Сенбі, 27 Сәуір 2024
Әдебиет 2902 0 пікір 14 Сәуір, 2023 сағат 14:03

Жетісу күй өнерінің биік шыңы – Қожеке Назарұлы

Кеше Жетісу күй мектебінің ірі өкілдерінің бірі – Қожеке Назарұлының туылғанына 200 жыл толуына орай Қазақстан жазушылар одағында «Күй – тағдыр» атты әдеби-музыкалық кеш өтті. Шараны Алматы үлттық медициналық колледжі мен «Парыз» қоғамдық қоры қаламгерлер қауымдастығымен бірлесіп өткізді. Әсерлі кеште тағдырлы күйшінің өмір кешулерінен туған күйлері орындалып, ғалым-зертеушілердің ғылми бағалары ортаға салынды. Сүйегі арғы бетке қалған шертпе күй шеберін жақыннан таныстыру үшін тікелей ұрпағы (шөбересі) Тілеуберді Шұғайұлымен журналист Әлімжан Әшімұлының сұхбатын ұсынамыз.

Күйші Қожеке көшінің «25 үй Қожеке» атануы

 – Тілеуберді аға, бүгінгі әңгімеміздің әлқисасын патша көңілді оқырманға өзіңізді таныстырудан бастасаңыз.

– Менің аты-жөнім Тілеуберді Шұғайұлы, күйші Қожекенің шөбересімін. Менің әкем Шұғай, Шұғайдың әкесі Батталғазы. Батталғазы Қожекенің кенже ұлы, қарашаңырақтың иесі болған адам. Қожеке 1823-жылы жаз айында жер жәннаты Жетісудың төрі – Қарқара жайлауында дүниеге келіпті. Балалық, жастық дәуірі қазіргі Нарынқол, Қарқара, Кеген өңірінде өткен. Албан ішінде Құрман-Үмбет-Елікбай аталарымыздан өрбиді. Үлкен атасы Қасабайдан Назар, Қату, Ерсары, Мүстек деген төрт ұл. Әкесі Назардың бәйбішесінен – Іліп, Дулат, тоқалынан Қожеке, Тілеке, Нияз деген бес ұл болады. Ал Қожекенің өз кіндігінен – Нұрқа, Кенжеақын, Ақмолда, Рахметолла, Рақыш, Батталғазы есімді алты ұл тарайды. Кожекенің атасы Қасабай еліне сыйлы, сөзге шешен, танымал күйшілердің бірі болған. Қаршадайынан тізесіне отырып, домбырасына таласып жүретін немересі Қожекеге атасы оның 5-6 жасынан бастап домбыра үйрете бастайды. Қожеке домбыра үйренгенде күйшінің жанында отырып үйренбейтін болған. Ол домбыраның үнін алыстан немесе керегенің сыртынан тыңдап алып, оны күйшінің өзіне айнытпай шертіп береді екен. Талантты да, зерделі Қожеке өзге күйшілердің күйін тамылжыта орындаумен бірге, өз жанынан күй шығарып, дүйім жұртқа бала күйші атанады. Көзі ашық, көкіргегі ояу Қожеке ел ішіндегі көпті көрген, аузы дуалы, парасатты жандардан үлгі, өнеге, тәлім алады. Ол ойын да, бойын да, соларға қарап түзей бастайды. Кәріқұлақ қарттардың айтуынша, әкесі Назар ер көңілді, жомарт кісі болған. Қожеке де әкесінің осы қасиетін жоғары бағалап, өле-өлгенше жөнді мал жиып бай болайын демеген көрінеді, бірақ оның керісінше бала кезден өнерге бой ұрып, домбыраны серік еткен, сері, сауықшыл, досына адал, жайдары, ал қасына өрт тілмен, қатал мінезімен қарайтын, көңіліне симағанды бетің-жүзің демей айтып салатын адам болыпты. Қожеке күйші ғана емес, тілінен бал тамған шешен, елін бастаған көсем, халқын жаудан қорғаған батыр болған.

– Қожекенің туған жерінен, елінен бөлініп көшуіне не себеп болды деп ойлайсыз? 

– 1840-жылдары Қоқан хандығының шонжарлары Жетісу қазақтарына әскерін жіберіп шаруалардан күштеп алым-салық, зекет жинап алып отырған. Кейін келе Жетісу жеріне әскери бекіністерін салып, елді аяусыз қанай бастайды. Бұл жайлы халық өлеңінде:

«Қазақты Қоқан билеп тұрған шақта,

Көп шапты қазақ халқын аямай-ақ», – десе, Қайырлы деген халық ақыны:

«Былай барсаң Қоқан бар,

Қоқаңдаған әкең бар.

Былай барсаң Қалмақ бар,

Күшіңді ептеп алмақ бар.

Былай барсаң Орыс бар,

Балаңды берсең қоныс бар» (Т.Қабаев. «Көдек Маралбайұлы». 78-б. Бейжің), – деп, сол заманның қоғамдық жағдайын дәл бейнелейді.

Ал патшалық Ресей 1846-жылы маусым айында Ұлы жүз қазақтарының сұлтандары, биі мен ру басыларымен Ресеймен болған саяси қарым-қатынас туралы құжатқа мөрін басады. Бұл Ұлы жүз қазақтарының орысқа қарсылықсыз бағынуының алғашқы баспалдағы болатын. 1850-жылдары Ұлы жүз жеріндегі Қоқан бекіністеріне шабуыл жасап, оларды Жетісу жерінен ығыстыра бастайды. Осы кезде Жетісудың оңтүстік шығысы ғана бейтарап аймақ ретінде ешкімге бағынбай тұрған болатын. 1854-жылы патшалық Ресей Алматыға Верный бекінісін салғаннан кейін, бұл өңірді де жаулау әрекетін жүргізе бастайды. Алайда халық арасында отарлаушыға қарсылық күшті белең алып, Жетісу қазақтарын бағындыру қиынға түседі.

Осының бел ортасында жүрген Қожеке елінің ақ сақалы мен қара сақалын жинап ақылдасады. Жұрт үшке бөлінеді, біразы Қожекенің ойын қолдайды, біразы қалыс қалады, ал көп сандысы мүлде қолдамайды. Сонда Қожеке: «Бір жерге ұйлығып отыра бергеннен кең өріс, жайлы қоныс іздейік. Бір жағымыздан қоқандықтар қоқаңдап, түртпектеп маза бермей тұр, ал бір жағымыздан орыстар қаруын кезеп, жан-жағымыздан қысып келеді. Мұның соңы жақсылыққа апармайтыны анық. Ел-аман, жұрт тыныш кезде, шығыстағы байырғы ата қонысымызға жылжиық. Чиң патшалығы орысқа қарағанда жұмсақтау, жайлы көрінеді. Манжурлер бізге жат болғанымен, бірақ Іле өңірі бізге жат жер емес, ата-бабамыздың ежелгі қонысы. Егер ол жаққа барып жатсақ, жаман болмаспыз», – дейді. Бірақ Қожекенің бұл сөзін жақтырмай, құптамай отырғандар: «Қоқан болса үйренген жауымыз, орыс келді екен деп, бүкіл Ұлы жүзден бөлініп, жарылып қайда барамыз? «Көппен көрген ұлы той» деген, не көрсек те, осы елмен бірге көрелік?! Елдің шетін сөгіп қайтесің, Қожеке?!», – дейді.

Бағанадан олардың сөзін сабырмен тыңдап отырған Қожеке бабамыз домбырасын қолына алып, тыңқылдатып теңшеп алады да, бебеулетіп шерте жөнеледі. Осыған дейін ешкім естімеген бұл күйді жұрт қызығып, ұйып тыңдайды. Күй жағаға соғылып кері қайтқан теңіздің толқынындай баяулап барып тына қалады, отырғандар: «Қожеке, бұл күй бізді сан-саққа жүгіртті, көп сұрақтың астына алды, жауабын өзің айтшы. Бұл күйдің аты не?», – деп сұрайды, Сол кезде Қожеке: «Еңкейгенге еңкей, ол ешкімнің құлы емес, шалқайғанға шалқай, ол патшаның ұлы емес» дегендей, сіздер кері тартып, шалқалап отырған соң бұл күйдің аты «Шалқайма», – деп жауап беріпті. Қасындағылардың біразы бұл күйдің мәнісін түсіне қойып, Қожекенің орналастыруы бойынша көші-қон әзірлігіне кіріседі. Ал келіспегендер қалып қояды...

Бұл көш шығыс солтүстікке қарай жол тартқанда Қожеке бабамыздың артынан 25 үй еріп көшеді. Бұл 25 үй кім дейсіз ғой? Бұл – Қожекенің жақын туысынан 13 үй, алты үй Ауылай (Айт-Қалыбек), екі үй Шажа, екі үй Қоңырбөрік (Қарақұл-тегіс, Аялының ұрпақтары) және екі үй қырғыз (Бақаш ұрпақтары). Міне, осы 25 отбасы тарихта «25 үй Қожеке» атанып, күні бүгінге дейін аңыз болып айтылып келеді.

