Жұма, 17 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4389 0 пікір 9 Сәуір, 2013 сағат 06:33

Әшірбек Сығай, театр сыншысы: Ешкімнің ала жібін аттаған жоқпын...

Әшірбек Сығай - Оңтүстік Қазақстан облысы қарт Қаратаудың баурайындағы Кентау қаласында туған перзент. 1947 жылы 11 қаңтарда дүние есігін ашқан. Жұлдызы - тауешкі.

Кеншінің баласы

- Кентау - кеңес заманында аты дү­ріл­деген, бес шахтасы бар қала болды, - деп бастады Әшірбек аға әңгімесін. - Әкем Төребай қазақтан шыққан алғашқы кен­шілердің бірі. 40 жылдан астам шахтада еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. «Алла та­ғала қолдап, жерді кемірудей кемірдік қой» деп отыратын. Қазір ағайынды Тө­ребай, Төретай Сығаевтардың көзін көр­ген, білетін адамдар да азайып қалды...

Әшірбек Сығай - Оңтүстік Қазақстан облысы қарт Қаратаудың баурайындағы Кентау қаласында туған перзент. 1947 жылы 11 қаңтарда дүние есігін ашқан. Жұлдызы - тауешкі.

Кеншінің баласы

- Кентау - кеңес заманында аты дү­ріл­деген, бес шахтасы бар қала болды, - деп бастады Әшірбек аға әңгімесін. - Әкем Төребай қазақтан шыққан алғашқы кен­шілердің бірі. 40 жылдан астам шахтада еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. «Алла та­ғала қолдап, жерді кемірудей кемірдік қой» деп отыратын. Қазір ағайынды Тө­ребай, Төретай Сығаевтардың көзін көр­ген, білетін адамдар да азайып қалды...
Болашақ театр сыншысының балалық, боз­бала шағы осы қалада өтті. Өркениетке бір табан жақын шаһар болған соң бұл жер­ге өзге жақтардан да келушілер көп бо­­латын. Сырлы сазгер Сейдолла Бәй­те­ре­ков осында туған. Сарыағаш жақтан Досым Сүлеев келген бұл қалаға. Әкесі әс­кери комиссариаттың бастығы болды. «Капитан Сүлеев келе жатыр» дегенді естігенде жылап жатқан бала тыныштала қоя­тын. Ол үрмелі аспаптарда ойнайтын. Жамбыл облысының Сарысу ауданында туған Асанәлі Әшімов, түркістандық Райым­бек Сейітметовтер де осы қаладағы Ы.Алтынсарин атындағы мектептің та­балдырығын аттаған. Кеншілер қала­сы­ның наубайханасы тоқтамай жұмыс істеді, диірмені астықтан босамады, сондықтан мұнда баршылық болды. Ұстаздары өнерде жүрген Асанәлі, Райымбек сияқты шә­кірттерін мақтан тұтатын. Бала Әшір­бек те соларды көңіліне медет тұтып, кө­кі­регінде жақсы үміттер ұялады. Өнер ада­мы болғысы келді. Олимпиадаларда, мек­тепаралық көркемөнерпаздар үйір­месінің жарысында ән айтып жүрді.

