Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2747 0 пікір 2 Мамыр, 2013 сағат 12:53

«ҚЫЗЫЛ НАУҚАННЫҢ» КӨКТЕМГІ НАУҚАНМЕН ЖАРЫСЫП БАСТАЛҒАНЫ ҚАЛАЙ?

Адам өзгермей қоғам өзгермейді. Жоғарғы биліктің осы тәмсілді берік ұстанған жайы бар. Бірақ алысарға қара таппағандай, сол күрестің «бастық» деген сөзбен күрестен басталғаны қызық болды. «Бастық» деген сөзді өзгертсек, құлдық психологиядан арылады екенбіз. Мұның астарында «сен құл емессің» деген сөз жатыр. Жалпақ тілмен айтқанда осылай. Егер соған сеніп, басшыларға қаратып қарсы сөз айтып көріңізші, не болар екен.
Бұл әңгіменің қайта жаңғырған себебі, әкім қаралар мен басқа да лауазымдылар тап қазір, яғни 3 сәуірден 3 мамырға дейін «А» корпусына резервке тұру үшін құжат тапсырып жатыр. «Ойбай, біздің әкім тест тапсырғалы жатыр екен» деп шала шабуылдап жүргендер соны айтып жүр. Олар тесттен өтсе орнын сақтап қалады, ал мүмкіндік болып жатса, өздері атқарып жүрген жұмыстан да жоғары орынтаққа ұсынылуы мүмкін. Ең бастысы, бұрынғыдай бастықпын деп әкіреңдеу тыйылып, олар бұдан былай менеджерлер сияқты жалаңдап жұмыс істеуге тиіс. Бастықпын демей, қызмет етемін деуі керек. Себебі, басшыны былай қойғанда, шенеунік дегеніңіздің өзі не заманнан қызметші деген мағынада ұғынылатын. Шенеунік атаулының түгел шәниген «бастық» болып кеткені кейіннен ғой.