Қожеке көшінің Тарбағатай арқылы Ілеге баруы

– Тарихи деректерге сүйенсек, Қожекенің көші Нарынқолдың тұсынан өтпей, қиырдағы Тарбағатай арқылы өтіпті...

– 1755 жылы Чиң патшалығының қалың қолы жоңғарға жорық жасап, Жоңғар хандығын біржолата жойып, іргесін қазақ жеріне дейін кеңейтеді. Абылай хан Чиң патышалығымен шекісіп көріп, оған әлі жетпейтініне көзі жеткен соң, онымен дипломатиялық байланыс жасауды тиімді санайды. Сонымен 1757-1758 жылдары Орта жүз бен Ұлы жүз хан, би-сұлтандары Чиң патшалығымен тікелей байланыстар орната бастайды. Жоңғарлардың ықпалымен, ілгері-кейін батысқа қарай ығысып кеткен қазақтарға Манжур шонжарлары өз қоныстарына қайта көшіп келіп, малын бағуына қарсы болмайды. Чиң патшалығы 1762-жылы қазан айында Іле генерал мекемесін құрады. 1766-жылы Чиң үкіметі Іле генералына: «Іле қатарлы жерлердің көлемі кең, онда адам қанша көп болса сонша жақсы, жайылымнан тарыққандығынан немесе бұлап-талаудан қорыққандығынан бізге қарағысы келетін қазақтарды дер кезінде қабылдаңдар» (Іле қазақ автономиялы облысының жалпы ақуалы». «Тарихи өзгерістер бөлімі». 17 б. Құлжа) деп бұйрық береді. Ал бір жылдан кейін «Қазақтың атамекендеріне қайтып көшіп келіп, мал шаруашылығымен шұғылдануына болатындығы туралы Чиң патшалығы үкіметі 1767-жылы Абалай ханға ресми ұқтырады» (Ж.Мырзақанұлы. «Қазақ халқы және оның салт-санасы». 353-б. Үрімжі). Міне, осы кезеңнен бастап Ұлы жүздің Албан, Суан, Дулат рулары, ал Орта жүздің Найман, Керей рулары Іле, Тарабағатай, Алтай өңіріне тұс-тұстан өтіп, көшіп келеді. Олар Чиң патшалығына қарасты болып, малына салық төлейді. Мысалы, манжур шонжарлары жылқы мен сиырдың жүзден бірін, қойдың мыңнан бірін салық үшін алған. Қазақтарға бұдан басқа салық алмаған, көп қысым көрсетпеген. Бұл үрдіс ХІХ ғасырдың 50-60 жылдарына дейін жалғасын табады.

Қожеке бабамыз шығысқа қарай көшудің алдында Сүйдің Күредегі Іле генерал мекемесінің ұлығымен байланыс жазып, патшалық Ресейдің үстемдігінен елін құтқару үшін Ілеге көшіп бару ойының барын айтып, шекарадан өтуіне рұқсат сұрайды. Ұлық Қожекенің өтінішін қабылдағанымен, бірақ көштің Іле өңіріне төтелей өтуіне рұқсатын бермейді. Алайда, оның Тарбағатай арқылы көшіп келуіне тым қарсы болмайды.

Іле генералы Іледегі тоғыз қалашықтың бірі – Сүйдің Күреде тұрды. Бұл мекеме Шынжаңды әскери, саяси жақтан бір тұтас басқаратын әкімшілік орган болды. Оның қарауында Үрімжі дутыңы, Тарбағатай Кеңесші анбысы (мәнсап аты) әр қайсы қалаларға жіберілген іс жүргізуші мәнсаптылары болған. Бұл орталықтың қауіпсіздігін сақтау, қорғау оның маңызды стратегиялық саясатына айналады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ол кезде Қоқан хандығы мен патшалық Ресейдің Жетісудағы текетіресі ушығып, қазақтардың отаршылдарға қарсы күресі жиілеп кеткен кезі еді. Тіпті патшалық Ресей Чиң патышалығына ашық қыр көрсете бастайды. Жетісудағы қоғамдық, саяси жағдайды сырттай біліп отырған Іле генерал мекемесінің ұлықтары бұл жағдайдан қатты алаңдап, Іленің шекара қорғанысын күшейте түскен кезеңі болатын.

– Демек, Қожеке Чиң патшалығының Іле генерал мекемесінің рұқсатымен көшкен болды ғой.

– Солай деп айтуға негіз бар. Осыдан кейін Қожеке «бір жол бар – жақын, жақын да болса алыс, бір жол бар – алыс, алыс та болса жақын» деген аталы сөзге жүгіне отырып, Іле генерал мекемесінің рұқсат етпеген жерінен өте шығып, оның әскерімен бетпе-бет келіп, қару кезенгеннен ұтарымыз шамалы, одан да Тарбағатай арқылы өткен дұрыс деп шешеді. Ол осы ұзақ сапар арқылы көшіп-қонып, ата-бабасының ежелгі қонысы Іле өңіріне келуді мақсат тұтады.

Бұл көш осындай себептермен қиыр шығыстағы Тарбағатайға қарай бет алады. Қожеке туған жерінен аттанып бара жатып «Елмен қоштасу» атты күйін, ал Шағантоғайдан өтіп, Тарбағатайдың Жайырына қарай тартқанда «Көш келеді» деген күйін шығарады. Қожеке жолшыбай бір қаралы үйге түседі. Ұғыса келсе, ол үйдің еркегі қайтыс болып, екі бірдей жас әйелі жесір қалып, жоқтау айтып отырады. Қожеке екі жесірге көңіл айтып, табанда бір күй шығарып шертеді. Домбыраның қос ішегінен шыққан үн, жесір қалған екі келіншектің жабырқау көңілін көтереді. Қасындағылар бұл күйдің жағдайын, мәнісін Қожекеден сұрағанда, ол: «Мына қаралы болып отырған қос келіншекке айтылған көңіл мен жұбатуым», – деп жауап беріпті. Содан бұл күй «Қос келіншек» атанып кетіпті.

Тарбағатайдың Қарағанды (бұл күндері ол жер «Қожеке-Қарағанды» деп аталады) деген жерінде екі жылдай аялдайды. Өзі жақсы кісіге, бір кісілік орын бар дегендей, Орта жүздің рулары жақсы қарсы алады, оны құрметтеп төріне шығарады. Байлар мен би-болыстарының той-томалақтарында жиі болып, күйін күмбілетіп, мәртебесін асырып жүреді. Найман, арғын, керейдің сал серілерімен бірге Алтайдың Жеменей, Буыршын, Ертіс өңіріне дейін бір-екі рет барып думандатып қайтады. Қазақтың даласын ән мен жырға бөлеген Біржан-сал Қожағұлұлының өнеріне сырттай тәнті болған Қожеке, оны жоғары бағалап, «Біржан-сал» күйін шығарады.

Сауырдың жері құйқалы мал мен жанға жайлы болғандықтан, ес жиып, етек жапқаннан кейін, Іле өңірін бетке алып тағы көшеді. Жолай Бұратала өңіріне, Сайрам көлі жағасына келіп қоныстанады. Бұратала өңірінде одан бұрын келіп, мекендеп жатқан қызай елінің арасында бір жылдай болады. Онда қызайдың Құдайменде төре және би-болыстарымен танысып, жақсы араласады. Олармен той-томалақта, аста бірге болады. Сол дәуірде төре салтында атпен келіп төре үйіне қаралар түспейтін, қамшысын үйге ұстап кірмейтін, бетпе-бет сөйлеспейтін. Бірақ Құдайменде төре Қожекені ақ ордасына шақырып, қонақ жасайды. Екеуі өлер-өлгенше дос болып өтуге серттеседі. Қожеке «Құдайменде төреге» деген күйін шығарып, достығын күймен бейнелейді. Бұл күй Құдайменде төре мен күйші Қожекенің бір-біріне болған құрметі мен адал достығының символына айналады.

Сайрам көлінің шалқарына, айналасындағы көркем табиғатына көңілі шарықтаған күйші «Сайрам көл», «Аққу» атты күйлерін шығарады. Қожекенің ендігі есіл-дерті, арманы Іледегі Үйсін тауының бауырайына, ежелгі ата қонысына бару болады. Содан олар көші-қон дайындығын жасап, Қызай елімен қоштасып аттанады. Сонда «Қызаймен қоштасу» деген күйін шығарыпты.

Қожеке көшін бастап, Қасқа барып, одан кейін Тоғызтарау өңіріне келеді. Қожеке ел ішінде серілікпен қоса аңшылық, саятшылықпен де айналысқан. Тоғызтараудың Мұқыр, Жырғалаң өңірін мекендеген алғашқы кездерінде саятқа шығып, аралай жүріп Ағарсын суынан бір құндыз көреді де, жолдастарымен жабыла қуалап соғып алады. Құндызды ұстау барысында киімдерімен суға да, балшыққа да түсіп кетеді. Осы бір қызықты, тамаша қимылдарға қызыққан күйші ауылына қайтқан соң «Ағарсын ақ толқыны» атты күйін шығарады.