Жазуға талпыныс

- Анамның аты - Аққыз. Өзі атына за­ты сай аққұба кісі болатын, - дейді Әшір­бек аға. - Үлкендер жағы мені шыра­мыт­қанда «Аққыз марқұмның жалғыз ұлы ғой, өзіне аумай тартқан» деп жатады. Ше­шем он төрт құрсақ көтеріпті, содан қал­ғаны әпкем екеуміз. «Жалғыз бала күл­шелі» демекші, балалығым аса тап­шы­лықта өтті дей алмаймын. Ұлы Отан со­ғы­сынан кейінгі, қайта қалпына келтіру жыл­дары болғанмен, шахтер  жалғыз  ұлын аш қалдыра ма? Бар тапқанын менің аузыма тосып өсірді. Қатарластарымның арасында бірінші болып велосипед мініп, сағат тақтым. Ата-анам мені тезірек ер- жеткізгенше асықты. 6-7 сыныпта оқып жүргенімде «Янтарь» деген алтын сағат таққаны есімде. Шешемнің «Жас қой, білегі майысып тұр, қайтесің оны?» дегеніне қарамай, әкем «Жоқ, қыздардың көзі түсетін уағы болып қалды» деп қояды. Сонда 12-13-терде болармын. Көкірегінде «Зарығып көрген жалғыз ұлдың жігіт болғанын тезірек көрсек» деген арман бол­­ған екен ғой. Каберкот деген мате­риал­дан костюм әперіп, үлкен болған соң шешем оның жеңін қайтарып тігіп қояды. Қазір есіме түссе еріксіз езуіме күлкі үйі­ріледі. Менен төрт жас үлкен әпкем кө­бі­не оқуда болды. Ташкентте Халық шаруа­шылығы техникумын, одан кейін инс­титутын бітірді. Мен ылғи әке-ше­шем­нің қамқорлығында болдым.
Оған айналасындағылар жазушы, жур­налист болады деп қарады. Өйткені ол ән айтумен қатар, спектакль қойды. Қа­лалық, ауданаралық жарыстарда оның жа­саған дүниелерінің арқасында ылғи жүл­делі орын алып жүрді. Мектепте, қа­лада болған жаңалықтарды қалалық «Кен­тау правдасы», «Оңтүстік Қазақстан» облыстық газетіне жазып тұрады. Ал­ға­шында «сәл көркемдігі жетпей жатыр» деп хат келгенімен, бірте-бірте өлеңдері шыға бас­тады. Осының бәрі бозбаланы үміт­тендіріп, қанаттандырды, алға қарай жетеледі. Алғашқы «Шляпа киген күшік» деген сатиралық әңгімесі «Кентау пра­вда­сы» газетіне 9-сыныпта оқып жүрген ке­зінде жарияланды. Он бестердегі кезі. Ай­жан деген кейіпкері бар. Тырнақалды туындысының қиындысы әлі күнге дейін сақтаулы. Сол әңгімесіне қарап отырып қиялының сол кезде-ақ кісі сенерліктей бол­ғаны байқалады.

Ол «атқа» ерте мінді

Әке-шешесі жалғыз баланы бетінен қақ­пай өсірді. Бала күнінен ашық, көпшіл бол­ды. Қолында барды басқаларға бөліп бе­ріп отыратын. Қанттың өзі қат болса да, кәм­пит, тоқаштың тәуірі оның қалтасында жү­ретін. Сол кездер үшін тәуір нәрсенің бә­рі бірінші мұның қолына түсетін.
Бес жыл бойы комсомол ұйымының жетекшісі болды. Сабақта өте белсенді. Түр­лі кештер, отырыстар ұйымдастырудың нақ ортасында Әшірбек жүретін. Өзге мектептермен  жарыстар  ұйымдастыратын. Комсомол ұйымы хатшысының қолында мүм­кіндік көбірек болды. Оның алдында дру­жина советінің төрағасы, звено же­тек­шісі болған. Жалпы, ол мектеп деңгейінде-ақ «атқа мінді». Кейін біраз қызметті ат­қар­ған болса, сол қабілеттің мектеп ке­зі­нен жайлап қалыптасқандығы.
1965 жылы Консерваторияның театр фа­культетіне оқуға түсті. Ата-анасында «Жал­ғыз ұл өнер жолына түсті, елге қайта ма, жоқ па? Бізге келін түсіріп, немере сүю керек» деген аздап уайым болды. Кон­сер­ваторияны жақсы бітірді. Топтың старос­тасы, ғылыми қоғам төрағасының орын­ба­сары болды. Өнер адамдары мен сту­денттердің кездесуін ұйымдастырып жү­ретін. Шәкен Айманов, Әбділдә Тә­жі­баев сияқты өнер тарландарының жас ба­лаға мойын бұра қоюы қиындау, бірақ ті­лінің майдалығымен олардың келісімін алып, студенттермен кездесуге шақырып жататын. Осындай қоғамдық жұмыс­тардың арқасында мұғалімдердің көзіне түс­кен болуы керек, оны Консерваторияға мұға­лімдікке алып қалды. Екінші курста оқып жүргенде «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне мақаласы шықты. 600-700 мың таралымы бар жастар ба­сы­лы­мына мақала шығару ол кезде оңай емес-тін.

