Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2803 0 пікір 18 Сәуір, 2013 сағат 07:42

УГОДАН СОҢ... МАДУРО!

 

«Мұрагер» боливариандық төңкеріс жолымен жүре ме?

Гүлбиғаш ОМАР

Заманауи саяси технологиялар сөздігіне «демократиялы жолмен мұрагер таңдау» терминін енгізетін кез жеткен сияқты. Өйткені авторитарлы жүйенің билік ауысу ісінде демократиялы сайлау жолымен мұрагер таңдайтыны таңсық болмауға айналды. Тіпті либералды-демократиялық үрдістердің өзі оған айтарлықтай кедергі тудыра алмақ емес. Мұның бірнеше мысалын кешегі кеңестік кеңістік аясында көріп те отырмыз. Ресейде Ельциннен соң Путиннің президенттікке сайлануы, Әзірбайжанда Гейдар Әлиевтің орнына Ильхам Әлиевтің отыруы, Түркіменстанда Түркіменбашыдан соң Гурбангулы Бердімұхамедовтің билік басына келуі алдын-ала дайындалған, белгілі бір сценариймен жүзеге асқан өзгерістер еді. Оның алғашқы екеуін бұрынғы басшы көзі тірісінде өзі дайындап, құтты орынды өз қолымен «табыстап» кеткені де шындық.

 

«Мұрагер» боливариандық төңкеріс жолымен жүре ме?

Гүлбиғаш ОМАР

Заманауи саяси технологиялар сөздігіне «демократиялы жолмен мұрагер таңдау» терминін енгізетін кез жеткен сияқты. Өйткені авторитарлы жүйенің билік ауысу ісінде демократиялы сайлау жолымен мұрагер таңдайтыны таңсық болмауға айналды. Тіпті либералды-демократиялық үрдістердің өзі оған айтарлықтай кедергі тудыра алмақ емес. Мұның бірнеше мысалын кешегі кеңестік кеңістік аясында көріп те отырмыз. Ресейде Ельциннен соң Путиннің президенттікке сайлануы, Әзірбайжанда Гейдар Әлиевтің орнына Ильхам Әлиевтің отыруы, Түркіменстанда Түркіменбашыдан соң Гурбангулы Бердімұхамедовтің билік басына келуі алдын-ала дайындалған, белгілі бір сценариймен жүзеге асқан өзгерістер еді. Оның алғашқы екеуін бұрынғы басшы көзі тірісінде өзі дайындап, құтты орынды өз қолымен «табыстап» кеткені де шындық.

