Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3278 0 пікір 6 Мамыр, 2013 сағат 13:27

Нағашыбек Қапалбекұлы. Төтенше тапсырма

Аудандық партия комитетінің бірінші  секретары Құрысжанов  маған сынай аз-кем қарап отырды да, ерекше тапсырма берді:

- Жас та болсаң сенімді басшы коммунистің бірісің. Саған жауапты іс тапсырмақпын. Қатты нөсер, бұршақ жауып «Прогресс» совхозының таудағы бір отар қой-қозысы қырылып қалыпты. Соған комиссия құрып, сені  басшы етіп отырмын. Комиссия мүшелері күтіп отыр. Нақтылап, анығын тексеріп қайт. Өзің білесің совхоз директоры әбден ісіп-пісіп жүретін дәңкеуде. Осыны анықтап, өтірік-шынын  растап келетін тек сен ғана деп  сеніп отырмын.  Осы күзде сені партшколға  жіберетін ойым бар... - деп тіпті арқаландырып,  орнынан түрегеп шығарып салды.

Комиссия мүшелері - госстрахтың  бастығы Ертай мен  ауданның  бас малдәрігері Насыров екеуін ертіп алып, бірден «Прогресс» совхозына тартып кеттім.

Дала тамылжып, түрленіп тұр.  Биік-биік бәйтеректері жапырақтарын жайған «Прогресс»  совхозының орталығындағы екі қабатты  кеңсе алдында жасы мосқал тартқан совхоз директоры  қарсы алды.  Өзі ыңыранып, асықпай, баяу сөйлейді:

Аудандық партия комитетінің бірінші  секретары Құрысжанов  маған сынай аз-кем қарап отырды да, ерекше тапсырма берді:

- Жас та болсаң сенімді басшы коммунистің бірісің. Саған жауапты іс тапсырмақпын. Қатты нөсер, бұршақ жауып «Прогресс» совхозының таудағы бір отар қой-қозысы қырылып қалыпты. Соған комиссия құрып, сені  басшы етіп отырмын. Комиссия мүшелері күтіп отыр. Нақтылап, анығын тексеріп қайт. Өзің білесің совхоз директоры әбден ісіп-пісіп жүретін дәңкеуде. Осыны анықтап, өтірік-шынын  растап келетін тек сен ғана деп  сеніп отырмын.  Осы күзде сені партшколға  жіберетін ойым бар... - деп тіпті арқаландырып,  орнынан түрегеп шығарып салды.

Комиссия мүшелері - госстрахтың  бастығы Ертай мен  ауданның  бас малдәрігері Насыров екеуін ертіп алып, бірден «Прогресс» совхозына тартып кеттім.

Дала тамылжып, түрленіп тұр.  Биік-биік бәйтеректері жапырақтарын жайған «Прогресс»  совхозының орталығындағы екі қабатты  кеңсе алдында жасы мосқал тартқан совхоз директоры  қарсы алды.  Өзі ыңыранып, асықпай, баяу сөйлейді:

- Жолдас комиссия мүшелері! Ал, қарағым өкіл бала! - деп маған бұрылды.  Аудандық газеттің білдей бас редакторымын, «бала» дегенге намыстанып қалдым.  - Жайлауға ертең ертеңгісін күн ысымай шығайық! Ал қазір үйге жүріп шәй ішіңдер. Мен әлі оразамды ашқан жоқпын, - деді директор Жарболов әр сөзін сыздықтата,  нығырлай айтып, сөз бітті дегендей бұрылып, машинасына беттей бергенде мен:

- Біз баратын жайлау Ботасаз - анау Кішісаздың арғы беті, қырғызбен шекарада ғой. Бүгін шыққанымыз жөн болар, - дедім.

Директор алакөздене маған жалт қарады, ашуланғанда бет-әлпеті бұрынғысынан да шұбарланып кетеді екен.

- Ертеңгісін шығамыз дедім ғой - деп қасымдағыларға қарап еді, екеуі де елпеңдеп бастарын изесіп, директордың ығына жығыла салды.