Биікке ұмтылуыма келіншегімнің көмегі көп тиді

- Кемпір-шал ауылда. Менен келетін хат­ты күтумен, жолымды тосумен жүрді. «Ба­лам, үйлен, бізге келін әкеліп бер» де­генді жиі айтады, - деп жалғастырды әң­гі­месін Әшекең. - Өмірлік қосағым Кү­ләш Казақ педагогикалық институ­ты­ның математика факультетін бітірген. Жатақханаларымыз жақын. ҚазПИ-дің физика факультетінде Еркін Байшораев деген біздің жақтың жігіті оқитын. Соның туған күніне бардық. Өзінің курстас қыз­дарымен Күләш те келді. Таныстық. Көп қыздың ішінде көзіме жылы ұшырады. Көңілімде жылы әсер қалды. Бұрын ша­қырса әрең баратын сол жатақханаға енді барғыштайтынды шығардым. Жігіттер де «Сен бізге келгіш болып кеттің ғой» деп қал­жыңдайды. Тапқан-таянғаныма театр­ға, эстрада жұлдыздарының концертіне билет аламын. Қыз да жалғыз шыға қой­май­ды, жатақханада бір бөлмеде тұратын құрбыларын қоса шақырғанды ұнатады. Ол кездің қыздарында иба, қысылу,
қым­тырылу деген сезімдер басым болды ғой. Тыраштанып оларға да билет алып, жөн-жоралғысын жасап жататынбыз.
Міне, сол Күләш жеңгелеріңмен дү­ниеге келген үш баламыздың көрер жары­ғы болуы керек, қырық екі жылдан бері бір шаңырақтың астында өмір сүріп келе­міз. Тиісті жұмысты адымдап атқаруыма келіншегімнің көмегі көп тиді. Ақылды, бай­салды, не болса соған шұнаңдамай, алыс­қа көз тігіп қарайды. Менімен айтысып-тартысып отырса, бүгінгідей биік­ке жете алар ма едім? Күләш «Әшір­бек, сен әке-шешеңнің жалғы­зысың, тү­сі­немін. Қарым-қабілетіңді байқап жүр­мін, ауылға барсаң өшіп кетесің. Сен қа­ла­да алаңсыз жұмысыңды істе, бізді сосын көшіріп аларсың» деп тіпті біраз уақыт ауылға барып, әке-шешеммен бірге тұрды. Соны ақылы бар қыз байқайды. Мені мақтай отырып, үміттендіре, қанат­тандыра отырып, алға ұмтылдырды. Егер әке-шешем жалғыз ұлын ауылға, бұл қа­лаға тартса не болар еді? Екеуміз алғашқы үй болған төрт жарым жылда тұрмаған пә­теріміз жоқ, ұйғырдың да, кәрістің де, орыс­тың да пәтерінде тұрып, әбден қиындықты көргенбіз. 1973 жылы Консер­ватория үш бөлмелі үй берді. Кенжәлі Айманов оқу министрі болды. Жас мұғалім мені жеке қабылдап, ректорға үй беру жө­нін­де нұсқау беріп, баспаналы болуымызға мұрындық болған. «Айналайын, талабың жақсы екен. Саған үй бергіземін. Сәл қиын­дыққа бола жан-жаққа тарап кет­пеңдер. Болашақ сендердікі. Астананы қа­зақ жігіттері болмаса, кім билейді?» деп жылы сөзін айтып, қанаттандырған бо­латын. Жатқан жері жайлы болғыр, өзі сон­дай бір зиялы, көргенді кісі еді.

