Жұма, 17 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3453 0 пікір 3 Сәуір, 2013 сағат 06:03

Бетін сылап-сипағаннан жол «жарасы» жазыла ма?

Мемлекет қаржысын сүліктей сорып келе жатса да, Алматы қаласы жолдарының жыры бітер емес. Тақтайдай тегіс жолды айтпағанда, ой-шұңқыры жоқ жолға бір жете алмай-ақ қойдық. Неге екенін қайдам, биыл жасалған жол келесі жылы жөндеуді керек етіп тұрады. Ал қала басшыларының пайымдауынша, бұған климат кінәлі екен.

Мемлекет қаржысын сүліктей сорып келе жатса да, Алматы қаласы жолдарының жыры бітер емес. Тақтайдай тегіс жолды айтпағанда, ой-шұңқыры жоқ жолға бір жете алмай-ақ қойдық. Неге екенін қайдам, биыл жасалған жол келесі жылы жөндеуді керек етіп тұрады. Ал қала басшыларының пайымдауынша, бұған климат кінәлі екен.

Алматы қаласындағы 393 көшені қоса санағанда жолдардың жалпы ұзындығы 2 мың шақырымды құрайды. Бірақ сол жолдардың жөнге келер түрі жоқ. Жылда миллиардтаған қаржымен қанжығаларын майлап жатқан жол жөндеуші кәсіпорын­дардың жұмысын қадағалайтын бірде-бір орган жоқ сияқты. Себебі өткен жылы ғана 55 миллиардқа жөнделген жолдардың бү­гінгі сиқы адам шошырлық. «Шұрқ-тесік жолдар көлігімізді қиратып, қалтамызды қағып жатыр» деген жүргізушілердің көз жасын көрер бір жан жоқ. Сапасыз жол­дардың жылдан-жылға көбейіп келе жат­қан жол-көлік оқиғаларына себін тигізіп жат­қаны хақ. Енді биыл 97 көшенің шұңқырын жабу үшін тағы 40 млрд теңге жұмсалып, үш жолайырықтың құрылысын аяқтап, 57,7 шақырым жолды жөндеу көзделген. Мамандардың сөзіне сенсек, жыл аяғына дейін былтырғыдай 200 шақырым жол қалпына келтірілуі тиіс. Демек, 40 млрд теңге - биылғы жол жөн­деуге кететін соманың бастамасы ғана. Санаулы ғана жүк көлігі өтсе, саңылау пайда болатын тас жолдардың тесік-шұ­ры­ғын жамауға мұн­ша қомақты қаржыны үйіп-төгуден өзге амалын тап­паған атқа­мінерлер «ақша бар, шүкір, енді жылда жол жыр­тығын жамай береміз» деп отыр.

Болат САУРАНБАЕВ, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:

-  Қазақта «ақшаң болса қалтаңда, тал­таңдасаң талтаңда» деген сөз бар. Қазір ақша бар, бірақ шұңқырларды жөндеуден бас тарта алмаймыз.Себебі жолдардың барлығына жыл сайын орташа жөндеу жұмыстарын жүргізе беруге көп қаржы керек. Шынымды айтсам, мұндай жұмыс­тар маған да ұнамайды, бірақ басқа амал жоқ, тас жолдарды жылда жамауға мәж­бүрміз.

Сауранбаев мырзаның ойынша, жол­дар­дың аз мерзімнің ішінде тозып кетуіне Алматының климаты кінәлі. Ал Көлік жолдары басқармасының басшысы Вла­димир Меренков болса, «жолдардың жыл­­да жөндеу жұмыстарына жабылып қалуына жылу құбырларын жүргізетін мекемелер жауап берсін» деп сілтеп сала­ды. Бірақ «көрген көзде кінә жоқ» демекші, құрылыстан хабары жоқ адамның өзі тас жолдардың неден тесіліп жатқанын жақсы түсінеді. Күн өткен сайын оңтүстік астанаға келуші көліктердің қатары өсіп жатса да, тас жолдардың беріктігі ұлғаяр емес. Жұқалап төселген асфальттың беті жамау-жамау. Ал әкімдік қызметкерлері жолды төсекке теңеп, қарқ болады.