Бір күні Қожеке Қасымбай деген ұстамен Мұқырдың қалың орманына отын алуға барады. Уақыт таңертеңгілік кез болса керек, бұлардың орман ішіне кіруімен ағаш бұтағына қонып отырған бұлбұл құйқылжытып сайрай жөнеледі, бұлбұлдың сан құбылтып сайраған әсем әуеніне еліктеген бұлар алатын отынын ұмытып, бұлбұлдың әуеніне қызығып тыңдап отырып қалады. Әлден уақытта Қасымбай: «Шіркін мына бұлбылдың дауысының жағымдысын-ай! – дейді. Сонда Қожеке оны қостап, жануардың үнін домбыраға салып алар ма еді!» – дейді. «Сен бұлбұлдың үнін домбыраға түсіре аласың ба?» – деп сұрайды Қасымбай досы. «Домбыра жоқ қой, әне күні байқаусызда атым сүрініп құлағанда, домбырам аттың астында қалып шағылып қалып еді. Домбыра болмаған соң, амалсыз отырмаймын ба, егер болғанда ғой, түсірмей несі бар дейсің?» – дейді Қожеке күліп. Ондай болса, домбыраны саған мен жасап берейін, – деп Қасымбай сол жолы орманнан домбыраға лайықты ағашты талдап, кесіп алып қайтады. Ұста үйіне келгеннен кейін Қожекеге берген уәдесін орындап, домбыра жасап береді. Домбыра жасалып біткен күні Қожеке арт-артынан «Сарбарпы бұлбұл», «Нұрғазарын бұлбұл» деген екі күйін шығарады.

Тоғызтарауда бір жылдай тұрып, Үйсін тауының күнгейіндегі Құштайды жайлы қоныс санаған ол 25 үйді Үш-Құштай мен Кіші-Құштайға бөліп орналастырады. Текестің Құштайының шығыс оңтүстік жағы Бозадыр деп аталады, ол барып қазіргі Ақсу аймағымен, шығысы Байынғолин моңғол автономиялы облысының Хыжың ауданымен шекараласады. Солтүстігі Тоғызтарау, ал батысы Мұңғұлкүре аудандарымен шектеседі. Ол барып қазірігі Райымбек ауданының Нарынқолының шекарасына тіреледі. Қожекенің көші Іле өңіріне қоныс тепкеннен кейін, жергілікті үкіметтің заң-тәртіптеріне бағынып, алаңсыз, бейбіт өмір өткізе бастайды. Бір кезегі келгенде жергілікті биліктің адамдары Қожекенің не үшін қоныс аударып келгендігін сұрағанда ол: «Қысқа етек, қытымыр орыстан, ұзын шапан, кең қолтық манжур жақсы екен», – деп, әзілмен жауап беріпті.

– Күйші Кожеке Чиң патшасының Ежен ханынан медаль алған дейді ғой.

– Қожеке бастаған көш Шағантоғайдан өтіп Чиң патшалығына қарасты жерге барғаннан кейін, бүлік тудырмай, жүрген жерін той-думанға бөлеп, жұртты береке-бірлікке шақырып келгенін білген Іле генералы оны жылы қабылдайды. Қожекенің бұл ісін ерлікке, парасаттылыққа балаған Іле генерал мекемесі Бейжіңдегі Ежен ханға хат жазып, Қожеке мен оның 25 үйінің Іле өңіріне көшіп келу барысын толық мәлімдейді. Бұдан хабар тапқан Ежен хан көштің басшысы Қожекеге қатты риза болып бір күміс, бір алтын медаль (ортасында патшаның бас суреті, арт жағында жазуы бар) тарту етіп, сый-құрмет көрсетеді. Күміс медалы Текестегі Тілебалды деген ақсақалдың үйінде қазірге дейін сақтаулы. Тілебалды Қожекенің шөбересі, менің ағам. Ал алтын медалын Қожеке бабамыз Қызылбөрік Серікбайға ұзатқан қызы Қаныкейге берген екен.

Қожеке Іле өңіріндегі 5 ақалақшының бірі болған

– Күйші Қожеке болыс болған дейді ғой, солай ма?

– Қожеке бабамыз Жетісуда жүргенде би болған деген дерек бар. Ал Ілеге барғаннан кейін ақалақшы болады. Іле генерал мекемесіне қараған Іле, Тарбағатай өңіріндегі қазақтардың басқарылу жүйесі ұқсастау болғанымен, мәнсап атаулылардың санында үлкен өзгешеліктер болған. Іледегі қызай мен албанға қарасты қазақтарда бір тәйжі (төре), он екі үкірдай (ақалақшы), он екі ілгідай (мампаң – көмекші) және көптеген зәңгі мен елу басы болған. Ал бұл өңірдегі қазақтардың ең жоғарғы билеушісі «ақалақшы» болыпты.

Қожеке туралы жазбаша құжат 1862-жылдан бастап хатқа түсе бастаған. 1862-жылы Іледегі Чиң патшалығының билігін сырттай мойындап, қол қойған адамдардың тізімінде «ақалақшы» ретінде аты аталады. Бұл деректе: «1862-жылы Айт-Бозым, Алжан, Сегізсары рулары атынан Саурық Түменбайұлы бастап 12 адам қол қойып, бармағын басады. Араларында 5 ақалақшы бар. Олардың хатталған аты төмендегідей: «Назардыңұлы Қожақ (Қожеке) ақалақшы, ақалақшы Қабанбайдың ұлы, Жәнібектің ұлы ¬Жанат, ақалақшы Түстікбайдың ұлы және Смайыл ақалақшы. Оларға ақалақшылық мансап Чиң патшалығы жағынан берілген. Қатысқан 5 ақалақшының арасынан Назардыңұлы Қожақ (Қожеке), Жәнібектіңұлы Жанат, Смайыл қатарлы үш ақалақшы өз аттарынан қол қойған. Ал ақалақшы Қабанбайдың ұлы, ақалақшы Түстікбайдың ұлы қатарлы екі ақалақшы өз аттарынан емес, әкесінің (әкелері Қабанбай, Түстікбай) атынан қол қойған» делінген. Демек, 1862-жылы Іледегі албан елінің 5 болыс ел болғанын байқауға болады. Бұл мезгілде Қожекенің ауылы Тоғызтараудың Жырғалаң, Ағарсын деген жерінде отырған. Іле өңіріндегі жер-су аттарының біразы Қежеке, Саурық заманында қойылды. Мысалы, Күнестегі Үшкептер, Қарабура, Аралтөбе, Жауыр, Түрген, Ауыз, Аққолтық, Тоғызтараудағы Қабанбай шоқысы, Ағарсын қатарлы жерлер бар. Іледегі «Қабанбай шоқысы» Айт Қалыбек батырдың шөбересі Қабанбай Садыұлының атымен қойылған.

– Қожеке күй шертер кезде немесе жаңа күй шығарарда «Күй шақыртқы», «Күй бастар» деген күйін шертетін болған дейді ғой.

– Қожеке бабамыз домбыраның құлағын бұрап күйіне келтірген соң ең әуелі «Күй шақырты» және «Күй бастар» дейтін күйін шертеді екен. Осы күйлерді шерту арқылы домбыраның 12 пернесін (бабамыз 12 пернелі домбырамен күй шертетін болған) теңшеп, бабына келтіріп алады да, ащы терін алған аттай жаратқан соң, басқа күйлерін шертеді екен.

Қожеке өзінің өресі биік күйлерін әншейін шығара бермеген. Ол күйлері арқылы өзі өмір сүрген қоғамдағы болмысты музыка тілімен бейнелеп, жұртқа жеткізіп отырған. Өзі зерттеген өмірдегі әрбір құбылдыс пен оқиғаларды суреттейтін, оған музыка тілімен өз көзқарасын білдіретін арнаулы күйлер шығарған. Өмірдегі оқиғаларды бағамдап, зерттеп, талдап оған қарай өзінің философиялық ой иірімдерін сіңіре білген дарынды өнер иесі. Қожекенің күйлері уақыт тынысын, зұлымдық пен адалдық, қатыгездік пен адамгершілік сияқты өзара кереғар қасиеттердің аражігін тап басып, айқын аңғартады. Міне, осыдан әрбір күйдің өзіндік тарихы мен күйшінің философиялық көзқарасы тамаша үйлесім тауып отырады.

Қожекенің халық арасындағы аңыздарға, эпостық жырлардағы кейіпкерлерге және тосын оқиғаларға байланысты шығарған күйлері бар. Табиғатқа, жан-жануарларға арнап шығарған және көңіл-күйіне байланысты шығарған күйлері өте көп. Одан сырт белгілі тұлғаларға, өнер адамдарына арнаған күйлері де бар.

– Қожеке бабаңыз неше әйел алған адам?