Кеше ғана сайлау өткізген Венесуэла да енді осындай «өзгеше» жолмен жаңа басшысын таңдаған елдер қатарына қосылды. Елді он бес жылдай билеген Уго Чавес көзі жұмылардан төрт ай бұрын мұрагерінің кім боларын халыққа жариялап үлгерді. Былтыр желтоқсан айында Уго Чавес денсаулығының нашарлауына байланысты президенттік өкілеттіліктің бір бөлігін вице-президент әрі сыртқы істер министрі Николас Мадуроға берген болатын. Телеарна арқылы халыққа жолдаған үндеуінде ол халықты алдағы сайлауда Мадуроны қолдауға шақырды.
Былтыр күзде өткен сайлауалды науқан кезінде Уго Чавес денсаулығының жақсарғаны туралы мәлімдеме жасаған еді. Бірақ бір жарым жыл бұрын дертті болған Чавес ақыры аты жаман аурудан көз жұмды.
58 жаста көз жұмған Чавестің «мұрагері» одан 8 жас қана кіші.
ХХІ ғасырда ұлттық экономика мен социализмді будандастырып, жаңа леп - боливариандық төңкерісті дүниеге әкелген Чавестің жолын Мадуро жалғастыра ма, жоқ па - ол арасы күңгірт.
Әзірге Мадуро өзін нанымсыз мәлімдемелер жасаумен ғана танытты.
MaduroDice.com сайтында жазылған мәліметке жүгінсек, ол сайлауалды сөйлеген сөздерінде Чавестің атын күніне 190 мәрте атаған. Жалпы, сайлауалды науқанында 7200 рет аузына алған.
Тіпті о дүниеге кеткен соң да Чавесті өлмегендей көрсетуі Николастың өз беделіне сенімсіз болғандығын аңғартады. Ол «аргентиналық епископтың Рим папасы болып сайлануына Уго Чавестің әруағы көмектескен» деп ашық айтты.
Осы күндері жергілікті телеарналардан Чго Чавестің жұмақта жүргені жайлы мульт­фильм көрсетілген. Венесуэланың «чавизмге» тұтығып тұрғанының бір белгісі де бұл.
«Уго Чавес жасасын! Чавес тірі! Әркез жеңіске қарай! Біз тарихты өз қолымызбен жасаймыз! Біз бейбітшілікте өмір сүреміз, бәрі біздің жеңісімізді тойлайды! Біз өз антымызды орындаймыз, алға, социализм жеңісіне қарай!» - Мадуро айғайлаған сайлауалды ұрандарының бірі осындай.
Мадуро өз халқының басын біріктіру үшін сыртқы жауды зорайтып пайдаланатын таптаурын әдісті де сарқа пайдаланды. Аурудан көз жұмған Чавеске дертті жұқтырған «әлдебір қаратүнек күштер» бар екенін де айтудағы мақсаты да осы.
Сонымен, Орталық сайлау комиссия­сы Бірыңғай социалистік партия атынан сайлауға түскен Николас Мадуроның 50,6 пайыз, ал Оппозициялық күштердің үміткері Энрике Каприлестің 49,4 пайыз дауыс жинағанын мәлімдеді. Шамамен 1,5 пайыз дауыс басымдықпен Мадуро президенттке сайланды.
Қырық жастағы Энрике Каприлес осыдан алты ай бұрын өткен президент сайлауында Уго Чавестен он пайыз ғана аз да­уыс жинаған еді. Елдегі орта тап мен байлар қолдап отырған Каприлестің бұл жолы жақтаушылар санының көбейе түскені елдегі жағдайдың ушыға бастағанын байқатса керек. Сайлаудан соң дауыс санау нәтижесінің шынайылығына күмәнданған халық қолына ыдыс-аяғын салдырлатып, көшеге шықты. Қолдарына тас пен таяқ алған жастар жағы полициямен қақтығысып қалған.
Бұл сайлау «мұрагердің» таққа отыру рәсімін «заңдастыру» жолы ғана болатын. Мұндай жағдайда әдетте сайлау (әсіресе, алғашқысында) халық «мұрагердің» жеке басының емес, оған билікті сеніп тапсырған бұрынғы басшының атақ-абыройы, ел ішіндегі беделі үшін дауыс береді.
Ендеше, осы жолы сайлауда Мадуро емес, Чавестің беделі (немесе Чавестің елесі) жеңді деуге де болар.
Қай елде болмасын, осындай жолмен билікке тақымы тиген «мұрагер» өзінің алдындағы басшыға деген «перзенттік» парызы бар екенін естен шығармайды. Оның таққа отыруының өзі бұрыннан қалыптасқан саяси жүйені орнықтыра түсу, сол тұстағы құндылықтарды сақтау, ең бастысы бұрынғы басшының жақын-жуығы, айналасындағы топтың мүддесін қорғау міндетінен бастау алады. Ильхам Әлиев бұрынғы президенттің ұлы болғандықтан, оның «перзенттік» борышын жоққа шығару ешкімнің ойына да келмес еді, ал Мадуро өзін-өзі «Мен Уго Чавестің ұлымын» деп жариялады. Сайлау алдындағы сөздерінің бірінде ол «Мен Чавес емеспін, бірақ өзімді оның ұлымын деп санаймын. Мен, сіздер сияқты жұмысшымын. Біз бәріміз Чавеске ұқсаймыз, өйткені бәріміз отанымыздың жұмысшылары мен солдаттарымыз» деген. Оның сөздерін шаттана қабылдаған халық Мадуроның «Чавестің ұлы» екеніне күмәнданбаған сияқты.
Ельцинмен арада әлдеқандай «туыстық» қарым-қатынасы бар екенін айтпаса да, Путин оған және оның отбасына қатысты «перзенттік» парызын абыроймен атқарып шықты. Ол экс-президентке берілетін кепілдіктер туралы жарлыққа (кейін заңға айналды) қол қойып, өзін таққа қолынан жетелеп әкелген Ельцин-Әкей алдындағы борышынан құтылды.
«Мұрагерлер» беделді басшы өмірден өткеннен кейін саяси жүйеде тұрақтылықты сақтап қалу үшін қажеті аралық тұлға сияқты. Әйтсе де, «мұрагердің» аралық тұлға болып қалуы немесе билік жүйесіне біржола сіңісуі оның жеке басының қадір-қасиетіне де, айналасында қандай топтардың жұмыс істейтіндігіне де байланысты. Біз қарастырған елдерде әзірге мұрагерлердің белгілі бір уақыттан соң биліктен тайқып кетуі болған емес. Керісінше, мұрагерлер аз уақыттан соң кемеліне жетіп, бұрынғы басшының көлеңкесінен шығып, өз жолын таңдайтыны байқалады.
Ал Чавестің «мұрагерінің» аяқ алысын уақыт көрсетеді. Каракаспен қарым-қатынасты жақсартуға үміті зор АҚШ та, Венесуэлаға әскери қару-жарақ экспорттау­шы Ресей де, осы елдің экономикасына қыруар инвестиция құйып отырған Қытай да, Латын Америкасындағы көршілес мемлекеттер де осы мәселеге алаңдап отыр.
... Ақ Үй мен Кремль басшылары Мадуроны жеңісімен құттықтап та үлгерді.
Венесуэладағы сайлауға қатысты ғаламтордағы пікірлердің бір парасы:

