Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4658 0 пікір 23 Сәуір, 2013 сағат 05:53

Әбіл-Серік Әліәкбар. Думан Рамазан және постмодернизм (жалғасы)

(Жазушының «Көш» жинағы хақында)

...Фантастиакалық емес, фантастиканың сатирамен өрілген көркемдік аңысы - «О дүниедегі кездесуде» қаламгердің өзіндік көркемдік ізденісі болып табылады. Оқиғаға ерек рең беретіні оқиғаның бұ дүниеде емес, о дүниеде өтуі: о дүние туралы жазылған Дантенің туындысының әлемдік әдебиеттегі орны қандай болса, проза тілімен төгілте жазған Думан Рамазанның тарапынан жасалған көркемдік-жанрлық ізденістердің қазақ постмодернизмнің ескі мотивті жаңғырта сомдауының қандай дәрежеде шығармашылықпен игере білгендігінен сыр шертеді.

(Жазушының «Көш» жинағы хақында)

...Фантастиакалық емес, фантастиканың сатирамен өрілген көркемдік аңысы - «О дүниедегі кездесуде» қаламгердің өзіндік көркемдік ізденісі болып табылады. Оқиғаға ерек рең беретіні оқиғаның бұ дүниеде емес, о дүниеде өтуі: о дүние туралы жазылған Дантенің туындысының әлемдік әдебиеттегі орны қандай болса, проза тілімен төгілте жазған Думан Рамазанның тарапынан жасалған көркемдік-жанрлық ізденістердің қазақ постмодернизмнің ескі мотивті жаңғырта сомдауының қандай дәрежеде шығармашылықпен игере білгендігінен сыр шертеді.

О дүниедегі тергеуге алыну енді фантастикалық шындық ретінде реалданып, проза тілімен өріліп былайша өрнектеледі: «Содан соң ажал періштелері Сәззәт сабаздың жанын алуға жерге қайтып оралды. Екі дүниенің ортасында есі бір кіріп, бір шығып есеңгіреп жатса да, бәрін сезіп-біліп жатыр. Бас жағына келіп жайғасқан Әзірейілге көзін сығырайтып, жалынышты кейіппен қарайды».  Кейіпкерінің о дүниеде тергелуін ирониямен, сатиралық  сипатта құлдырата сипаттауы «Жеттіңдер ме»сөзіне стилистикалық реңк беру арқылы автор өзінің алдына қойған мақсатына жете алған. Шынайы өмірлік ситуацияны о дүниелік ахуалмен шебер ұштастыру Думанның өзіне тән реалистік стилінен  Сәззәт Сұрлашов мырзаның тергеуге алынуы арқылы былайша беріледі: «Содан соң ажал періштелері Сәззәт сабаздың жанын алуға жерге қайтып оралды. Екі дүниенің ортасында есі бір кіріп, бір шығып есеңгіреп жатса да, бәрін сезіп-біліп жатыр. Бас жағына келіп жайғасқан Әзірейілге көзін сығырайтып, жалынышты кейіппен қарайды.

- Жеттіңдер ме? - деді күбір етіп.

Әзірейіл дауысын көтере:

- Әй, сұмырай жан. Сен Құдайдың қаһарына ұшырап, наразылығына қалдың. Енді есеп берер сәт туды. Кәне, бермен шық! - деді жекіріп.

Жан шыққысы келмей, еріген қорғасындай денеге жайылып, жабыса түсті. Оған Әзірейіл бастаған жаналғыш періштелер «шық та шықтың» астына алып, дөң-айбат көрсетіп, қоқан-лоққы жасап бақты. Амалы құрып, кеудеден жылжып жұтқыншаққа тірелгенде, Сәззәттың жаны көзіне көрініп, өзімен-өзі арпалысқа түсті.