– Қожеке бабамыз екі әйел алған адам. Бәйбішесінен – Нұрқа мен Кенжақын. Нұрқа әкесі Қожеке секілді батыр, күйші болған. Ал Кенжақын атамыз барлаушы (шарлаушы) болған дейді. Ал тоқалынан – Ақмолда, Рахметолла, Рақыш, Батталғазы туған. Ақмолда 1913-жылдан 1916-жылға дейін ақалақшы болып ел басқарыпты, ал Рахметолла ескіше оқып, Құрманның Елікбай руының молдасы болыпты. Рақыш әкесі мен ағасы Нұрқа секілді атақты күйші болы.

Осы арада Рақыш туралы аз-кем тоқтала кетуге тура келіп тұр. Рақыш өзі күйші болумен бірге әкесі Қожекенің күйлерін жеттік меңгерген, шебер орындаушы болған. Ол әкесінің дарынды композиторлық қасиетіне мұрагерлік етіп, оны үздіксіз жалғастырып дамытқан. Қожеке күйлерінің ел ішінде кеңінен таралуына орасан күш салған адамның бірі – Рақыш. Осы мақсатпен ол әкесі Қожеке секілді ел аралап серілік құрады. Іле өңірінде оның бармаған, араламаған жері өте аз. Қай жерде әнші, күйші бар болса, соны іздеп тауып кездесіп, өнер жөнінде пікірлесіп отырған. Ол жүрген жерінде өнерін көрсетіп, жұрттың алғысын алып қайтатын болған. Рақыштың сырлас досы болып сауық-сайран құрған әнші-күйшілердің ішінде әйгілі өнерпаздар Әсет Найманбаев, Әшім Дүңшіұлы, Мағаз ақалақшы, Қырғыз Асанәлі, Әтіқан Исаұлы қатарлылар бар. Бұлар әруақыт бас қосып, жұбын жазбай ел аралап жүрген.

Ал менің Батталғазы атам 1884-жылы туылыпты, Қожеке бабамыз 1885-жылы қайтыс болған кезде, ол бір жастан енді асқан бала екен. Батталғазы атамыз Қожекенің қарашаңырағына ие болған. Ол кісі Рақыш ағасындай аса танымал күйші болмағанымен, домбырамен ән салатын, суырып салма айтыскер ақын болыпты. Батталғазыны көрген көне көз қариялардың айтуына қарағанда ол қара өлеңнің шебері болыпты. Өзі күй шығармағанымен, әкесінің күйлерін шертіп жүретін болған.

Күйші Қожекенің жалған жаламен тұтқындалуы

– Қожеке күйші ұлықтар жағынан не себепті тұтқындалған?  

– Қожеке бабамыз күйші ғана емес, сөзге шешен, сал-сері, ел билеген ақалақшы болған адам дедік қой. Анда-санда ауылынан ұзап шыққанда молда Ыбырайым, Қырбас, Ақбура, Шалбар қатарлы жігіттермен қоса әнші-күйші, өнерпаздарды бірге ертіп жүретін болған. Жүрген жерін сауық-сайранға, жыр-думанға бөлеп отырған. Қысқасы, ол өңірде Қожекесіз той-томалақтар өтпеген. Жұрт «Қожеке келе жатыр» деген хабар естісе, алдынан шығып, өнер көрсетіп аттануын өтінеді екен. Оның атақ, абройының артып, өнерінің биіктеп бара жатқанын көре алмағандар іштарлық жасап, оны қалай сүріндірудің қамын ойластырып жүреді...

1884-жылдың жаз айында Ақсу жақтан келген сауда керуені Текестің селкілдек көпірінің аузына келіп түнейді. Керуен басшысы селкілдек көпірден түнделетіп өткеннен жүрексініп, таң атқан соң өткісі келген болар. Өйткені бұл селкілдек көпір қазіргідей сым темірмен есілген арқан емес, кәдімгі ағаш-талдан есіліп жасаған аспа көпір екен. Алыс жол басып, шаршап-шалдығып, қатты ұйқыға кеткен керуеншілерді түн ортасында біреулер шабуыл жасап, адамдарын сабап, дүние-мүлкін тонап кетеді. Бұл хабар Күредегі Іле генерал мекемесіне жетеді. Мұны естіген ұлық: «Сол өңірдің қазақтарына, қайдан тапсаңдар, содан табыңдар, қарақшыны ұстап менің алдыма алып келіңдер!» деп бұйрық түсіреді. Осы кезде Қожекені сүріндірмекші болып, оған тұзақ құрып жүрген орайшылдар, «Керуенді бір тонаса Қожеке тонайды, өйткені оның сайдың тасындай жігіттері бар. Одан басқа адамдар бұл керуенді тонай алмайды», – деп, Күре жамбылына Қожекенің үстінен арыз түсіреді. Бұл керуен тонау оқиғасы Қожекенің ауылына қарасты жерде емес, басқа ақалақшының жерінде болады. Өкінішке орай, оны анықтап, тексеріп жатқан ұлықтың адамдары болмайды. Қоженің үстінен жазылған арыз бойынша ұлық Күре жамбылынан Текеске оншақты шерік аттандырып Қожекені және оның жақын туысы, досы молда Ыбырайымды қолға алады.

– Мен бір жерден оқып қалып едім, Қожекенің қарауындағы Жұман деген адам көрші отырған рулы елдің малын ұрлап тоқтатпайды екен. Қожекенің: «Көрші ақысы – Тәңір ақысы, ұят болады!» дегеніне ол құлақ аспайды. Ақыры Қожеке оны «шық байтал» етіп, маңынан қуып жібереді. Ал Қожекеге іштарлық жасап жүрген көрші ауылдың ақалақшысы Жұманды өз ауылына көшіріп алып, оны сенімді адамына айналдырады. Осы Жұман деген адам «Қожекенің жігіттері керуенді тонағаны рас, оның арасында мен де болғанмын» деп, қылмысты іске куәгер болған делінеді. Бұл рас па?

– Бұл біреулердің жаңсақ айтуымен жазылып кеткен болар, өйткені бұл шындыққа сай келмеді. Бұған бола мұны айтқандарды жазғырудың қажеті жоқ.

– Ел арасында «аты мен атағы дардай Қожеке күйшіні ұстаудан сескенген ұлық, оны жиналысқа алдап шақырып ұстаған екен» деген әңгіме де бар. 

– Ұлық Қожекені жиналысқа шақырып ұстамаған. 1884-жылы Өр Текестің Суықтоғай деген жерінде (қазіргі Мұңғұлкүре ауданына қарасты жер) күздеуде отырған жерінде оншақты шерікпен ұстаған. Қожекені шеріктер байлап алып жүргенде, 5-6 жастағы баласы Рақыш әкесінің артынан еріп жылайды. Бауыр еті баласы шырылдап жылағанда Қожекенің жүрегі езіліп, қамығып кетеді. Қайта айналып осы балаларымды көре аламын ба, көре алмаймын ба? деп қатты уайымдайды. Түрмеге барғанда «Балам-ау!» деген күйі дүниеге келеді.

Қожеке бабамыздың бір жақсы қара аты болған екен. Күйші ел ішінде сауық-сайран құрып, сал-серілік жасаған кезінде үнемі осы қара атын мініп жүреді екен. Қожекені шеріктер ұстап, оны айдап кеткен кезде мама ағашта байлаулы қалған қара аты ширығып, маманы шырайналып жерді тарпи беріпті. Қара атының бұл жағдайын кейін естіген Қожеке «Тарпу» деген күйін шығарады.

Қожеке ұлықтарға: «Мен керуен тонағаным жоқ, жігіттерімнің бары рас, бірақ біз ондай лас тірлікпен, қарақшылықпен ешқашан айналысқан емеспіз» дегеніне сенбей оны тергеуін, қинауын жалғастыра берген. Бірақ кінәсіз, батыр Қожеке жалған жаланы мойнына алғысы келмейді.

Сахараның кең төсінде әнші-жыршыларды бастап, сауық-сайранның ұйтқысы, сал серісі болып жүрген өнер саңлағының нақақтан нақақ қолға алынуы оңайға түссін бе? Қожеке рухани жақтан азаптанып, қатты қайғырады. Ойы сан-саққа жүйткіген бір кездерінде күйші өзінің көңіл күйін бейнелеп «Зар» деген күйін шертеді. Отбасын, балаларын қатты сағынып «Балаларыма» деген күйін шығарады.

Қожеке күйлерінің ішінде мұң мен зар, аяныш пен күйініш, сарынындағы күйлері недәуір салмақты ұстайды. Бұл күйлер көбінесе өзінің нақақ қолға алынуы, азаптануы түрінде шығарылып, елге таралып кеткен. Мысалы, «Қолға алынар алдында» атты күйінде өзінің қайғы шегіп, қан жұтып, рухани азапта жүргендігін домбыра тілімен әңгімелеп береді. Бұл тек қана Қожекенің зар-мұңы емес, дүйім жұрттың әділетсіз қоғамнан көрген тепкісі мен езгісі көрініс табады. Күйдің ырғақтары бірде бебеу қағып зарлап келіп, бірде сең соққан балықтай тына қалады. Бірде қайта өршіп тулаған жүректің дүрсіліндей ыза-кек сарындары өрши түседі. Бұл күйлермен күйші өзінің қолға алынар алдында көңіл-күйін тыңдармандарына өте айқын жеткізе білген.