Бұл кісілерге құрметім шексіз

Тұңғыштары Қанат ауылда кемпір-шал­дың қолында туды. Одан кейін Сұңғат пен Нұрзат дүниеге келді. Алматыға көшіп келген соң шешей жеті жылдан соң дүние салды, әкесі он төрт жыл олармен бірге тұрды. Әке-шешесі қазір Алматының Кең­сай зиратында жатыр. Қалаға үйрену алғашында қиын болды. Есіл-дерті ауыл. Онда үй-жайы, қатар-құрбылары, абы­сын-ажындары қалды. Әкей мал ұстайтын. Көкпар шабатын. Қалаға келді де, «торға» түсті. Жатқан жерлері жайлы бол­ғырлар, екеуі де жалғыз баланың жайын ойлап шы­дады. Кейіннен бұл жер­ден де өздеріне лайықты орта тапты.
- Мүсілім Базарбаев Мәдениет ми­нист­рі болып тұрған кезінде «Сендей қазақтың жігіттері мұнда отыру керек» деп қызметке шақырды. Үй беріп, әспеттеп, құр­меттеген Консерваториядан кетсем аш­тан өлетіндей болдым. Сонда Мүсілім ағаның «Министрлік саған үй түгілі жарты дүниені береді. Әрбір дегенде Консер­ва­торияң бізге бағынады» деген сөздері әлі есімде. Жаспыз ғой, мансап дегенді ойла­маймыз.
Өз өмірімде өшпес із қалдырған Жек­сембек Еркінбековті ерекше атап айтар едім. 13 жыл бойы Мәдениет министрі бол­ған кісі. Өте еңбекқор, маман дом­бы­рашы, Консерваторияны қызыл диплом­мен бітірген. Ұйымдастырушылық  жағы­нан бұл кісінің алдына түскен министр бол­ған жоқ. Қазір 83-те, шежіре кісі. Мен бұл кісіге көп уақыт бойы орынбасар бол­дым. Біз отбасымызбен әлі күнге дейін араласып тұрамыз. Михайл Иванович Есенәлиев Орталық комитеттің мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Көп адамның жақсылығын көру мүмкін емес. Екі-үш адам сенің тағдырыңда үлкен рөл ойнайды. Олар сенің табиғатыңды дөп басып таниды. Сондықтан бұл кісі­лерді айтпай кете алмаймын, - деп бір қорытты Әшірбек аға әңгімесін.

Кабинеттен жеріндім...

- Аяқтан шалу, көреалмаушылық әр­бір кезеңде, әрбір кісінің өмірінде болады. Бірақ оны саған көрсетіп, бадырайтып істе­мейді. Астыртын, білдіртпей тістеп, қыр­шып, жолыңды бөгеп жатады. «Осы өсіп барады, қайда барады өзі?» деген жымысқы ой тіпті доспын деп айналамда жүргендердің ішінде де болған шығар. Оны сезетінім - Консерваторияда мұға­лімдіктен басталған еңбек жолым Мә­дениет министрлігінде бөлім бастығы, басқарма бастығы, бес жыл Орталық ко­митетте, алты жыл министрдің орын­ба­сары, үш жыл ректор, одан тағы үш жыл министрдің бірінші орынбасары болып жалғасты. Мен екі рет министрдің орын­басары болған адаммын. Сол кез­дері «Осы бала қайда бара жа­тыр?» де­ген елдің көз­қарасын байқа­дым. Логикалық тұрғыдан қарасаң, министрлік ке­зегі менікі сияқты, екі рет келдім, білімім, тә­­жірибем жетеді, одан артық не ке­рек? Мен саналы ғұ­мы­рымды  өнер­ге арнап  келе жат­­қан адам­мын. Неге екенін, бі­реулер «Министр­дің орынбасары» десе, іштей онша жақ­тырмай, ал «Бел­­гілі театр сын­шы­сы, театр зерт­теу­шісі» десе, со­­ған жа­ным марқайып тұ­ра­тын. Қандай қызмет ат­­қарсам да жазуды тас­та­ған жоқпын. Қыз­мет­­пен алысып жү­ріп, бірнеше кітап шығардым. Жа­за­тын адам қандай жағдайда да жа­за­ды, қызмет қол­бай­лау бола ал­май­ды, қайта ши­­ратады. Бірақ сол кездері дөкей бір көкемнің бол­мағанын анық се­зіндім. Қанша жер­ден адал қызметіне, анкетасына, қарым-қа­білетіне қарай өсірді десек те, маған бел­гісіз сондай бір жымысқы әрекеттердің бол­ғанын сездім. Сөйтіп 1994 жылы қол­ды бір-ақ сілтедім де, қызметтен шы­ғар­машылыққа кеттім. Одан жаман болғаным жоқ, қайраткер атағын да, Мемлекеттік сыйлық та алдым. Тәуелсіз платиналы «Тарлан» сыйлығына, Құрмет орденіне лайық деп танылдым. Кентау мен Түр­кістан қаласының құрметті азаматымын. Алла тағала өзі үйіп-төгіп берді. Осы құр­меттің бәрі жолым ақ, еңбегім адал бол­ғандықтан шығар. Үкіметке де өкпелей алмаймын. Мені ешкім тоқтатпады. Әйт­песе сол орынға кім келмеді? Кездейсоқ жігіт­тер келіп, саланы тұралатты. 8-9 ай, 1-2 жыл жұмыс істеп, бірі келіп, бірі кетіп жат­ты. Мәдениет министрінің бірінші орын­басары қызметінен өз еркімен кет­кен адамды тауып көрші. Бұл «ерлігім» ту­ралы Әкім Тарази, Баққожа Мұқай, Нұрл­ан Оразалиндер жазды. Көп жігіттер «Әй, Әшеке, сендей болу қайда бізге» деді. Мен кабинеттен жеріндім. Бұл «бар­мақ басты, көз қысты» жер екенін түсін­дім. Ал мен ешкімге жалбақтай алмаймын. Сосын ештеңе бере де алмаймын, ал­май­мын да. Өйткені сіңірі шыққан шахтердің ба­ласымын. Маған әкем жастайымнан тек білектің күші, жүректің айбатымен ғана жұмыс істеу керектігін сіңірді. Сосын «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл», осы уақытқа дейін жетіпсің өз ең­бегіңмен, ары қарайғы бағыт сенікі емес сияқты. Ары қарайғы бағытты қаламың мен қағазыңнан ізде» дедім өз-өзіме. Соның нәтижесінде 16-17 кітап, мыңнан астам мақала жазылды. Театр, өнер төңі­регінде менен көп айтатын, менен көп жа­затын адам сирек десем, онымды еш­кім жоққа шығара алмайды. Жазған­дарымның бәрі шедевр емес шығар, бірақ төл өнерімнің дамуы жөнінде мен айт­паған пікір жоқтың қасы.

