Сейсенбі, 14 Мамыр 2024
Жаңалықтар 5381 0 пікір 19 Сәуір, 2013 сағат 08:53

Данияр Саламат. Қазақ киносы: ... Әрине, мүмкін емес!

Кейінгі екі-үш жыл көпшілік «Сыр елі - жыр елі» деп тамсанатын Қызылорданы мекен еткен жайым бар. Шығармашылыққа ептеген қатысымыз болғандықтан қарашаңырақ «Қазақфильмді» іздеп, маңып Алматыға, кейде кәсіптің жібі шиеленгенде шешуін сұрап, тентіреп, одан ары пәрмені бел алып тұрған елордамыз - Астанаға жол тартатыным бар. Көбіне бұтартарым - пойыз.

 

 

«Қазақ киносы Ұлт руханиятын өркендетуге қызмет етуі тиіс».

Нұрсұлтан Назарбаев.

Қалаберді, оқыс шешім шығарып, пойыз­ға билет таба алмасам, автобусқа отыра салам. Қайтсем де жол - ұзақ, қол - бос. Мұндайда әрине, жыбырлаған жан көңіл аулар ермек іздейді. Менің ермегім - кітап. Ешқандай да тіршіліктің пәр­мені жүрмес осы бір байыз сағат­та­рын алаң­сыз оқуға арнаймын. Менен бас­қа да жұртқа ермек керек әрине, бәрі бір­дей кітап­ты жүк қылып көтеріп жүреді дей­мі­сіз?

Кейінгі екі-үш жыл көпшілік «Сыр елі - жыр елі» деп тамсанатын Қызылорданы мекен еткен жайым бар. Шығармашылыққа ептеген қатысымыз болғандықтан қарашаңырақ «Қазақфильмді» іздеп, маңып Алматыға, кейде кәсіптің жібі шиеленгенде шешуін сұрап, тентіреп, одан ары пәрмені бел алып тұрған елордамыз - Астанаға жол тартатыным бар. Көбіне бұтартарым - пойыз.

 

 

«Қазақ киносы Ұлт руханиятын өркендетуге қызмет етуі тиіс».

Нұрсұлтан Назарбаев.

Қалаберді, оқыс шешім шығарып, пойыз­ға билет таба алмасам, автобусқа отыра салам. Қайтсем де жол - ұзақ, қол - бос. Мұндайда әрине, жыбырлаған жан көңіл аулар ермек іздейді. Менің ермегім - кітап. Ешқандай да тіршіліктің пәр­мені жүрмес осы бір байыз сағат­та­рын алаң­сыз оқуға арнаймын. Менен бас­қа да жұртқа ермек керек әрине, бәрі бір­дей кітап­ты жүк қылып көтеріп жүреді дей­мі­сіз?

Ондайда жұмсақ автобустың иесі са­лонда екі жерден орнатылған бейне­қон­дырғыны жарқ еткізіп қосып, ұзақ-шұ­бақ таусылып болмайтын орыс телехи­кая­ларының бірін қосып бере салады. Бітті, көрсең де көресің, көрмесең де кө­ре­сің. Автобус жүргіншілерінің дені - жастар болып келеді. Сол сәтте олар ты­пыр­шуларын доғарып, экранға телміре қалысады. Тек артқы орындықтың бірінде отырған, алыс Қазалыдан кірелеп келіп, Алматыдағы баласына кетіп бара жатқан ақжаулықты апам ғана: «Әй, балам, қа­зақ­ша ештеңе жоқ па-ей» деп қалады.

Ешкім үн қатпайды салонда. Бәрінің көзі экранда. Кернейлетіп басталып жат­қан сериалда. Кіріп кетердей. Менің ішім қылпылдап, иненің ұшында отыр­ғандай күй кешем. Апам «қазақша бір­деңе» сұ­рап, әлгі сөзін тағы қайталап қой­­маса екен деймін. Әгәрәкім, қайтала­са, айнала «көрермендерден»сөз естіп, көңілі қай­тып қалады-ау деп жаным шығады.