- Онда ертең ертерек таңғы сағат бесте шығайық - деп мен тақақтадым.

- Асыққаннан құдай сақтасын. Сағат жетіде осында жиналамыз - деп директор үзілді-кесілді өз шешімін айтты.

Мен бірден ауданға қайтып  кеттім.

 

*                 *                 *

 

Ертеңіне сағат жеті болмай совхоз кеңсесіне жеттім. Кеңсе есігінде қара құлпы, төңіректе тірі жан жоқ. Әзер дегенде көрші үйден кенеп сұр плащын жүре киген бүкірейген күзетші шал шықты.

- Директор  ертеңгісін кейде гаражда болады, мүмкін сонда шығар - деп  темекісіне тұншыға жөтеліп, жол көрсетіп жіберді.

Гараж бастығы картөшке мұрынын ысқылап қойып:

- Директор айына бір-екі рет ғана мұнда келеді. Бүгін болмайды ол кісі, - деді.

Қайта айналып кеңсеге келгенде бухгалтерияның қыз-келіншектері жинала бастапты. Неге екенін қайдам, бәрі маған күлімсірей амандасты.

- Директорды тек диспетчер ғана біледі, - деген соң  бөлек бөлмеге жеке жайғасқан кепкісін көзіне баса киген  тыриған арық диспетчердің алдында тұрмын.

- Алло, алло «Марс»! Бұл «Юпитер!» Жауап беріңіз! - деп шіңкілдеген дауыспен айқай салады.

Әзер дегенде:

- «Марс» тыңдап тұр, - деген гір-гір еткен рациядан директор шоферының үні жер түбінен  әзер естілді.

- «Марс»! Бірінші қайда, редактор өкіл сұрайды.

- Бірінші үйінде, күтіп отыр. Келсін дейді - деп қырылдап-сырылдап көксау рация даусы өшті.

Директордың үйі  ауыл шетіндегі өзеннің жағасындағы  сыңсыған бақ ішінде жеке салынған  биік қоршаулы әсем мекенжай болып шықты.  Көк қақпаны ашып қойыпты, бірден машинамызбен өттік. Есік алдында қаңтарулы тұрған госстрахтың қызыл «Москвичі» мен ветстанцияның  көк жолақты уазигі көзіме оттай басылды.

Қағілез директор шофері бірден үйге бастады.

Үй-іші көк ала түтін, үстел үсті қайысқан сан түрлі тамақ, арақ-шарап иісі шығады. Ал бір бұрышта орталарында кішкентай жозы Жарболов, Ертай, Насыров үшеуі  бұрыларға шамасы жоқ, құлаштап карта соғып отыр.

- А-а, кел, кел батыр! - деп директор  сәлемімді  селқос алып, бір қырындай қарап қойып,  картасына үңіліп кетті.

- Ау, бастығымыз кеп қапты ғой. Төрге шық! - деп Ертай ысырылып, қасынан орын дайындады.  Өзі қызулау, ауызынан темекісі түспейді.

- Мен карта білмеймін, ойнай алмаймын.

- Ер жігіт үш нәрсені білуі керек. Карта ойнауды,  аңшылықты және серілік жасауды... - деп Ертай осым дұрыс па дегендей қасындағыларға күле бұрылды.

- Жас қой, үйренеді әлі-ақ. Өмір көрсетеді.

- Әй, ана қатынды шақыршы - деп директор шоферын жұмсады. - Әй, қатын, мына балаға  тамақ әкеңдер, шұбат беріңдер, - деп еді түпкі бөлмеден   уылжыған  жап-жас, судыраған гүлді-гүлді жап-жаңа  халатты желбегей киген келіншек уыз күлкісін сыйлай кірді.

- Кел қайным, дастарханға отыр, шәй іш! - дегенде дауысы хрустальдай сыңғыр-сыңғыр етеді. Көзін  төңкере назданғаны қалай, жымиып, тәтті күлкісін сыйлағанда  томпақ бетінің  ұшындағы  әп-әдемі пайда бола қалатын ой-шұңқыры қандай, ары-бері үлпілдеп жүргенде сиқырлана  дөңгеленген мықыны қандай!..