Ойтамызық

- Қазір рушылдық, жүзшілдік белең алған. Әркім өз атасын мадақтап жатыр. Неге солар қазақтың ұлы болып қалмайды?! Автокөлігіне руының атын жазып алатындар енді сахнаға шыға бастады. Бұрын кімнің қолынан іс келеді соған жол ашық болатын, еліңе, жеріңе қарамайтын. Әрқайсымыз жеке басымыздың, руымыздың деңгейінен аспасақ, қазақтың қамын кім күйттейді? Бүкіл халықтың мақтанышы болудан бас тартып, өзінің кішкентай руының намысын жыртқан қандай жеккөрінішті, жиіркенішті және обал! Осымен жастар улана бастады. Рушылдық, әсіресе, депутаттар сайлауы кезінде белең алады. Бір атаның балалары бірімен-бірі айтысатынды шығарды. Өзіне табындау, өзіне жақындаудың сойылын соғып, ел арасына жік салатындар пайда болды. Көңіл суысып, араласпай отырған елдер бар. Не тарихта, не әдебиетте аты кездеспейтін батырлар, әулиелер көбейіп кетті. Үш қазақтың біреуі әулие болған ба дерсің. Осының бәрі текке желігу, күпсіну, күпіну, арамтер болудың белгілері. Солар алаш үшін, қазақ үшін неге бірікпейді? Қазір, Құдайға шүкір, көзіміз ашық, еркіміз өзімізге тиді, азаттықтың рақатын көрудеміз, көңіліміз жайланды, онда неге қазақ үшін жұмылып жұмыс істемеске?!