Әзірейіл оның жанын ерік-ырқына қоймай, шырқыратып көмекейінен суырып алды. Түсі көмірдей қап-қара. Жер мен көктегі періштелердің бәрі оған лағынет жаудырып жатты. Көктегі қақпалар тарс жабылды. Қас қағым сәтте-ақ періштелер Сәззәттың жанын алдын ала дайындалған қара кенеп қапқа салып, мықтап орап тастады. Одан шіріген жұмыртқанікіндей сасық иіс шығып, жер-дүниені алып кетті.

- Бұл сұмпайы жан кімдікі? - деп сұрайды періштелер.

- Бұл - Сәззәт Сұрлашовтың жаны, - дейді Әзірейіл оларға.

Көктегі қақпалардың есігі тегіс жабылып қалғандықтан, ажал періштелері оны жеті қат жердің астына апарып тықты. Жан мәйіттің жамбасы жерге тигенше түпсіз шыңыраудағы суық сызды тар қапаста қамауда болады»(41-бет).

Постмодернистік ағымның бір мысалы - көптеген шығармаларда кейіпкердің екіге бөлініп кетуі, өзін-өзі басқа қырынан көруі, түс көріп, түсінен бір оқиға туындатып алып, оның өзі аяқталмай жатуы, бір ойға берілуі, түсінде ұмытылып кеткен қарсыласымен кездесіп, арпалысып, қайтадан бүгінгі өмірге келуі немесе басқа жерде оянуы деген сияқты нәрселер жазылады. Бір тақырыпты әр қырынан жазуға болады. «Бүгінгі заманда бәрі жазылып бітті, ескірді. Енді қайталай береміз бе?» деген сұрақтар туындауы мүмкін. Ол тағы да айналып келгенде, таланттың тапшылығының белгісі. Академик Веселовский: «Эпикалық шығармалардағы сюжеттің 36-ақ түрі бар. Соны әртүрлі етіп құбылтып жаза беруге болады», - деген. Бұл сөздің қаншалықты шын екенін білмеймін, бірақ белгілі бір дәрежеде өмірдің бір шындығының ұшқыны жатқаны сөзсіз. Шығарманы тым қарабайырлық пен жадағайлық, жадаулықпен шектемеген дұрыс. Туындыгер ізденіп, қызықты оқиғаларды біріктіре білуі керек деп ойлаймын. «Қаламгерлердің арасында жақсы шығарма жазып жүргендер аз емес. Менімен қатарлас прозашылар бір-біріне мүлде ұқсамайды. Әрқайсысының деңгей, дәрежесі бар. Көркемдіктің шарттарын жақсы игерген. Өмірдің шындығы көркемдікпен бейнеленген деп айтуға болады»,  - дейді Нұрдәулет Ақыш.

Батыс Еуропа және орыс прозасында  «өзге әлем» бір түрлі тылсымданып берілсе, Думан Рамазанда тап біз өмір сүріп отырған дәуірдегі қарапайым тіршілік сияқты періштелердің жауап алуы суреттеледі.

Осы сәт Сүйсен ақсақал жатқан көрдің іші кеңейіп, самаладай жарқырап сала берді. Ал Сәззәт шал жатқан қабір тарылып, төрт жақтан бірдей қусырып қыса бастады. Жаншып-жаныштап, сай сүйегін сырқыратып-ақ барады. Қабір азабының осылай боларын жер басып тірі жүргенде қайдан білсін, әйтпесе күнәға белшесінен батпас еді ғой.

«Бір кезде Алла періштелерге:

- Менің екі құлымды жер бетіне әкеліңдер! Мен оларды топырақтан жараттым, енді одан шығарамын! - деді.

Періштелер Жаратушы жаппар иенің айтқанын екі етсін бе, Сәззәт пен Сүйсен ақсақалдың жанын алып келіп, денелеріне қайта қосты. Құдайдың құдіретімен екеуі қайта тіріліп, бәз-баяғы қалыптарына келді. Сол сол-ақ екен, Әңкүр мен Мәңкүр алдымен Сүйсен ақсақалға келіп, жайдары жүзбен сұрақтар қойып, жауап ала бастады.

- Сенің Раббың кім? - деді екеуі қосанжарласып.

