Жұма, 26 Сәуір 2024
Сайлау 2023: 3154 20 пікір 30 Қаңтар, 2023 сағат 12:45

Бәсекенің бізге беймәлім «бәлесі»

немесе тәуелсіз кандидаттар бір-біріне кедергі жасамау үшін не істеу керек?

Сонымен, сайлау көрігі қыза басаған сыңайлы. Әрине, бұл өзі кең әрі терең талдануға тиіс ауқымды тақырып. Мәселен, сайлау заңнамасының түбегейлі түрде өзгермеуі, билік партиясының сайлау комиссияларындағы монополиясы туралы майын тамыза жазуға болар еді. Оны менен басқа да жұрт айтып жатыр.

Мен болсам, осы сайлаудың бір ерекшелігіне ғана тоқталғым келеді.

Сөз жоқ, Қазақстан оппозициясы 2007 жылдан бері қойып етіп келе жатқан  бір талап – мажоритарлық жүйе бойынша, яғни бірмандаттық округтер бойынша депутаттарды сайлауды қайтадан қалпына келтіруі – президент Тоқаевтың бір жетістігі. Әрине, біз 50 процент деп талап етіп едік, ол 30 процентпен шектелді. Ол да жаман емес.

Бірақ, өзін оппозиция санайтын күштер мен жеке тұлғалар осы жаңалыққа дайын боп шықты ма? Осы новацияның беретін мүмкіндігі мен ортақ іске тигізер зияны мен қауіп-қатерін ұғына білді ме? Гәп сонда!

Иә, бірмандаттық округтер шынымен де азаматтық белсенділікті оятты. Бұрын ешбір партияға мүше болғысы келмеген немесе өз партиясын тіркей алмағандар өздерін округтер бойынша депутаттыққа ұсына бастады. Жалпыдемократиялық процесс үшін, қоғам белсенділігнің артуы үшін бұл, әрине, оң құбылыс.

Өз басым ондай белсенділік танытып, өз кандидатураларын ұсынып жатқан барша азаматты қолдаймын. Тек әлеуметтік желілердегі жүздеген лайк пен нақты округтегі сайлаушылардың дауысын шатастырып алмаса болды. Және диван мен нақты өмірдің арасы – жер мен көктей: сайлау науқаны орасан зор еңбекқорлықты, ұйымдастырушылық қабілетті, саяси әдіс-тәсілдерді меңгеруді, қомақты қаржыны қажет ететінін ұқса игі. Билік те жай қарап отырмасы түсінікті, сондықтан балама кандидат айтыс-тартысқа, өзіне қарсы ұйымдастырылатын «қара пиарға», шындық пен өтірік араласқан компромат соғысына да моральдық-психологиялық тұрғыдан даяр болуы шарт.

Сонымен бірге, осынау жаппай белсенділіктің бір көлеңкелі тұсы бар.

Мәселен, қоғамға танымал, өзінің халықтық, мемлекеттік, демократиялық көзқарарасымен, батыл да сыншыл ұстанымымен көзге түсіп жүрген, белгілі бір деңгейде сайлаушылар тарапынан қолдауға ие бірнеше тұлға бір округте сайлауға түсіп жатыр.

Әрине, сайлауда бәсеке болуы тиіс. Бірақ, бірдей саяси көзқарастағы, бірдей жалпыдемократиялық тұғырнаманы басшылыққа алған, бірдей билікке сыншыл ұстанымдағы үміткерлер ертеңгі күні билікпен емес, бір-бірімен айтысып, таласып, ақырына келгенде, билік ұсынған кандидаттың пайдасына жұмыс істеп кетпей ме деген күдік те жоқ емес! Өйткені, үміткерлер көп, ал депутаттық мандат – біреу-ақ!

Әрине, ең абзалы, өзін оппозиция санайтын ұйымдар мен тұғалардың бірігіп, республикадағы округтерді өзара бөліп алып, бір-біріне кедергі жасамай, әртүрлі округтер бойынша сайлауға түсуі еді. Қазір көптеген белсенді Астана мен Алматыны «жаулап» жатыр. Сөйтіп, бір округте бірнеше тәуелсіз кандидат тіркелуде. Егер де ортақ шешімге келіп, бүкіл республикадағы округтерді ескеріп (үміткердің туған жері, кезінде жұмыс істеген орны дегендей), жоғарыда айтқан өзара реттеу жұмысын жүргізгенде, ондай тайталас болмас па еді?

Өкінішке орай, біздің демократтардың арасында ондай ауызбіршілік пен түсінушілік, саяси жауапкершілік болмай тұр.

Мұның өзі биылғы сайлау науқанына өзінің теріс әсерін тигізері сөзсіз. Сөйтіп, өзіміздің демократиялық дамуымызда тағы да бес жылға кенжелеп қалатын сияқтымыз...

Әміржан Қосан

Abai.kz

20 пікір