Сергей КУЯНОВ, Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Қала жолдарына түсетін салмақ нормадан 11 есеге артық. Мысалы, жатын бөлмесіндегі төсекке екі адам емес, 22 адам жатса не болады? Сынып қалады ғой, дәл сол сияқты.

Төсек демекші, расымен-ақ, арзанқол, қытайлық кереует те бір жылға жетер-жетпесте сынып қалып жатады. Ал қымбат, шетелдік брэнділердің өнімдері қашанда 15-20 жылға шыдас береді. Куянов айт­пақшы, демек, жол да дәл сондай. Арзан құрылыс материалын пайдаланып, ақша үнемдеп бетін сылап-сипап жасалған жолда қайбір сапа болар дейсіз?! Дамыған елдердің тақтайдай жолдары 10-15 жылға шыдас береді. Оларда да көлік көп. Тек жолдар стандартқа сай, сапалы жасалады. Бізде ақша, техника, жұмыс күші, жоба - бәрі де бар. Бірақ ашықтық, қаржыны мақсатты жұмсау, сапа жоқ. Демек, қыруар қаржы жұмсала тұра, сапалы жұмыстың атқарылмауына себепті сыбайлас жем­қорлықтан іздеу керек-ау, шамасы. Мұны қарапайым халық та, бақылаушы құзырлы органдар да біледі. Қарапайым халықтың қолынан келері жоқ, ал бақылаушы орган­дардың қайда қарайтыны белгісіз. Мы­салы, өткен жылы жол саласында қызмет еткен 31 кәсіпорынның алаяқ­тықпен айна­лыс­қаны анықтала тұра, тек төртеуінің ғана ісі сотқа жіберіліп, сот үшеуін ақтап, бі­реуінің ғана лицензиясын алып, жазалаған екен. Демек, қалған 30-ы әлі де біздің жол­дарды жөндеу жұмыстарымен айналы­са береді. Демек, «баяғы жартас - сол жар­тас» күйінде қала бермек.

Жұмажан ЖАҢБЫРОВ, Машина жасау және көлік институтының ректоры, техника ғылымының докторы, профессор:

- Мемлекеттен жыл сайын жол жөндеу жұмыстарына қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ ол қадағаланбайды, жауабын сұрай­тын адам да жоқ. Отырып қалған асфальт­тың үстіне жол сала беруге болмайды. Бүгінгі таңда жолды жөндеп жүрген жеке­меншік кәсіпорындардың қызметі жол сала­сымен үш қайнаса сор­пасы қосыл­майтындар, бізге тек жол салу­мен айна­лысатын мемлекеттік орталық қажет.  Жол экономиканың күретамыры болғандықтан, оған халықтың ақшасы жұм­салып жатыр емес пе!

Атамұрат ШӘМЕН, экономист:

- Жылда жол жөндеп, мемлекеттің қазынасынан бөлініп жатқан халықтың ақшасын қымқырып жүрген кәсіпкер де, шенеунік те көп және ол іс жүзінде де дә­лел­денген. Тендерді де ең төменгі мөл­шердегі қаржыға жұмыс істеймін деген кәсіпорын ұтып алатындықтан, сәйкесінше жолға да сапасыз, ең арзан материалдар төселеді. Сондықтан жолға берілген мем­лекеттің қаржысын қымқырғандарды қа­таң жазалау керек. Оларды түрмеге қамау­дың қажеті жоқ. Себебі халық оны түрмеде тағы асырауға міндетті емес. Керек болса жолдың шұрық-тесігін кісенделген қолымен тегістесін.

Сандуғаш ӘЛІМЖАНОВА

"Алаш айнасы" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2119
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2528
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2238
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1636