- Менің Раббым - Алла, - деді ақсақал.

- Дінің қандай?

- Дінім - ислам... Алланың құлы, Мұхаммедтің үмметімін.

- Қандай қайырымды іс қылдың?

- Алланың кітабын оқыдым, оған иман келтірдім және сендім.

Осы кезде көктен:

- Менің сүйген құлым шынын айтты. Оған жұмақтың мамығынан төсек салыңдар, жәннаттың киімін киіндіріңдер! Жұмақтың қақпасын ашып қойыңдар! - деген ашық-жарқын дауыс естілді»(42-бет).

Міне, қаламгер тәлімгерлікпен, ұлттық ділімізге сай Алланың сүйген құлының бұрын поэзиялық діни қиссаларда сөз болған сюжеттін енді проза тілінде мөлдіретіп, жағымды персонажының «фантастикалық бейнесін» кескіндесе, мына бір мәтін үзігінде ұлтының жек көретін әлеуметтік тобына жататын атқамінерлердің ұсқынсыз келбетін «фантастикалық гратескілейді» .

«Сүйсенді жайлы жерге жайғастырған соң, періштелер Сәззәттің қабіріне қайтып оралып, қатулы кейіпте сұрақтар қойып, жауап ала бастады.

- Сенің Раббың кім?

- Аа... Не дейсің?!. Түк ұқсам бұйырмасын!..

- Дінің қандай?

- Діншіл емеспін, десе де, өзімді мұсылманмын деп санаймын.

- Сендерге жіберілген адам туралы не білесің?

- Ештеңе білмеймін... Жұмбақтамай дұрыстап айтсаңдаршы!.. Кімді айтып тұрсыңдар, өзі?..

Сол кезде көктен:

- Ол дұрыс жауап бермеді. Оған оттан төсек салыңдар, алдынан тозақтың қақпаларын ашып қойыңдар! - деген қатқыл дауыс естілді.

Сәззәт сабаздың сұры қашып кетті. Құтырған қасқырдай көздері алақтап, тозақтан қалай құтылудың айла-амалын ойлай бастады. Сол сәт оның алдына алба-жұлба киінген, үстінен сасық иіс мүңкіген, сұрықсыз біреу келіп:

- Мен саған жамандық хабар әкелдім. Ол күн саған уәде етілген, - деді түсін суытып.

- Құдай жолыңды қылмағыр, сен кімсің өзі, неғылған жансың? Түріңнен адам шошиды ғой! - деді Сәззәт шал күйіп-пісіп.

- Мен өзіңнің зұлым істеріңмін. Сені қашанда теріс жолдан, қылмыс әлемінен көрдім. Кінә мен күнә жасағаныңда қасыңда тұрдым. Бәрін де өз көзіммен көріп, өз құлағыммен естідім. Енді міне, Жаратушы жаппар иеміз сенің сол күнәларың үшін лайықты үкім кесті. Қолыңмен істегеніңді мойныңмен көтеретін, соған сай жазаланатын сәт туды. Құдай істеген жамандықтарыңның бәрін өз басыңа келтіреді, - деді әлгі сұқытсыз сұстиып.

- Сен не көкіп тұрсың, мен ешқандай қылмыс жасағаным жоқ, күнәға да батқан жерім жоқ, - деді бетпақтанып. - Қандай дәлел-дәйегің бар? Неткен пәлеқор жансың?

- Дәлел-дәйек жеткілікті... Сенің қандай күнә жасап, нендей қылмыс істегеніңнің бәрі жіпке тізіліп, шотталып-қатталып қойылған. Құдай бәрін көріп-біліп тұрады. Сен өзің сияқты пенделерді алдауың мүмкін, тіпті болмаса сатып алуың мүмкін, ал Құдайды алдай алмайсың!.. Кез келген адамның жасаған жақсылығы да, жамандығы да еш уақытта із-түзсіз жоғалып кетпейді. Екі дүниенің бірінде иесін іздеп табады.