«Жарболов жас әйел алыпты» дегенді естігенмін.  Менен де жас қой тіпті, әй, ұзаса жиырманың жаңа ғана үстіне шыққан мынау өңді  келіншекті  анау шұбар бет, дөңкиген қураған томардай ыздиған директордың әйелі деуге қимайсың-ау.

- Вис!

- Пас! - десіп  бұрыштағы үшеуі темекілерін кезек-кезек бұрқыратып, еліріп отыр.

- Мизер! Әй бәрекелді! Насыров жолдас  мизеріңізді жуамыз. Сіз ақ арақты ғана аласыз ғой. Әй, құй қане! Біз Ертай екеуіміз коньяк ішеміз! Сіздің қолыңыз жүрісті болып тұр ғой, сіз үшін қане алып қояйық!

Үшеуі де тартып-тартып жіберді.

- Редактор қайным-ау, қазы-қартадан алсаңызшы.  Ас - адамның арқауы деген, - деп алдыма табақты жақындатып қойғанда желбіреген  халатының жеңі иығыма тиіп, жағымды өзгеше жұпар елітіп барады.  Шіркіннің құлын мүсін, тоқ кеуде, тұсақ  бөксесі, іштен үзіле шыққан «ішсейші, жесейші» деген үні, әдемі жымиысы, көзін төңкере қарағаны жүрек құрғырды лыпылдатып,  өртеп барады ма, қалай?!

Тек мыналар мені шаншылған қурайдай тіпті көздеріне ілер емес. Орнымнан  атып тұрып, бұрыштағы карташыларға жетіп бардым.

- Жолдастар, қане жолға шығайық. Баратын жер алыс, жайлау жолы қиын! Қане жиналайық! - дедім дауысымды қатқылдатып. Мен комиссия бастығымын ғой.

Бәрі үшін директор жауап берді. Қолындағы картасын  жозыға қойып, денесімен түгел бері бұрылды да, күлімсіреген күйі:

- Қарағым, сен асықпа. Демал. Біз мына екі ағаңмен кеше жайлауға барып, бәрін көріп, актілеп, жаңа ғана келдік. Солай емес пе? - деп директор әр сөзін салмақтана айтып еді ана екеуі бастарын шұлғып, міңгірлей берді.

- Иә, осы жаңа келген бетіміз...

- Бәрін өз көзімізбен көрдік. Акті де дайын.

- Қайдағы акт? Сіздер бүгін ертеңгісін шығамыз демеп пе  едіңіздер? - деп шап ете түстім. Мыналар не сандырақтап тұр?

- Ары-бері ойлана келе, кеше уақытты босқа өткізбей тауға шығып кеткенді жөн көрдік. Міне, акт. Сені шаршатып неғыламыз деп шештік. Жұмысың ауыр, шаруаң көп, ит өлген жерге үйренген біздей ыстық-суыққа піскен шалдар  барып өлген малды санасын. Ал жастар сендер  демалуларың керек, - деп Насыров мойынға асып алатын  төрт бұрышты былғары сөмкесінен екі парақ  қағаз алып, маған ұсынды.

- Өліп, сасып кеткен малдарды санаймын деп аудандағы жалғыз редактор жазушымыз  ұшынып, ауырып қала ма деп те ойладық...

- Өлген малдан  өзен бойында жаман індет тарауы мүмкін екен енді кешіксек...

Екі парақ қағазды екі қайтара оқып шығып, қаным басыма шапты. Редактор тағайындарда аудан басшысы Құрысжанов  жеке шақырып алып: «Сені жиырма жеті жасыңда үлкен газеттің басшылығына ұсынып, обкомнан әзер өткіздім. Өкіл болып, талай-талай жауапты жұмыстар тапсырғанымда жастық желігіне салынып, лапылдап, ұшқалақтанып кетпе. Ақыл елегіне сал. Сабырлы бол. «Сабыр түбі - сары алтын». Қалпыңнан шығып кетпе. Осыны есіңде мықтап ұста!» - деп таптап-таптап табыстаған-ды.