Ішкі өрістің дамығаны мақұл

- Біздің халыққа екі мәселе бойынша ба­ға беруге болады, - деп ой түйді Әшір­бек Төребайұлы. - Еліміздің бастан өткіз­бе­ген құқайы жоқ. Ашаршылық, соғыс, ұйымдастыру, ұжымдастыру жылдарын, қаншама қуғын-сүргінді көрді. Қазан төң­керісі, 300 жыл бойы патшалық, 70 жыл бойы пролетарлық Ресейдің төм­пешінде болды. Сонда да өзінің көптеген мұраларын сақтап қалды. Қанша жерден жоқ, құрыдық десек те, айтыс өнерін бір елден таппайсың, домбырасын қолынан тастамады. Қазақтың ою-өрнектері тұнып тұрған музыка, мелодия, симфония. Оны тек түсіну керек, шетінен сөйлеп тұрған суреттер. Осының бәрін, мың өліп, мың тірілсе де халық сақтап қалды. Әсіресе, ком­мунистік кезеңде тілімізді, дәстүрі­мізді, құндылықтарымызды «Бұл қазақтікі емес» деуге сәл-ақ қалғанын біз көрдік. Қазіргі жастардың бағына қарай егемендік алып, коммунистік кезеңнің бәрі бұ­лыңғыр болып қалды. Біз оның нағыз бел ортасында жүрдік. «Қыз Жібек» фильмін ғана мысалға алайық, «Қазақтың бәрі ше­тінен сұлу болып кеткен бе, қалай? Жігіттері - франт, қыздары - фарсилла (еуропаша сылқым-сері деген сөз), бұл қандай халық өзі? Кешегі шапаны үстінен түспеген, бөркін қисайтып киіп, малдың соңында жүрген бұратана халық емес пе еді? Мынауың сұмдық қой. Музыка, пей­заж, әдемілік қайдан келді?» деп Мәскеу көзін алартты. Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықовтардың қажырлылығы болмаса, фильм өтпей де қалуы мүмкін еді. Төрт серияға шақтап түсірілген фильм қыс­қарып-қысқарып әрең дегенде көрерменге жол тартты. Өнерге жасалған қандай өктемдік, қандай үстемдік, қандай қаты­гездік? Сонда орыстан басқа адам ән са­лып, сұлу қыз сүймеу керек екен! Ит жү­гір­тіп, құс салмау керек екен! Осы күні құс салу, саятшылық өнерін шетелдіктерің біздің елге келіп, үйреніп жатқан жоқ па? Осының бәрін сақтап қалған біздің елімізден, жұртымыздан айналайын! Қанша сынайын деп тұрса да, бір жібінен ұстап алып айырылмаған ғой. Қыз ұзату, келін түсіру, қыздың сыңсып жылауы, отқа май құю - осы үрдістің бәрі бір ха­лықта жоқ. Осы дәстүрімізді қайтадан кино­да, театр сахнасында көрсетсек, қа­зақ  халқының құндылықтары болып шы­ға келеді. Рухымыз да көтеріледі. Сон­да қазақтың өткені, тарихы, тағдыры бар үлкен халық екенін дүниежүзі амалсыз мойын­дайды. «Домбыраны құртыңдар» де­ген де кездер болды. Оны және өзіміздің ұлт­тың атымен, өзіміздің азамат­тары­мыздың аузымен айтқызды. Мұның бәрі кеңестік заманның лаңы. Жоғарыдан төмпештеп отырған соң қызмет үшін, күні үшін айтуға мәжбүр болған. Оны айтқан жігіттерді мен көп кінәлай бермеймін. Кешегі пайыздық өлшемді білесіз. «Қазақ студенттері көбейіп кетті» деп те соқты. Оларды сөгіп, сынап жүргендер сол за­манда өмір сүрсе көрер едім. Қызметтің дәмін татып қалғандар одан кете алмайды. Аш өзекке, аш таңдайға сорып отырған құйрықтан айырылу оңай ма? Олар екі оттың ортасында қалды. Қазір батыр­сынып жүргендер көбейіп кетті. Ком­мунистік партияны жамандап сөйлегендер кеше «Партия жасасын!» деп мақала жазған, партиялық жиналыста ауыз­дыға сөз бермеген кісілер. Мен со­лардың көбін білемін. Күлкің келеді. Бәрі бүгін туғандай болып жүр. Рас, бәріміз сол кезде комму­нистік партияның ыңғайына жығылдық. Өйткені заман солай болды. Оған түсі­ністікпен қарау керек. Бұл - бір.
Екіншісі - даңғойлық, мақтау, мадақ. Біздің аталарымыздың бәрі батыр, ақын, басқа халықта түк болмаған сияқты. «Қазақ халқындай халық бар ма екен?» деп тапсыну, табыну маған ұнамайды. Әр халықтың жетістігі, бағындырған биігі, мұраты, мүддесі бар. Бәрі топырақ шай­нап, тас кеміріп жатқан жоқ. Бәрінің де үміті, өмірі, тағдыры бар. Біз өз халқы­мызды алға шығарып сөйлеуге құмармыз. Мемлекеттік деңгейден ауылдық деңгейге дейін мақтану дерті бар. Үндемей істеу керек. «Ойбай, біз діндердің басын қос­тық. Бізде мамыражай, қой үстіне бозтор­ғай жұмыртқалап жатыр» деп едік, не бол­ды, кейінгі кезде терроршылар бізден шық­пай қойды. Қаншама атыс-жары­лыс­тар болып жатыр. «Астамсыған қазақтарды көрейік, сендерде тыныш болса, тыныш­тықтарыңды бұзайық» деді. Біреулердің көңіліне тимей, өз жолымызбен дами беруі­­міз керек. Ұраншылдық, науқан­шылдық, шаш ал десе, бас алу басым. Мен биязылықты, тыныштықты, бірде білініп, бірде білінбейтін ішкі өрістердің да­мы­ғанын қалаймын. Алаулатып, жалаулатпай, музыкалатпай, дүңгірлетіп-күңгірлетпей, тыныш өмір сүрген дұрыс. Балаларды да солай тәрбиелеу керек. Өйткені басқа ха­лықтардың бәрі ай қарап отырған жоқ. Бәрі де алға ұмтылады, бәрінің де ел бол­ғы­сы келеді.