- Мен не істеппін, қандай күнә жасаппын?!. - деді Сәззәт бетбақтырмай.

- О... онда оқы мынаны. - Ол оның қолына қара кенеппен қапталған амал дәптерін ұстатты. «Бәрібір қылмысымның үстінен түскен жоқсың, қалай дәлелдейсің?!» дегендей, Сәззат сабазың сасар емес. Демін ішіне тартып, жаймен парақтай бастады. Орта тұсынан бір бетін ашып, көз жүгіртті.

«Сәззәт 01.08.1995 жылы ауыл әкімі боп тұрған кезде бір күнде үш мәрте жер сатып, үш мәрте күнәға батты. Алғашқысынан он бес мың доллар, екіншісінен жиырма бес мың доллар, үшіншісінен елу мың доллар қалтасына басты.

Ертесінде тағы да үш мәрте жер сатты. Бұл жолы сотықтап емес, гектарлап сатты. Алғашқысынан бес жүз мың, екіншісінен алты жүз мың, үшіншісінен жеті жүз мың долларды шытырлатып санап алды. Ақшаға құныққаны соншалық, бұл күнәһар осылай Құдайдың құтты күні жер сатумен айналысты. Сол түскен пайданы өз қажетінше жаратты. Арам ақшаны аясын ба, облыс әкіміне пара беріп, аудан әкімінің орынтағын бір миллион долларға сатып алды.

Аудан әкімі бола салып, жер саудасын одан әрі қыздырды. Ақша не істетпейді, хан сарайындай үй салдырды, неше түрлі қымбат көліктер мінді. Қарауындағы қыз-қырқынды төсегіне сүйреледі, көнбегендерін есебін тауып, жұмыстан шығарып жіберді. Кәмелетке жасы толмаған өрімдей жас қыздарды зорлауды әдетке айналдырды. Қаракөз есімді он екіде бір гүлі ашылмаған он жеті жасар қыз баланы көмекшілері арқылы саяжайына шақырып алып, жалынып-жалбарынғанына, жылап-сықтағанына қарамай, зорлады. Қыздың әке-шешесі сотқа беріп еді, судьяның аузын майлап, құтылып кетті. Шарасыз қыз зар еңіреп қала берді. Ал Жайна есімді гүлдей жайнаған он сегіз жасар қызды кешке жақын өз кеңсесінде зорлады. Оған да ақша беріп, аузын жаптырды. Ал өзінің туған балдызы Күнсаяны... »(43-44-беттер)

М.Көпейұлындағы надан бидің бүгінгі бейнесі мүлде жаңа қырынан қаламгерге тән стилистикалық өзгешелікпен сипатталады. Осылайша ұлт діни түсінігіндегі «қабір азабы» ескі мен жаңаны жалғай отырып оқырман назарына ұсынылады.

Жоғарыда айтылған ойларды бір арнаға тоғыстыра отырып айтарымыз, Думан Рамазанда жұмақ пен тозақтың антиномиясы ұлттық архетиптердің бойына қан жүгірте отырып берілгендігін байқаймыз.

Екі түрлі дүние, бұ дүниенің қызығын о дүиненің қызығына айырбастау мен айырбастамау мәселесін автор қалай шешті. Өз оқырманымен қандай ойын ойнады, міне осы жағына назар салатын болсақ, онда қоңыртөбел үйде тұрып, қоңырқай тірлік кешкен Сүйсен Сабаев ақсақал мен хан сарайындай үйде тұратын Сәззәт Сұрлашов мырзаның тағдыр-талайын пернелей беру арқылы «қоңыр» түспен «С» әрпіне акцент түсіріп,  өмірдің баянсыздығы туралы алаштың мәңгілік сарынын жаңа қырынан ұғындырады. Әріптік ойын дегенде айтармыз: автордың кейіпкерлерінің бәрі «С» әріпінен басталатын ат пен текке ие болып келеді.