Міне, қазір де мыналардың мені баласынып,  алдағандарына зығырданым қайнап, жарылатын бомбадай түнеріп әзер-әзер  шыдадым.

«Ботасаз жайлауында қатты бұршақ жауған, арты қара нөсер болып, сел жүрген. Соның салдарынан  өзен бойындағы жайылымдағы 420 саулық пен 701 қозы қырылып қалған. Соны комиссия көзімізбен көрдік, санадық, растап қол қоямыз» деп, үшеуіміздің атымыздан акт толтырыпты.

- Енді бұл опат болған малдардың  шығынын госстрахтан төлейміз, - деп Ертай шашын құшырлана қасып,  директорға қарап бір көзін қысып қойды.

- Бұл  жолы Ерекең бәрімізді оңдырмай ұтты, қолының жүргенін қарашы. Өзі сұлу келіншектерге де қолы жүргіш сері ғой бұл Ерекең - деп Жарболов қарқылдай күлгенде алтын тістері жарқ-жұрқ ете түсті. - Ал, жолдастар  алдымен шаруаны бітірейік, актіге қол қойып тастайық. Сонан соң мына  Арасанда отырған  қошқаршының  дайындап  отырған сыбағасын барып жейік. Ерекең жақсы көретін  әнші қыздарды да шақыртып қойдық, - деп ырқ-ырқ күлген қалпы директор қалтасынан қара автоқаламын шығарды.

Қашанғы шыдайын, тарс ете түстім.

- Бұл не қылған әпербақандық? Кімді алдамақсыңдар? Партиялық тапсырма қайда? Сіздер жайлауға барған жоқсыздар. Мұның бәрі өтірік, жалған! Мен шындықтың түбіне жетпей қоймаймын. Мен  басқа комиссия мүшелерін жинап, барып тексеремін. Тексертемін бәрін! - деп дірілдеп-қалшылдап кеттім.

Ұзынтұра Ертай орынынан атып тұрып:

- Сен бізге тіл тигізбе! Мына Насыров ағаң екеуіміз талай комиссияны көргенбіз.  Сен абайлап сөйле! - деп даусын қатайтып, түрін суытты.

- Терең ор қаздырып,  өлген малдың бәрін  соған тастап,  үстіне солярка құйып өртеттік. Онан кейін  дәрі құйып, көміп тастадық. Төңірегін дезинфекцияладық. Ертең жаман індет ауру тарап кетсе қайтеміз? - деп жайбырақат қалпы Насыров көзілдірігінің үстімен маған сынай қарады.

- Бұршақ тауға сұмдық жауып, жаңа қырқылған қойға да, тақыр жүнді қозыға да алапат болыпты. Қайта адамдардың, шабандардың аман-сау қалғанын айтсаңшы. Мал табылады, адам табылмайды. Міне, қазір ауданда бір миллион қой-қозы бар, түгел қырылып қалса қайтер ек! «Бастан құлақ садақа» демекші бұл ештеңе емес. Сіз қол қойсаңыз, болды. Госстрах бәрін өндіріп, шығынды төлеп береді. Қызбалыққа салынба, мә, қол қойыңыз, басеке, - деп Ертай әп-сәтте қайта жұмсарып, майдалап, қаламды ұсына берді.

- Сіздер кімді алдамақсыздар? Сонау Ботасазға барып келу үшін ғана екі күн керек. Мұның бәрі өтірік. Мен қол қоймаймын. Бұл қылмыс! Бәрін Құрысжанов жолдасқа айтамын, - деп тарс-тұрс, бұрқ-сарқ ашуланып,  сыртқа шыға бергенімде үй иесінің  келіншегі алдымды тосты.  Халатын тастап, жаздық ашық түсті  ақшыл тар көйлегін киіпті.

