Жұма, 26 Сәуір 2024
Билік 3315 9 пікір 1 Наурыз, 2023 сағат 13:57

Санкцияға қарай - піспегі, одақтасына қарай - іскегі

АҚШ Мемхатшысы Бликеннің Қазақстанға сапарынан не түйдік

Ресми ақпаратқа сүйенсек, әлемдік геосаясаттың салқыны Астанаға да жеткен сыңайлы. Соның ішінде Ресейдің Украинаға қарсы ашқан соғысының зардабын біздің аумақтағы елдер де сезініп жатқаны айтылды.

Әңгіме – «параллель импортқа» жол ашқан, яғни Ресейге салынған санкцияларды айналып өтіп, тыйым тізіміндегі тауарларды жеткізуге ат салысқан елдер хақында. Бұл қатарда Қазақстан ерекшеленіп тұрғанын кеше жазғанбыз.

Блинкен: «Біз санкциялардың басқа елдерге қандай әсер етіп жатқанын бақылап отырмыз. Арнайы лицензиялар беріп, «5+1» елдері жаңа сауда-саттық әріптестік орнатуы үшін жағдай жасап, оларға қолдау көрсетудеміз. Біз жаңа мүмкіндіктер іздеп, жаңа экспорттық нарықтар тауып жатырмыз. Орта Азия елдерінің жаңа әріптестері мен жаңа мүмкіндіктері пайда болуы үшін бар күшімізді салудамыз».

Дипломатиялық протокол тілінен қарапайым тілге аударсақ, бұл сөз: «Ресей – өзін ұятқа қалдырған, санкцияларға ұрынған ел, енді Орталық Азия елдері басқа нарық іздеуі тиіс» дегенге саяды.

Ал оған біздің аумақтағы елдер дайын ба? Және де ондай нарықтық бетбұрысқа Ресей қалай қарамақшы?

Біздің Сыртқы министрлігімізге салсақ, жағдай онша емес: «Қазақстанның Ресеймен де, Украинамен де тарихи қарым-қатынастары бар. Біздің экономикалар ұзақ уақыт бойына өзара тығыз байланыста боп келеді, сол себепті бұл жағдай біздің экономика үшін өте-мөте күрделі болып тұр... Біз санкциялардың теріс әсерлеріне жол бермеуге тырысудамыз. Қазақстан Еуразиялық одақ мүшесі, бізде Қазақстан, Ресей және одаққа мүше басқа елдер арасында кеден шекарасы жоқ. Сондықтан да біздің шекара арасындағы еркін сауда, тауарлар мен қызметтер процестерін реттеу өте қиын».

Дипломатиялық протоколдан қарапайым тілге аударсақ бұл - «Ресей жаққа кез келген, соның ішінде, санкциялық тізімдегі тауарлардың өту не өтпеуіне біз ешқандай әсер ете алмаймыз! Біз мүлдем шарасызбыз!» деген сөз.

Еліміздің сыртқы істер басшылығының бұл сөздері АҚШ және Еуроодақ елдеріне ұнай қоймасы анық. Өйткені, осы «сұр» импорт ұжымдық Батыстың Ресейге жариялаған санкцияларын тиімсіз етіп отыр.

Сол себепті алда бізді шынымен де аса қиын кезең күтіп тұр: не «параллель импортқа» тосқауыл қоямыз, не қосымша санкцияға душар боламыз.

Осы орайда Ресейге летальды (яғни, адам өлтіруге арналған) қару-жарақ жеткізбек боп жатқан Қытайға қатты-қатты шүйлігуі де «қызым саған айтамын, келінім, сен тыңда» дегенге саятын сияқты.

Блинкен: «Біздің қағидаттар әлемде, соның ішінде, сіздердің аумақта бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдауға бағытталған. Сол себепті барша ел бірігіп, ресейлік басқыншылыққа қарсылық танытуы маңызды. Бұл тек қана Укриананы қолдау емес, бұл – сол қағидаттарды қолдау. Егер бұл қағидаттар тәрк етілсе, онда Ресей басқа елдердің де жерін басып алуы мүмкін. Олай болса, басқа елдер де Ресейден үлгі алуы ықтимал. Біз осының бәріне жол бермеуге тиіспіз, сол себепті барлық ел бірігіп «Жоқ!», - деп айтуы тиіс».

Бұл енді дипломатиялық протокол емес, бұл ашықтан-ашық белгілі бір қимыл-әрекетке үндеу.

Ресеймен бар жағынан – экономикалық, саяси, әскери және тағы басқа – тонның ішкі бауындай жақын араласып кеткен біздің ел дәл осылай мінез танытып, ашықтан-ашық демарш жасаса не болмақ? Онсыз да «совет республикаларыны жері – Мәскеудің сыйлығы» деп отырған президент басқарып отырған елдің ашуын туғызып, сыртқы және ішкі қауіптер отын өз қолымызбен тұтатып жібермейміз бе?!

Мен де Ресейдің басқыншылық саясатына бір адамдай қарсымын. Бірақ мемлекетаралық қарым-қатынас – митингіде атойлап сөйлеу не әлеуметтік желіде өз батырлығын таныту емес болар. Сыртқы саясат екінің бірі ұғына бермейтін аса терең әрі тылсым құбылыс. Артық қыламыз деп, тыртық қылып алмайық.

Бәлкім, дәл осы күндері қалыптасқан қиындықтардың жиынтығы біздің ЕАЭО, ҰҚШҰ секілді біржақта ұйымдарға деген көзқарасымызды қайта қарауға бір себеп болар. Ол жағын да сыни тұрғыдан жеті өлшеп, бір кесу керек сияқты. Осы орайда Орталық Азиядағы туысқан-көршілерімізбен бірігіп, шешім қабылдаған абзал болар.

Блинкен (тағы да дипломатиялық протокол тіліне көшіп): «АҚШ президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылдың наурыз айында жариялаған реформалар бағдарламасын табанды түрде қолдайды», - дей келе, өз елінің осы бағдарламаны орындау барысында мынадай нақты қадамдардың қолға алынуын күтетінін де айтып қалды. Олар – «қоғамның басқару ісіне кеңінен тартылуы, үкіметтің есеп берушілігін арттыру, жемқорлықпен күрес, президент мерзіміне шектеу енгізу және адам құқын қорғау».

Жайлап, жапсарлап болса да, қосымша критерийлер аталып қалды. Ымды түсінбеген дымды түсінбейді дейді осындайда атам қазақ.

Партиялық тұғырнамасында демократия мен адам құқын басты басымдықтар ретінде қарастыратын демократ Блинкен «Аманат» партиясынан кеше ғана шыққан әрі оппозициялық партияларды тіркемей қойңан Тоқаевқа көзбе-көз не айтқанын бір Құдайдың өзі біледі. Өкінішке орай, ондай нәрселер ресми релиздерде жазылмайды.

Айтпақшы, Қазақстанды мақтай-мақтай келе, Блинкен «Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылығы» туралы да айтып қалды.

Өз басым кешегі «5+1» кездесуіне қатысуға келген басқа төрт елдің басшыларына дәл осы баға ұнады деп айта алмаймын.

Әміржан Қосан

Abai.kz

9 пікір