Себебі, салонда отырған қазақтарға қа­зақша ештеңе керегі жоқ екені бай­қалып тұратын еді. Тек, апама ғана ке­рек... сосын маған керек... боп шы­ға­мыз.

Мен өзіме керекті «қазақша бір­деңе­ге» тояттамаққа қолымдағы кітаптың мұ­­қаба бетіне үңілемін: «Асқар Сүлей­менов». «Адасқақ». Кітаптың бетін аудармас бұрын апама қараймын, байқұс апам отырған күйі қырын аунап, ұйқыға ыңғайланып жатады...

Содан кітапқа бас қоямын десем - өті­рік. Көзім кітап жазуларында, ойым сан-саққа андыздайды. Неге мына балалар апаммен қосылып шопырдан «қаза­қ­­ша бірдеңе» сұрап, ділгір салмады дей­мін. Неге сүлесоқ, неге мәнжубас дей­­мін... Не­ге сонша басқа тілде, жат діл­де ойын көр­сетіп жатқан әртістердің қимылына ар­балып, елти қойды деймін... Неге... не­ге... Сұрақ көп... Сосын оларға жауап із­д­еймін...

Көпшілік қауымға мәлім әрине, электрондық-ақпараттық үрдіс бел алған тоқсаныншы жылдар өзінің экономика­лық қиыншылықтарымен ғана еңсені езіп қоймай, рухани дүниелерді де шет қағып, қоқыс асыруына мәжбүр етті. Бір қоғам­дық формациядан екінші қоғамдық жаңа жүйеге өткен өлара кезеңде ше­караның жыртығынан жел улеп, мәдени экспансия кеңірдектен алғаны да сол жылдар болатын. Шет жұрттан шекара асып кел­ген (әсіресе, голливуд­тық) әсіре­қызыл, жарқ-жұрқ көз алдар киноөнім­дер жұртшылықтың көңілін жаулап алды. Қай үйге барсаң да «видигінің» алдында жантайып жатып алып «боевик» көрген жұ­мыс­сыз кәрі-жасты көресіз. Анда да «видик», мында да «видик». Жұрт кітап оқуды мүлдем қойған. Әсіресе, бұл үрдіс әлі санасы қалыптаспаған жастарымызды ен даладағы алапат құйындай тез үйіріп әкетті. Жастар өзінің тарихынан, әдет ғұрпынан, мінезінен, болмысынан алыстай бастады. Сөзі де өзгерді жас­тар­дың. Көңілдері шаттанса «пәлі», «мә-ә-ә» демейді, тіпті, «шикарно»деп те айтпайды, «уоу» деп жіберетін болған әмі­­­риканшылап. Ал ренжісе, сізден алыс­тай береді де, ортан терегін тік шошайтып аспанға қадай салады, бол­ды, жер боп қалдыңыз. Кинодан көрген.

...Сосын жиырма жыл өтті. Заман түзелді. Әлгі шаттанғанда «уоу» деп салатын ұрпақ сол қалпы кітап бетін ашқан жоқ. Кітап бетінде өрнектелген замана бейнесі, түрлі ұлттық белгілер, тұрмыс, ишара (жест), ұлтымызға ғана тән типтік ерекшелікке ие образдар қалды солай жас өскініміздің көкірегіне көшпей, рухын байытпай жұқа-қалың мұқабаның астында қамалып.

Сол ұрпақ, міне, ат жалын тартып мі­ніп, арасынан кітап жазатын жазушы шық­паса да, кино түсіруге талпынғандары, рухани өмірге септігін тигізуде қазір... Тек... кейіпкері сол, ренжігенде ортан те­регін тік шошайтып аспанға қадап жүр...
Өйткені, бұл ұрпақтың көргені сол, түй­гені сол, тоқығаны сол. Ал қазақ әде­бие­ті қасірет пен қасиетті, тағдыр мен та­ғылымды, мол характерді, алуан мінезді, айшықты өмір мен талайлы тұр­мысты бауырына қысқан бойы бүк түсіп жатқан күйі шетте қалды, оның қазыналы бауырын ақтаруға ниет еткен режиссер болса, қанекей?