«Психоанализ бүгінгі әдебиетті тым ауырлатып жіберген, - деді Асекең, сөзін сабақтап - Психоанализ әдебиетке емес, әдебиет психоанализге қызмет ете бастаған сияқты. Кейде әдебиет философия болғысы, кейде таза ғылым болғысы келетін сияқты. Сондай әсер қалдырады. Әдебиет скепсистен бұзылған. Ойымша, әдебиет әлсін-әлсін байырғы, мөлдір көне бастауларға қайтып барып отыруы керек. Адасқанда, шаршағанда. Осы жеткен тәжірибемен, біліммен сол мәжүси заманға барып, түлеп қайтып отыруы керек (Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр// Таласбек  Әсемқұлов Ақтөбе газеті 12 сәуір 2012).

Т.С. Элиоттың "Гомерден басталған Еуропа әдебиетін, ондағы барша ұлттық әдебиеттерді қоса алғанда бір мезетте бір ғана әдеби қатар түзер еді" деген жалпыға белгілі сәтті ой түйіндеуі қазақ әдебиетіндегі түркілік, исламдық және ұлттық әдебиет тарихындағы туындыларға қатысты пайымдау жасауымызға мүмкіндік береді. Қазіргі және оған дейінгі туындылардың бойында «өткен дәуірдің өз атын мәңгілікке таңбалаған түркі ақындарының» өлмес туындыларының сілемі танылады. Себебі, қаламгер тек туындысын жазып қана қоймайды, сонымен бірге оқиды. Өзіне дейінгі түркі, ислам және қазақ ойшылдарының тәжірибесін саналы және санасыздықпен игереді, өзінше қорытады да, шығармашылық шабыт сәтінде өз шығармасының бойынан орын береді. Осылайша, алаштың рухани мәдениеті қаламгерлеріміз тарапынан түрліше айшықталады да нәтижесінде өнер синтезі өмірге келді.

Қарап отырсақ, қазақ әдебиетіне жаңадан қосылған толқындар мен буындарда синтез саналы түрде мақсатты қолданыс туып отырғандығын байқаймыз. Біз бұған Тыныштықбек Әбдікәкімов пен Азамат Тасқараның поэзиясын оқыған кезде айқын көз жеткіземіз. Осылайша «сыни мәдениет» (Вяч. Иванов термині - курссив менікі - Ә.Ә.Ә.) біржақты шындық пен қатысты құндылықтарды шығармашылық тінінің өзегіне айналдыру жолында қаламгерлер арасындағы бәскелестік дәуірін тудырып отыр.  Көркем және философиялық  "рух" пен "табиғилықтың" бірігіп кетуі бұрынғы  бес енеден белгілі жанрлық шектің жағалауын шайып кетті.

«Жаңа рух» поэзия мен прозаны мүлдем жақындастырып, стилистикалық жолмен коллаждандырып, «математикалық тілмен» төгілтіп, барлық «таңқалдырушылықтың» шексіз мүмкіндігін қазақ оқырманына ұсынып отырған жайы бар. Бұл біріншіден, екіншіден, «синтез» қазіргі әдеби дәуірдің «шығармашылық бәсекелестіктің» көрігін қыздыра түсті. Кезінде, Гюстав Флобер  "Заманалық мәдениет нәжіске малтығуда. Руссо, Шатобриан мен Ламартиндерден мұраға қалған ескі сәндегі аз қандылықтан адаланып, барлығымыз темірге көшуіміз керек», "Сайқымазақтардың тобыры!  Өздерін реалист, натуралист, импрессионист деп атаушылар менен аулақ" деп ақыра үн қатқан дәуір қазақ әдебиетінің басына да туды.

Қазіргі қазақ әдебиетінде басқа өмір, басқа жыр. Эстетикалық құндылықтар өзгерістке ұшырады. Қазақ постмодернизмінің прометейі Т.Әбдікәкімовтің жырымен кестелесек, «ұлттың бағалы қос тұнығы: тілі мен қызының етегі ашылған заман». Реализмнің қозғаушы күші болған "Детерминизм ажал құшып, мыңдаған дінмен бірге көрге көмілді" де, оның орнына "бойында әлдебір фантастикалығы бар, бейреалды және бейболмыс, әлдебір бейқуатты" оғаш персонаждар өмірге келді.  Өмір біз ойлағаннан мүлде өзгеше болып түрленді, қазақ оқырманы қанша жерден шынайы өмір оқиғасын күткенімен олардың орнына бейреалды туындылар легін қанағат тұтуға тура келді.