Құдайменде төре Қожекені түрмеден кепілмен алып шыққан

– Қожеке зерттеушілердің айтуына қарағанда Рабат төре Қожекені кепілмен алып шыққан делінеді.

– Сен айтып отырған дерек, аталарымның айтқаны мен архивтегі тарихи материалдарда жазылған дерекке сәйкес келмейді. Өйткені тарихи материалда Қожекені кепілдікпен алып шыққан Рабат төре емес, оның әкесі Құдайменде төре екені анық жазылған. Көп адамдар әкесі мен баласының орнын ауыстырып айтып бергендіктен зерттеушілер Құдайменде төренің орнына, баласын жазып жіберген. Мысалы, Шынжаңда шыққан «Күй толқыны» деген кітапта «Қожекені түрмеден Рабат төре мен Мамырбек төре алып шыққан» деп жазылып кеткен. Бірақ олардың төрелік істеп тұрған кезімен, Құдайменде төренің қызмет істеген кезеңі сәйкес келмейді. Құдайменде қызай елінің төресі болған адам ғой. Жаңа айттым, Қожеке Құдайменде төремен ең алғаш Бұраталада жүргенде танысқанын.

Патшалық Ресей үкіметі Чиң үкіметінің қатаң талабы бойынша Іле аймағын Чиң патшалығына қайтарып беруге келіседі. Сонымен екі патшалықтың билік өкілдері 1881-жылы шілде айында Санк-Петербург қаласында «Чиң-Ресей Іле шартына» қол қояды. 1882-жылы олар және «Чиң-Ресей Іле шекара келісіміне» қол қою арқылы өздерінің Іле жөніндегі дау-дамайын заңды түрде аяқтаған болады. Бірақ Іле аймағындағы Ресейге қатысты қоғамдық проблемалар түбегейлі шешіле қоймайды. Себебі, патшалық Ресей Ілеге билік жүргізген он жыл ішінде бұл өңірдің біраз халқын Ресей азаматтығына өткізіп үлгіреді. Сонымен 1881 жылдан бастап Іле халқының Ресейге қарай көшу толқыны басталады. Жетісуға қарай көшкендердің көбі тараншылар мен дүнгендер болады, арасында азын-аулақ қазақтар болды.

Чиң патшалығы Іле өңірін патшалық Ресейден біржолата өткізіп алғаннан кейін Құдайменде төре, Сасан, Биеке билердің қостауымен Іле генералы Чин Шүнге қызай елін Іле өңіріне қоныстандыру туралы өтініш хатын жазып кіргізеді. «1882 жылы Қызай – Самадан төре Құдаймендемен Сасан, Бәйеке, Боқаш болыс қатарлылар Іле генералы Чин Шүнге тарту-таралғы әкеліп, қызайдың Іле генерал мекемесіне қарасты екенін, генерал мекемесінің заң-жарлығана, тәртіп-түзіміне толық бойсынатындығын білдіре келіп: «Қызай Сама деген көшпенді елміз, кең қоныс, малға жайлы жайылыс іздеп келген едік, Бұратала бізге тарлық етті. Біз тобымызды жазбай бір беткей бір өлкеде болуды қалап отырмыз, бұл – елдің талабы. Қызай Сама қазір 4-5 мың түтіннен асты, сондықтан, Ілені мекен етсек, ірге тасымызды Ілеге қаласақ» – деген талапты қояды» (Қ.Берікбайұлы. «Қызай». «Іле тарихи материалдары» 7-сан. 196-бет. Құлжа) делінген. Генерал оларды жылы қабылдап, Қас, Күнес, Текес өңіріндегі иен жерлерге көшіп барып, қоныстануына рұқсатын береді. Сонымен «1883-жылы қызай елі Құдайменде төренің, Сасан мен Бәйеке билердің бастауымен Іле өңіріне келіп қоныстанады. Тарихи деректерде 1883-жылдың өзінде үш мың үйлі ел келіп қоныстанды» (Ж.Мырзақанұлы. «Қазақ халқы және оның салт-санасы». 352-бет. Үрімжі) делінеді.

Құдайменде төре досы Қожекенің жаламен түрмеде отырғанын біле тұрса да, бірақ оны ақтап алуға дәрменсіз болады. Ол Қожекенің өлтірілетіндігін білген соң, ең болмағанда біраз күнге кепілмен алып шығып, бала-шағасымен, ел-жұртымен кездестірейін деген ойға келеді. Құдайменде Күредегі ұлыққа барып, керуен тонағандарды бір жылға дейін өзі тауып беретін болып, Қожекені кепілмен босатуды сұрайды. Ұлықтар Құдайменде төренің ел ішіндегі беделіне құрметпен қарап, Қожекені бір жылға емес, бір айға ғана рұқсатын береді. Құдайменде төре Қожекені алып кету үшін  түрмеге барады. Екі дос қолындағы домбырасымен құшақ айқастырып амандасады. Қожеке сонда отыра қалып, «Өз қолым» деген күйін шығарады.

Құдайменде төре Қожекені Текеске апарып үй-іш, бала-шағасымен кезіктіреді. Біраз уақыт Қожеке елінде болады. Кейін Құдайменде төре өз ауылына алып барады, Таңбалы жайлауында ұлан асыр той жасайды. Елінің игі жақсыларын жинап Қожекеге күй шерткізеді. Қазіргі тілмен айтқанда Құдайменде төре Қожекенің шығармашылық кешін жайлау үстінде өткізіп береді.

– Мұны адамгершіліктің, парасаттылықтың, достықтың шыңы демесімізге қақымыз жоқ қой.

– Әрине, солай. Жарықтық Құдайменде төре ұлы іс істеген. Құдайменде Қожекенің ұлықтар тарапынан өлім жазасына кесілгенін білгенмен, мұны Қожекеге айта алмай қатты қиналады. Ақыр болмаған соң Құдайменде оған жанамалай, астарлай айтып ұғындырады.

Қожеке жанашыр ағайын, жолдастардың әңгіме сарындарынан, олардың жүріс-тұрыс, мінездерінен өз өмірінің өшкіндеп бара жатқанын сезіне бастайды. Сол арада домбырасын қолына алып бір күй шертеді. Күйдің үнінен, ырғағынан жарық дүние емес, қара түнек басқан әділетсіз дүниенің қоясын ақтарғандай болады. Бір қара бұлт басына төніп, алай-дүлей соққан дауыл жер-әлемнің астан-кестеңін шығарады. Найзағайдың шатырлаған даусы үдеп, аққан жасын дүниені төңкеріп, өртеп тастағандай болады. Күйдің соңы аса зарлы, қайшылықты ырғақпен аяқтайды. Күйдің мазмұндық, сарындық, ерекшелігі басқа күйлерінен әлде қайда жоғары болады. Күй тартылып болып, домбыраның үні өшкенде Қожеке бағанадан бері ауыр ойда отырған жұртқа қарап: «Менің ісім оңына айналған жоқ, кері кетіп барады. Бұлар маған бостандық бермек тұрмақ, тірі қалдырмайтын түрі бар. Мына күйдің аты «Кер толғау» болсын», – дейді. Қожекенің сөзін тыңдап отырған дүйім жұрт көздеріне еріксіз жас алып, күңіреніп кетеді. Одан басқа халықтың Қожекеге араша болар мүмкіндігі де, амалы да жоқ еді.

Қожекені тас көмірдің шоғымен қарып қинаған

– Күренің ұлығы Кожекені қанша азаптап оны ақтан тайдыра алмаған соң, әйелін алып келіп түрмеде тергеген дейді ғой.

– Қожеке бабамыздың тоқалы Торғын деген әжеміз дулаттың қызы екен, әжемізді бір жастан енді ғана асқан баласының барына қарамай Күреге апарып тергеген. Түрменің шеріктері әжеміздің екі бармағынан, екі омырауынан тесіп аспаққа асып қойып қинаған. Тергеуші: «Қожекенің керуенді тонағанын сен білетін шығарсың, білсең айт?», – деп сұрақ қойғанда, Торғын әжеміз: «Сенің маған істеп отырған осы қылығыңды, қазір үйіңде отырған әйелің мен бала-шағаң біліп отыр ма? Ердің тірлігі түзде, әйелдің тірлігі үйде деген, егер Қожеке керуенді тонап келсе, оның сыбысын естіген болар едік, ендігі бір затын көретін едік. Тонап алып келген дүниесін көргеніміз жоқ. Оның не істеп жүргенін біз қайдан білейік. Қожекені сен менен артық білмейсің. Ол – қарақшылық, тонаушылық секілді жаман істермен ешқашан айналысқан жан емес. Қожекенің өзі де, мен де шындықты айтып едік, бәрібір сенбей отырсыңдар», – дегенде, тергеуші сөзден жеңіліп Торғын әжемізді босатқан екен. Торғын әжеміз кейін өз ажалымен қайтыс болыпты.