Қазақ әдебиеті - сөз жоқ, қазақ жан дүниесінің айнасы және баға жетпес рухани қазынасы!

Ең алғашқы қазақ прозасы деп ба­ғаланған Спандияр Көбеевтің 1913 жылы Қазанда басылған «Қалың мал» ро­манының жарияланғанына да жүз жылдың жүзі болыпты. Содан бері қазақ жазба өнері толқын-толқын, лек-легімен келген тұлғаларға кенде болған емес. 1920-30 жылдары алғашқы қазақ прозасының тастұғырын шегендеген Ж.Аймауытов, Б.Майлин, С.Сейфуллиндермен құйрық тіс­тескен С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұс­тафин, Ә.Әбішевтер толқыны ірге­ні бекітсе, 40-50 жылдары әдебиетте өз қолтаңбасын қалдырған: Т.Ахтанов, СШай­мерденов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Нұр­шайықов, т.б. желдіріп әкетті. Одан кейін 50-60 жылы келген топ: Ә.Кекілбаев, Ш.Мұртаза, М.Мағауин, Қ.Ысқақов, Ә.Тарази, А.Сүлейменов, С.Мұратбеков, Р.Тоқ­таров... 60-70 жылдар: К.Сегізбаев, Т.Әбдіков, О.Бөкей, Д.Исабеков, Қ.Мұ­қа­м­бетқалиев, Д.Досжан, Қ.Найманбай... 70-80 жылдар: М.Байғұтов, Т.Нұрма­ғанбетов, С.Елубай, С.Балғабаев, Б.Мұ­қай, Ж.Шаштайұлы... 80-90 жылдар: Н.Ораз, А.Алтай, Ж.Шағатай, Ж.Қор­ғасбек, Т.Кеңесбай... көп қой...тіпті тізе берсең қағаз да жетпес. Бүгінде ресми деректерге сүйенсек, Жазушылар одағының жеті жүзге тарта мүшесі бар екен. Оның жетпісін іріктеп алған күннің өзінде де, сол іріктеліп алынған жазушылар жеті-жетіден сүбелі туындыны ұрпа­ғына аманат етіп қалдырды деген күннің өзін­де де, қандай қазына-көмбенің үс­тінде отырған болып шығамыз! Керемет қой?

Ал қазақтың ұлттық киносын өрге сүйреймін деген жан (жарайды, жас деп шүйлікпей-ақ қояйық), режиссер осы қазынаны аттап өтіп өнер тудыруы мүмкін бе? Осы қазынада бедерленген бейнелерді түйсінбей, сезінбей, оны өзі енді экранда сомдаған кейіпкерінің кеудесіне қондырмай, бар білгенімен дүмбілез дүние жасап, көрерменінің, ұлт­тың жан дүниесіндегі этнокодына әс­ер етуі мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес!

Барлап қарасаңыз, осы уақытқа дейін жұртшылықтың ықыласынан тыс қалмай, қазақпен бірге жасап келе жатқан фильмдеріміздің бәрінің дерлік әдеби негізі бар екен. Айтарымызға дәлел болуы үшін тізе кетейік: «Қыз Жібек» (режиссері С.Қожықов) Ғ.Мүсі­реповтің нұсқалауымен фильм аттас эпостың; «Менің атым Қожа» фильмі (режиссері А.Қарсақбаев) Б.Соқ­пақ­баевтың повесінің; «Көксерек» фильмі (режиссері Т.Өкеев) М.Әуезовтің повес­інің; «Гаухартас» фильмі ( режиссері Ш.Бейсембаев) Д.Исабековтің повесі; «Өтелмеген парыз» (режиссері С.Жар­мұ­ха­медов) Т.Әбдіковтің повесі; «Сұрапыл Сұржекей» фильмі (режиссері Д.Манабай) С.Елубай романы; «Жансебіл» (режиссері А. Шәжімбай) Ж. Қорғасбектің әңгімесі; «Батыр Баян» (режиссері С.Тәуе­кел) М.Жұмабаевтың поэмасы; «Көзімнің қарасы» (режиссері С.Нарымбетов) С. Нарымбетовтың шығармалары, т.б. бойынша түсірілді.