Ойтамызық

- Мен ешкімнің ала жібін аттаған жоқпын. Жастайымнан атқа міндім. Қызмет бабында біреуге ұрысқан, біреуге қаттырақ сөйлеген болармын, бірақ оның бәрі осы қоғамның, Қазақстанның мүддесі үшін. Мен кеңес заманында да, өзіміз тәуелсіз ел болған жылдарда да қызмет жасаған адаммын. Қандай қызмет жасағанымды біреу білсе, біреу білмес, ал көңіліме медет тұтатыным - жаман ба, жақсы ма, шығармашылығым. Мен проза да, пьеса да жазып кетуім мүмкін еді. Әріптестерімнің айтуынша, өзімнің пайымыма қарағанда тілім ешкімнен кем емес. Мен зерттеу, сын жұмысын тастамадым. Өте қиын, күрделі жанр, біреуге жағасың, біреуге жақпайсың. «Өкшең қисық» дегенді кім жақсы көреді? Бірақ осы өміріме ризамын. Кейде журналистер «Өмірге қайта келсеңіз қайтер едіңіз?» деп жатады. Мен тура осылай өмір сүрер едім және қайта туып, қайта жасағым да келмейді. Бүкіл кемшілігімен, жетістігімен, қиындығымен, күрделілігімен бірінші сүрген өміріңе ештеңе жетпейді. Бірінші көрген жастығыңа, бірінші махаббатыңа, бірінші әке, бірінші ата болғаныңа ештеңе жетпейді. Оны қайталасаң, қызығы жоқ сияқты. екіншіде қателеспеуге тырысасың. Ал қателіксіз өмір тіпті қулық-сұмдықтың кені сияқты көрінеді маған. Ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді. Қателесу де, түзеу де, түзету де адам баласының бойында, табиғатында бар нәрсе.

Келіндер бала таппаса, мына жерге кім ие болады?!