Ал Қожеке бабамыз: «Аққа құдай жақ. Түбінде шындық ашылмай қоймайды. Бұлар мені жазықсыз жазалай қоймас», – дегеннен бір танбайды. Бірақ олар «сен шындықты айтпадың, бәрін жасырдың» деп, қып-қызыл тас көмір шоғымен денесін қарып қинаған. Осы азаптауларды бейнелейтін «Түрмедегі қинау», «Тас көмір шоғымен қинау» күйлерін шығарады. Күйлердің ырғақ, сарындарында өзіндік ерекшеліктер бар. Бұл күйлер басталуынан аяқталуына дейінгі ерекше күшті екпін – ыза мен кектің өршіген тасқыны, ескі қоғамға жаудырған лағнеттің дауылы сияқты.

Қатыгез ұлық Қожекені, кінәсіз адамды осылай өлімге қияды. Оның қазасын еліне естіртуде оңайға түспеген. Ауыл ақсақалдары бұл ауыр қазаны алдымен күйшінің үй-ішіне естіртіп әйеліне қара жабады. Одан қалың ел-жұрты бұл қазадан хабар тауып жан-жақтан ағылып келіп, Қожеке ауылы мұң мен зарға белшесінен батады. Осы кезде Қожекенің қызы Қаныкей домбырасын қолына алып, зарлы күйді домбыраның екі ішегінен төгіп-төгіп жібереді. Содан кейін бұл күй «Қаныкейдің жоқтауы» аталған. Күйшінің өнерпаз, өжет, батыр баласы Нұрқа әкесін жоқтап іркес-тіркес екі күйін шығарады. Бұл екі күйді жұрт Нұрқаның «Жоқтау-1», «Жоқтау-2» күйі деп атап шертіп жүр.

– Құдайменде төренің Қожекені өлімнен арашалай алмай қалуының себебі неде деп ойлайсыз?

– Чиң патшалығы – Манжур ақ сүйектері құрған және үстемдік еткен феодалдық патышалық ел еді ғой. Чиң патшалығының үстемдігіне, зорлық-зомбылығына қарсы көтерілістер Шынжаңның әр жерінде тұтанып жатты. 1864-жылы Қашқар аймағының Күшар ауданынан көтерілген диқандар көтерілісінің ұшқыны Іле, Тарбағатай және Үрімжіні шарпып, төңкерістің оты тұтанады. Бұл көтеріліс күшейе келіп, кең көлемдегі бұқаралық төңкеріске айналып кетеді. Чиң патшалығы төңкерісті аямай бастырамын деп, бұл өңірдің қоғамдық-саяси жағдайын одан бетер қиындатып жіберді. 1864-1866 жылдары болған төңкеріске Іле өңіріндегі қазақтар да белсенді араласады. «1864 жылы Іле генералы Миң Шүй әскерін шоғырландырып қамалға шабуыл жасаушылармен қатты соғысып жатқан тұста, «қазақ атты әскерлермен бірлескен он мыңдай қол, қорғанның ту сыртынан шабуыл жасағанда, Чиң патшалығының әскерлерінің өлігі төбе болып үйіліп қалып жатты» делінген деректер негізсіз емес сияқты» (М.Мұқаметханұлы. «Қытайдағы қазақтың қоғамдық тарихы». 85-б. Алматы) делінген. Іле өңіріндегі әр ұлт халқының жұмыла күрес жасауының нәтижесінде, төңкеріс 1866-жылы наурыз айында жеңіске жетеді. Құлжада Іле сұлтандығы құрылады, билік тараншы феодалдарының қолына өтеді.

Іле сұлтандығы он жылдай билік жүргізгеннен кейін, патышалық Ресей Тазабек оқиғасын сылтау етіп, 1871-жылы Ілеге соғыс ашып, Іле сұлтандығын құлатады. Патшалық Ресей Жетісу мен Ілені қосып басқарып, он жылдан аса үстемдік жүргізеді. Алайда қайта күшейген Чиң патшалығы Ресейге қысым көрсетуімен орыстар Ілені қайтарып беруге мәжбүр болады. Іле генерал мекемесі билікке келгеннен кейін Күре қаласын қайта сала бастайды.

Жиырма жылға жалғасқан осы аумалы-төкпелі, аласапыран заман Чин патшалығының Шынжаңдағы әр ұлт халқына деген сенімін жоғалтады. Жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан билікке қарсы көтеріліс болып, Іледегі генерал мекемесі күйреді, ал билікке келген Іле сұлтандығы патшалық Ресейдің Іле өңірін жаулап алуына жол ашты деп санайды.

1884-жылы Чиң патшалығы Шынжаң өлкесін құрып, бұрынғы әскери әкімшілік жүйемен басқарудан үкіметтік әкімшілік жүйемен басқаруға бет бұрады. Алайда, қазақтар жиі қоныстанған Іле мен Тарбағатайды басқаруды Іле генерал мекемесінің құзырына қалдырады. Іле генералы мекемесінің басқаратын жер көлемі тек Іле мен Тарбағатай аймақтарымен шектелуіне қарамастан, Іле генералы Бейжіңдегі орталыққа тікелей бағынатын мәртебеге қол жеткізеді. Ел арасында тәртіпсіздіктер, қылмысты істер орын алып, олардың үстінен ұлыққа арыз-шағым түсіп жатса, оны дер кезінде орталыққа мәлімдеп отырған. Оның ақ-қарасын тексеріп, анықтайтын жергілікті билік адамдары болмаған. Соның кесірінен Қожеке бабамыз жазықсыз тұтқындалып, нақақтан нақақ өлім жазасына кесілген. Сол себептен де Құдайменде төре Қожекеге араша түсе алмай қалған болуы мүмкін.

– Бабаңыз Қожекенің сүйегі қай жерге жерлеген?

– Қожеке бабамыз қайтыс болғаннан кейін сол маңайдағы тараншылар жаназасын шығарып, Күредегі Жамбұлақ бейітіне жерлепті. Ұрпақтарынан Тұрсынғазы, Ахметжан (Шаңия), Шұғай деген аталарым білуші еді, ол кісілердің бәрі қайтыс болып кетті. Қазір біз Жамбұлақ бейітінің қай жерде екенін де білмейміз. Қожекемен бірге ұстап кеткен молда Ыбырайымды да ұлықтар қинап өлтірген. Ол кісінің де мәйітін сол жерге жерлеген екен.

– Бабаңыздың кінәсіз екені қай кезде анықталған?

– Марқұм Қожекенің жылдық асы өткеннен кейін Дәркенбай деген баукеспе ұрыдан керуеншілердің ертоқымы, тоналған мата-шекпендері табылыпты. Сол кезде тағы біреулер Нұрқаның үстінен Күредегі ұлыққа арыз жазып жөнелтеді. Арызда: «Нұрқа керуенді кімнің тонағанын біліп қойды, ол енді әкесі мен ағасының кегін алмай қоймайды. Сіз Қожекені өлтіргеніңізбен Нұрқаны өлтірмесеңіз Қожекені өлтірмегенмен бірдей, енді ол бүлік шығарып, сізді тағыңыздан тайдырады», – делінген. Осыдан үрейленген Күренің ұлығы, Нұрқаның келетінін алдын ала біліп, оған қастандық жасаудың айла-шарасын ойластырып қояды.

Нұрқа әкесінің жанында жүрген жігіттерінің бірі Қырбас ағасын ертіп Күре жамбылына барады. Олар барғанда ұлықтар Нұрқаның асты-үстіне түсіп жақсы қарсы алады. Нұрқа ұлыққа әкесінің кінәсіз екенін, нақақ өлтірілгенін айтып, Қожекені ақтап, нағыз қарақшыны ұстап, қатаң жазалауын талап етеді. Ұлық: «Егер сіз айтқандай күдіктілер табылып жатса, біз шерік жіберіп оны ұстаймыз. Оны қатаң жазаға тартатын боламыз. Сіз ауылыңызға алаңсыз қайта беріңіз», – деп, Нұрқаның үзенгісіне жасырын у жаққызып, оның иығынан қағып аттандырып салады. Күреден аттанып кеткен Нұрқа мен Қырбас Шапшалдың қара даласынан ендей өтіп, Үйсін тауының Әулие шоқысыннан асып бара жатқанда Нұрқа: «Қырбас аға! Бір жақ аяғым ұйып, денем жанып барады. Бір жамандықтың болғанын сезіп тұрмын», – дейді, Қырбас Нұрқаны аттан түсіріп, етігін шешіп қараса, бір аяғы санына дейін қарайып кетеді. Нұрқаның бүкіл денесіне у жайлып кеткендіктен, ол қайта атқа міне алмай, сол жерде көз жұмады. Қырбақ бауыры Нұрқадан осылай қапыда айырылып қалады. «Ой, бауырым!» дап, еңіреп жылайды. Қырбас Нұрқаның мәйітін атына өңгеріп, бір атты жетектеп Құштайға алып келген екен.