Бұған қарап жақсы фильм дегеніміз - тек әдеби шығарманы экранизациялау деген жаңсақ пікір тумаса керек-ті. Біздің айтпағымыз: Әдебиет - Ұлттану оқулығы! Әуелі ұлтымызды танып алып, сосын кинокамераның құлағынан алғанымыз дұрыс-ау.

Орыстың атақты театр реформаторы, теоретигі К.С.Станиславскийдің әйгілі жүйесінде «кейіпкержандылық өнері» және «кейіпкерсындылық өнері» деген терминдер бар. Қазақ киносын­дағы жасалып жатқан көп дүниелер осы анықтаманың соңғысы іспеттес. Қандай ұлттық кейіпкер болсын образының ішіне ендеп кіре алмайды, тек сырт бей­несін кейіптейді. Ханы «хан сынды», қа­расы «қара сынды», баласы «бала сынды», да­насы «дана сынды». Жан жоқ. Характер жоқ. Түйсіну жоқ. Себебі, бұл бей­не­лер (ұлттық бейнелер) авторға (режиссерге) таныс емес. Сырт келбеті ғана елес береді. Онда да бірлі-жарым орыстілді авторлардың түсірілім, жазба картиналары арқылы ғана. Сол арқылы долбарлап кейіптей береді. Тарихи фильм болса, алқа-қотан отырғызып, ке­ңес құр­ғызады, атқа мінгізеді, қымыз ішкі­зеді, қамшы қысып, сақалдарын саумалатып, ыңы­ран­тып кеңес бастат­қыза­ды. Қайыра-қайта аттарын кісінеткізіп, қыздарын жарқабаққа отырғызып ән салдырады. Заманауи фильм жасаса, тіпті сорақы, тіп­ті мемлекетіңді, ұлтыңды танымай дү­дәмал күй кешесіз.

Ж.Аймауытовтың «Күнекейдің жазы­ғы» атты повесін еске түсірейікші. Сон­да­ғы қазақ қоғамы. Тұрмысы. Танымы. Етіңізге жақын көйлек, жаныңызға жа­қын кейіпкерлер міне, сонда. Сондағы жалғыз қызының ұзатылу тойына жалғыз қой таба алмағанында шаруасы жоқ, бар тірлікті еті тірі әйеліне итеріп салып, кеш­кі астан кейін от басында омалып қалған Күнекейдің қамсыз әкесі мен ынжық ағасының бейнелері мен Б.Соқпақбаев­тың «Балалық шаққа саяхат» повесіндегі жалқау, шала сауатты әкенің образының бояуы қандай қанық!

М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопея­сындағы кесек-кесек образдарды былай қойғанда, қиянпұрыс Қиясбайдың бейнесі қандай? Ұлттық типаждар ғой бұлар. Бұл бейнелер неге бүгінгі қазақ киноларында бедерленбеген? Бұл мінез ғой? Мінезсіз шынайы (ұлттық) бейне туа ма? Болмаса, «Қартқожақ» повесіндегі «көн шалбары құйрығына қатқан, таң атпай бүрсеңдеп, күзгі жабағы жүні қа­лып кеткен тоқтыдай сыйрағы сыйдиған» ба­ла молда бейнесі ше? Ғаламат сурет емес пе? Бұл суретті қашан танитын боламыз? Болмаса, мұрнынан сорасы ағып, отбасына күншілік жерден боранға ұшып дән тасыған әкесінің бейнесі ше? Бұл әкенің ғана емес, заманның бейнесі емес пе? Бұларды танымай, қалай қазақ­ты тануға болады? Қалай халқымыздың қасіретін тануға болады? Осыларды алдымен өз көкірегімізге қотарып алмай, киномыздағы ұлттық кейіпкерлеріміздің көкіректеріне жан құя аламыз ба?