- Қайным-ау, қайда асығасың? Сенің сыбағаңды қазанға салып қойдым, астан үлкен емессің ғой жеп кетсейші... - деп наздана еркелеп білегімнен ұстай алғанда тоқ соққандай тұрып қалдым.  Алақаны қандай ыстық, білегімді күйдіріп барады. Денесімен түгел жақындап келіп:

- Ешқайда бармайсың ғой, мен өтінем сенен - деп құлағыма жұмбақтана, сиқырлана сыбырлағанда  тіпті есімнен айырылып қалдым. - Жеңгеңді жерге қаратпа, біз де бір тілегіңді орындауға жарармыз, - деп сылқ-сылқ күліп, екінші қолымен жон арқамды сипап өтті. Басым айналып, көзім тұмандатты. Білегімді келіншектің алақаны күйдіріп алып барады, екінші қолы арқамда... Көзі күлім-күлім, қарыс қана жердегі еріні  жарылардай қып-қызыл шиедей үлбірейді. Екі омырауы бізді көрдің бе, сездің бе дегендей ғажап әлемді сездіре діріл қағады.

- Қайным, жаным-ау, қойсайшы, үйге кір, жаным... - деп сыбырлаған  келіншектің демі тұңғиығына тартып барады.

Насыров пен Ертай сыртқа шыққанда ғана екеуіміз ажырап кеттік, әйтпесе...

- Дастарханда күтемін, редактор қайным. Жеңгеңді өкпелетпе - деп толықсыған айдай келіншек  тырсита киген көйлегіне бүкіл денесі бүлк-бүлк етіп, бұрала басып үйге кіріп кетті.

- Бері жүрші, - деп аналар екеулеп мені бөлектеп шығарды да:

- Сен асықпа, аптықпа! Жассың ғой. Мұндайда абай бол, артық істеймін деп опық жейсің.

- Сендер нағыз көзбояушы, өтірікшісіздер, кетемін мен, - дедім.

- Қарағым, сен тыңдап ал. Мен биыл пенсияға шығамын. Құрысжанов мына бізді әдейі арандатып айдап салып отыр. Жарболов екеуінің жұлдызы қарсы. Біз арқылы мына директорды жарға жықпақшы. Жарболовтың тамыры тереңде білесің бе? Ол Мәскеудегі Политбюро мүшесінің көмекшісімен дос. Бір звоногы - бітті, біз құрыдық.  Біз емес-ау, Құрысжанов ұшып кетеді. Амал жоқ, Ерекең екеуіміз ақылдасып, осылай шештік. Сенің ақылың бар, қарсы болмас деп ойладық.  Жарболовтың қолы ұзын, абайламасақ ортада біз өртеніп, күйіп кетеміз - деп Насыров сары майдан қыл суырғандай  бипаздап түсіндіре бастады.

- Өзің ұятқа қаласың. Тәтті отырыстың дәмін бұзба. Қазір анау Арасан бұлақ басына барамыз, әнші қыздарды бұралтып, өнерін қызықтаймыз.  Бұл дәурен екі келмейді.  Босқа арамтер болып, әуре болма, - деп Ертай арқамнан қақты.

- Жоқ. Кеттім мен! Рахмет бәріне! - деп  тас-талқан ашуланып машинама міндім. Аналар жалынып-жалбарынып жіберер түрі жоқ.

- Кеттік! Айда қане! - шоферіме ақырып жібердім.

Машина зуылдап келеді.  Ойым да сан-сапалақ.

«Бұлар мені алдап, бала көреді ғой. Тапқан екен баланы?! Беттері шылп етпей өкіметтің бәленбай малын үйде арақ ішіп, карта ойнап отырып-ақ жоқ қылып отыр. Қап!  Көрсетейін сендерге!».

Ашу қысып,  райкомға келсем, қас қылғандай Құрысжановты обкомға шақырып кетіпті.