- Көп қиындықты көпшіл болып жең­гіміз келеді. Анау халық та, мына халық та бізге керемет жақын. Мен ешқайсысын шеттетпеймін. Адам баласының бәрі бір­дей. Бірақ солар еліміз, тарихымыз, тағ­ды­рымыз жөнінде дәл біздей елжіреп, емі­реніп, толқи ма? Осыған сәл күмән­дімін. Толық сенбейтінім - бәрінің өз та­рихи Отаны бар. Сайып келгенде бәрі өз еліне тартып-тартып кетпей ме? Жар­қа­бақтың басында біз қалмаймыз ба? Осы мәселе мені көп толғандырады, - деп аз-кем үнсіз қалған Әшірбек аға әңгімесін одан әрі сабақтады. - Мына жағымызда аждаһа, мына жағымызда аю, оны да ой­лаймын. Бұлар да оңай халық емес. Кө­бейіп келеді. Біздің жеріміз мынау, бас-ая­ғына ұшақпен 3 сағатта ұшып жете алмайсың. Халықты көбейтудің орнына «Әйелдер 63-ке дейін жұмыс істесін» деп Г.Марченко отыр. Әйелдеріміз 63-ке дейін жұмыс жасаса, олар қай уақытта бала тәрбиелейді? Қай уақытта отбасының жағдайын жасайды? Нашақор, маскүнем, қылмыскер бала қайдан шығып жатыр? Ана алақанының жылуындай жылуды үш әкені қосақтаса да бала ала алмайды. Ана­ның айналайынына ештеңе жетпейді! «Әке­нің жақындығы жездедей-ақ» деп қазағым сондықтан айтқан болуы керек. Омырауын иіскелеп, тас емшегін жібіткен перзентіне анадан артық жанашыр жан жоқ! «Ойбай, олар декретте көбірек оты­рып, мемлекетке масыл болады екен» де­ген де сөз болып па?! Құдайға шүкір, қа­зақ жерінің байлығы - мұнайы, газы бар емес пе? Мақтанғанда бәледейміз. Әйел­дердің, аналардың жағдайын жасама­ған, солардың қамын ойламаған мемлекет мемлекет пе? Тіпті болмай бара жатса еркектерден 10 пайызын алып, әйелдерге берсін. Қандай әйел осыдан кейін иіні босап, алпыс екі тамыры шымырлап бала табуға құмартады?! Келіндердің бәрі «Біз жұмыс істеуіміз керек екен?» деп бала табу­дан қашып, одан жұмыс істегенін тәуір көреді. Олар бала таппаса, мына жер­ге кім ие болады?! Бос жатқан жерге бас­қалар көзін сүзбей қайтсін?! Бала тәр­биесін, отбасын былай қойып, бәріміз жұ­мыста жүрсек, ар жағында не өмір қал­ды өзі? Сенің 80-90-ға келетініңе кім ке­пілдік беріпті? Әйелдер баласын тапса, жас күнінде мүмкіндігінше жұмысын іс­тесе, қартайғанда біраз тыныстап, ден­сау­лығын күтіп, бала-шағасының қызығын көрсе болмай ма? Тірнектеп жүріп бізді жеткізгенде көрген қызығы қане? Осын­дай қарама-қайшылықтар менің тілімді қышытып, ұйқымды бұзады. Халықтың өсуін, көбеюін кім ойлайды? Декрет ке­зінде берген айлығын міндет қылатын мем­лекет бола ма? Ол халықты көбейтіп, біз­дің болашақ мемлекет құрушы­лары­мызды дайындап жатқан жоқ па? Біз неге мұны ескермейміз? Тіпті, олардың дек­реттік демалыстағы кезін де еңбек өтіліне кір­гізуіміз керек!

Әшірбек аға «Аллаға шүкір, бұл жалғанда өкініш те, құштарлық та, қызық пен қуаныш та болды. Өмірге іңкәр адамға осының бәрі қызық. Ылғи гүл төсеп тастаған жерде өмір сүру мүмкін емес және оның қызығы не? Ешкімге өкпем де, міндетім де жоқ. Бірақ өзімнің кеудемді ешкімге бастырған емеспін, өзім ешкімнің кеудесін басқан емеспін. Осы өміріме тәубе деймін» деп қорытты әңгімесін.
Әшекең Күләш жеңгемізбен бірге алты немере сүйіп отыр. Алдағы өмірде солардың қызығын көрсем дейді. Жақсы ой, жақсы ниетті адамның айналасында жақсылық атаулы үйіріліп жүреді. Біз де соған тілекшіміз..

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

"Айқын" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2104
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2517
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2209
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1625