Ал С.Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамит» әңгімесіндегі ен даладағы екеудің жан алысып, жан берісіп, шайнасып төбелескенін оқыған қазақ режиссері американ киноларындағы трюктерге менсінбей қарарына мен бәс тігем.
Ғ. Мүсіреповтің «Этнографиялық әңгі­ме­сіндегі» иерархиялық сипат ше? Мұны оқыған адам (суреткер, режиссер) төре­лер­ді алқа-қотан отырғызып қойып, күңірентіп кеңес құрғызар ма еді?

М.Мағауиннің («Аласапыран», «Көкмұ­нар», «Көкбалақ», «Тазының өлімін» айтпа­ғанда) «Тұлымханның бақытындағы» ақ­жарма, сәл бұйығы, адал Тұлымхан бей­­несі ше? «Қара қызындағы» қазақ әйе­лінің образы ше? Бұлар неге (осы тип­тес дегенім) қазақ киносында жоқ?

Ә.Кекілбайдың «Автомобиль» повес­індегі («Шыңырау», «Күйші» хикаяттарын атамағанда) аңғал шопырдың бейнесі ше?

Айта берсе көп әрине, бірді айтып, бір­ге кетуіміз мүмкін. Негізгісі: қазақ әде­­биетіндегі қатталған, сұрыпталған, жоғарыда біз бетін қалқып, шет жағасын ғана шалған типтік бейнелер галереясын жоғалтуымыз - Ұлтымызды жоғалтумен бірдей! Ол бейнелер кинотуындыларда бояуын көшірмей көрініс табуға тиісті. Себебі түсінікті әрине, ұлттық киноөнімі бейнелерінің ұлттық бояуы қанық болмай, туынды ұлттық дүние деп танылмайды. Ал жас ұрпақ өзінің типтік бейне­ле­рін танымай, ұлтын танымайды! Ке­йіп­­керін сүймей, елін сүймейді! Ең бас­тысы, сенің бейнең осы деп айнадан жат біреудің түрін көрсетіп ұрпағымызды алдап, адас­тырмайық, тентіретіп тоздыр­ма­йық!
Әлем киносындағы мойны озық, шығармалардың да дені әдеби негізге ие, ұлттық колоритке бай.

А.Тарковский орыстың ғана емес, шеберлігімен, өзіндік қолтаңбасымен әлемді мойындатқан режиссер екендігіне ешкімнің дауы жоқ болар. Кино сан түрлі өнердің синтезі дегенді мойындағысы келмей, кинотуындының өзіндік тілін із­деп, шарқ ұрған ғұлама «Уақыттың таң­ба­лануы» деп аталатын киноның жүйесіне не­гізделген еркін еңбек жазды. Бұл ең­бегінде автор кино өнерін әдебиеттен де, театрдан да, живописьтен де, музыкадан да азат, дербес өнер ретінде қа­рас­тырып, соңында мүмкін кино өнері - уақыттың ес­те қалуы - таңбалануы бо­­лар деген ой тастайды. А.Тарковский ол ойының дәлелі ретінде осыдан жүз жылдан аса уақыт бұрын түсірілген ағайынды Люмьерлердің «Пойыздың келуі» картинасын мысал қылады. Ешқан­дай боямасыз, ойынсыз, шындыққа негізделу ар­қылы ғана эффект берер картина. Яғни мұндағы негіз - шынайы­лықта. Тарихи бояу­да. Бүгінгі күн ертең тарихқа айналады. Ал біздің бояуы­мыз­дың түсі қандай? Біз уақытты таң­ба­лап жүрміз бе, жоқ, әлде арзан водевиль құрап, тарихтың бетін шимайлап жүрміз бе?

Жә, дейік. Сол әдебиетті кинодан бөлу­­ге лайықты талпыныс жасаған А.Тар­­ковскийдің фильм жасаудағы сүйе­нері - туған ұлтының өрнегі жатқан әде­биет еді. Оның ең алғаш 1962 жылы түсі­ріліп, сол жылы Венеция кинофес­ти­ва­лінде «Алтын арыстанмен» мара­пат­тал­ған «Иванның балалық шағы» фильмі жазу­шы В.Богомоловтың «Иван» повес­інің желісімен жасалған-тын.