Адам өзгермей қоғам өзгермейді. Жоғарғы биліктің осы тәмсілді берік ұстанған жайы бар. Бірақ алысарға қара таппағандай, сол күрестің «бастық» деген сөзбен күрестен басталғаны қызық болды. «Бастық» деген сөзді өзгертсек, құлдық психологиядан арылады екенбіз. Мұның астарында «сен құл емессің» деген сөз жатыр. Жалпақ тілмен айтқанда осылай. Егер соған сеніп, басшыларға қаратып қарсы сөз айтып көріңізші, не болар екен.
Бұл әңгіменің қайта жаңғырған себебі, әкім қаралар мен басқа да лауазымдылар тап қазір, яғни 3 сәуірден 3 мамырға дейін «А» корпусына резервке тұру үшін құжат тапсырып жатыр. «Ойбай, біздің әкім тест тапсырғалы жатыр екен» деп шала шабуылдап жүргендер соны айтып жүр. Олар тесттен өтсе орнын сақтап қалады, ал мүмкіндік болып жатса, өздері атқарып жүрген жұмыстан да жоғары орынтаққа ұсынылуы мүмкін. Ең бастысы, бұрынғыдай бастықпын деп әкіреңдеу тыйылып, олар бұдан былай менеджерлер сияқты жалаңдап жұмыс істеуге тиіс. Бастықпын демей, қызмет етемін деуі керек. Себебі, басшыны былай қойғанда, шенеунік дегеніңіздің өзі не заманнан қызметші деген мағынада ұғынылатын. Шенеунік атаулының түгел шәниген «бастық» болып кеткені кейіннен ғой.
Ендігі жерде «бастықты» «басшы» деп мәймөңкелеткеннен бірнәрсе өзгере қойса жақсы, иә. Басшы жүрген жерде, қосшы бәрібір жүреді өйткені. Тарих мұндайды талай бастан өткерген. Ақ патшаны құлатып, орнына пролетариат диктатурасын орнатқан, керек десеңіз. Енді адам қарасын қойып, сөзбен алысып кетпесек болды. Шындап келгенде, директор деген аталым «бастық» деген аталымнан да үрейлі естіледі қазір. «Директор» деген сөзге «жемқор» деген көлеңке ілеспейді деп кім айтты, мысалы. Бар айырмашылығы сәл түсініксіздеу, әйтпесе ол да кәрлі. Оған қарағанда өзіміздің «бастығымыз» «әкем-ай» ғой. Бірақ, біздегі бір жаман әдет, шеттен енген сөзге тиісе алмаймыз. Ол сөз құдды сол алпауыт мемлекеттердің Қазақстандағы арнаулы өкілі сияқты. Директорды «деректір» деп жазып жүрген жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы имантаразы қайта.
Ақыр өзгерткен екен, «молданы» да қолданыстан алып тастасын дейсіз, ерін шүйіріп. Кеңес заманында сынай-сынай, молдекеңнің сақалынан түк қалдырмадық емес пе. Бірақ, жаны сірі бұл сөз айналыстан түспей-ақ қойды. Ауданда «имам» десек те, ауылдаға ел «молдекесінен» бәрібір жазбайды. Сол құсағандай, «бастықты» өзгертеміз деп, билік басқа тілде, халық басқа тілде сөйлеп жүрмесе болды, әйтеуір.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің логикасына салсақ, ендігі жерде сүйкімсіз атауларды анықтау үшін лингвистикалық комиссия құруға дейін баруымыз мүмкін. Себебі, санадан кетпей жүрген науқандық түсінік бойынша, қандай мәселе болса да орта жолдан тоқтатуға болмайды. Бір бәле бір бәленің артын түртіп шығарады түбі. «Мәселен, қандай сөз, қандай аталым?» дерсіз қызылкөзденіп. Жас баладан: «Өскенде кім боласың?» десең, «сот, прокурор, бастық болам» дейді. Көрдіңіз бе, «бастық» деген сөз қандай қызметтік аталымдармен тіркесіп тұр? Бірақ, сотты «әділқазы» деп атайық деп ешкім айтпайды. Екі ортада еш кінәсі жоқ «бастық» қазақылығына бола мысалға алынып, құрбан болып кетіп отыр.
Қазір «алыпсатар, саудагер» деген сөздер жағымды сипат алды. «Базарда сауда жасаймын» деп көсілетіндер бар. Бірақ ол қағаз жүзінде «шағын кәсіпкерлік» деп аталады. Десе де әлгі «саудагер» мен «алыпсатар» тегіне тартпай тұрмайды. Соған бола бұл атауларға қатысты әлдеқандай бір үкім шығарып жатсақ, ел күлмей ме? Бұл ешқандай да кекеу, мұқау емес.Тек «бастық» деген аталымды ауыстырғаны жөн-ақ, бірақ жағымсыз реңк алып кетті деп түсініктеме беріп, одан ұпай жинаудың қажеті не?
Мысал керек болса, айтайық. Бүгінгі күндері «әкім» деген сөз жағымды сипат алып тұр деп, сенімді түрде айта аласыз ба?  «Әкім» деген атау, керек десеңіз, нағыз сатираның обьектісіне айналды. Әккі «әкім» қаһарын төккенде, аңқау «бастығыңыз» далада қалады. Соған бола енді «әкім» деген атауды ауыстырып жатсақ, не болғанымыз? Одан да мазмұнын, мәнін өзгерту үшін күреспейміз бе?