Сол аралықта әлгі Дәркенбай деген баукеспе ұры із жасырып, патшалық Ресейге қарасты Жетісуға қашып өтіп кетеді. Ал ұлықтар біз анықтаймыз, табамыз, оны құрықтаймыз деп жалған уәде біріп, Нұрқаны осылай мерт қылады.

Сол баяғы Қожекені көре алмағандардың кесірінен Қожекенің өзі, досы молда Ыбырайым және баласы Нұрқаның өміріне балта шабады. Бұдан артық трагедия бар ма?!

Тазабек Саурық және ақын Шалтабай Қожекенің жақын туысы

– Қожеке күйші туралы әңгіме болғаннан кейін, оның жақын бауырлары Саурық пен Тазабек туралы бір ауыз сөз айтпай кетсек, ол кісілердің аруағы ренжитін шығар.

– Қожеке бабамыз шығысқа қоныс аударып кеткеннен кейін, Жетісуды жаулаған орыстар алдымен шұрайлы, құнарлы жерлерді иемденіп қалалар сала бастайды. Патшалық Ресей казак-орыстарды көшіріп алып келіп, оларды қазақ жерінде әскери тірек жасау мақсатында қоныстандырады. Колпаковский қалайда Жетісуды орысқа түбегейлі алып беру саясатын ұстанады. «Жетісуда жер мол, оған ие болатын орыс керек» деген секілді дақпырт бүкіл патшалық Ресейге таралады. Бұл дақпыртты естіген орыстар өз еркімен Жетісуға ағыла бастайды. Бұлар қазақтың, қырғыздың жайлы жеріне баса-көктеп кіріп қоныстана бастайды. Егістік жерлердің жақсысын күштеп тартып алады. Жер-судан айрылған, өрісі тарайған қазақ кедейленіп, келімсектерге малай бола бастайды. Қазақтың саудагері, байы, бұқарасы шаруасынан айрылып, азып-тозады. Алғашында жалғыз арбамен қаңғырып келген мұжықтар (мужик) Жетісуға келіп өзін өктем санап, мінез көрсетіп, қазақ шаруаларын қанауға, қанын соруға өтеді. Осының бәрі қордалана келіп Жетісудағы қазақтардың патшалық Ресейге деген кегін өршітеді.

1860-жылдың күзінде Әлмерек абыздың Жәнібек баласынан тарайтын Бәйсейіттің шөбересі Тазабек (Әлмірек, Жәнібек, Бәйсейіт, Қонысбай, Пұсырман, Тазабек) және сол Әлмеректің Құрман баласынан  тарайтын Қараның шөбелегі Саурық, Қоңырбөріктің биі Бәшша, батыры Бөден, Айт Қалыбектен шыққан ерен батыр Жетен бастап патшалық Ресейдің отаршылық және зұлымдық, өктемдігіне қарсы көтеріліс жасайды. Бірақ муздай қаруланған отаршыларды жеңу оларға оңайға түспейді.

Отаршылдардан жерін қорғай алмағанымен, елін аман сақтап қалуды мақсат еткен Саурық 1862-жылдың көктемінде елін бастап, малын айдап Текестің Шиліөзегі мен Суасу деген жеріне барып қоныстанады. Саурыққа еріп көшкендер Албанның Айт-Бозым, Алжан, Сегізсары рулары және Бұғы қырғызы болады. Чиң патшалығының жергілікті билігі оларды кері қайтармақшы болады, бірақ Саурық батыр оған көнбей, көшіп келуінің себебін түсіндіріп оларды бұл райынан қайтарады.

Чиң патшалығының 1862-жылы мамырдың 27-28 күндері жазылған деректерінде: «Қазақтың ру басы Саурық ойраттар жайлауынан жасырынып өтіп келіп мал бағып жүріпті. Одан олардың келу жөнін сұрағанымзда ол былай деді: «Біз жеті атамыздан бері ұлы мәртебелі патшаның жеріне мал бағып келгенімізге міне 140 жылдан асты. Шамамыз келгенше ат тарту етіп, бейбіт өмір сүріп келген едік. Бүгінгі күні орыстар біздің отырған жерімізді өзінікі санап, бізді қысып жатыр. Оның үстіне Абылайдың баласы Тезек келіп, біздің ол жерімізді орыстардікі, сендер орыстарға бағынышты боласыңдар деп бізге қысым жасады. Біз оның айтқанына көнбедік. Сонымен қарауылдың ішіне қарай көшіп келдік. Осы жолы көшіп келгендер үш рудың қазақтары екендігін, оның бірі Айт-Бозым руы, екінші бірі Алжан руы және бірі Сегізсары руы екенін айтады» (Н.Мұқаметханұлы. «Қытайдағы қазақтың қоғамдық тарихы», 84-б. Алматы) – дейді. Саурық батырдың бұл сөзінен Қожеке бабамыз көшіп кеткеннен кейін патшалық Ресейдің қазақ даласын отарлау әрекетінің қаншалықты зұлымдықпен жүргізілгендігін білу қиын емес. Сондай-ақ, Саурық батыр бастаған көштің біреудің жеріне емес, өздерінің ата-бабаларының ежелгі өрісі, қонысына көшіп барғанын айтуға болады.

Саурық, Бөден, Жетен батырлар 1864-1866 жылдардағы Іледегі жалпы халықтық сипат алған ұлт-азаттық көтеріліске белсенді қатысып, Чиң патышалығының ұлттық езгісіне қарсы күрес жүргізеді. Қалмақтарды қазақ арасынан қудалап, Жұлдызға дейін апарып тастайды.

Бөден батыр Іле, Қас, Күнестегі албандар Чиң патшалығының көрсеткен нұсқауы бойынша Текеске жинала бастаған кезде Қайтыс болыпты.

Тазабек батыр мен Саурық батырдың басын қоспау үшін Колпаковский отызға тарта казак-орыс әскерін Ілеге жасырын аттандырып, Саурықты Текестің Суасуында жатқан жерінде қолға түсіреді. Жанында қырғыз Балбай деген досы болады. Шеріктер екеуін байлап-матап Алматыға (Верныйға) алып кетіп, «абақтыда өлді» қылып көзін құртады.

Ал Тазабек бастаған мың үй 1871-жылы көшіпті. Тұтас қазақтың қотарыла көшуінен секем алған, патшалық Ресейдің Жетісудағы қолбасшы генералы Колпаковский Құлжа маңайына әскер аттандырып, тараншыға тап береді. Іле сұлтаны Әлихан әскері сақадай сайланып, орыстың алдын тосады. Орыс Әлиханға елші жіберіп, Тазабекті және ол бастап кеткен қазақтарды қайта көшіріп беруді талап етеді, ал Әлихан: «Жасырын келіп ұстап кеткен Саурықты қайтарып бер?», – дейді. Екі жақ келісімге келе алмайды, орыс ызаланып қатты тулайды. Ол жолғы шайқаста Әлихан орысты жеңіп, бірталай адамын өлтіріп, әскерінің тоз-тозын шығарады. Колпаковский қайта күш жинап, Құлжаға аттанады. Іленің екі жағын жағалай өрлеп, орыстың көп әскері жүреді. Колпаковский өзі де осы жорықтың басы-қасында болады. Орыстың өте күшті жорығына шыдамай, Әлихан тізе бүгеді, тараншылар Тазабекті ұстап Колпаковскийдің қолына береді.

Саурықтың інісі Шалтабай ақынды да орыстар ұстайды. Тазабекті орыс түрмеде қинап өлтіреді. Ал Шалтабайды он жылға соттап Сібірге айдайды.

Қожеке күйшінің ұрпақтары қазір 100 үйден асты

– Қожекенің өз кіндігінен тараған ұрпақтары қазір қаншаға жетті?

– Қожекенің өз кіндігінен тараған ұрпақ қазір жүз үйдей болдық.

– Қожекенің ұрпағынан қанша күйші шықты?

– Қожекенің Нұрқа, Рақыш және «Көкшегір» атанып кеткен Қаныкей деген қызы шебер, мықты күйші болған. Олар әкесінің күйін шертумен бірге өздері де күй шығарған. Ал Қожекенің немересі Шаңия мықты күйші болған адам. Бұл кісінің азан шақырып қойған аты Ахметжан. Құлжадан келген ұйғыр шаңиялар (шаңия – мәнсап аты) Ахметжан атамыздың үйіне түсіп аттанады екен. Сол шаңиялар бұл кісіні «Шаңия ака, Шаңия ака» деп жүріп, Шаңия атандырып жіберіпі. Ахметжан атамыз 1982-жылы қайтыс болды. Одан кейін Тұрсынғазы Рақышұлы деген күйші болған, бұл әкеміз 2012-жылы өмірден өтті. Мұратбек Рақышұлы да ерекше күйші болған, ол 1978-жылы қайтыс болды. Ал Орынқан Рақышұлы да шебер күйші, қазір 89 жаста, Іленің Текес ауданында тұрады. Қожекенің кенже баласы Батталғазының Қасымқан (менің әкемнің бірге туған бауыры) деген әкеміз өте мықты күйші болған екен, өкінішке қарай ол кісі 27 жасында қайтыс болып кетіпті.