Кейін XV ғасырдағы Ежелгі Русь өмі­рі­нің сарсаңы мен қасіретті жылдарын бейнелейтін орыс живописьші-икон­жазу­шысы Андрей Рублевтің өмірін ар­қау еткен «Андрей Рублев» атты ең атақ­ты кинокартинасын жасаған кезде ав­тор қан­шама әдебиет пен тарихты ақ­тармады десеңізші. Балшыққа батып табанда езіл­ген орыстың қарапайым жұр­тының өмі­рін бұлай бейнелеу әдебиеттің ірі білгірінің ғана қолынан келер шаруа еді.

Андрей Тарковскийдің ең жақсы көретін кинокартиналарының басында атақ­ты француз «жаңа толқынының» жар­­қын өкілі Робер Брессонның «Ауыл дін қызметшісінің күнделігі» атты фильмі тұрар еді. Бұл шығарма 1951 жылы Венеция кинофестивалінде үш бірдей сый­лық­пен марапатталған-тұғын. Бұған да жазушы Жорж Бернаностың фильм аттас шығармасы өзек.

Кейінгі жылдардың өзінде азуын айға білеген «А» класындағы кинофес­ти­валь­дерінің жеңімпаз фильмдері әде­биеттен алыс қонбаған. Мысалы, 2011 жылы Ве­неция кинофестивалінде «Алтын аюды» ұтып алған ресейлік А.Сокуровтың «Фауст» фильмі Гетенің осы аттас поэти­калық драмасының бірінші бөлімі не­гізінде жасалса, 2012 жылы Берлин кино­фестивалінде «Алтын аюды» қанжы­ғасына байлаған ағайынды итальяндық режиссерлер Паоло мен Витторн Та­виани­лердің «Цезарь өлуге тиіс» филь­мінің негізінде Уильям Шекспирдің «Юлий Цезарь» драмасы жатыр еді.

Чех американ режиссері Милош Фор­манның бес бірдей номинация бойынша «Оскарды» ұтып алған «Көкек ұясының үстімен ұшу» туындысы американдық жазушы Кен Кизидің осы аттас шығар­масының мазмұнымен түсірілген.
Менің неше көрсем де жалықпайтын, шыншылдығымен жан баурайтын, кіш­кен­тай шаруа адамдарының қатпарлы өмірін қарапайым зерделей көрсеткен бір фильмім бар. Ол - даңқты қытай режис­сері Чжан Имоудың «Цю Цзюй сотқа береді» туындысы. Бұл фильм 1992 жылы Венеция кинофестивалінде «Алтын аюды» жеңіп алған еді. Фильмдегі кейіп­кер­лердің шынайылығы олардың типтік ерекшеліктерінің айқындығында еді. Өзің күнде оқып, көріп, кездестіріп жүр­ген қарапайым ауыл тұрғындарының бейне­лері мұнда. Бір қарағанда Дулат Исабеков, Тынымбай Нұрмағанбетов, Сұлтанәлі Балғабаев пен Мархабат Байғұт шығармалары кейіпкерлерінің құлық-әрекеттері де шаң бергендей болады. Зерттей келе, жаныма жақын осы туындының да негізі әдебиет екенін білдім. Қытай жазушысы Чен Юаньбиннің «Вань отбасындағы ауыртпалық» новелласы жобасымен жасалыпты. Әрине, әдебиетте кескінделген тамырлы, анық бейнелер экранда нанымды көрінбек.
Тізе берсең көп енді.

Біздің бай қазақ әдебиеті де әлем назарын өзіне аударар кинотуын­ды­ларға негіз болуға әбден лайық. Сөзім қуатты шығуы үшін бір дәлел келтірейін.