Редакцияның қат-қабат шаруасынан босамай, кештеу үйге келсем тұңғышымды алдымнан көтеріп шыққан  келіншегім мәз-мейрам. Бетімнен сүйіп, ерекше ықыласпен қарсы алды. Бір үйме табақ  жылқы етін алдыма қойып:

- Әперген сырғаң мен сақинаңды тағып, түстен кейін жұмысқа барып едім,  көрген әйелдер өліп кете сақтады!  Мынау дегенің ең керемет, ең қымбат деп жарылып кете жаздады іштері күйгендіктен.

- Қайдағы сырға, сақина?

- Анау автолавщик Серік інің ше? Сен беріп жіберді деп түсте әкеп берді ғой.

- Ал, мына етті сатып алғансың ба? - деп былбыраған жылқы етін соғып жатырмын.

- Жоға. Оны да сен беріп жіберді деп госстрахтың бастығы бір жылқының  етін тұтас әкеп тастады.  Оның бәрін  мына жаз кезінде қайтіп екеуміз жейміз, рәсуа қылып сасытып аламыз ба деп әке-шешеме, Боранкүл әпкелерімді шақырып, таратып  жібердім. Ой, олардың саған риза болғанын көрсең. Сіңілім де осы айда өзің білесің күйеуге шықпақшы, мына ет жақсы болды-ау...

Ішім қылп ете қалды. Автолавщик Серік Жарболовтың жақын жиені. Қақпанға өзім оңбай түскенімді қарашы! Жеп отырған етіме түйіліп қалдым.

- Әй, сен не істеп жүрсің? - деп келіншегіме әкіреңдей жөнеліп едім, ол бетін басып, бода-бода жылап қалды.

 

*                 *                 *

 

Таңға жуық қазанға бидай қуырғандай тысырлап жауын жауды.  Сіркіреген жауында көңіл хошым болмай, ертеңгісін қақпадан шыға берсем мені тосып Ертай мен Насыров тұр.

- Жаңбырда далада тұрмайық, жүр, сенің кеңсеңе барайық - деді Насыров бірден жол бастап.

Кабинетіме келген соң  әңгіме тізгінін өз қолына алды:

- Мен талай сойқанды көргенмін. Биыл күзде пенсияма аман жетсем деп жүрмін. Сен, Ұлан шырағым, жан-жағыңа абайлап қарасаңшы. Анау Жарболовтан Құрысжановтың өзі сескенеді. Оның көкесі - Мәскеуде, Орталық Комитетте. Біз де талайды көргенбіз, оған қарсы тұра алмаймыз. Жарболов директор болғалы жиырма бес жыл, бес совхозды басқарды.  Былқ етпейді. Қайта оған қарсы келгендер тоңқалаң асып, қуылып кетіп жатыр. Біз де күйіп кетпейік.  Ақылың бар азаматсың, болашағың зор, - Насыров ақсақал ақтарыла сөйледі.

Ертай осы жерде кесімді өзі айтты:

- Бар  пәле - артық план, көп қозы алу дегеннен басталады.  Бәлен қозы алдық деп өтірік асырып ақпар береді де, қосқан қозыны өстіп  списать  етеді. Ал, госстрах оның орынын жабады. Ол үшін акт керек. Міне, құда да тыныш, құдағи да тыныш деген осы.  Болашағың бар. Ал, Жарболовпен сыйласып жүргеніміз дұрыс - дей келе кешегі екі парақ актіні алдыма тастады.

Бүгежектеп өзім жанқалтамнан автоқаламымды алып, актіге  сүйкете қол қоя бастадым.

Үстелімдегі бұта түбінде бұғып жатқан қояндай телефон шар-шар ете түсті.

- Ұлан Керімбекович, сізді бірінші секретарь Құрысжанов тез келсін деп шақырып жатыр! - деген хатшы қыздың жүректі суырардай тақылдаған өктем дауысы селк еткізді. Галстугімді жөндей-мөндей екі парақ актіні ала сала тапырақтай тұра жөнелдім.

Далада маусымның жып-жылы жауыны  мөлдірей жауып тұр.

Abai.kz

0 пікір