Ендігі жердегі қазақ әдебиетінің сипаты "Фантастикалық реалдылық", "Реалды фантастикалыққа" айналды. Бұл бағытқа бет алуымыз ХХ ғасырдың соңында қылаң беріп, қазір жаппай  үрдіске айналды. Реалист жазушылардың өзі «мақтап отырып даттайтын» стилистикалық амал-тәсілдері арқылы постмодернист атанып отырғандарын аңғармай да қалды.  Осының бәрі постмодернизмнің «реализмнің шекпенінен» шығып отырғандығын еш ұмытпауымыз керек.

Жаңа мифтің, жаңа  синтездің гуманистік бастау көзі қазақ модерндік әдебиетінің жаңа дәуірге адам өмірінің мәнсіздігі мен адамат баласы тіршілігінің символдануын танытатын постмодернге ауажайылмай өткендігін танытады. Сондықтан бұл бағытта өзін танытқандар бірден атақты қаламгер атанып шыға келсе, оған таңданудың еш реті жоқ.

Т.С. Элиот бұл турасында Джойстың "Улиссі" жайында: "мифті пайдалану арқылы заманалық пен бағзылықтың арасына тұрақты байланыс орнатып, не аз, не көп деңгейдегі азғынданған қазіргі заманға бақылау жасаудың, тәртіпке келтірудің формасына жүгіну" деген ойы бүгін өз өзектілігін жойған жоқ.

Қазақ прозасында үш түрлі миф туындыгерлігі өмірге келді. Оның біріншісі  - С.Сейфуллин, С.Ерубаевтар т.б. өмірге әкелген социалистік мифтуындыгерлігі, екіншісі - Ә.Кекілбаев, М.Мағауин т.б. модерндік мифтуындыгерлігі, ең соңғысы - М.Шаханов, А.Алтай, Д.Рамазан т.б. постмодерндік миф туындыгерлігі. Сонымен 1980 жылдардың соңынан бастап, қазақ әдебиетінде миф туындыгерлігінің екі бағыты модерндік және постмодерндік ілкі нышан бірінің бойында бірі жарыса өмірге келді. Модерндік миф хаосты кескіндеу формасы мен ұйымдастырудың амал-тәсілі болып табылады. Оны экзистенциалдық кейіпкерлердің: отар елдің зиялысының «ішкі фантазиясы» және коммунистік режимге қызмет еткендердің «ақталмайтын қылмыстарын» әлдебір заңдылық арқылы мәдениеттанушылық мәртебеге көтереді.

Қазақ ілкі прозалық модернінің түп төркінде «абсурдты әлем» идеясы, Құдайсыз әлем идеологиясы жатқанымен оның мәйегі болған ұлттық миф постмодердік "антироман" соцреализмге қарама-қарсы алаштық реализмге бастап алып келді. Думан Рамазан осы көштің ту басында тұруымен ерекшеленеді. Біз бұл мақаламызда қаламгердің осы жинаққа енген барлық әңгімелерін емес, өзіміз оның қаламгерлік келбетін ашады-ау деген төрт әңгімесіне ғана тоқталдық. Думан Рамазан бергенінен берері көп, үнемі ұлт әдебиетіндегі соны да, жаңашыл әдеби ізденістердің бел ортасында жүретін санаулы жазушыларымыздың бірі. Біз соның кейбір тұстарына ғана шағын әдеби-теориялық барлау ғана жасай алдық.

 

Әбіл-Серік Әбілқасымұлы Әліәкбар,

әдебиеттанушы.

(Соңы)

Abai.kz

 

0 пікір