2007 жылы Халықаралық Евразия кинофестивалі аясында Берлин кинофес­тивалі жүлдегерлерінің көрсетілімі болды. Оның қатарында сол жылғы «Алтын аюдың» иегері, қытай режиссері Ван Цюанан­ның «Туйдың ұзатылу тойы» атты дүниежүзі киносыншыларының ықыла­сына бөленген шығармасы бар екен. Сол фильмді көруге аңсарым ауды. Қатты қызықтым. Оған бір себеп, жақсыны көр­мек­ке деп, даңқты шығармаға деген қызығу­шылық болса, екінші себеп, алдында ғана фестиваль бағдарламасын парақтап отырып, осы аталмыш фильмнің қысқаша мазмұнын оқыған едім: Алыс моңғол жерінде бір отбасы қой бағады екен. Отағасы әлдеқалай жағдайда мер­тігіп жатып қалады да, мал шаруа­шы­лығы түгелімен Туй атты келіншегінің мойнына артылады. Оған үйдегі екі бала­ны қосыңыз. Отағасы шаруаға жарамай, арып-ашып, тұрмысы тарылған Туй күйеуі мен екі баласын асырау үшін келісіммен басқа бір күйеуге шықпаққа бел байлайды. Міне, осы тосын сюжет мені фильмді көрмей-ақ баурап алған еді.

Сол уақытта ақыры көре алмадым ол фильмді. Білмеймін неге екенін, әйтеуір ыңғайы келмеді. Бірақ сюжеті көкіре­гімде жатталып қалды.

Арада бір-екі жыл өткен соң Бейімбет Майлиннің шығармаларын парақтап оты­рып, өзім «мектепте оқытты ғой» деп аттап кете беретін «Күлпаш» атты әңгіме­сіне назарым түсті. Оқыдым. Сосын таңқалдым. Мен оны мектепте оқыдым деп малданып жүрсем, оқулыққа арналып ықшамдаған ба, әлде басқалай ойлары болды ма, Күлпаштың төнген ашар­шы­лық­тан күйеуі мен баласын асырау үшін көрші ауылдағы әйелі өлген ауқатты адамға күйеуге шығатын тұсы кесіліп алынып тасталған екен ғой. Сосын әрине, шығарма қуатынан, жаныңды дүр сілкіндірер сюжеттік бұрылыстан адаланып, ашаршылықтың қорқынышты бір суреті ғана болып қалған.

Мені ерекше таңқалдырғаны - «Күл­паш» пен «Туйдың ұзату тойы» фильмі сю­же­тінің ғажап ұқсастығы еді.
Сосын фильмнің өзін де көруге тура кел­ді. Сол. Сол сюжет. Сол оқиға. Тек дәуі­рі басқа. Кейіпкерлері өзге.

Сосын Бейімбеттің ұлылығына қуан­дым. Осындай әлемдік деңгейде үздік шыққан фильмнің желісі біздің қазақ топырағында баяғыда-ақ «шимайланып» тасталғанына шаттандым. Сосын біздің әдебиеттің еш елдің өнер туындыларынан артық болмаса, кем түспейтініне көзім жетіп масайрадым. Масайдым.

Сосын өкіндім. Осындай кемел туындыны қақ айырып нәрінен айырып бөле-жарып жібергеніне өкіндім. Осындай кемел туындыны өзіміз түлетіп (фильм түсі­ріп) биік тұғырдан орын сайлай алма­ғанымызға жаным ауырды. Бастысы, осы секілді жауһарларымыздың әлі де бағалануы кем болып, көміліп қала береді-ау деп налыдым.
Сосын әрине, «алтын шыққан жерді белден қаз» деген ата-бабамның берген қағидатымен тағы бір әсерлі сурет шы­ғып қалар-ау деп Бейімбеттің соңына шы­рақ алып түстім, түгел қотарып үлгер­мей-ақ алтынның сом кесегіне лезде ке­зіктім. «Әже» атты әңгімесі еді бұл.

