Жұма, 26 Сәуір 2024
Сайлау 2023: 3005 7 пікір 24 Ақпан, 2023 сағат 13:50

Сайлау: Партиялар не істеп жатыр?

Сайлаудың үгіт-насихат науқаны ызу-қызу жүріп жатыр. Көшедегі баннерлерден бастап, әлеуметтік желілерде жарияланған материалдарды көріп-оқып жүрміз.

Бұған дейін болжағанымыздай, осы жолғы депутаттар сайлауының көркін қыздыратын бірмандатты округтер бойынша түсіп жатқан кандидаттар болатын секілді. Өйткені әлеуметтік желілердегі белсенділігі өте жоғары. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай. Бәсеке бар жерде сапа да болатыны белгілі.

Ал партиялар қалай жұмыс жүргізіп жатыр?

Парламенттің басым бөлігін партиялық тізіммен ұсынылған кандидаттар құрайды. 98 орынның 70 пайызын партиялар өзара бөліске салады.

Билік басында болған, доминант басымдыққа ие болып келген – «Аманат»: Қазір көшелерде баннерлер ілу, арнайы брошюра таратумен айналысып, әлеуметтік желілер: TikTok, Facebook, Instagram парақшаларында үгіт-насихат жұмыстарын мықтап қолға алған.

«Аманат» партиясы, әдетінше, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын еліміздің аймақтарынан бастады. Партияның сенімді өкілдері бірнеше топқа бөлінді. Бір тобы – Түркістанға, бір тобы – Астана мен оның жақын аймақтарына аттанды, енді басқа бір тобы ауыл-ауылды аралап жүр. «Аманаттың» фронтмендері: Ринат Зайытов, Асхат Аймағамбетов, Ерлан Саиров, Елнұр Бейсенбаев, Есен Елеукен, Нартай Аралбайұлы, Мақсат Толықбай.

«Ақ жол» партиясының осыған дейінгі тұрақты аудиториясы бар екенін айтқан болатынбыз. Партияға өткен сайлауда 1 млннан астам адам дауыс беріпті. Потенциалды аудиториясына шағын және орта бизнес өкілдері кіреді. Қазір «Ақ жолдың» да әлеуметтік желіде белсенділік танытып, партияның сенімді өкілдері мен үгіт-насихат штабы белсенді жұмыс істеп жатқанын көріп отырмыз. TikTok, Facebook, Instagram желілерінде «Ақ жолдың» астаналық штабы ғана емес, бүкіл өңірлер бойынша штабтары жүйелі түрде іске кіріскен. Айта кетейік, «Ақ жол» өзінің сайлауалды үгіт-насихатын қасиетті Ұлытау төріндегі Жошы ханның кесенесіне тағзым етуден бастаған. Бұл да бір өзгелерден ерекшеленген қадам болды. Партияның негізгі фронтмендері: Азат Перуашев, Қазыбек Иса, Берік Дүйсенбинов, Дания Еспаева, ал маслихатқа түсіп жатқан үміткерлердің арасында да қақаған аязда жылусыз қалған Екібастұзға барып, халықпен кездесу өткізіп жүрген Фуат Сатыбаев, терең қалталы кәсіпкер Дулат Тастекейлер...

Аталған екі партиядан кейін үшінші болып келе жатқан жаңадан құрылған жас партия – «Республика» партиясы. Партияда медиа тұлғалар өте көп. Партияның Мәжіліске бәс тігіп отырғаны да осы медиа тұлғалардың танымалдығы болса керек. Қазір «Республика» партиясы арнайы автобус даярлап, өңірлерді аралауға кірісіп кетті, әрі әлеуметтік желілерде белсенділігі жоғары.

«Ауыл» партиясы да сайлауалды үгіт-насихат жұмысын қызу бастап кеткендердің қатарында. Олардың қала көшелеріне ілінген баннерлері, әлеуметтік желілерге жариялап жатқан материалдары алдыңғы үштікпен салыстырғанда аздау. Дегенмен «Байтақ», ЖСДП, ҚХП (Коммунистік партия) салыстыра қарасақ, белсендігі жоғары деуге болады. Партияның фронтмендері былтыр президент сайлауына түскен атышулы Жигули Дайрабаев, Қарақат Әбден, Төлеутай Рақымбеков пен Дәулеткерей Кәпұлы болып тұр.

«Байтақ» жасылдар партиясы да әлеуметтік желілерді қолдануға тырысып жатыр, дегенмен алдыңғы төрттікпен салыстырғанда белсенділігі төмен.

Желідегі белсендігі тіпті, байқалмайтын партиялар оппазициялық ЖСДП партиясы мен Қазақстан Халық партиясы (Коммунистік партия).

Жоғарыда айтылған партиялардың ішінде ең негативті атқа ие болған – Қазақстан Халық партиясы екенін айта кетуіміз керек. Өйткені партия төрағасы Ермұхамбет Ертісбаевтың әлеуметтік желіде Ресейлік пропагандалық арналарға берген сұхбаттары жиі жарыққа шығып жатыр. Бұл әлеуметтік желі қолданушыларының партияға теріс пікірін қалыптастыруда. Әзірге партиялардың сайлаулады үгіт-насихат жұмыстары осылай жүріп жатыр.

Abai.kz

7 пікір