Бейсенбі, 2 Сәуір 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 402. Жазылғандар — 27. Қайтыс болғандар — 3
Жаңалықтар 1837 0 пікір 19 Наурыз, 2013 сағат 12:14

«ҚҰЙЫРШЫҚ» пен «КУНГ-ФУ ПАНДА» «ТУЫСҚАН» БА?

немесе белгілер жайлы не білеміз?

немесе белгілер жайлы не білеміз?

Балалар, байқайсыңдар ма, біздің «Құйыршық» пен қытайдың «Кунг-фу пандасында» бір ұқсастық бар. «Құйыршық» мультфильмін көрген болсаң, құйыршықтың балаға айналатын сәтін есіңе түсірші. Бала аң-таң болып айналасына қарайды. Киіз үйдің іші неткен әдемі! Сандық, тұскиіз, домбыра... Ал оның жанында қызыл қоржын ілініп тұр. Енді тоқтай қал! Қоржында қандай белгі тұрғанын қарашы. Кәдімгі ин-ян таңбасы. Жарайды, «Кунг-фу пандада» бұл белгінің болуы заңды деп қарайық. Себебі, ин-ян - қытайдың (кәріс, жапонның) философиялық һәм діни нышаны. Оларша, ин - қараңғы, әйел, өлім дегенді білдіреді. Ал ян - соның керісіншесі. Қытайдағы дао діні - янды қолдаса, лао - инге ерекше мән береді. Ал бізде ше? Бұл белгінің қазаққа қандай қатысы бар? Не үшін «Құйыршықтағы» қоржында қазақтың керемет оюларының бірі емес, осы ин-ян белгіленген?  Осыны білу үшін мультфильмнің авторы, қазақтың белгілі аниматоры Қайырғали Қасымовқа хабарластық. Ол кісі әңгімені қысқа ғана қайырды. «Біз қашанғы қазақты бейшара қылып көрсетеміз. Бізде үлкен мәдениет болған. Шыңғыс ханның шапқыншылығы біраз құндылығымызды құртып жіберген. Бәлкім, ин-ян белгісін қытай бізден алған шығар», - деді аниматор.

Бір жағынан, сөзінің жаны бар сияқты. Біз неге ол белгіні біреуге телуіміз керек, бәлкім біздікі шығар. Бұлай деуіміздің себебі, кейбір ағаларымыз ин-ян жер бетіне көшпелі халықтар арқылы таралған дегенді айтады. Тіпті, бұрынғы ата-бабаларымыздың киімінде ин-ян белгісі болыпты. Өзбекәлі Жәнібеков «Жаңғырық» атты кітабында «шоқ оюы» деп осы ин-янды атаған екен.

Мәдениеттанушы Серік Ерғали бұл белгі ежелгі түркілерде кездесетінін айтады. Осыған қарағанда, оның түркілерге тән символ болуы да ғажап емес. Мәселен, соңғы кездері кәрістің киноларындағы батырлардың киімінен қазақтың оюын анық көретін болдық. Иә, қазақтың оюы! Бастапқыда, бәлкім кәрістерге де тән символ шығар деп мән бермегенбіз. Сөйтсек, олардың тарихында, ежелгі киімдерінде ондай нақыш жоқ болып шықты. Тек, соңғы кездері кәріс дизайнерлері қазақтың оюын заманауи дизайн үлгісі ретінде пайдаланып жатыр екен. Ал, керек болса!

Қарашы, жұрт бізден «ұрлап» жатыр. Ал біз басқалардың белгісіне әуеспіз. Мәселен, қазір біздегі медициналық мекемелер, жедел жәрдем, дәріханалардан қызылды-жасылды крест көреміз. Негізінен крест - христиандардың діни нышаны. Алайда түркітанушы Мұрат Әжінің айтуынша, крест белгісі бізге тән екен. ІІ-ІІІ ғасырларда кресті Еуропаға Атилла апарған көрінеді. Атилланың отаны - Алтайда әлі күнге шейін крест белгісін кие тұтады екен. Кейін мұны еуропалықтар Исамен байланыстырып, діни белгіге айналдырған-мыс. Сол сияқты кезінде коммунистердің көзіндей болған Да Винчидің бес бұрышты жұлдызы да қазақ топырағынан шығыпты. Археолог Әбдеш Төлеубаев Шығыс Қазақстандағы Сақ қорғандарын зерттегенде алтын түйме тауыпты. Ортасында лазуритпен көмкерілген бес бұрышты жұлдыздың таңбасы бар екен. Түйме біздің заманымызға дейінгі VІІІ ғасырға тән дүние болып шыққан. Міне, қызық!

Бастапқы әңгімеге қайта оралайық. Крестке келіп тоқтап едік қой. 1863 жылы Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл ай қозғалысы құрылады. Артынша крест медицинаның белгісі болып бекітілді. 1877 жылы Осман патшалығы қызыл крестке қарсы болып, өздеріне қызыл айды ғана қалдырады. Қазір әлемдегі көптеген мұсылман елдерінің медицинасында осы қызыл ай қолданылып келеді. Құдайсыз кеңес заманының өзінде қызыл ай мен қызыл крест қатар жүріпті деп естиміз. Соңғы кездері айы жайына қалып, кресі ғана сақталды. Ал жасыл кресті 1993 жылы М.Горбачев енгізді. Алматының кейбір дәріханаларында жасыл жанып тұратыны содан. 2002 жылы Украина қызыл кресттен үзілді-кесілді бас тартты. Сонда дейміз-ау, біздің мұсылманшылығымыз қайда? Айынан айнымаған діндес елдерден біздің қай жеріміз кем?

Ал Израиль елінің медициналық мекемелерінде қызыл алтыбұрышты жұлдыз бейнеленген. Бұл жұлдыз да жай жұлдыз емес. Еврейлер оны түрліше атайды: Израильдің Құдайы, Дәуіттің жұлдызы, Сүлейменнің мөрі. Сол Сүлейменнің мөрі де қазір біздің елді билеп-төстеп алды. Көптеген ғимараттардың сыртында осы белгі бар. Ол аздай Тараз қаласының символында, Центркредит банкінде осы Сүлейменнің мөрі басылған.

Айтпағымыз не еді? Ә, мультфильмнен басталған екен ғой. Иә, сонымен бізде белгі көп. Өзімдікі дейін десек, өзгелер иемденіп алған. Өзгенікі дейін десең, өзімде бар. Біле білген адамға белгіде де үлкен мән бар сияқты. Күңзі (Конфуций): «Болашақта дүниенi рәмiздер мен белгiлер билейдi» депті. Айтқаны айдай келіп тұр емес пе? Әлде жаңылыстым ба?!

Серікбол ХАСАН

(«Ұлан», №7,19.02.2013)

0 пікір