Оқиға жиырмасыншы жылдардағы дүрбелең фонында жасалған екен. Қазақ даласына келген «сбабода» деген сөздің желігіне ұрынған екі баланың анасы (үлкені қыз, кішісі бесіктегі ұл) келіншек сайтан азғыруымен, күйеуін балаларымен тастап, бір түнде өзі танымайтын, білмейтін адамға қашып кетеді. Онда ол күңдікке ұрынып, бұрынғы кезі мұң болып, азап шегеді. Ақыры ауруға ұшы­рап, оны шешесінің үйіне әкеп тас­тайды. Өлім алдында жатқан келіншек бұ­рынғы күйеуіне адам шаптырып, ке­шіруін өтініп, балаларын бір көруге зар екенін айтады. Күйеуі (бұрынғы) келеді ат шанасын сайлап. Кешіретінін айтады.
Ен далада ат-шананың үстінде балаларына қарай құстай ұшқан ананың жалғыз арманы - құлындарын бір құшу ғана еді. Шана ауылға жақындайды. Балалар да сағынған еді анасын. Таныс үйдің қарасы көрінеді. Сыртта - көн қораның түбінде, сыйрағы сыйдиып, ша­шы жалбырап, шешесін күтіп қарша­дай қыз тұр еді қарайғанға үңіліп. Белі бү­гі­ліп, аяғы шошайған кішкене інісін арқалап алған...

Әңгіменің осы жеріне келгенде көзіме жас үйірілді...
Кейін осы суретті кинотанушы, профессор Бауыржан Нөгербекке әңгімелеп бергенімде: «Мынау дайын кино ғой» деп таңданыс білдірген.

Міне, осы қысқа ғана сурет (інісін ар­қалаған кішкене қыз) қазағымның жанындай көрініп еді маған... Басқа не дейін? Қалай түсіндірем? Осы қысқа ғана суретті мен экранға көшіре алсам, қаза­ғым­ның жанын сен де түсініп, мейірленіп, кө­зіңе жас алар едің-ау, замана тепкі­ні­нен, кітаптан алыстап кеткен жас ұлан?
Енді оқырман жұрттан заңды сауал туады осы сәтте: неге қазақ киносы ұлт­тан алшақтап кетті?
Жауап көп, негізгісі мынау: себебі, ки­но мамандары кеңес заманында Мәс­кеуде даярланды. «Барлық өнердің ішін­дегі маңыздысы - кино» деген «күн кө­сем» Лениннің қағидатын берік ұстан­ған кеңес үкіметі басшылары кино саласы­ның болашақ үлкен идеологиялық қаруға айналарын сезген. Сосын әрине, уысынан шығармаған. Мәскеуге кино оқуына кім барады, әрине, ең бірінші оқу тек орыс тілінде жүргендіктен, шәкірттікке орыс ұлтынан немесе орысша оқыған, орыстануға бейім жастар таңдалған. Шығармашылыққа бейім қазақ жас­та­рының алысқа оқуға баруға бірінің тілі жетпесе, екіншісінің қаржысы жетпеген. Сосын қағаз шимайлап (жазушылықты кәсіп қып) берісі - облыс, арысы - Алматыда қала берген.

Ал енді егемендік алғанымызға жиырма жыл болды, кино мамандары өзімізде даярланып жатқалы қашан дегендермен де жауаптасып көрелік.

Рас, тоқсаныншы жылдан бері кино мамандары елімізде Алматыда, әуелі Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында, қазір Астанадағы «Шабыт» Өнер академиясында даярлана бастады. Бірақ нәтиже аз. Оған себеп - тағы да сол кадр мәселесі. Сонау сәбет өкіметі жылдары Мәскеуде орысша оқу тауысып келген мамандар қазір ұстаздық қыз­мет­ті кәсіп етіп алған, олардан не тілерсің енді? Сиырдан құлын туушы ма еді?
Қысқасы, осы уақытқа дейін Ұлттану оқу­лығына айналып келген әдебиеттің жү­гін енді кино ғана көтереді. Заман қа­зір визуалды өнердікі. Қазіргі буын оқы­ғаннан гөрі көзбен көргенді тәуір көреді. Ен­деше, көрсетейік, танытайық халқын, тек, алдамайық.

Ендігі шығар жол біреу: екі Өнер ака­демиясының бірінде қазақ әдебиетінен жақсы хабардар жастарды бір топқа жи­нап, кино өнеріне оқыту керек.
Әлі-ақ түзеліп кетеміз...
Бүгінге айтарымыз тәмам.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1983
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2390
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1953
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1574