Жұма, 26 Сәуір 2024
Сайлау 2023: 2377 14 пікір 9 Наурыз, 2023 сағат 12:44

Сайлау түбі – сары алтын

Сонымен, сайлау көрігі қызып жатқан сыңайлы. Меніңше, осы сайлаудың бірқатар ерекшелігі бар.

Біріншіден, шынымен де мажоритарлық жүйенің қайта қалпына келтірілуі:  әр азаматтың өзін-өзі ұсынып, мемлекеттің заң шығарушы органына ұмтылуы – тамаша мүмкіндік! Қатысушылардың, соның ішінде, билікке жаға қоймайтын үміткерлердің саяси алаңға шығуы округтердегі талас-тартысты тіпті қызықты етіп жіберді: жалғыз ғана мандатқа қырық шақты кандидаттың қырық пышақ боп қырқысуы, сөз, жоқ, нағыз театр! Ежелгі Римнің сатирик ақыны Ювеналдың «panem et circenses» («нан мен ойын-сауық!») деген қанатты сөзі саяси тартысты сағынып қалған қоғамға жағып, қазіргі заманның да өзекті ұранына айналғандай.

Екіншіден, сол кандидаттар ренжімесін, бірақ осыншама адамның бәйгеге ат қосуы Теккерейдің «Атаққұмарлар жәрмеңкесін» де еске салғаны рас. Ешкім азаматтардың құлшынысын шектей алмайды, алайда өзін-өзі ұсынғандардың біразы сайлауда жеңіске жетпейтінін білсе де, додаға қатысып, бағын сынамақ екен. Кей жағдайда бұндай көзсіз әрекет «өзін-өзі көрсетіп қалу ма?» деп қалатының да шындық. Не болса да, бұл кез келген жеке амбиция үшін тағлымы мен тылсымы мол жақсы мектеп болмақ.

Үшіншіден, Мәжіліс депутаттығына округтерден түскен үміткерлердің әлі де ұға алмай келе жатқан бір мәселе бар екен: оның мәнісі нақты округ тұрғындарының жалпыдемократиялық ұрандар мен... жергілікті коммуналдық, тұрғын үй, инфрақұрылым, білім беру мен денсаулық сақтау, экология және басқа да көкейкесті проблемаларының ұштасып жатуында. Яғни, «мен депутат болсам, мына режимді қырамын, жоямын!» деген таза саяси ұраннан басқа да маңызды, округке ғана тиесілі мақсаттар мен міндеттер бар екені. Және де ол түйткілдерді шешудің нақты әрі тиімді жолдарын ұсыну керек екен. Көп адам ондай арнайы әрі тар ауқымды, кәсіби сауалдарға әзір болмай шықты.

Төртінші мәселе сайлауалды бағдарламалар мен бүгінде үйіп-төгіп беріліп жатқан уәделерге қатысты. Мәжіліс не мәслихат дегеніміз мемлекеттегі бар шаруаны әп-сәтте шеше салатын, ақшасын қайда жұмсарын білмей отырған құзыретті құрылымдар емес, олардың шектеулі ғана өкілеттіктері, соларға ғана сай мүмкіндіктері бар. Сондықтан «мемлекеттік деңгейдегі проблемаларды бір күнде шешіп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалатамын!», - деп орынсыз уәде беріп жатқан үміткерлердің өтірігінің құйрығы бір-ақ тұтам ғана. Бүгінде электораттың, яғни сайлаушылар қауымының көкірегі ояу, көзі ашық. Барлығы болмаса да, көпшілігі шындық пен өтірікті, реализм мен популизмді оп-оңай ажырата алады.

Бесінші жайт «ақсақ қойдың түстен кейін маңырауына» тікелей қатысты. Тәуелсіз кандидаттарға мажоритарлық жүйе бойынша сайлауға түсуге мүмкіндік берген билік демократия «жынын» (ертегідегі адам кейпіндегі жынды айтып отырмын) құмырадан өз қолымен босатқандай. Бір мандатты округтерде дәл осындай жанды, табиғи белсенділік болатынын билік білмеген жоқ, білді. Енді келіп, өзіне жақпаған үміткерлерді әртүрлі себептермен сайлаудан шеттетіп жатыр. Және де оларға тағылған айыптардың өзі күлкілі әрі ыңғайсыз. Мұның өзі ертеңгі күні сайлауға берілер бағаның оң болмайтынының бір белгісі.

Алтыншы мәселе сайлаудағы үгіт-насихаттың формаларына байланысты. Байқауымша, бізде қоғам өмірінің басқа салаларымен бірген саяси технология да кенжелеп қалған іспетті: сол баяғы ескі әдіс-тәсілдер.

Мәселен, партиялардың ауыл-аймақтағы кездесулері баяғы таптаурын түрде өтуде: қыруар қаржы жұмсап, бір топ адамның Астанадан алыс ауданға барып, оншақты адаммен кездескенінен нендей электоралды ұпай жинайды? Шағын бөлмеге жиналған сайлаушылардың бәрі бір кездескеннен сол партияға дауыс береді деп кім кепілдік бере алады?!

Есесіне, заманауи әдіс-тәсілдер, соның ішінде Интернет, әлеуметтік желілердің әлеуетін оңтайлы пайдалану жағы ақсап-ақ тұр.

Кәсіби саяси технологтардың дефициті көзге ұрып тұр-ақ! Әрине, көш жүр түзелер, бірақ келесі сайлау бес жылдан болатынын білсең, жылағың келеді! Яғни, бұл сала тағы да тоқырауға ұшырап, тұралап қалмақ.

Жетіншіден, өзін оппозиция санайтын тұлғаларға да қатысты бір байқағаным бар. Сөз жоқ, олардың додаға қатысып, өз ойларын көпшілікке жеткізуі – саяси процесс үшін маңызды қадам. Бірақ, «мен оппозициямын, сол үшін ғана барлық сайлаушы мені қолдауы тиіс!», - деп саяси кеудемсоқтыққа салыну қателік деп санаймын. Жалаң да жалпылама ұран ұсынып, билікпен күрестегі өмірбаянын ғана алға тарту - бүгінде жеткіліксіз. Қарап отырсақ, басқа партиялардың (ішінде билік партиясы да бар ) ортасынан білімді, білікті, ашық дебаттарда өз ойын көпшілікке әп-әдемі жеткізе алатын, мемлекеттік саясатты талантты түрде қорғай алатын жас тұлғалар қалыптасып келеді. Іштей оппозиция өкілдеріне жақ болсам да, осы ащы шындықты мойындауға мәжбүрмін.

Биліктің бірнеше сыншысының бір округтен сайлауға түсуінің салдары туралы өткенде жазған болатынмын. Ол ойларымды қайталмай-ақ қояйын. Сайлау жанрында «мен де мықтымын, менің қарсыласым да мықты» деген болмайды. Әр сайлаушының даусы үшін қиян-кескі күрес болады. Ол күресте ашық та, жабық та әдіс-тәсілдер, соның ішінде, «қара пиар» да пайдаланылады. Бір тілегім, бір-бірімен бәсекеге түскен осы сайлаудан соң онсыз да ырду-дырду боп келе жатқан демократиялық күштер одан сайын быт-шыт боп кетпесе екен.

Өйткені өмір 19-наурызбен бітпейді: сайлау түбі – сары алтын болғай.

Алда тағы да өмір бар...

Әміржан Қосан

Abai.kz

14 пікір