Егер есімізде болса, «бастық» дегенді «басеке» деп, қылжаққа айналдырған әу баста орыстілділер болатын. «Время» газеті өткен жылдары басты бір бетін тұтастай «басекелетіп», әбден абыройымызды шашқан. Одан соң теледидардан қылтыңдап түспейтін «Наша казашаңыз» да «басекеңді» мысқылға айналдырып бітті. Айырқалпақ пен алашапан сөйтіп әбден мазаққа ұшырады. Айтысты мазақ қылып, аузын қисайтып жүрген орыстілділер қаншама? Бәлкім, Байменовке сондай сөздер өтіп кеткен шығар. Домбырам мазақ болды деп домбырадан, шапан мазақ болды деп шапаннан беземіз бе енді?
Рас, биліктің құқық қорғау салаларынан бастап, әкім қараларға дейін сынақтан өткізіп жатқанына қарап, «ештен кеш жақсы» дейміз ғой. Жоғарыда айтқанымыздай, соңғы кездері аудан әкімдері «сынақтан өте алмай қаламыз ба?» деп, сасып-пысып жүр. Добалдай әкімнің дірілдеп-қалтырап тест тапсырып жатқаны біртүрлі көрінеді. Бірақ, биліктің жоғарғы, төменгі звеносын тазартудың басқа жолы қалмай тұр. Арада сенімсіздік орнаса да, бұл халық қолдайтын іс негізі. Тек сынақтан өте алмай қалған аудан әкімін ол орынға кім тағайындады екен, мәселе сонда. «Судың да сұрауы бар» демекші, олардың да жауапкершілікті қоса арқалағаны жөн шығар.
Ал негізгі айтайын дегеніміз мынау: Жақында Ресей Думасында Зюганов Медведевтің алдында: «Ауылшаруашылығы мәселесіне келетін болсақ, министрдің 7 орынбасары бар. Олардың біреуі де үлкен шаруашылық саласында жұмыс істеп көрмеген. 14 департаменті бар, оның екеуінде ғана кәсіби маман отыр. Мұндай адамдар қандай проблемаларды шешпекші», - деп салды. Сондағы орынбасарларының екеуі заңгер, екеуі экономист, біреуі маркетингті оқыған, біреуі инженер-механик, біреуі экономист-заңгер, біреуі инженер-юрист екен. Сол айтқандай, «А» тобына резервке тұру үшін тест тапсыратын адам: «Егер біліктілік талаптарына сай болса заңнаманы білу деңгейін, логикалық ой деңгейін анықтаудан, басқару құзырын айқындаудан, сондай-ақ, мемлекеттік тіл білу деңгейі бойынша тестілеуден өтеді». Осының ішінде мемлекеттік тілді білудің жайы жанымызға майдай жаққанмен, қалғаны бұлдырлау, кейбірі түсініксіздеу, жұмбақтау көрінді. Сүріндіремін десе, кез келген жерден сүріндіріп жіберуі ғажап емес. Себебі, қазір естуімізше, біздегі билікте де өндірістің, шаруашылықтың адамдары аздау деседі. Керісінше, аудан деңгейіндегі әкімдердің басым көпшілігі өндіріс пен шаруашылықтан шар болаттай шыңдалып шыққандар болса керек. Солар мөнді-мөнді болып, жұмсақ креслодан басқа ештеңе көрмегендердің алдында жаттаған жауаптарын ұмытып қалып, пұшайман болып отырмаса екен дегіміз келеді. Заманында артта қалған талай шаруашылықты көтеріп, бірақ өзі заңнан қателесіп істі болып кеткен Нұрмолда Алдабергеновтер осындайда еріксіз еске түседі де тұрады.
Иә, неғылса да науқан басталып кетті, енді шынында да тоқтау жоқ. Бұл қаракет басына түскен қиыншылықтың бәрін бастықтардан көретін халыққа да ұнап отыр. Алайда өткен жылғы құқық қорғау саласындағы аттестацияның кезінде қосақ арасында кеткендер де бар көрінеді. Мәселен, Алматы қаласындағы МАИ басқармасының мұның алдындағы бастығы іскер адам болатын деседі білетін жұрт. Ішіп-жеп қоймаса, қызмет барысында сондайлық дәрежеге жеткен адамның бір-ақ күнде «әй, кәпір» атануы ақылға бір сыйып, бір сыймайтыны рас енді. Ендеше неше жылдан бері аудан басқарып жүріп, бір-ақ күнде абыройдан жұрдай болмайық деп әбігерге түсудің жайы айтпаса да түсінікті. Аты өзгергенмен, мәні өзгермейтін нәрсеге бола шала шабылып қалмайық, әйтеуір. Мал төлдеп, көктемгі егіс науқаны басталып, жылдағыдай жанар-жағармай қымбаттап жатқан кезде тест тапсыруға аттанатын әкім қараларға сәттілік тілейміз, қысқасы!
Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

"Халық сөзі" газеті

0 пікір