Одан бері келсек, Ахметжан атамыздың Жайырбек Ахметжанұлы деген мықты күйші баласы бар, қазір Текестің Шолақтерек ауылында тұрады. Рақыштың немересі Дәулетбек Әділқанұлы деген күйші бар, қазір Алматы қаласының Думан ықшам ауданында тұрады, мамандығы мұғалім. Ал менің балам Мәлік Тілеубердіұлы күйші, қазір Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылында тұрады. Кожеке күйлерін жақсы шертеді. Енді Рақыш атамыздың немересі Нұртуған Тұрсынғазы деген күйші бар. Ол қазір Шынжаңның Текес ауданында тұрады, Көкемнің (Қожекенің ұрпақтары ол кісіні Көке деп атаймыз) күйлерін жақсы тартады. Қожекенің шөбересі Оқап Құдайбергенұлы мен Ақиқат Құдайбергенұлы (Құдайберген Кенжеақынұлының балалары) да күй тартады. Ақиқат қазір Текес ауданы Қайынды малшаруашылық қыстағының негісі саты қызметкері.

– Өнер зерттеуші ғалым, профессор, марқұм Ақселеу Сейдімбек: «Қытай жерінде, Шынжаң өңірінде Қожеке Назарұлы деген әйгілі күйші өткен. Қазақстанның шығыс өңіріндегі күйшілік мектептің өкілі ретінде Қожекенің дарын тегеуріні Құрманғазы, Тәттімбет сияқты ұлы күйшілермен өрелес» деп баға беріп кеткен екен.

– Күй өнерін зерттеуші, ғалым Ақселеу Сейдімбек Қожеке бабамыздың күйшілік өнерін өте жоғары бағалаған. Әр өңірдің өмір салтына, тіршілігіне, табиғатына қарай қалыптасқан күйшілердің шыққаны рас. «Жетісу күйшілік» мектебінің қалыптасуына, дамуына орасан үлес қосқандардың бірі, бірегейі – Кожеке Назарұлы екені ақиқат. Қожеке бабамыз ел аралап, жер шалып босқа көшіп-қонып жүрмеген. Жетісудан бастау алып, қиырдағы Алтай мен Ертіс, Тарбағатай мен Еміл, Бұратала мен Сайрам көл, Іле мен Текес өңіріне «Жетісу күйшілік» өнерінің ұрығын сеуіп, шуағын шашқан. Қожеке күйлері елдің сарқылмас рухани қазынасына айналып кеткен. Сол себептен де халық Қожекенің күйлерін дамылсыз күмбірлетіп, біздің заманымызға дейін жалғастырып келді. Қожеке күйлерін бар ынтасын салып үйреніп, жұртқа таратушылардың бәрін Қожекенің шәкірттері деп айтуға қақылымыз. Олардың арасында Қожеке күйлерін шерте жүріп, одан үлгі, өнеге алу арқылы өздері де  күй шығарып, танымал күйші болғандар бар.

Қожеке күйлерінің нәзік тетіктерін толық меңгеріп, шебер орындайтын  шәкірттері кезінде саусақпен санарлықтай болды. Айтар болсақ, Рақыш Қожекеұлы, Әшім Дүңшіұлы, Мазақ ақылақшы, қырғыз Асанәлі, Әтіқан Исаұлы, Дәулет Мазақұлы, Омарқан Керімқұлұлы. Олар әйгілі ұстазы Қожекенің 100-ден астам күйлерін шебер игеріп, жұртқа кеңінен таратып отырған.

Рақыш Қожекеұлы, Әшім Дүңшіұлы, қырғыз Асанәлі үшеуі 1950-жылы Қытай Халық Республикасының құрылғандығының бір жылдығына орай Құлжада өткізілген күйшілер фестиваліне қатысады. Осы жарыста Рақыш бас жүлдені қанжығасына байлайды.

1955-жылы Құлжада өткізілген күйшілер жарысында бозбала жігіт Омарқан Керімқұлұлы Қожекенің күйлерін орындап, жеңімпаз атанады. Ал бүгінде Омарқан ақсақал Қожеке күйлерін халыққа жеткізуші, негізгі мұрагердің біріне айналды

Қожекені зерттеу, күйлерін жинау, оны жәй нотаға түсіру жұмыстары Шынжаңда 1982 жылы қолға алынды. Қожеке күйлерін шерткендер – Дәулет Мазақұлы, Жұлықбай Қасенұлы, Тұрсынғазы Рақышұлы, Ахметжан Рақышұлы, Орынқан Рақышұлы, Әлімақын Нұрдәулетұлы, Шамғұн Жүнісбекұлы, Әкима Досмырзаұлы, Тоқан Орманханұлы, Нұрынбай Сүллейменұлы, Тұрсынжан Пәзілқанұлы, Құрманжан Зікірияұлы және басқалар. Ал ел аралап, Қожеке күйлерін үнтаспаға түсіріп жинағандар – Текес аудандық Мәдениет мекемесінің қызметкері Әкима Досмырзаұлы, Дүйсенбек Тұрлықожаұлы мен Жұлықбай Қасенұлы болды.

Шынжаң жастар-өрендер баспасы қазақ бөлімінің басшысы, белгілі жазушы, баспагер Тәліпбай Қабаев Үрімжіден Текес ауданына арнайы келіп, он шақты күн жатып, Қожекенің күйлерін нотаға түсіргізеді. Күйлерді жәй нотаға түсірген Әкима Досмырзаұлы, ал оның редакциясын қараған Баяқын Әлімбекұлы. Тарихшы-этнограф Әблез Шәріпұлы Қожекенің өмірі мен күйлері туралы алғашқы зерттеу мақаласын жазды. Бұл игі шаруаға Текес ауданының әкімі Қызайжан Сейілқожаұлы, аудандық Мәдениет мекемесінің басшысы, күйші Дәулет Мазақұлы қолдау көрсетті. Бұл еңбек Тәліпбай Қабаевтың редакторлығымен Шынжаң жастар-өрендер баспасынан «Күй толқыны» деген атпен 1984-жылы жарық көрді. Аталған кітапқа 50-ге тарта күй енгізілген, оның 40 тан астамы Қожеке бабамыздың күйі, қалғандары ұрпақтарының күйі.

Ал бабамыздың туған жері, тәуелсіз Қазақстанда Қожекені зерттеу, оның күйлерін нотаға түсіру жұмысы 1992-жылдан бастап қолға алыныпты. Қожеке күйлерін орындаушылардың бірі, күйші Омарқан Керімқұлұлы ағамыздың шертуімен нотаға түсіріп, зерттеу жүргізген Өнертану ғылымының кандидаты, Жетісу күйлерін зерттеген ғалым әрі күйші Базарәлі Мүптекеев (бұл екі күйші де марқұм болып кетті) және мәдениеттанушы, ғалым Сағатбек Медеубекұлы қостаған ғалымдар Қожеке күйлерінің Қазақстанда шертілуіне, зерттеуіне кең жол ашқан. «Жетісу күйлері» деген кітапқа Қожекенің біраз күйлерін енгізген.

Қазір Қожеке күйлерін шертіп, зерттеп жүргендер Ержан Жаменкеев, Бауыржан Бекмұхаметов, Бақытқан Жұмакәдір, Талғат Ораз қатарлы күйшілер. Ал Қожекенің өмірін, тарихын жаңа қырынан зерттеп жүргендер – мәдениеттанушы, ғалым Сағатбек Медеубекұлы, Қытайтанушы, ғалым Дукен Мәсімханұлы, жазушы-этнограф Нұрлан Сәрсенбаев, жазушы Тұрымбек Қасенұлы, мәдениеттанушы Ертай Жомартұлы, журналист Әлімжан Әшімұлы, Ш.Уалиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері Рашит Оразов. Биылғы 200 жылдық мерейтойын атап өтуге бастама көтеріп жүргендер – Алматы Ұлттық Медициналық колледжінің директоры Тасболат Қырғызбайұлы, «Парыз» халықаралық қоғамдық қорының директоры, журналист Кенже Оразайұлы.

Биыл күйші бабамыздың туғанына 200 жыл толып отыр. Осыған орай Қазақстанда дүбірлі мәдени іс-шаралар қолға алынып жатыр. Қожеке бабамыздың өмірі мен күйлері туралы тың зерттеулер жазылып, еңбектері жинақталып, күйлері нотаға түсіріліп, жеке-жеке кітап болып жарық көретін болады. Бұл мәдени іс-шараны ұйымдастырып, оған қолдау көрсетіп отырған елдің іші-сыртындағы азаматтар мен азаматшаларға айтар алғысымыз шексіз!

Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

0 пікір