ойладым. Ұлттық құраманың бас бапкері ауысып, мен қызметімнен кеткен соң, команда сапындағы кейбір жігіттер де су добынан қол үзіп қалды. Негізі, менің басты принципім тек қазақстандық жастарды тәрбиелеу болатын. Тіпті құрама сапында қазақ балалары көбейе берсе екен деп тілейтінмін. Мен ешқашан Ресейден немесе тағы да басқа елдерден дайын ойыншыларды әкеліп, неғұрлым тезірек басшылар көңілінен шығатын нәтижеге қол жеткізуді ойлаған жоқпын. Ал қазіргі ұлттық құрама басшылары басқа жолға да мойын бұрады. Сырттан тәжірибелі ойыншылар әкеліп, құрама сапын солармен нығайтуды теріс көрмейді. Әрине, көлденең келген көк аттыны емес, халықаралық аренадағы дүбірлі додаларға қатысып, ысылғандарын.

- Бұл сонда тезірек тәуір нәтиже көрсету жолындағы қарекет қой?

- Жоқ. Меніңше, бұл - бірінші кезекте, су добын құртып алмаудың амалы. Екіншіден, әрине, алға қойылған мақсатқа жету жолындағы іс-әрекет. Өмірде мұрат-мақсатсыз ештеңе болмайды ғой, міндетті түрде алға белгілі бір мақсат қойылады. Спортта да солай. Әрбір додаға белгілі бір мақсатпен барасың. Сондықтан бүгінде Қазақстан су добында сол мақсатқа жету үшін тәжірибелі ойыншылар тартылуда. Әркімнің көзқарасы әрқалай.

- Ал сіз бас бапкер болған кезде ұлттық құрама сапында болған жастардың біразы қазір команда сапында жоқ. Тіпті еш жерден көрінбейді де. Қайда кетті сонда олар?

- Әркім әр жаққа бет-бетімен кетті. Көз алдымда тек ұлым ғана. Мен ол туралы әке ретінде емес, бапкер және маман тұрғысында айтар болсам, біз тәп-тәуір, әлеуеті зор баладан айырылдық. Оның бойында су добына сай келетін бірталай қабілеттері бар еді. Табиғатынан солай ма, әйтеуір маған су спортына арналғандай болып көрінеді. Қазір ол Қазақтың спорт және туризм академиясын бітіріп, Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің магистратурасына түсті. Яғни басқа салаға ойысты. Ал қалғандарына келер болсақ, кейбіреулері бизнеске кетті, енбі біреулері оқу бітіріп, диплом алып жатыр, ал базбіреулері бос жүр.

- Енді бір көңіл аударғым келіп отырған жайт, ұлттық құраманың қазіргі бас бапкері Сергей Дроздов екеуіңіздің араңыз аса жақсы емес еді ғой...

- Мен бұл туралы ештеңе айтқым келмейді. Дроздов екеуіміздің арамыздағы реніш немесе түсінбеушілік, ол - екеуіміздің ғана проблемамыз. Оны бұл жерге қыстырудың қажеті жоқ. Егер Дроздов ұлттық құраманы дайындауға әзір болса, жоғары нәтижеге қол жеткізе алса - мархаббат. Ешқандай да қарсылығым жоқ. Қайта тілеулеспін. Бұл - спорт, бұл - өмір. Бұл екеуінің мұндай қатал заңдарымен тек қана келісу керек. Мүмкін, шынымен-ақ оның қолынан келер. Мүмкін, бағы жанар. Ең бастысы, біз Қазақстанда су добын құртып алмасақ болды. Бұл - менің өтінішім емес, жан ауруым. Түсініңіз, мен су добын сүйемін. Ыстығына күйіп, суығына тоңамын, күйзелемін. Сондықтан бұл жерде Дроздов екеуіміздің арамызды сансаққа жүгіртіп, түймедейді түйедей етудің мүлде қажеті жоқ.

- Түсінікті, аға. Су добын шынымен-ақ сүйетіндігіңіз қауырт жұмыс пен күнделікті тіршіліктің күйбеңіне де қарамай, әлі күнге дейін ватерпол ойнайтындығыңыздан да көрініп тұр.

- Көңілдің су добынан суып кетуі мүлде мүмкін емес. Өзім үшін ойнап, осылай мауығымды басамын.

Әңгімелескен Нұрғазы САСАЕВ,

«Алаш айнасы», 29.08.2009

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1150
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1052
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 785
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 906