Алекс-8268: Егер үш сыныптық білімі бар авторбус жүргізушісі президент болса, онда Венесуэла халқына шын мәнінде қатты жаным ашиды.

Крептс: Венесуэладағы автобус жүргізушісі голливудтық актерге немесе техастық олигархқа қарағанда әлдеқайда сауатты ма деп ойлаймын.

Уarilo: Ал мен Қадыровтың жеті сыныптық білімі бар екенін енді мақтанышпен айтатын боламын! Сайлаушылардың білім деңгейі қандай екенін тіпті елестете де алмаймын. Венесуэладағы білім деңгейі соншалықты мықты шығар, бәлкім мектептің үш сыныбында адам мемлекетті тиімді басқарудың қыр-сырын үйреніп шығатын болар!

Mike Torello: Дауыс санаудағы әділдікті айтсаңызшы!

bv2331: Чавес көрнекті тұлға болатын. Ұрлық жасаған жоқ. Аздап мінезі болатын, рас. Бәлкім, кәсіби саясаткер емес шығар, бірақ ұры емес. Бізге сондай да бұйырмады ғой.
Николай: Мадуро, «әлбетте, Чавес емес, бірақ оның сөзі сонікіндей: жартықұрсақ кедей-кепшікке ата жау ретінде АҚШ-ты көрсетеді. Бұл Ресей, Корея, Белоруссия, Венесуэла, Куба т.с.с. сияқты елдерге тән саяси әдіс. Өздері ұрлайды, халық үшін саусағын да қимылдатпайды, адамдарды айдап салды.
evrazia-imperial: Венесуэлалықтар өздерінің қалай өмір сүргісі келетіндіктерін және ел президенті кім болатынын өздері шешуі тиіс. Солтүстікамерикалық империядағы көкелер мен тәтелер оларға кедергі жасай алмақ емес.

abcdef1: Құдай әлдебір халыққа мұнай бергенде, ақылын алып қояды дейді... Ресейде де, Венесуэлада да сол... Ресей ҰҚК подполковнигін билік басына әкеліп бір таң қалдырып еді, ал мыналар тіпті... автобус жүргізушісін - президенттікке....

"Түркістан" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2029
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2445
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2040
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1590